Шохан Уәлиев: "Шетелде еліңнің намысын Құраннан қорғаудың әсері ерекше"
Шохан Уәлиев: "Шетелде еліңнің намысын Құраннан қорғаудың әсері ерекше"
8 жыл бұрын 5443

Шохан Уәлиев,  Қасиетті Құран хафиздерінің халықаралық сайыстарының жеңімпазы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің биылғы түлегі.

Қасиетті Құранға бала кезінен әуес болған Шохан Уәлиев 10 жасынан бастап қарилыққа бет бұрған. Шымкент қаласындағы «Дар-әл-Арқам» деп аталған медреседе білім алып, орта мектептен кейін еліміздегі бірегей ислами оқу орны Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «исламтану» мамандығы бойынша мемлекеттік білім грантына ие болды. Қазақстанда әртүрлі деңгейдегі Құран қариларының жарысында жүлдегер атанып, ең алғаш 2015 жылы Малайзияда өткен Халықаралық 57-ші  Құран хафиздерінің сайсына қатысып, алғашқы ондыққа енген болатын. Ал бір жылдан кейін Түркиядағы Әлемдік IV қари-хафиздер бәйгесінде жүлделі екінші орынды иеленіп, қазақ елінің мәртебесін асқақтатты. Қасиетті Құран айы – Рамазанда еліміздің мәртебесін әлемдік деңгейде абыроймен алып жүрген қазақ баласын әңгімеге тартуды жөн көрдік.       

Шохан, міне қасиетті Құран айы да келіп жетті. Өткен Рамазанда Ыстамбұл қаласында өткен Құран сайысында 60 мемлекеттен келген үміткерлер арасынан жеңімпаз атануыңыз қазақ елінің мерейін бір көтеріп тастады. Биылғы оразада қандай жаңалығыңыз бар?

- Биыл Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде жақында ғана дипломдық қорғау жұмыстарымды аяқтадым. Халықаралық сайыстарға  ұсыныстар түскенімен 4 жыл бойы білікті ұстаздардан алған білімімді қорытындылайтын деп жауапты кезеңде екі кеменің басын ұстауды жөн көрмеген едім. Ал Құран жаттау ыждаһаттылықты талап етеді. Адам үнемі жаттағанын қайталап, өзін-өзі пысықтап отыру арқылы нәтижеге қол жеткізетіні белгілі. Әрі зерттеу тақырыбым «Құрандағы мысалдар және олардың маңызы» болғандықтан, өзге тілдердегі дереккөздерді саралауға да біршама уақыт керек болды. Сондықтан, бұл мен үшін өте жауапты сәт болғандықтан, тек білімге көңіл бөліп, сынақтардан ойдағыдай өткенім үлкен қуаныш болып отыр.

 

- Құттықтаймыз. Жалпы қасиетті Құранды қай кезден бастап жаттадың, үлкен сабырлықты, табандылықты қажет ететін бұл сауапты істі орта жолда қоя салу туралы ойлар келмеді ме?

