Бұрынырақта хазіреті-мүршидтің дәргейіне кеп, сопылық деген ауыр жолға түсіп, қол тапсырған мүридттер бір-бірінен "Сен өміріңде біреуге өлердей ғашық болып көрдің бе?" деп сұрайды екен. Себебі, олардың пәлсапасында адамға ғашық болу "Аллаға ғашық болу" тұғырына апаратын алғашқы баспалдақ деп саналады. Адам - әлсіз жаратылыс. Сондықтан ол бір нәрсені түсіну үшін, бір нәрсені сезіну үшін алдымен өзі көзбен көруі тиіс, басынан өткеруі ләзім. Ертеректегі Шығыс ақындарының шарап, әйел, мас болу жайындағы жырларының астарында осы мәселе жатыр. Олардың өлеңдеріндегі әйел "машуқтың*", шарап махаббаттың, мас болу да ғашық болып естен танудың тәмсілі ғана.
Біреуге өлердей ғашық болып, біреуді күні-түні ойлап, соның қуанышын өзінің қуанышы санап, біреу үшін бар нәрсені жасап, соның жолында қолындағы бар байлығын пида етіп, тіпті өмірін де соның жолында арнап үйренген адам ғана Аллаға ғашық болудың сырын ұғынады. Адамды сүйген пенде Алланың хикметін сезеді (Абай). Әйтпесе бәрі бос, бәрі бекер. Бір адамға өлердей ғашық болып көрмеген адамның "Алланы сүйемін" деуі күмәнді. Сол үшін Ислам адамға адамның ғашық болуына дұрыс қарайды. Ислам - тұнып тұрған махаббат діні. Жердегі тас пен жан-жануарларға дейін Алланың аманаты деп қарауды бұйырған дін адамның адамға деген махаббатына қалайша тосқауыл болсын?!
Ислам діні адамдардың түр-түсіне, сеніміне, әлеуметтік статусына қарамай бәрін сыйлауымызды, жақсы көруімізді құп көреді. Абайша айтқанда дініміз бізге "адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп" деген үндеу тастайды. Біз үшін әрбір адам байлық, әрбір адам бір шексіз әлем, әрбір адам сындырып алмайын деп ұстауға қорқатын үйіміздегі әсем құмырадай болуы тиіс. Аллаға ғашық болу үшін адам бірінші адамға ғашық болуды үйрену керек. Себебі адам Алланың шеберлігін, адамға деген махаббатын паш ететін көркем туынды. Бұл дінді ұстанған алдыңғы буын мүміндер ағаштан бір жапырақ үзілсе "ах" деп жаны күйзелетін болған. Ал қазір, Ислам әлемінде адамның зат құрлы қадірі жоқ...
...Бастапқы тақырыпқа қайта келейік. Адамға деген махаббат Тәңірге деген ғашықтыққа ашылған терезе іспетті. "Суды Мұхаммед ішті, шөлі қанған мен болдым" деген Әбубәкір әкесі иман келтіріп, мұсылман болғанын сүйіншілеп Пайғамбарымызға келгенде қос дүние сардары қатты қуанады. Сол сәтте әз елшінің абзал досы "Уа, пайғамбарым, бүгін менің әкем емес, сенің көкең Әбутәліп мұсылман болғанда ғой" деп Пайғамбарымызға деген шексіз сүйіспеншілігін паш еткен.
Меккелік мүшріктер адамзаттың асыл тәжін туған қаласынан қуғанда ол өзіне жанындай қатты жақсы көретін Әбубәкір досын жолсерік етіпті. Жолай жаудан тығылу үшін екеуі Сәуір тауындағы үңгірге келеді. Қатты шаршаған Пайғамбарымыз сәл көз шырымын алу үшін әзіз досының аяғына басын қойып жатыпты. Сол кезде бұрын-соңды тірі жан аттап баспаған үңгірдің ішінен жылан шығып, Әбубәкірдің аяғын шағып алыпты. Жылан уы жанын жегідей жеп бара жатса да опалы дос Пайғамбарымыздың ұйқысын бұзбайын деп тырп етпепті. Бірақ аяғы қатты ауырғаны соншалықты көзінен бір-екі тамшы мөлт етіп Пайғамбарымыздың денесіне тамады. Денесіне тиген ыстық жастан лезде оянған ақиық елші жүзі қызарып тұрған досының хәлін айтпай-ақ ұғынып, дереу жылан шаққан жеріне мүбәрак түкірігін жағып, Жаратқаннан шипа тілейді. Сөйтіп, ғашықтың "машуққа" тілеген дұғасы лезде қабыл болыпты деседі...
Осылайша ғасырлар бұрын өмір сүрген мүмін ғашықтар жайлы таңды таңға ұрып бал татыған қиссаларды тізбектеп отыра беруге болады. (Осы орайда Мәуләна мен Шәмсі-Тибризидің арасындағы ғашықтықтың да біздің әңгімемізге тікелей қатысы бар екенін еске саламын. Ол жайлы ұзақ әңгіме болғаны үшін іздеп тауып оқуды сізге қалдыруды құп көрдім).
Иә, айта берсең мысал көп. Дегенмен, меніңше Зылиханың мына сөзі тікелей осы тақырыпты ашып тұрғандай боп көрінді. Сондықтан сөз соңын осы сөзбен бітіруді жөн санадым. Әзіреті Жүсіптің сұлулығы мен сымбатына таңырқап, ғашықтық шарабына мас болған Зылиха былай дейді: "ЖҮСІП ОСЫНШАМА СҰЛУ ӘРІ КӨРКЕМ БОЛСА ОНЫ ЖАРАТҚАН ТӘҢІР ҚАНДАЙ ЕКЕН?"...
*Машуқ - арабша сөз. Қазақша ғашық болынған нәрсе, сүйілген зат мағынасына саяды.