– Смағұл Абатұлы, сіз имандылық һәм оның ұлт тәрбиесіндегі маңызы туралы шырылдап айтып жүрген ағалардың бірісіз. Зиялылық пен имандылықтың аражігін қалай түсіндірер едіңіз?
– Ерте дәуірде Хижаз даласында мал бағып жүрген бір бәдеуи айтыпты дейді: «Мен қойдың құмалағын көріп, қой дейтін жануардың бар екенін білемін. Сол сияқты мына таулар мен кең жазира далаға қарап бір Жаратушының бар екенін білуге болады». Осы адам айтқандай, ақыл-есі сау адам имандылық, бір Жаратушының ұлы басқаруында тұрған күллі ғалам жайында білмеуі мүмкін бе?
Басқаны былай қойғанда, Құдайды жоққа шығарушы материалистік көзқарасты ғалымдардың мызғымас ұстанымына ХХ ғасырда сол ғылымның өзі ашқан жаңалығы оңдырмай соққы берді емес пе? Бұл не десеңіз, ол – кванттық физика ашқан жаңалық. Кванттық физика – материалистік әлемге тікелей әсер ете алатын, керек десеңіз оны өзгерте алатын, жоқ етіп жіберуге де қауқары жетерлік, сұрапыл күш бар екенін дәлелдеді. Және оны заманауи күрделі ғылыми тәжірибелер арқылы дәлелдеді.
Бұл жаңалықтың басында зиялы ғұлама Альберт Эйнштейн тұрды. Ол таң-тамаша болып: «Күллі ғарыш, адамзат қоғамы, өсімдіктер әлемі, ғаламның көзге көрінбейтін шаң-тозаңдарына дейін бір ұлы күштің басқаруымен өмір сүруде» деп жазыпты. Яғни ғылым бүкіл жанды, жансыз жаратылыс әлемінің белгісіз бір ұлы күшке бағынып тұрғанын мойындады. Демек...
– Демек күллі ғалам бір күшке бағынып тұр дейсіз ғой. Ал қоғамды имансыздық жайласа не болмақ?
– Имансыздық дегеніміз – екі дүниеде дауасы жоқ, ешқашан ем-домы табылмайтын, оған ұрынған қауым сөзсіз бақытсыздыққа ұшырайтын жазылмас індет. Имансыз қоғам міндетті түрде құрып тынады. Бұл індеттің кісі шошырлықтай асқынуының бірнеше себебі бар. Басты себебі – адамның шайтани нәпсіге еріп адасуы.
Бұл нені көрсетеді? Бұл... Құдайдан құтылған адамның шектен шыққан шайтани еркіндікке қол жеткізгенін көрсетеді. Сол еркіндікті абсурдқа айналдырғанын аңғартады. Абсурдқа ғана емес жүгенсіздікке айналдырғанын көрсетеді. Жер бетінде шайтанның салтанаты белең алғанын байқатады. Құдайдан құтылған адам шайтанның жетегінде кеткенін көрсетеді.
Алайда адамзат шығарға тесік таба алмастай тығырыққа тіреледі десек қателесеміз. Өйткені адамға Жаратушы берген потенциал мүмкіндік тым зор, өте орасан. Ол мүмкіндік адамның материалдық емес рухани субстанциясында. Адамның материалдық субстанция жетегінде кете беруі мүмкін емес. Бір күні молшылықтан жеріп өзінің рухани субстанциясына бет бұрары сөзсіз. Материалдық молшылықтан бақыт таба алмаған адам түптің-түбінде ақиқатты іздері анық. Өйткені адамның жаны әуелден шындыққа құмар. Абай атамыз айтқандай: «Ойымда күндіз-түні бірақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған оның әмірі».
– Адамның аңнан айырмашылығы ар-ұят, иманына байланысты деп түсінеміз бе?
