Шаш өсірудің әдебі
Шаш өсірудің әдебі
9 жыл бұрын 28831
Асқар Болатбекұлы

نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ عَنِ الْقَزَعِ

«Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шаштың бір бөлігін түгелдей сыпырып, бір бөлігін алмай (кекіл немесе тұлым күйінде) қалдыруға тыйым салды».

(Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) жеткен Бұхари, Либәс 72, 113. Әбу Дәуіт, Тәрәжжул 14. Нәсәи, Зинә 5, 58. Ибн Мажә, Либәс 38)

 

Хадиске түсіндірме

Абдулла ибн Омардың жеткізуі бойынша, бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шашының бір бөлігі түгелдей сыпырылып, бір бөлігі сол күйі алынбаған кішкене баланы көріп, ата-анасына: «Баланың шашын не түгелдей сыпырып алып тастаңдар, не болмаса сол қалпында қалдырыңдар»[1], – деп ескерту жасады.

Сондай-ақ хазірет Алидің (р.а.) айтуы бойынша, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйел баласына шашын тақырлап алып тастауға тыйым салды[2].

Осы хадистерге қарап, мұсылман кісіге шашын қалай қоюы керек екенін түсінеміз. Бұл хадистерде шаш үлгісін адам табиғатына сай етіп қою керектігі меңзелген. Сондай-ақ шаштың бір бөлігін алып, бір бөлігін алмай алабажақ етіп қоюға тыйым салынуы өзге дін өкілдеріне еліктеудің және ұқсауға тырысудың дінімізге жат қылық екендігін білдіреді. Өйткені, аталған шаш үлгісі сол кезеңдегі мүшріктер мен өзге дін өкілдеріне тән болатын. Осыған байланысты бүгінгі таңда мұсылман жастарының біразы сән деген осы екен деп өзге дін өкілдері мен бөтен мәдениетке тән шаш қою, киім кию үлгісіне еліктеп бағуда. Анығында, бұл мұсылманға жат. Мұсылманға өзіне жарасымды, сырт көзге ерсі көрінбейтін қарапайым түр-тұрпатта болған жарасады.

Әсілі, шаш адамның өңін ашып, көркін келтіретін адамға берілген үлкен нығметтердің бірі. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, кейде шаштың да қадірін сезінбейтін уақыттар болады. Ендеше, осынау нығметтің қадірін біліп, оны күтіп, жарасымды етіп ұстай білген жөн. Осыған байланысты тағы бір хадисте: «Шашы бар кісі шашын күтсін»[3] делінген. Алайда, шаш күту кім болса соған еліктеп, сән қуып, ысрапшылдыққа салыну немесе сыланып-сипанып айнаның алдынан шықпай қою емес.

Әрине, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) да, сахабалар да түр-тұрпаттың келісті болуына мән берген. Бірақ бұл асыра сілтеп, сән қуу дегенді білдірмейді. Әсілі, олар мұсылмандарды салақтықтан жирендіріп, жинақылық пен ұқыптылыққа баулыған. Бірде Әбу Дәрда (р.а.) тақуалығымен танылған Сәһл ибн әл-Ханзалия деген сахабаға: «Бізге пайдалы болатын әрі өзіңізге зияны тимейтін өнегелі бір сөз айтсаңыз», – деп өтінді. Сонда Сәһл: «Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шашы ұзын, етегі сүйретілгені болмаса Хурәйм әл-Усәди қандай жақсы адам», – деген еді. Бұл сөз көп ұзамай Хурәймнің құлағына жетті. Сонда ол бірден қолына ұстарасын алып, шашын құлағының сырғалығына дейін қысқартып, етегін жіліншігінің қақ жарымына дейін қысқартып тастады», – деді. Тағы бір күні Әбу Дәрда одан әдеттегідей: «Бізге пайдалы болатын әрі өзіңізге зияны тимейтін өнегелі бір сөз айтыңызшы», – деп өтінгенде, ол: «Бірде алыс сапардан елге қайтып келе жатқанымызда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жақында бауырларыңмен қауышасыңдар, сондықтан көпшіліктің арасында адамның ажарына ажар қосатын беттегі көрікті мең сияқты тартымды болып көріну үшін ер-тұрмандарың мен үсті-бастарыңды ретке келтіріңдер. Расында, Алла Тағала жаман сөз бен жағымсыз іс-әрекетті, сондай-ақ ұсқынсыз түр-тұрпатты ұнатпайды»[4], – деп айтқанын естідім деген екен.

