Смағұл ЕЛУБАЙ: Бүгінгі қоғам өткен қоғамның жаңғырығы
Смағұл ЕЛУБАЙ: Бүгінгі қоғам өткен қоғамның жаңғырығы
11 жыл бұрын 5656 islam.kz

Смағұл аға, иманға бет түзеп, сәждеге маңдайы тиіп жүрген азғана ағалардың бірісіз. Кеңестік тәрбиеден шыққан азаматтар үшін бұлай жасау әрине, қиын шаруа. Қысқасы, сізге намаз қалай нәсіп болды?

– Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) кезінде, бір бәдеуи айтыпты: «Мен қойдың құмалағын көріп, қой дейтін жануардың бар екенін білемін. Сол сияқты мына таулар мен кең жазира далаға қарап бір Жаратушының бар екенін білуге болады» деп. Осы бәдеуи айтқандай, ақыл-есі сау адам Алланы танып, оған құлшылық етпей қалай жүрмек.

Басқаны былай қойғанда Құдайды жоққа шығарушы материалистік көзқарасты ұстанған ғылымның мызғымас ұстанымына  ХХ ғасырда сол ғылымның өзі ашқан жаңалығы оңдырмай соққы берді емес пе?! Бұл жаңалық не десеңіз, ол – кванттық физика ашқан жаңалық. Кванттық физика   материалистік әлемге тікелей әсер ете алатын, керек десеңіз оны өзгерте алатын, жоқ етіп жіберуге де қауқары жетерлік,  сұрапыл күш бар екенін дәлелдеді. Және оны заманауи күрделі ғылыми тәжірибелер арқылы дәлелдеді.

Бұл жаңалықтың басында үлкен ғұлама Эйнштейн тұрды. Ол таң-тамаша болып: «Күллі ғарыш, адамзат қоғамы, өсімдіктер әлемі, ғаламның көзге көрінбейтін шаң тозаңдарына дейін бір ұлы күштің басқарумен өмір сүруде» деп жазыпты. Яғни, ғылым бүкіл жанды, жансыз жаратылыс әлемінің  белгісіз бір ұлы күшке бағынып тұрғанын мойындады. Демек...

– Демек, күллі ғалам шексіз біреуге, яғни мінсіз  Хаққа бағынып тұр дейсіз ғой. Ал, қоғамды құдайсыздық жайласа не болмақ?

– Құдайсыздық дегеніміз  – екі дүние де дауасы жоқ, ешқашан ем-домы табылмайтын, оған ұрынған қауым сөзсіз бақытсыздыққа ұшырайтын жазылмас – індет. Құдайсыз қоғам міндетті түрде құрып тынады. Бұл індеттің кісі шошырлықтай асқынуының бірнеше себептері бар. Басты себебі –  шайтанның азғыруына еріп адасуы.

Бұл нені көрсетеді? Бұл... Құдайдан бас тартқан пенденің адам айтқысыз шайтани еркіндікке  қолы жеткізгенін көрсетеді. Сол еркіндікті  абсурдқа айналдырғанын көрсетеді.  Абсурдқа ғана емес жүгенсіздікке айналдырғанын көрсетеді.  Жер бетінде  шайтанның салтанаты белең алғанын көрсетеді. Құдайдан құтылған адам шайтанның жетегінде кеткенін  көрсетеді.

Алайда, адамзат шығарға тесік таба алмастай тығырыққа  тіреледі десек қателесеміз. Өйткені, адамға Жаратушы берген потенциал, яғни мүмкіндік тым зор, тым орасан. Ол мүмкіндік адамның материалдық  емес -  рухани субстанциясында. Адамның материалдық субстанция жетегінде кете беруі мүмкін емес. Бір күні  молшылықтан жеріп өзінің рухани субстанциясына бет бұрары сөзсіз. Материалдық молшылықтан бақыт таба алмаған  адам түптің-түбінде  шын Жаратушысын сөзсіз іздейді. Өйткені, адамның жаны әуелден Хаққа құмар. Абай атамыз айтқандай: «Ойымда күндіз-түні бірақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған оның әмірі». 

