Табиғи түр-тұрпаттарыңды өзгертпеңдер
Табиғи түр-тұрпаттарыңды өзгертпеңдер
9 жыл бұрын 4626
Асқар Болатбекұлы

عَنْ اِبْنِ مَسْعُودٍ (ض): لَعَنَ اللَّهُ الْوَاشِمَاتِ وَ الْمُسْتَوْشِمَاتِ ‏وَ النَّامِصَاتِ وَ الْمُتَنَمِّصَاتِ وَ الْمُتَفَلِّجَاتِ لِلْحُسْنِ الْمُغَيِّرَاتِ لِخَلْقِ اللَّهِ، فَقَالَتْ لَهُ اِمْرَأَةٌ فِي ذَلِكَ، فَقَالَ: وَ مَا لِي لَا أَلْعَنُ مَنْ لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ وَ هُوَ فِي كِتَابِ اللَّهِ؟ قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: {وَ مَا آتَاكُمُ الرَّسُولُ فَخُذُوهُ وَ مَا نَهَاكُمْ عَنْهُ فَنْتَهُوا}

Ибн Масғуд (р.а.): «Алла Тағала денеге сурет салушы әйелдер мен тәніне сурет салдыратын әйелдерді, қас теруші әйелдер мен қасын тергізетін әйелдерді, сондай-ақ сән үшін алдыңғы тістерінің арасын ашқызатын әйелдерді рақымынан аластады», – деген еді. Мұны естіген бір әйел оған мұныңыз қалай деп қарсылық білдіргенде, ол: «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі лағынет жаудырған әлдекімдерге мен неге лағынет айтпайды екенмін?! Пайғамбардың сөзі мен ісін басшылыққа алу Құранның бұйрығы емес пе?!» – деп, мына аятты оқыған екен: «Пайғамбар сендерге не жеткізсе, соны шын көңілден қабыл алыңдар және не нәрсеге тыйым салса, содан біржолата тыйылыңдар» (Хашр сүресі, 59/7).

(Абдуллаһ ибн Масғұд (р.а.) жеткізген. Бұхари, Тәфсиру сура 59, 4; Либәс, 82, 84, 85, 87; Мүслим, Либәс 120)

 

Хадиске түсіндірме 

Бұл хадистің айтылуына мына оқиға себеп болған деседі. Бірде атақты ғұлама сахаба Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) сән үшін, яки жас көріну мақсатында қасын терген, тәніне сурет салғызған және алдыңғы тістерін егету арқылы арасын ашқызған әйелдерді Алла рақымынан аластатсын деп лағынет айтқан еді. Мұны естіген Бәни Әсәд руынан Үмму Яғқуб деген әйел Ибн Масғұдтың өзіне жолығып: «Мен Құранды бастан-аяқ оқып шықтым, сіз айтқандай әйелдерге лағынет айтылғанын еш жерінен көрмедім. Сіз мұны қайдан шығардыңыз?» – деді. Сонда Ибн Масғұд (р.а.) мұны Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) естігенін және өзіне Пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) не жетсе, соны міндетті түрде істейтінін айтып, оған: «Егер Құранды түгелдей оқып шыққаның рас болса, сен де бұл үкімді кездестірген боларсың», – деп, оған “Хашр” сүресінің жетінші аятын оқып берді. Бұған қарсы Үмму Яғқуб еш нәрсе айта алмады. Алайда ол қасарысып: «Сіз айтқан нәрселер өз әйеліңіздің бойынан да табылатын шығар», – деді. Ибн Масғұд (р.а.): «Ондай күмәніңіз болса, барып көріңіз», – деді. Содан ол барып Ибн Масғудтың әйелінің бойынан ешбір мін таба алмай қайта келгенде, ғұлама сахаба оған: «Егер өзіңіз айтқандай оның бойында мен айтқан нәрселер болғанда, басымыз бір төсекте қосылмас еді», – деген екен.

Аталмыш хадис бізге адам жаратылысын өзгертудің ауыр күнә екенін білдіруде. Шүбәсіз, Алла Тағала адам баласын ең көркем бейнеде жаратқан. Соған қарамастан, пенде Алланың өзіне нәсіп еткен табиғи түр-тұрпатын жақтырмай оны өз бетімен өзгерткен жағдайда Раббысының рақымынан мақұрым қалары сөзсіз. Өйткені, оның бұл қылығы бәрінен бұрын тағдырға риза болмағандықты білдіреді. Ал маңдайға жазылған тағдырға сену әрі риза болу иманның шарттарының бірі. Алайда, өмірге он екі мүшесі сау күйінде келгеннен кейін қандай да бір апатты жағдайға тап болу немесе ағзаға қажетті қоректің жетіспеуі сынды себептермен денедегі қандай да бір мүше табиғи қалпын жоғалтса, оны әу бастағы қалпына келтіруге тыйым салынбайды. Яғни, адамның өзгеріске ұшыраған дене мүшелері мен түр-тұрпатын табиғи қалпына келтіру күнә емес. Бұл мәселеде ғалымдар тіпті, кей адамдардың адам табиғатымен үйлеспейтін туа біткен дене мүшелерін де табиғи қалыпқа келтіруге болады деп пәтуа берген. Яғни, адам бойындағы туа біткен кемістіктер, буындардың немесе тістердің қисық бітуі сынды денедегі кем-кетік жерлерді түзеуге болады. Сондай-ақ әйел адамға оның табиғатына жат сақал немесе мұрт шыққан жағдайда, оны теріп, алып тастауға болады, тіпті, мустахаб саналады. Сондай-ақ әйелге күйеуіне көрікті де, тартымды болып көріну үшін қол-аяғындағы түктерді де алуына болады делінген.