– Дұрыс пайым айттыңыз, десе де, адамды хайуаннан бөліп тұрған тағы бір іргелі дүние, ол – аяушылық сезім. Нақтырақ айтқанда, адамның бойындағы мейірім-қайырым сипаты. Адам адамды аяйды. Адам аңды аяйды. Адам табиғатты аяйды. Жаратушы пендесінің жүрегіне аяушылық-мейірім сезімін құйғанда адамдар тек бірін-бірі ғана емес, жалпы, жер бетінде тепе-теңдікті сақтау үшін жаратылыстың бәрін аясын деп құйса керек. Адам осы қасиеттен алыстаса жер бетіне апат әкелетінін көрдік.
Адам өзге тіршілік иелерін аяуы керек? Өйткені бізді Құдай қалай жаратса, оларды да солай жаратты. Сондықтан да Құдайдан қорқатын адам тірі жан тұрмақ, түгел жаратылысқа зиян келтірмеуге тырысады. Зиян келтіруге оларды жаратқан Құдайдан қорқады. Сондықтан «Жаратқаннан қорықпағаннан қорық» дейді халқымыз. Құдайдан қорықпаған қоғамнан қорық! Құдайдан қорықпаған заманнан қорық!
– Құдайдан қорықпау деген – құдайсыздыққа алып келетін қатерлі соқпақ емес пе, ондай заманды бастан кешірген халықпыз. Соның салдарынан әлі арыла алмай жүрген жоқпыз ба?
– Құдайсыздықтың салдары дендеп кеткен қоғамды бір демде сауықтыру оңай емес екен. Кеңес кезінде өмір сүрген бір буын дінсіз болдық. Жүрегіне исламды жек көру сезімін терең сіңіріп алған адам бергі беті қанша жылтырағанымен, жүрек түкпірінде бәрібір күдік бар. Ондай адам қашанда нәпсіге бой алдырғыш.
Әсіресе дінсіз ағаларынан үлгі алған желөкпе жастар сұрапыл сезімнің итермелеуімен күнәлі істерге барады. Оның салдары қасіретті балалатады. Түсік тастайтын қыздарды көбейтеді. Тастанды балалар көбейеді. Бұл – бұрынғы құдайсыз қоғамның қазіргі жаңғырығы. Бұл қасірет – құдайсыз қауымның қолтаңбасы. Бұндай қауымда зинақорлық, жезөкшелік күнә емес, мақтанға айналады. Бұндай қауымның үлкен-кішілерінің ойына обал-сауап деген кіріп-шықпайды, қайта зинақорлығын жыр етеді, онысымен мақтанады.
Имансыздар: «Құдай жоқ. О дүние жоқ. Бұ дүние ғана бар. Сондықтан пешенемізге берілген осынау жалғыз өмірде шалқып қалуымыз керек» деп шайтани қағиданы ту етеді. Құдай алдындағы жауапкершілікті жинап қояды. Үлкендерден осындай өнеге көрген жастар жын-ойнақты өмір салтына айналдырмай қайтеді.
Нәтижесінде, құдайсыз қоғам обал-сауап, күнә дегенді ажырата алмайды. Бұндай қоғам – бүкіл әлем шайтандары жиналып салтанат құратын орынға айналады. Қоғамдық өмірдің барлық саласында шайтани істер салтанат құрады.
Адам баласы өмір бойы жасайтын ұждани қателіктерінің 90 пайызын жастық шағында жасайды екен. Өйткені жас адам отқа ұмтылған көбелек десе болар. Осы кезде ұждани қателіктерге ұрынбай өткен жас бақытты. Ұл-қыздарына сондай ұждани тәрбие бере білген ата-ана бақытты. Жер бетіне адам сынақ үшін жіберілген. Шапағатпен де, кесапатпен де сыналады. Жаратқан Иеңіз бас айналдырар бақпен де, бас айналдырар байлықпен де сынайды. Сол сынақтардың бәрінен құдайыңызды ұмытпай өте білсеңіз онда сіз, шын мәнінде, бақытты адамсыз.
– Құдайсыздық қағидатын қоғамға сіңіруші кеңес идеологиясы құлағанымен, санадағы зардабы жойылған жоқ дейсіз ғой...