Мүмкін сіздің Хаққа инанғаныңызға әуелгі кездің, нақтырақ айтқанда, өскен орта мен бала күндегі көрген-білген тәлім-тәрбиенің де әсері болған шығар. Қалай ойлайсыз?

– Әлбетте, бала кездегі қанға сіңген тәлім-тәрбиенің әсері маған жақсы жағынан ықпал еткені жасырын емес. Бірақ адам баласында туа бітті жаратылыс, яғни фитрат деген болады. Былайша айтқанда, сенің жүрегіңе Алла иманның ұрығын себеді. Ол есейе келе дамиды. Адамның адам болмағы осы туа бітті қасиетінің түзулігінен.

Мысалы, менің 3-4 жас шамасындағы сәби кезім болатын. Әлі есімде біздің киіз туырлықты қоңырқай ауыл сол жылы Әмудария  бойындағы Бұрдалық деген құмның арасында отырды. Таң алдында шошып ояндым. Шошып оянған себебім, ішкиімімді ылғалдап қойыппын. Жұрт білсе қайттім деп, ұяттан өртене жаздадым. Дереу төсектен тұрып, ашық есікке беттедім. Табалдырықтан аттап алакеугім таң астындағы тысқа шықтым.

Шығыстан таң ағарып келеді екен. Анадай жерде көлбеп түйелер жатыр. Қотанда шұбарған ешкі-лақ бырт-бырт күйсейді. Селт еткен адам баласы жоқ. Жұрт қалың ұйқыда. Жалаңаяқ, жалаңбас  құмды басып үйден ұзай бердім. Мақсатым тезірек көзден таса болу. Мына «қылмысымды» біреу әшкерлемей тұрғанда көзден таса жерге барып ішкиімімді кептіріп алу. Далада қанша жүргенімді білмеймін. Білетінім – менің  ұятты ісім  әйтеуір әшкереленген жоқ. Біреу біліп  бетіме басса ұяттан өліп кетер түрім бар. Осы ұяттың арқасында аталмыш оқиға тайға таңба басқандай есімде қалыпты. 

Бүгінде ойлаймын, сол 3-4 жасар сәбиді таң алдында құба құмды кештірген  ұят сезімі  бала санасына қалай  ерте егілді екен?! Әлде, бұл санамызға Раббымыз тарапынан туа бітті құйылған  ерекше қасиет пе?! Менімше бұл туа бітті дүние. Адамның аңнан, яғни хайуаннан айырмашылығының басты дәлелі де осы.  

Сонда адамның хайуаннан айырмашылығы оған Жаратушы тарапынан берілген ерекше сезім-түйсіктің нәтижесі деп ұғынамыз ғой... 

– Адамды хайуаннан бөліп тұрған тағы бір іргелі дүние, ол -  аяушылық сезім.  Нақтырақ айтқанда, адамның бойындағы мейірім-қайырым сипаты. Адам адамды аяйды. Адам аңды аяйды. Адам табиғатты  да аяйды.

Жаратқан Ие пенденің жүрегіне аяушылық-мейірім сипатын құйғанда адамдар тек бірін-бірі ғана емес, жалпы жер бетінде тепе-теңдікті сақтау үшін жаратылыстың бәрін аясын деп деп құйса керек. Адам осы қасиеттен  алыстаса жер бетіне апат әкелетінін  көрдік.

Адам өзге тіршілік иелерін аяуы керек? Өйткені, бізді Құдай қалай жаратса, оларды да солай жаратты. Сондықтан да, Құдайдан қорқатын адам  тірі жан тұрмақ, түгел жаратылысқа зиян келтірмеуге тырысады. Зиян келтіруге оларды жаратқан Құдайдан қорқады. Сондықтан, «Құдайдан қорықпағаннан - қорық» дейді халқымыз. Құдайдан қорықпаған қоғамнан қорық! Құдайдан қорықпаған заманнан қорық!