Ал хадистегі қатаң тыйым салынған мәселеге келсек, ол он екі мүшесі бүтін адамның өзінің туа біткен түр-тұрпатын ұнатпай немесе бұдан да сұлу боламын деп, бет-бейнесінің табиғи қалпын өзгертуі.

Бүгінгі таңда қоғамда жас қыз-келіншектердің осынау күнәлі істерді үйреншікті әдетке айналдырып жүргені белгілі. Хадисте айтылғандай сән үшін қас теру әрі денеге сурет салғызумен қатар, жасанды кірпік пен шаш жалғау, тырнақ өсіру, жап-жақсы қасты түгелдей теріп тастап, орнына жіп-жіңішке етіп қастың суретін салып қою, ерінді, бетті, тырнақты, шашты түрлі-түсті етіп бояу, кейде тіпті, шаштың өзін сары, көк, жасыл түстерге бояу шықты. Онымен қоймай, әйелдер өздерінің табиғи қас-қабағы мен бет-әлпетін жақтырмай, оны өзгерту үшін ақшаның көзіне қарамай медицинаға жүгініп, пластикалық оталар жасатуға дейін баруда. Ақыры түрлерінен адам шошитын әр түрлі кейіпке енуде! Сонда бұның несі сән болды?! Жауапты Құраннан табамыз. Құранда Раббысының дәргейінен мәңгілікке аласталған әзәзіл Ібіліс адам баласына өшігіп, Алланан қияметке дейін мұрсат сұрағанда, Хақ тағала оған белгілі себептермен мұрсат береді. Сонда Ібіліс: «Ант етемін! Құлдарыңнан өзіме тиесілі үлесімді алмай қоймаймын. Ант етемін! Оларды тура жолдан тайдырамын һәм оларды қол жетпеске ұмтылдырып, жеткізбейтін желік үмітпен алдаймын. Сондай-ақ, олар менің бұйыруыммен Алланың жаратқанын өзгертетін болады»[1], – деп ант-су ішкен. Міне, сол себепті, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) лағынетке ұшыраған шайтанға азып, өзінің табиғи болмысын өзгерткендердің ақыр түбінде сол шайтанның кебін киетінін айтқан.

Бүгінгі таңда, сән қуып, шектен шыққан жастарды былай қойғанда, егде жасқа жеткен кейбір әйелдердің өзі жас болып көріну ниетімен неше түрлі жолдармен түр-тұрпатын өзгертіп жатады. Ондай әйелдер хадистегі үшінші топқа жатады. Өйткені, аталмыш топтағы әйелдердің де тістерін егетіп, арасын ашқызудағы басты мақсаты жас болып көріну еді. Әсілі, бұл тек әйелдерге ғана емес, егде жастағы ер адамдарға да қатысты. Міне сол себепті, дінімізде жасы үлкен ерге де, әйелге де жас көріну ниетімен шашқа, сақал-мұртқа түскен ақты жұлуға, бояуға, сондай-ақ бетке түскен әжімді тартқызуға үзілді-кесілді тыйым салынған. Өйткені, олай істеу табиғи болмысты өзгертумен қатар, барып тұрған көзбояушылыққа жатады.

Хадисте баса назар аударылған бір маңызды мәселе – Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ізбе-із ерудің маңыздылығы. Әсілі бұл сахабалардың өмірдегі ең басты ұстанымы болған. Осыған қарап, мұсылманның кемелдігі оның Пайғамбар сүннетін қаншалықты ізет тұтып, берік ұстанатындығымен өлшенеді десек артық айтқан болмаймыз. Сүннетті ардақтап, берік ұстану бәрінен бұрын қасиетті Құранның пәрмені. Ал енді кейбіреулердің «Бізге Құран жетеді, басқасының қажеті жоқ» деп, сүннетті тәрк етуге шақыруының дінге жат қылық екенін осы хадистен және сүннеттің маңыздылығын баяндайтын Құран аяттарынан аңғаруға болады. Әсілі, сүннетке ізбе-із ерген адам Құранды берік ұстанған болып саналады. Өйткені, Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғибратты өмірі, әр ісі мен әрбір сөзі қасиетті Құранмен әбден біте қайнасқан. Міне, сондықтан да, Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Менің сүннетімнен бас тартқан адам менен емес» – деп, сүннетті мойындамағанның шынайы мұсылман болуы неғайбыл екенін білдірген.


[1] «Нисә» сүресі, 118-119 аяттар

1 пікір
  • Қазіргі кезде қас татуажын жасату мода болып кеткен. Жап-жас кыздар да, əйелдер де жасатып алған. Бəрі бір инкубатордан шыққандай турлері бір-біріне қатты ұқсап қалған. Негізі, табиғи сұлулыққа жетпейді. Əр əйел заты өзінше əдемі! Соны тусінсе ғой қыздар...
    9 жыл бұрын