– Кеңестік кезеңге дейін халқымыз исламият аясында иманы ұйыған ел еді. Әйел теңдігін жариялап қызыл жалауын көтеріп қазақ даласына келген коммунистер қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мәдениетін талқандады. «Ескілік жойылсын, жарқын болашақ жасасын!» деп ұрандатқан олар желөкпе кедей-кембағалдардың қолына тапанша беріп қазақтың байырғы төл мәдениетіне, дәстүрлі таным-салтына қарсы қойды. Сөйтіп, дүние төңкеріліп кетті.
Коммунистер өздерін былайғы тобырдың көзіне артта қалған Орта Азияға прогресшіл Батыс мәдениетін таратушы, артта қалған аймақты құтқарушы болып көрінді. Сөйтіп, «ескіліктің» тамырына балта шабылды.
Коммунистер өздері бас болып, ізбасарлары – комсомол жастарды жұмылдырып өз елінің тарихи жадын жойды, мәдениетін отқа жақты. Сол 70 жылға созылған шайтани салтанаттың сұрапыл салдарлары халық санасынан әлі арылған жоқ. Бүгінгі қоғам сол өткен қоғамның жаңғырығы, жалғасы. Нәтижесінде, бүгінгі жастар Батыстың либералдық өркениеті тудырған құбылыстардың күнгей жағын емес, көлеңке жағын алғыш, еліктегіш. Бүгінгі қала жастарының өмір салты Батыс жастарының көшірмесі. Көшірме ешқашан түпнұсқа емес. Жалаң еліктеу жайсыздық тудырады.
– Жат мәдениетке еліктеп жүрген жастарды дінсіз дегеннен гөрі қазіргі қолдан жасалған жаһандану атты кесапаттың құрбаны десек, дұрыс емес пе?
– Бұлар жаһанданудың құрбандары ма, әлде дінсіздіктен болып жатыр ма бәрібір. Айналып келгенде өз тамырын жоғалтқан кешегі құдайсыз қоғамның жаңғырықтары. Өз тамырынан қол үзген бұл ұрпақ жаһандануды құшақ жая қарсы алды. Өйткені жаһандануда тамыр жоқ, топырақ жоқ, өзіндік бет жоқ, өзіндік мәдениет жоқ. Қазіргі Батыс өркениеті тудырған жабайы жаһандану – барлық ұлттық ерекшеліктердің қас жауы. Ол бізге елірткіш саз, елірткіш ішімдік, елірткіш би, есірген жастар болып елестейді. Ұлт болашағы бұлар болмауға тиіс. Ұлт болашағы би алаңдары, казино, мейрамханаларда емес, ұлт болашағы кабинет, кітапханаларда, мектеп, балабақшаларда жасалуы керек. Біз бүгінгі ұрпақ тәрбиесін түзей алсақ, ұлттың болашағы жарқын болмақ.
– Ғұлама Абай атамыздың: «Досты қайдан табасың, Кеңесерге адам жоқ, Әрлі-берлі шабасың, Жалғыздықтан жаман жоқ» деген ғой... Сіз өзіңіздің «Қиямет-қайым ғасыры» атты пәлсапалық туындыңызда «жалғыздық» ұғымы туралы терең толғанған екенсіз...
– Дүниеге жалғыз келесің. Жалғыз кетесің. Бәрі жақын. Бәрі алыс. Жалғыздық жас келген сайын сезіледі екен. Тіптен, жалғыздығыңды мойындайсың. Көнесің. Айналып келгенде сол жалғыздықпен жалғыз өзің бетпе-бет қаласың. Бүкіл өткеніңмен, бүгініңмен, ертеңіңмен бетпе-бет қаласың. Жер бетіндегі сапарыңды сонда ой көзінен өткізесің. Босқа өткен уақыт. Тұрмыс тауқыметімен тыртаңдап байлық қуған жылдар. Пенде болғасын ол да керек.