- Қасиетті Құран жаттауды тұрақты түрде 10 жасымнан бастадым. Ықыласымды байқады ма, ата-анам Шымкент қаласындағы Қалиолла Мәджанов ағамыз  жетекшілік еткен «Дар-ул-Аркам» медресесіне берді. Мектеп бағдарламасына да үлгеру керек. Басында Құран жаттауға ниет еткен біраз балалар бар еді, кейін сиреп қалдық. Әр кезеңнің өз қиындықтары болды. Бірақ, алғашқы балалық кезімде ата-ана, жақындарымның үміті мен Мұхамедражаб, Исматулла ұстаздарымның ақылдары көп септігін тигізді. Алла оларға разы болсын. Жаз маусымында да Алматы қаласындағы түрлі діни лагерьлерге барудың ықпалы болды. Құран жаттауға ықыласты балаларды көріп, жалпы 3 жылда жаттап шықтым. Бірақ қарилар жаттағанын пысықтап алуы тиіс. Әйтпесе Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай: «Ақиқатында, Құранды жаттаған адам түйелерді байлаулы түрде ұстаған адам секілді. Егер ол түйелерін осындай жағдайда (байлаулы) ұстайтын болса, ол ұстап қалады. Егер босатып жіберсе, олар қашып кетеді»,  яғни жаттағанды қайталап, пісіріп алу өте маңызды. Құранды толықтай сіңіру, бекіту университетте нәсіп болды. Мысырдағы Әл-Азһар университетінен келген ғалымдардың барлығы дерлік қари-хафиз деуге болады. Солардың дәрістері, қасиетті Құранды пысықтап «ижаза» алуыма мүмкіндік берді. Ұстазым Сайд Абдулмажид - Құранның 10 қырағатының білгірі. Бұл да біздің елімізге берген Алланың нығметі. Әйтпесе, Құраннан ижаза алу үшін бұрын сонау алыс араб елдеріне барса, қазір өз елімізде мүмкіндік жасалған.  Ұстаздарым да Құранға ғашық керемет жандар әрі университет басшылығы да біздің тиянақты білім алуымызға барлық мүмкіндікті жасап келеді. Жоғарғы курстарда таза араб тілінде ғалымдардан дәріс алдық. Қазір қазақтан тұңғыш болып қасиетті Құранның 7 қырағатын меңгерген Еркінбек Шохаев ұстазымнан өзге де қырағаттар бойынша дәріс алуды жалғастырып жүрмін.  Осындай игі ортада, ұстаздар қауымының ақыл-кеңестері, дәрістер қасиетті Құранға, ислам іліміне деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Хадисте «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің» деген ғой, шәкірттер мен ұстаздар арасында жыл он екі ай Құран  оқу еш толастамайтын «Нұр-Мүбарак»  мен үшін осы хадисте айтылған ізгілердің ордасы іспеттес.  

 

- Яғни, халықаралық дәрежедегі жеңіс Нұр-Мүбарак университеті ұстаздарының біліктілігінің көрсеткіші дейсіз ғой. Дегенмен, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған Құран хафиздерінің додасына түскенде жүрексіну болған шығар?

- Әлбетте, әсіресе араб елдерінен келген қарилардың мысы басым. Өйткені, олардың өз тілі, Құран тілінде тілі шығып, махраждарының өзінде өзгешелік бар. Түркиядағы сайысқа қатысушылар өзара танысқан сәттерде көпшілігінің «Қазақстан» деген сөзді алғаш естіп, тілдері келмей жатқанын байқадым. Ал халықаралық жарыс  тым тартысты өтті, сәл тіл күрмелген қари саптан шығып , 58 үміткерден 7 хафиз ғана ақтық сынға шықтық. Ақтық сын оңай болған жоқ. Қасиетті Құранның кез келген жерінен қойылған сұраққа бес қари мүдірмей шыққандықтан, кімнің жеңімпаз екенін болжау оңай болмады. Сол сәттерде жан-жағымдағылардың «Қазақстан» деп елімнің атын еркін айтып, өзара топшылап отырғандарын байқағанда тіпті басқаша әсерде болады екенсің, жауапкершілік жүгі арта түскендей. Алла қолдап, екінші орын дегенде қуанышымда шек болмады. Өйткені бұл қазақ елінің, ата дініміздің жеңісі дер едім. Расымен, шет елде өз еліңнің намысын қорғаудың әсерін тіпті сөзбен жеткізе алмаймын.

 

- Оның үстіне қасиетті Құран айындағы сүйінші  хабардың орны ерекше ғой. Сайыс тікелей эфирде өтіп әрі марапаттау рәсіміне Түркия Президенті Режеп Таип Ердоған мырзаның келуі көп нәрсені аңғартқандай...