Құдайдан қорықпау деген - құдайсыздыққа алып келетін қатерлі соқпақ емес пе, ондай заманды бастан кешірген халықпыз. Соның салдарынан әлі арыла алмай жүрген жоқпыз ба?!

– Құдайсыздықтың салдары дендеп кеткен қоғамды бір демде сауықтыру оңай емес екен. Кеңес кезінде өмір сүрген бір буын дінсіз болдық. Жүрегіне исламды жек көру сезімін терең сіңіріп алған адам, бергі беті қанша жылтырағанымен жүрек түкпірінде бәрібір күдік бар. Ондай адам  қашанда нәпсіге бой алдырғыш.

Әсіресе, дінсіз аға буынға еліктеген кейбір жастар  сұрапыл сезімнің итермелеуімен некесіз байланыстарға барғыш. Оның салдары қасіретті балалатады. Түсік тастайтын қыздарды көбейтеді. Тастанды балалар көбейеді. Бұл бұрынғы құдайсыз қоғамның қазіргі жаңғырығы. Бұл қасірет - құдайсыз қауымның қолтаңбасы. Бұндай қауымда зинақорлық, жезөкшелік кінә емес, мақтанға айналады. Бұндай қауымның үлкен-кішілерінің ойына  обал-сауап деген кіріп-шықпайды, қайта жас қыздармен жасаған зинақорлығын жыр етеді, онысымен мақтанады.   

Имансыздар: «Құдай жоқ. О дүние жоқ. Бұ дүние ғана бар. Сондықтан, пешенемізге берілген осынау жалғаз өмірде шалқып қалуымыз керек» деп шайтани қағиданы ту етеді.  Құдай алдындағы жауапкершілікті жинап қояды. Үлкендерден осындай өнеге көрген жастар  зинақорлық  пен жын-ойнақты  өмір салтына айналдырмай қайтеді.

Нәтижесінде құдайсыз қоғам  бастан-аяқ жын-ойнаққа айналады. Жұрт обал-сауап, кінә дегенді ажырата алмайды. Бұндай қоғам - бүкіл әлем шайтандары  жиналып салтанат құратын орынға айналады.  Қоғамдық өмірдің  барлық саласында жаман қылықтар салтанат құрады.   Шайтан нәпсі отына май құйып, күнәлі істерді жақсы етіп көрсету арқылы өзіне ергендерді тозаққа итереді.

Адам баласы өмір бойы жасайтын ұждани қателіктерінің 70 пайызын жастық шағында жасайды екен. Өйткені, жас адам отқа ұмтылған көбелек десе болар. Осы кезде ұждани қателіктерге  ұрынбай өткен жас бақытты. Ұл-қыздарына сондай ұждани тәрбие бере білген ата-ана бақытты. Жер бетіне адам сынақ үшін жіберілген. Шапағатпен де, кесапатпен де сыналады. Сізді  Жаратқан Иеңіз бас айналдырар бақпен де, бас айналдырар байлықпен де сынайды. Сол сынақтардың бәрінен  құдайыңызды ұмытпай өте білсеңіз онда сіз шын мәнінде бақытты адамсыз.

Құдайсыздық қағидатын қоғамға сіңіруші Кеңес идеологиясы құлағанымен, санаға сіңіп қалған кесірі кеткен жоқ дейсіз ғой...

– Кеңестік кезеңге дейін халқымыз исламият аясында  иманы ұйыған ел еді.  Халық арасында жаппай зинақорлық, түсік тастау, тастанды бала деген құбылыстар жоққа тән еді. Әйел теңдігін жариялап қызыл жалауын көтеріп  қазақ даласына келген  коммунистер  қазақтың  ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мәдениетін талқандады. «Ескілік жойылсын, жарқын болашақ жасасын!» деп ұрандатқан олар желөкпе  кедей-кембағалдардың қолына тапанша беріп қазақтың байырғы төл мәдениетіне,  дәстүрлі таным-салтына қарсы қойды. Сөйтіп дүние төңкеріліп кетті.