Бірақ соның бәрі сыртқы тән азығы үшін тер төгу болыпты. Сол тер төгу жан азығына не берді? Белгісіз. Ал сенің Жер бетіндегі сапарың болса соңына таман жылжып келеді. Не істеу керек? Осыған кім жауап бере алады? Іздеп әуре болма! Ешкім саған түбегейлі жауап бере алмайды. Жұмыр басты пенде біткеннің бәрі өзіңдей. Олардың да жан-жүрегінде тыныштық жоқ. Береке жоқ. Тұрақтылық жоқ. Демек жер бетінде сенімен күнде сырлас, күнде мұңдас, жан жұбатар адам жоқ. Болуы мүмкін емес.
Ол дос басқа жақта. Сенімен күнде тілдесер, күнде мұңдасар, жол көрсетер, қолтығыңнан сүйеп, тірек болар, жабыққанда жаныңнан табылар жалғыз дос бар. Ол – Алла. Соған бет бұр. Содан жәрдем тіле. Содан сұра. Барлық сауалыңа жауапты жалғыз сол ғана бере алады. Сенің тыныштық таппай аласұрған жаныңды жұбататын тек сол.
Демек сен жалғыз емессің. Сені жарылқаушы, жабыққанда жаныңнан табылушы бар. Жетім емессің. Кедей емессің. Байсың. Жаның бай. Алланы шынайы еске алған жүрекке бұрын-соңды өзің күтпеген тыныштық келіп қонады. Бұл сезім, бұл күй бұрын-соңды сен бастан кешпеген шапағат. Алланың шапағаты. Сен Оған бет бұрып едің, Ол да саған бет бұрды. Енді сен ешқашан жалғыз емессің. Адамдарға басқа көзбен қарайтын боласың.
Бірақ адам баласы қызық құбылыс. Қанағат дегенді білмейді. Бақыттың не екенін бақытсыздық басқа түскенде ғана біледі. Қараңызшы! Сіз әр минут сайын қанша ауа жұтасыз. Бірақ сіз сол жұтқан ауаңыздың арқасында тұншықпай тірі тұрғаныңызды ойламайсыз. Сол небәрі 2-3 минут ауа жетпесінші, ышқынып, жағаға тасталған балықтай шоршисыз. Немесе су. Оны да құдай тегін әрі мол жасапты тіршілік үшін. Бір күн су жетпесе не болар едік. Табаныңызда қара жер жатыр. Сізді әрі көтеріп, әрі асырап тұр. Біз сол жер қадірін білеміз бе?
Бізді қоршаған дүниенің бәрі тікелей немесе жанамалай бізге қызмет етіп тұр. Жарық күн, жұлдызды түн. Жайнаған жер беті. Соның бәрі шынтуайтына келгенде адамның жайлы мекені емес пе? Адамға мейірімін төгіп тұрған жоқ па? Тек адамдар ғана бір-біріне проблема тауып осынау жайлы мекенді жайсыз мекенге айналдырып жатқаны өкінішті.
Адамдар Алла еншілеп берген ризыққа қанағат етуге жоқ. Бірін-бірі тонайды, қанайды, қинайды, өлтіреді. Жер бетін басып жүруге берілген 70-80 жылдық мұрсатын бейбіт еңбекпен тыныш өткізудің орнына адамдар бір-бірінің жағасына жармасады.
Неге олай?! Өйткені адам пақыр мына өмір жалғыз рет берілген, сондықтан жер бетінде шалқып өмір сүру керек деп біледі. Содан байлыққа, билікке таласады. Алысады. Арпалысады. Адамдықтың ала жібін аттайды. Беттің арын белбеуге түйіп жүріп, байиды. Көздеген мақсаты – байлық арқылы бақытты болу. Соған қолың жетті ме?!
Байлық қуып жүріп зулап өмірдің соңына жеттік. Енді бірер аттасақ тік жардан құлағалы тұрмыз. Яғни алда түнеріп ажал күтіп тұр. Өмір бойы сен ұмтылған бақыт қайда? Байлығың неге бақытқа кенелтпеді? Қателік қайдан болды? Не істеу керек?
– Бәсе, не істеу керек?