Қазақта да көне әдет-ғұрып бойынша балаға көз тимесін деп кекіл, айдар және тұлым қойған. Бұл әдет Исламнан бұрын барлық түркі халықтарына ортақ болса, моңғол, қалмақ, қытай сынды шығыс халықтарында әлі күнге дейін сақталған. Бүгінгі таңда қоғамымызда кейбір ата-аналар осынау көне дәстүрді жаңғыртып, біреулер көз тимесін, енді бірулер сән үшін ұл балаларға айдар, кекіл қоюда. Дегенмен, «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, хақ дін Ислам мұндай ғұрыпты құптамаған. Өйткені, хақ дін Ислам адам табиғатымен толық үйлесетін табиғи дін болғандықтан, адам баласының Аллаһ жаратқан табиғи қалпынан айнымау керектігіне баса назар аударады.

Сондай-ақ дінімізде әйелдерге шашты тақырлап алып тастауға, яки тым қысқа етіп алдыруға тыйым салынған. Өйткені, шаштың мүлде болмауы немесе тым қысқа болуы әйел баласының табиғатына үйлеспейтін әрі кескін-келбетіне де жараспайды. Сондықтан да, қазақ халқы қыздың шашын қырқып кеспеген, керісінше, оны бойжеткеннің тобығына дейін жеткізе өсіруге айрықша мән берген. Оның үстіне, бүгінгі таңда қысқа шаш үлгісі негізінен ер адамдарға тән болғандықтан, шашты тым қысқа етіп қою әйелдердің ерлерге ұқсауына жол ашады. Ал дінімізде әйелдің ер адамға, ер адамның да әйелге ұқсағаны құп көрілмейді. Сондай-ақ әйелдің шашын себепсізден себепсіз тақырлап алып тастауы қандай да бір сау мүшесін кесіп тастанғанмен тең. Ал, дертке шалдығу, ем-дом қабылдау сияқты зәру жағдайларға келсек, оның жөні басқа. Ондай зәру жағдайда әйел кісіге дәрігердің нұсқауымен шашын қалай алдырса да болады.

Дініміз мейлі ер, мейлі әйел болсын, тіпті, жас баланың өзіне Алла жаратқан табиғи түр-тұрпатынан ауытқытуды құп көрмейді. Бүгінгі таңда негізінен мұсылман емес елдерде әсіресе, жастар қауымының сән қуу, яки басқа да адам ұқпайтын себептермен өздерінің табиғи келбетінен жеріп бара жатқанына куә болудамыз. Мәселе мұнымен бітсе бір сәрі ғой. «Біреудің қаңсығы бізге таңсық болып» жастарымыздың арасында мода, имидж деген желеумен соларға еліктеп, көз алдымызда неше түрлі адам айтқысыз кейіпке еніп бара жатқандар да жоқ емес! Міне, сондықтан да, жас-тарымызды төл мәдениетіміз негізінде тәрбиелеп, өзге мәдениеттердің жақсысын ғана үйреніп, жаманынан жиренуге үйретуіміз керек.

[1] Әбу Дәуіт, Тәражжул 14
[2] Нәсәи, Зинә 4. Тирмизи, Хаж 75
[3] Әбу Дәуіт ауд. түс. Шамиль баспасы, 14/234-235
[4] Әбу Дәуіт, Либәс 25

1 пікір