عَنْ زَيْدِ بْنِ ثَابِتٍ قَالَ: أَمَرَنِي رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ أَنْ أَتَعَلَّمَ لَهُ كَلِمَاتٍ مِنْ كِتَابِ يَهُودَ، قَالَ إِنِّي وَاللَّهِ مَا آمَنُ يَهُودَ عَلَى كِتَابِي، فَمَا مَرَّ بِي نِصْفُ شَهْرٍ حَتَّى تَعَلَّمْتُهُ لَهُ فَلَمَّا تَعَلَّمْتُهُ كَانَ إِذَا كَتَبَ إِلَى يَهُودَ كَتَبْتُ إِلَيْهِمْ وَ إِذَا كَتَبُوا إِلَيْهِ قَرَأْتُ لَهُ كِتَابَهُمْ
Хазірет Зейд ибн Сәбит (р.а.) былай деген: «Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған яһуди тілінде хат тануды үйренуді бұйырды. Өйткені: Алланың атымен ант етейін! Мен хат жазу мәселесінде яһудилерге сенбеймін, – деген еді. Содан жарым айға жетпей-ақ әлгі жазуды үйреніп алдым. Сөйтіп, жазуды үйреніп алған соң оның яһудилерге жолдайтын хаттарын жазатын әрі олардан келген хаттарды оқып беретін болдым».
(Зейд ибн Сәбит (р.а.) жеткізген. Бұхари, Ахкам 40; Әбу Дәуіт, 'ильм 2; Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд 5/182)
Хадиске түсіндірме
Хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жас сахабасы Зәйд ибн Сәбитке өзге қауымның тілін үйренуді бұйыру арқылы үмбетіне өзге елдердің тілін білудің қаншалықты маңызды екенін білдіруде.
Хақ дін Исламның дүниенің төрт бұрышына жайылып, кең етек жаятынын әу бастан-ақ айтып, сүйіншілеген Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне осынау ұлы мақсатқа жетудің жолдарын да көрсеткен. Сол жолдардың бірі һәм бірегейі өзге ел-жұрттың тілін үйрену екенін осы хадистен аңғаруға болады.
Иә, өзге ел-жұртпен танысып, табысудың және өзара түсінісіп тату-тәтті өмір сүрудің, сондай-ақ өзімізді, төл мәдениетіміз бен рухани құндылықтарымызды өзгелерге дұрыс танытудың ең басты құралы тіл екені бесенеден белгілі. Міне сондықтан да, өз тілімен қатар өзге тілдерді де білген ел қор болмайды.
Алла Тағала әу бастан адамзатты өзіндік тілі, ділі, мәдениеті және дүниетанымы бар сан түрлі ұлыстар мен ру-тайпаларға бөліп жаратқан. Бұл Алланың теңдессіз хикметі мен шексіз құдіретінің бір көрінісі. Осыған орай, қасиетті Құранда былай делінген: «Уа, адамзат! Расында, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, сендерді бір-біріңмен танысып, табысуларың (һәм біріңе-бірің қамқоршы дос болып, өзара жәрдемдесіп, тату-тәтті өмір сүрулерің) үшін сан алуан ұлыстар мен ру-тайпаларға бөлдік. Біле білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың (яғни, Аллаға ең жақын болғандарың)!»[1]. Иә, осы аятқа қарап ұлыстар мен ру-тайпалардың Хақ Тағаланың алдында тең екенін, үстемдіктің тек қана Аллаға жақындықпен болатындығын, сондай-ақ ешбір тілдің өзге тілдерден артық еместігін, артықшылықтың тек қана сол тілде сөйлейтін қауымның өнердегі, ғылымдағы және жасампаздықтағы озықтығымен болатындығын айтуға болады.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей адам өзгенің тілін үйренбей тұрып, алдымен әр адам өз ана тілін анасының ақ сүтімен бірге бойына сіңіріп өсуі керек. Содан соң, қай қауымның һәм қанша жұрттың тілін үйренемін десе де әркімнің өз еркі. Міне сонда жаратылыс заңымен бірге әр елдің елдігі мен тектілігі де сақталады. Сондай-ақ өз тілін жақсы білген адамға өзгенің тілін үйрену де аса қиын болмасы анық. Сондықтан да, әр ата-ана ұрпағын алдымен өз ана тілінде тәрбиелеп өсіруі керек. Тілдік тұрғыдан іргетасы дұрыс қаланған бала бөтен тілдерді де оңай үйренеді.
Әсілі, шет тілін жас кезде оқып, үйренген абзал. Өйткені, жас кезде адамның есте сақтау қабілеті мен зейіні күшті болады. Осыған қатысты арабтарда «Жас кезде алған білім тасқа қашалған оюмен тең, егде тартқанда алған білім мұзға салған оюмен тең» деген қанатты сөз бар. Сондай-ақ шет тілін үйренгісі келетін адамның аз да болса, тіл үйренуге деген қабілеті болуы керек. Хадистен ардақты пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) яһудилердің тілі мен жазуын үйренуді қалың сахабаның арасынан тіл үйренуге қабілетті жас сахаба Зәйд ибн Сәбитке тапсырғанын көреміз. Нәтижеде, ол аталмыш тілді қиындығына қарамастан жарты айға жеткізбей тек қана түсінетін деңгейде емес, сөйлейтін, оқитын һәм жазатын деңгейде меңгеріп алады. Міне осылайша, пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қарамағындағы адамдарға қабілетіне қарай міндет жүктегеніне қарап, қаншалықты парасатты һәм данагөй жан болғанына тағы да куә боламыз.
Сондай-ақ хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аударма ісінде өзге қауым өкілдеріне, әсіресе, мұсылмандарға жат пиғылдағы қауым өкілдеріне сенбейтіндігін айтқан. Біле білгенге бұл да маңызды нұсқау болып табылады. Әсіресе, білдей бір елдің мүддесі қорғалатын мемлекетаралық, еларалық келіссөздерде елшілер мен тілмаштар жауапты міндет атқарады. Мұндай жағдайда өзгеге кіріптар болып, шетелдік тілмаштардың аузына қарап не айтар екен деп жалтақтап отырғанша, өз тілін жақсы білетін, һәм шет тілін жақсы меңгерген өз тілмаштарымыз болса, нұр үстіне нұр болмай ма?!
Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне тәлім-тәрбиенің қыр-сыры мен әдіс-тәсілін үйретумен қатар, жас сахабаларын өзге ел-жұрттың тілін үйренуге құлшындырған. Сондағы мақсаты өзге қауымдармен жақсы қарым-қатынас жасау һәм сол арқылы оларға ақиқатты жеткізу еді. Олай болса, бүгінгі мұсылман үмбетіне де хақ дін Исламның асыл құндылықтарын және оның экстремизм, фундаментализм және лаңкестік сынды жат ұғымдардан ада екенін жер-жаһанға паш етіп, өзге ел-жұрттың көкірегіне ақиқат нұрын құя білу үшін шет тілдерін, әсіресе, әлемдік тілдерді жоғары деңгейде меңгеру қажет. Сондай-ақ бүгінгі таңда әлемдік деңгейде ғылым-білімде, экономикада, өнерде және жасампаздықта кенже қалған мұсылман қауымы үшін дамыған елдердің жақсылығын үйреніп, тәжірибесін алу үшін де шет тілін меңгеру басты мәселелердің бірі. Өйткені, қазіргі дамыған елдердің де кезінде өркениетте, ғылымда және жасампаздықта күллі әлемге өнеге шашқан мұсылмандардың тілін үйрену арқылы дамып, өркендегені ақиқат.
[1] «Хұжұрат» сүресі, 13 аят