– Алланы тану керек, сүю керек, Оның азабынан қорқып, рахымынан үміт ету керек. Алланы білмеген, танымаған адамның жаны қараяды. Қазақ ондайларды қаракөкірек дейді. Көкірегің қарайса күллі дүниенің күлін көкке ұшырғың келмек. Өйткені сенің жүрегіңнен иман өшкен, оның орнын жын-шайтан жайлаған. Бұндай жағдайда өзің үшін де, қоғам үшін де қауіптісің. Сенің отбасың осы қауіптің бірінші құрбаны.
Шығыс елдерінің арасынан заманауи өркениетке қол жеткізген Жапон елі. Токиода бірінші рет болған адам бұл қаланың жалт-жұлт еткен сыртқы көрінісінен көз ала алмайды. Бақыт деген осы деп ойлап қалады. Мен де сондай күйді бастан кешірдім. Қалай қарасаң да инженерлік ойдың шырқап дамығанын көресің. Көресің де, осындай дамыған, әлемді артқа тастап кеткен жапондар неткен бақытты деп таңғаласың.
Сөйтсек, бұл алғашқы әсерден туындаған алдамшы сезім екен. Дамыған қалалық өркениеттің екінші бетін де көрдік. Түнде жерасты өткелінен өтіп келе жатып, мұздай цемент үстінде картон қағаз төсеніп, жайрап жатқан екі жүздей кісіні көрдім. Бұлар әдейі қарсылық акциясын өткізіп жатқан жұрт болар дедік. Сұрап көрсек олай емес екен. Бұл жатқандар баспанасыз, жұмыссыз, үйсіз-күйсіз далада қалған бомждар болып шықты.
Бұл біз көрген алып шаһардың бір ғана жерасты өткелі. Алып қалада мұндай жерасты өткелдері жүздеп саналады емес пе? Ал енді есептей беріңіз. Мың емес, миллиондаған адам түнелде түнеп жатыр. Сонда біз бақытты жапондар туралы асығыс байлам жасаған болып шықтық. Жапонияда жүрген кезде елдің премьер-министрі парламент алдында сөйлеп жатты. Баяндамасында жыл сайын суицидпен 30 000 кісінің өзін-өзі өлтіргенін мысалға келтірді.
Егер біз Жапонияны заманауи өркениет көшін бастап келе жатқан елдің бірі десек, Токионы адам және ақша ресурстары мол шоғырланған әлемдік астаналардың бірі десек, онда осы деңгейге жапа-тармағай ұмтылған дамушы елдердің ертеңі қандай болатынын бейне айнаға қарағандай айқын көруге болмай ма?
Парадокстың көкесі сол – әлі күнге дейін адамзат дамудың осынау капиталистік жолынан өзге жолды таппапты. Ал осынау біздерді жарқын болашаққа бастап бара жатқан, тек ақшаға, табысқа табынған жолдың қандай «бақытқа» алып бара жатқанын көріп отырмыз.
– Сіз бірнеше жылдың алдында жарық көрген «Қиямет-қайым ғасыры» атты туындыңызды жазуға үлкен дайындықпен келгеніңіз байқалады. Осы арқылы нені айтқыңыз келді?
– Әрине, үлкен ішкі дайындықтың нәтижесінде жазылған туынды бұл. Кітап жазатын адам өзінен бұрын айтылғанды білуі шарт. Өзіңе дейінгілерді қайталап қана шығатын болсаң, оның да мәні жоқ. Мен де солай істедім. Ұмытылған қағидалар бар. Озбыр империялық жүйе тілімізді, дінімізді ұмыттырды. Көз алдымызда халқымыз рухани, имани тоқырауға түсті. Соны көріп, шошумен болдық. Бізге ақыл беретін, кейінгілерге үлгі болатын қазақтың шал-кемпірлерінің жиын-тойда арақ ішіп алып, қисалаңдап билегенін көргенде, шошығаннан басқа амалымыз қалмайды. Болашағымыз дейтін жастар ішкілікке тойып алғаннан кейін өз дастарқанын өзі төңкеріп тастап, төбелесіп жататынын көргенде, екі есе шошыдық. Осы шошу бізді қаламгер ретінде тыныш жатқызбады.