Коммунистер өздерін былайғы тобырдың көзіне артта қалған Орта Азияға прогресшіл батыс мәдениетін таратушы, артта қалған аймақты құтқарушы болып көрінді. Сөйтіп, «ескіліктің» тамырына балта шабылды. Мешіт, медреселер құлатылып оның орнына құдайсыз ғылымды үйрететін заманауи мектептер салынды. Біз әрине заманауи зайырлы мектептерге қарсы емеспіз. Сол мектептерден өзіміз де білім алдық. Біз, заманауи өркениетті дәстүрлі мәдениетке қарсы қойған  құдайсыз коммунистік бірбеткей  саясатты сынап отырмыз.

Коммунистер өздері бас болып ізбасарлары комсомол жастарды жұмылдырып  өз елінің тарихи жадын жойды, мәдениетін отқа жақты. Осы шайтани салтанаттың сұрапыл салдары халық санасынан әлі арылған жоқ. Бүгінгі қоғам сол өткен қоғамның жаңғырығы һәм жалғасы. Нәтижесінде, бүгінгі жастар батыстың либералдық өркениеті тудырған құбылыстардың күнгей жағын емес,  көлеңке жағын алғыш, еліктегіш. Бүгінгі қала жастарының өмір салты батыс жастарының   көшірмесі. Көшірме ешқашан түпнұсқа емес. Жалаң еліктеу жайсыздық тудырады.

Батыстың шайтани мәдениетіне  көзсіз еліктеп жүрген жастарды дінсіз дегеннен гөрі қазіргі жаһандану атты кесапаттың құрбаны десек, дұрыс емес пе?!

– Бұлар жаһанданудың құрбандары ма, әлде дінсіздіктен болып жатыр ма бәрі бір. Айналып келгенде өз тамырын жоғалтқан кешегі құдайсыз қоғамның жаңғырықтары. Өз тамырынан қол үзген  бұл ұрпақ   жаһандануды құшақ жая қарсы алды. Өз топырағын жоғалтқан бұл ұрпаққа жаһандану кереметтей көрінді. Өйткені, жаһандануда тамыр  жоқ. Топырақ жоқ. Өзіндік  бет жоқ. Өзіндік  мәдениет жоқ. Қазіргі батыс өркениеті тудырған жабайы жаһандану    -  барлық ұлттық ерекшеліктердің қас  жауы.  Ол бізге елірткіш саз, елірткіш ішімдік, елірткіш би, есірген жастар болып елестейді. Ұлт болашағы бұлар болмауға тиіс. Ұлт болашағы би алаңдары, казино,  мейрамханаларда емес, ұлт болашағы кабинет, кітапханаларда,  мектеп, балабақшаларда жасалауы керек. Бүгін біз ұрпағымызға  ие болсақ, ертең ұлт болашағына ие боламыз.

Құранның «Рағыд» сүресінің 28- аятында: «...Алланы еске алумен жүректер орнығады» дейді. Осыған қарама-қарсы ұғымға келсек: Алланы еске алмайтын жүрек тыныш таппайды, мазасыз күй кешпек. Демек,  Алланы еске алу дегеніміз – адам ғұмырдың мәні мен маңызы  болғаны ғой?!

– Дүниеге жалғыз келесің. Жалғыз кетесің. Бәрі жақын. Бәрі алыс. Жалғыздық жас келген сайын сезіледі. Тіптен, жалғыздығыңды мойындайсың. Көнесің. Айналып келгенде сол жалғыздықпен жалғыз өзің бетбе-бет қаласың. Бүкіл өткеніңмен, бүгініңмен, ертеңіңмен бетбе-бет қаласың. Жер бетіндегі сапарыңды сонда ой көзінен өткізесің. Босқа өткен уақыт. Тұрмыс тауқыметімен тыртаңдап байлық қуған жылдар. Пенде болғасын ол да керек.

