Тәкаппарлық – екі дүние кесірі
Тәкаппарлық – екі дүние кесірі
3 жыл бұрын 7829
Асылбек Әуезханұлы

Өзін жұртқа көрсету, үнемі басқалардымойындатуға әрекет ету, өзін өзгеден артық санау сияқты сезімді Ислам шариғатында тәкаппарлық деп атайды. Тәкәппарлық – араб тіліндегі «кибр» және «тәкәббур» сөздерінен шығады. Ол «үлкен», «ұлы болу» деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінде «менмендік», «өркөкіректік», «кеудемсоқтық», «паңдық» деп те айтылады. Көкіректік – адамды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім, мінез. Бұл, әрине, Алла тағала сүймейтін, адамдыққа жат сипат. Кез келген жүректе осындай өзімшілдік мінез ұяласа, онда ол жүректі білдірмей келіп шағатын улы жылан маңайлап жүр деген сөз. Жүректі мұндай улы рухани жылан шақса, ол жүректің өлгені. 

Кейбіреулердің атағы, беделі, бақ-дәулеті, киімі, тіпті білімі өзгеден сәл артық болса, мұртын шүйіріп шыға келетіні жасырын емес. Өзінен деңгейі төмен деп санайтын адамдарға қомсына қарау, кекетіп, келемеждеп сөйлеу, амандасса қолының ұшын ғана беру, көңіліне ауыр тиетін сөз естіп қалса, ашулана кету секілді менмендіктің сипаттары бүгінгі қоғамда жиі кездесіп жатады. 

Мектептің өзінде кейбір оқушылардың «ана киімді кимеймін», «мына киімді киемін», «жұрттың бәрі жаңа үлгідегі киімдерді киеді, мен ғана ескі киіммен жүрмін» деп байбалам салатынын ата-аналардан көп естиміз. Байқап қарасақ, мұнда да тәкаппарлықтың нышаны сезіледі. Бесіктен белі шықпай жатып осылай өзгелерден артық болуды көздесе, өсе келе, бұл мінез тіпті ұлғайып кетеді. Ертеңіміздің үміті, көзіміздің нұры деп жүрген ұл-қыздарымыз менмендіктің шырмауынан шыға алмай жүрсе, болашаққа қалай үмітпен қарамақпыз? Сондықтан ұл-қыздарымыздың ойынан өркөкіректіктің нышандарын байқасақ, кешіктірмей емдеуге тырысуымыз керек. 

Бір кездері періштелердің арасында жүрген Ібіліс тәкаппарлықтың салдарынан Алланың рақымынан қуылып, қаһарына ұшырады. «Мен одан артықпын» деген сөз шайтанның шайтан болуына себеп болған. Бір қарағанда, бір-ақ ауыз сөз сияқты болып көрінгенмен, бұл бар бәленің бастауында тұратын кесірлі ой. Мұндай кесірлі мінезді халқымыз «құдайын ұмытқандық» деп те атаған. Негізінде адамдар бір-бірінен тек иманының күшімен, тақуалық мінезінің қуатымен ғана артық. 

Еш уақытта да Жаратушы иемізді естен шығармауға тырысуымыз ләзім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Алла тағалаға: «Мені нәпсіммен қас-қағым сәтке де жеке қалдырма» деп дұға етуінің астарында да осы мән жатыр. Өйткені Алланы ұмытып, бір сәт нәпсінің жетегіне ерген адам бірден өзін бәрінен жоғары сезіне бастайды. Дүниеде уақытша ғана тұрақтап, көп кешікпей Алланың алдына барып бүкіл өмірі жайлы есеп беретінін ұмытып, қалай тәкаппарланғанын байқамай да қалады. Құранның көптеген аяттарында паңдық пен өркөкіректік мінезді Алла тағаланың сүймейтіні айтылған. Мысалы, «Лұқман» сүресінде:

«Адамдарға паңданып қырын қарама және жерде тәкаппарланып жүрме. Шынында, Алла тағала дандайсыған мақтаншақтарды сүймейді » делінген («Лұқман»сүресі, 18-аят).

Сондай-ақ «Исра» сүресінде:

«Жер бетінде тәкаппарланыпжүрме! Өйткені, сен ешқашан жерді тесіп кете алмайсың және таулардан да биік бола алмайсың. Бұлардың барлығы Раббыңның құзырында жек көрінішті қылықтардан саналады» («Исра» сүресі. 37,38-аяттар) деген аят айқындай түседі. 

Асылында, тәкаппарлық тек Аллаға ғана жарасады. Ал ешбір жаратылысқа өзін өзгеден биік санауға рұқсат жоқ. Тәкаппарлықты адам мен жәннат арасындағы перде десек қателеспейміз. Өйткені, көркем мінез-құлықтар – жәннаттың есіктері. Ал тәкаппарлық сол есіктердің барлығын жауып тастайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде былай деген: «Жүрегінде тозаңның түйіршігіндей тәкаппарлық бар кісі жәннатқа кірмейді» (Муслим). 

Өмір бойы құлшылық еткен адам болмашы ғана менмендігі үшін сағынышты жәннатына кіре алмаса, одан асқан бақытсыздық бар ма? Бұл жасалған құлшылықтың, оқылған намаздың, тұтылған оразаның құмға сіңген судай жоқ болуы емес пе?! Алла тағала барлығымызды ондайдан сақтасын! 

Біз көбінесе бір істі жасай салып шүкір етудің, сол арқылы тірліктің берекесіне қауышудың орнына «Мен олай еттім, мен бұлай еттім. Мен, мен...» деп білместікпен астамшылыққа барып жатамыз. Ал негізінде әрбір адам «өзімді де, амал-әрекеттерімді де жаратушы Алла» деген түсініктің аясынан шықпауы тиіс. Алла тағаланың мейірімділігімен жасауға мүмкіндік берген істерді өзіне таңып, нәпсісін еркінсітуден аулақ болуы керек. Өйткені адам Алланың қалауынсыз ешбір әрекеттің мыңнан бірін де өзі жасай алмайды. «Алла қалады», «Алланың көмегімен», «Аллаға шүкір» деген сынды сөздерді жиі айтып, үнемі шүкіршілікті ұмытпауымыз қажет. Бұл біріншіден, Алланың нығметінің еселеп молаюына себеп болса, екіншіден, тәкаппарлық сияқты үлкен күнәға жол бермейді. Жаратылыс негізіміз болып саналатын топыраққа бір көз салып көрейікші. Біз бүкіл тіршілік көздерін сол топырақтан аламыз. Ішіп-жеміміздің бәрі де содан шығады. Бірақ ол үнемі аяқ астында жатады. Алла тағаланың құдіреті сол – біздің күнімізді сол топыраққа қаратып қойған. Басымызды орынсыз көтеріп кердеңдей бермей жерге қарап жүруіміз үшін шығар, бәлкім. 

"Дана сөзден дән ізде".

0 пікір