Одан кейін кейбір керітартпалықты көріп, тағы да жаным жай таппады. Біздің еліміз арақ ішу жөнінен әлем елдерінің алғашқы отыздығына кіреді екен. Суицид жөнінен тіптен алғашқы ондықтың ішінде екенбіз. Бұл біздің адами, рухани болмысымыздың үлкен апатқа ұшырағанының дәлелі. Осындай адамның төбе шашын тік тұрғызатын жағдайда қазақ зиялылары қалайша үйінде тыныш жата алады? Күресу керек, өз ұрпағының болашағы үшін өле-өлгенше күресуі керек. «Қиямет-қайым» ғасырының дүниеге келуінің себебі осыдан.
Ал кітабымның мазмұны туралы, яғни нені айтпақ болдым дегенге келер болсақ, кешегі дінсіз, атеистік қоғамның бойындағы адам шошырлық имансыздыққа қарсы бағытталғанын көруге болады. Яғни қоғам иманды болмай, ешнәрсе болмайды.
Иманға бет бұрғанда ғана қоғам түзеледі. Басшы да, қосшы да тазалық пен имандылықты қолдау жағында болса дейміз. Бір отбасының өзінде біреуі иманға бет бұрғанмен, басқалары оған теріс қарайтын жағдай көп. Біздің қоғамның кейпі, кеспірі, сықпыты осындай. Мұнымен көшеге шығып күресе алмаймыз. Ал бұл кітаптың мақсаты – оқыған адам тазалыққа, имандылыққа бет бұрса деген оймен жазылған.
Өкінішке қарай, біздің әдебиетімізде имандылықты насихаттайтын проза дәстүрі жоқ болып тұр. Себебі белгілі. Тағы да өкінішті бір жайт, әлі күнге дейін сондай бір кітапты оқымаппын. «Қиямет-қайым ғасыры» проза емес. Бұл – философиялық толғау. Тұтастай имани тақырыпқа арналған дүние.
– Кеңестік билік бізді діннен бездірсе, қазір дінімізді бөлшектеу үдерісі жүріп жаттыр. Тұтас мұсылманды жікке, ағымға бөлу қауіпті емес пе?
– Келісемін. Ислам діні – Жаратушы тарапынан ең соңғы дін. Сондықтан оның пәрмені өте күшті. Бүкіл әлем мұсылманшылыққа ден қойды. Хантингтонның жорамалы бойынша, жиырмасыншы ғасырда ең көп дінді ұстанатындар мұсылмандар болады делінген. Еуропадағы христиандықтан кейінгі екінші дінге айналды. Еуропалықтар лек-легімен кіріп жатыр. Лондонның бас мешітінде имаммен сөйлескен едім. Араб елінен келген екен, сол имамның айтқаны: «Бізге жұма күні келсеңіз, мешітке келетін жамағаттың негізінен ағылшын екеніне көзіңіз жетеді. Біз уағызды ағылшын тілінде айтамыз».
Оның себебі, шіркеулер жабылған, мұсылмандар оларды сатып алып, мешітке айналдырған. Осындай үдерістің екпінінен, жас діннің қарқынынан қорыққан Батыс ислам дінін әлсірету, жік-жікке бөлу саясатын жүзеге асыра бастағалы екі ғасырдан асты. Бұл үдеріс XVIII-XIX ғасырларда қарқынды жүрді. Ислам дінін екіге, үшке, беске бөлу әрекеті алдыңғы ғасырдан бері толастаған емес. Әңгіме тек Батыстың тегеурінінде емес, біздің өзіміздің сауат-
сыздығымызда да болып отыр.
Исламның үлкен жауы – сауатсыздық. Әлемдегі дәстүрлі діндердің арасында ешқандай қайшылық жоқ, мұны Құран да растайды. Жалпы, қандай қиын-қыстау кезеңде де қазақтың жүрегінен Жаратқан көшкен емес. Осыны естен шығармаған жөн.
Әңгімелескен, Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»