- Ия, Құран сайысы екі бағытта өтті. Құран жаттаушылар мен көркем оқушылар арасында. Әрқайсысында 60-қа жуық, жалпы 120-дай қари бақ сынады. Сол екі сайыстың бірінші орындарын Президент Таип Ердоған мырза табыстады. Ал маған Түркияның Бас мүфтиі Мехмет Гермез мырзаның қолынан сыйлық алу нәсіп болды. Байқағаным, «Қазақстан» деп атаған кезде марапаттаушы елбасы, алқалы топ елең ете қалды. Марапат табыстап тұрғанда Мехмет Гермез мырзаның да ризашылығын анық аңардым. Түрік бауырлардың қасиетті Рамазанға, Құранға және қарилыққа деген ықыласы ерекше екен. Рамазанда мешіттерінде күндіз-түні кезектесіп Құран оқуды үзбейді. Осындай шаралар адамдар арасында Алланың кәламына деген ықыласты арттыра түсетіні анық. Ал  Түркиядан келген соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти  Ержан қажы Малғажыұлы ағамыз арнайы қабылдап, ата-анама алғыс білдірді. Ел болашағы үшін білім алуды тоқтатпауыма кеңес берді.    

 

- Ал енді осы қасиетті Рамазан айы мен болашақтағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Міне, айлардың сұлтаны Рамазанды да бастап кеттік. Өткен жылы жарыстың себебінен «Нұр Астана», Алматы Орталық мешіттеріне шақырту алғаныммен, тарауих намазына  хатымдық жасауға  мүмкіндігім болмаған еді. Өйткені сайыс дәл Рамазанның ортасында болғандықтан, жамағат алдында хатымдықты да үзуге болмайды. Биыл Алланың қалауымен  Нұр Астана Орталық мешітінде тарауихта Құран хатым етудеміз. ҚМДБ наиб мүфтиі, Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлы ағамыздың жамағатты аманаттаған сенімін ақтауға тырысамыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рамазан айының алғашқы он күні – мейірім, ортасы –күнәдан арылу, соңы – тозақ отынан құтылу» деген ғой. Әрбір іс-амал оннан жеті жүз есеге дейін көбейтілетін бұл берекелі айда барынша Құран оқудың жөні бөлек. Себебі «Кімде- кім  Алланың  кітабынан  бір  әріп  оқыса – бір сауап, ал бір сауап он сауапқа тең. Әлиф-ләм-мим («Бақара» сүресінің басы) бір әріп деп айтпаймын, әлиф бір әріп, ләм бір әріп, мим бір әріп», - деген. Қасиеті мың айдан артық Қадір түнінің кереметі өз алдына. Алланың жәрдемімен Ораза айын аман-есен атқарсақ, білім алуды жалғастырамыз. Өйткені, Ислам деген - телегей теңіз. Құран жаттадым деп жүре беру мұсылманға жат. Төрт жыл оқыған университеттегі ұстаздарымыз, проректор, профессор Шамшәдин Керім ағай да бізге білім алып, елге білікті маман болып қызмет етуімізді үнемі ескертіп отырады. Бізде  «Білім аламын десең, мың жылдық тарихы бар Мысырдың әл-Азһары алдарыңызға келіп тұр» деген сөз бар. Бүкіл өмірлерін  Ислам іліміне арнаған ғалымдардан білім алуға мүмкіндік жасаған елбасымызға Алла разы болсын. Қасиетті Құранда да, хадистерде де білім иелеріне деген құрмет өзгеше. Сондықтан, жаттаған қасиетті кітабымыз Құранның қыр-сырын тереңдей біле түссек, еліміздегі ислам дінінің дамуына қызмет етсек дейміз.

 

- Құран жаттауда әлемдік деңгейдегі немесе отандық хафиздардан кімді үлгі тұтасыз?

- Әлемдік деңгейде мен үшін Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) мешітінің имамы болған, хафиз Мухаммад Аюбтың (р.а.) Құран оқуын үлгі еттім. Ұстаздарымнан өзге отандық Сәдуақас, Еркінбек, Ерсін ағаларымыздың ілімділігі өнеге. Әсіресе, тарихтан білетін әрі естуімізше өте қиын болған Кеңес уақытында Құран жаттаған Сәдуақас ағаның (Олжабаев) еңбектеріне Алла разы болсын. Қасиетті Құран – мәңгілік мұғжиза. Енді осы аманатты абыроймен атқарып жүрген ағаларымызға қарап біз де ел игілігіне, дінімізге қызмет етсек дейміз.

 

- Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет. Сізге әрдайым Алла жар болсын!

islam.kz

 

2 пікір