Бірақ, соның бәрі сыртқы тән азығы үшін тер төгу болыпты.  Сол тер төгу  жан азығына не берді? Белгісіз. Ал, сенің Жер бетіндегі сапарың болса соңына таман  жылжып   келеді. Не істеу керек? Осыған кім жауап бере алады? Іздеп әуре болма! Ешкім саған  түбегейлі жауап бере алмайды. Жұмыр басты пенде біткеннің бәрі өзіңдей. Олардың да жан-жүрегінде тыныштық жоқ. Береке жоқ. Тұрақтылық жоқ. Демек, жер бетінде сенімен күнде сырлас, күнде мұңдас  жан жұбатар адам жоқ. Болуы мүмкін емес.

Ол дос басқа жақта. Сенімен күнде тілдесер, күнде мұңдасар, жол көрсетер, қолтығыңнан сүйеп тірек болар, жабыққанда жаныңнан табылар   жалғыз дос бар. Ол – Алла.  Соған бет бұр. Содан жәрдем тіле. Содан сұра.  Сенің тыныштық таппай аласұрған жаныңды жұбататын  тек Алла. Міне сондықтан да Құранда айтылғандай Алланы еске алған жүрек ғана тыныштық табады. Мұндай бақытқа ие болған жан, әлемдегі ең бақытты адам санатындағы пенде.

Демек, сен жалғыз емессің. Сені жарылқаушы, жабыққанда жаныңнан табылушы Алла бар. Жетім емессің. Кедей емессің. Байсың. Жаның бай. Алланы шынайы еске алған жүрекке бұрын-соңды өзің күтпеген тыныштық келіп қонады. Бұл сезім, бұл күй бұрын-соңды сен бастан кешпеген шапағат. Алланың шапағаты. Сен Оған бет бұрып едің Ол да саған бет бұрды. Енді сен ешқашан жалғыз емессін.  Адамдарға басқа көзбен қарайтын боласың. Адамға құрмет Аллаға құрмет екенін ұғасың. Адамды мойындамаған Ібіліс  Құдайдың қарғысына ұшыраған ғой. 

Құранның «Бақара» сүресінің 22-аятында: «Ол сондай Алла сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты. Әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әр түрлі өсімдіктен ризық шығарды» дейді. Ал, адам баласы осы аятқа амал етпейді. «Өзім жасадым, мен мықтымын, менің арқам...» дегенді көп айтады. Бұл пенде баласына сай қылық па?

– Адам қызық құбылыс. Қанағат дегенді білмейді. Бақыттың не екенін бақытсыздық басқа түскенде  біледі. Қараңызшы! Сіз әр минут сайын қанша ауа жұтасыз. Бірақ сіз сол жұтқан ауаңыздың арқасында тұншықпай тірі тұрғаныңызды ойламайсыз. Сол небары 2-3 минут ауа жетпесінші, ышқынып жағаға тасталған балықтай шоршисыз. Немесе су. Оны да Құдай тегін әрі мол жасапты тіршілік үшін. Бір күн су жетпесе не болар едік. Табаныңызда қара жер жатыр. Сізді әрі көтеріп, әрі асырап тұр. Біз сол жер қадірін білеміз бе?!  

Бізді қоршаған дүниенің бәрі тікелей немесе жанамалай бізге қызмет етіп тұр. Жарық күн, жұлдызды түн. Жайнаған жер беті. Соның бәрі шынтуайтына келгенде адамның жайлы мекені емес пе?!  Адамға мейірімін төгіп тұрған жоқ па?! Тек адамдар ғана бір-біріне проблема тауып осынау жайлы мекенді жайсыз мекенге айналдырып жатқаны өкінішті. Адамдар Алла еншілеп берген ризыққа қанағат етуге жоқ. Бірін-бірі тонайды, қанайды, қинайды, өлтіреді.

Неге  олай?! Өйткені, адам пақыр мына өмір жалғыз рет берілген, сондықтан жер бетінде шалқып өмір сүру керек деп біледі.  Содан байлыққа, билікке таласады. Алысады. Арпалысады. Адамдықтың ала жібін аттайды. Беттің арын белбеуге түйіп жүріп, байиді. Көздеген мақсаты - байлық арқылы бақытты болу. Соған қолың жетті ме?!

