Шайтан адамды қалай азғырады?
Шайтан адамды қалай азғырады?
7 жыл бұрын 9456
Бақ БЕР

Сынақ ретінде берілген бұл пәниде адам баласын азғыратын нәрселер көп. Соның ең бастысы нәпсі мен шайтан екені анық. Алла Тағала әу баста періштелер мен жындарды жаратқанда, шайтан жындар қатарынан табылған. Оны кейде әртүрлі атап жатамыз. Шайтан (сатан) сөзі иудейлердің Тәуратында «қарсы күш» ретінде сипатталса, христиандардың Жаңа Өсиетінде бұл дүниенің иесі ретінде білінген. Алланың қарғысына ұшырағанға дейінгі есімі «Әзәзіл» (Құдайдан қолдау тапқан) болған. Әзәзіл от мәңгілік, ал топырақ мәңгілік бола алмайды деп түсінген деседі. Әзәзіл Адам атаның өзінен артық жаратылғанын мойындап, сәжде жасамаған уақыттан бастап «Ібіліс» атанған. Ібіліс «жақсылықтан үміт үзген, опық жеп өкінген» деген мағынаға келеді. Ал «шайтан» (рақымнан аластатылды, ызаға булықты) атануы өзінің оттан жаратылғанын артық санап, Жаратушы иенің қарғысына ұшырап, Адам ата мен Хауа анаға өштесіп азғыра бастауымен байланыстырылады. Оның Ғарур (тым тәкаппар), Кафир (кәпір), Малғұн (лағынеттелген), «Адуу» (дұшпан), Мұдилл (адастырушы) деген секілді т.б. өзінің нашар қылықтарына тән атаулары жоқ емес.     

Ислами түсінікке сай әр адамда өзін азғыратын шайтан мен оған дұрыс жол сілтейтін періште болады. Тіпті, пайғамбарлар да бұдан шет қалмаған. Өзге қасиетті кітаптарда Әйүп (а.с.) пен Иса пайғамбарға да (а.с.) шайтанның жамандықтар жасағандығы келтірілген. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бір жолы бір мәселеге орай «Әр адамның шайтаны болады» дегенде, «Уа, Алланың елшісі, сізде де бола ма?» деген тосын сұрақ қойылады. Сонда Расулалла «Иә, бірақ Раббым маған көмектесті, сол себепті ол маған бағынады» деп жауап қатқан (Мүслим, Мұнафиқун 11).

Құранда айтылған сұрықсыз қылықтарына қарап отырып шайтанға тән дұшпандық түрлерін, адамды қалай азғыратыны жайлы жалпы түсінік алу қиын емес. Әуелі оның өте әккі, әбден машыққан, тәжірибелі, мың сан айлалы әрі адамға қас пиғылды дұшпан екенін ескерудің мәні зор. Шайтан пенденің осал тұстарын жақсы біледі. Сондықтан да, рингтегі боксшының сәл мүлт жіберген тұсынан соққы алғанындай, ол да адамның бір сәттік осал тұсын қапы жібермейді.

Шайтан адамға өмірлік мақсатын түсінуге, «Кіммін? Не үшін өмір сүріп жүрмін? Өлген соң не болады?» деген секілді сұрақтарға жауап іздеуге мұрша бермеуге тырысады. Сол үшін де көңілін басқа жаққа бұрып, оны арзан ойын-күлкі, сауық-сайранмен алдап, ойсыздықта ұстайды. Үсті-үстіне күнәға тартып, ар жағын ойлатпай, іштей тек рахат іздеп тұратын құмарлыққа салады. Есін жиюға талпынған сәттерінде «өмір бір-ақ рет беріледі, тіршілікте армансыз ойнап-күл» деген тым таяз түсініктен әріге барғызбайды.

Адамның алдағы күнге деген үмітін үзу, әр ісінде өзін ақтау, бәрін бүгінмен шектеу, құмар ойындары, асығыстық, жауапсыздық, өркөкіректік, өзімбілемдік пен мақтан да оның белгілі құрығына жатады. Арсыздыққа салса да атаққа құмарту, қандай жолмен болса да байысам деу, құлқынның құлы болу, өткінші нәрселерге деген әсіре әуестік те шайтанның лас істерінен.

Ғапылдық, күмән, шешімсіздік пен табансыздық, қараңғылық, өтірік, өсек, жала, көзбояушылық, тағдырға разы болмау, сараңдық, қырсықтық, шектен шығу, өз ісін әрқашан ұнату, алда есеп күні барын ұмыту да адамды шайтанға байлап беретін тұзақтар болып саналады.

Адам бұндай кеселдерден тек берік иман арқылы ғана құтылады. Сол үшін де әр ісіне шайтанның араласуы мүмкін екенін ескеріп, «Аузу биллаһи минаш-шайтанир-ражим» (Алланың рақымынан қуылған шайтанның кесір- кесепатынан сақтай гөр) деп айтуды өзіне әдет етеді. Шексіз құдіретінен медет тілеп, жалбарынып пенде Алла Тағалаға жақындай түскен сайын шайтан оған ештеңе істете алмай дымы құриды. Өйткені, адамның көңілін азғырып, түрлі ой салып түрткілегеннен басқа шайтанның өзге ештеңеге қауқары жоқтығы белгілі. Иманы артып, руханияты күшейген сайын тіпті шайтан ондай мұсылманнан сескеніп қашатын болады. Бұған әйгілі сахабамыз хазірет Омардың (р.а.) өмірі дәлел. Бір жолы ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Әй, Хаттабұлы Омар! Шайтан жүзбе-жүз келуге әрдайым сенен тайсақтайды. Сенің бір жолда кетіп бара жатқаныңды көрсе, міндетті түрде ол одан басқа жолға бұрылып кетеді» деген болатын (Бұһари, Фадаилул-асхаб, 6).   

0 пікір