Байлық  қуып жүріп зулап өмірдің соңына жеттік. Енді бірер аттасақ тік жардан құлағалы тұрмыз. Яғни, алда түнеріп  ажал күтіп тұр. Өмір бойы сен ұмтылған бақыт қайда?! Байлығың неге бақытқа кенелтпеді?!  Қателік қайдан болды?  Не істеу керек?

Бәсе, не істеу керек?

– Алланы  тану керек, сүю керек, Оның азабынан қорқып, рахымынан үміт ету керек.  Алланы білмеген, танымаған адамның жаны қараяды. Қазақ ондайларды қаракөкірек дейді. Көкірегің қарайса күллі дүниенің күлін көкке ұшырғың келмек. Өйткені, сенің жүрегіңнен иман өшкен, оның орнын жын-шайтан жайлаған.  Бұндай жағдайда  өзің үшін де, қоғам үшін де қауіптісің. Ал, отбасың осы қауіптің бірінші  құрбаны.  

Сіз адамның бақыты болуы Алланы танып, Оған бойұсынуымен орындалады дейсіз. Рас сөз. Бірақ мына жұрт батыс пен шығыстың өркендеген елдерінде бәрі бар, бақыт дегеніміз сол жақта деп, еліріп жүрген жоқ па?!

– Шығыс елдерінің арасынан заманауи өркениетке қол жеткізген ел Жапон елі. Токиода бірінші болған адам бұл қаланың жалт-жұлт еткен сыртқы көрінісінен көз ала алмайды. Бақыт деген осы деп ойлап қалады. Мен де сондай күйді бастан кешірдім. Қалай қарасаң да инженерлік ойдың шырқап дамығанын көресің. Көресің де,  осындай дамыған, әлемді артқа тастап кеткен жапондар неткен бақытты деп таң қаласың.

Сөйтсек, бұл алғашқы әсерден туындаған алдамшы сезім екен. Дамыған қалалық өркениеттің екінші бетін де көрдік. Түнде жерасты өткелден өтіп келе жатып, мұздай цемент үстінде картон қағаз төсеніп, жайрап жатқан екі жүздей  кісіні көрдім. Бұлар әдейі қарсылық акциясын өткізіп жатқан жұрт болар дедік. Сұрап көрсек  олай емес екен. Бұл жатқандар баспанасыз, жұмыссыз, үйсіз-күйсіз далада қалған  бомждар болып шықты.

Бұл біз көрген  алып шаһардың бір ғана жерасты өткелі.  Алып қалада мұндай жерасты өткелдер саны жүздеп саналады емес пе? Ал енді есептей беріңіз. Мың емес, миллиондаған адам түнелде түнеп жатыр. Сонда біз бақытты жапондар туралы асығыс байлам  жасаған болып шықтық. Жапонияда жүрген кезде  елдің премьер-министрі  парламент алдында сөйлеп жатты. Баяндамасында елде жыл сайын суицидпен 30-40 мың кісінің өзін-өзі өлтіретінін мәлімдеді.

Егер біз Жапонияны заманауи өркениет көшін бастап келе жатқан елдің бірі десек, Токионы адам және ақша ресурстары мол шоғырланған әлемдік астаналардың бірі десек, онда осы деңгейге жапа-тармағай ұмтылған  дамушы елдер ертеңі қандай болатынын  бейне айнаға қарағандай айқын көруге болмай ма?!

Парадокстың көкесі сол  -  әлі күнге дейін адамзат дамудың осынау капиталистік жолынан өзге жолды таппапты. Ал осынау,  біздерді  жарқын болашаққа бастап  бара жатқан,  тек ақшаға, табысқа  табынған  жолдың қандай «бақытқа» алып бара жатқанын көріп отырмыз.

Сұхбаттасқан Дана Тоғымов

1 пікір