САНА ДЕҢГЕЙЛЕРІ (діни-пәлсапалық эссе)
САНА ДЕҢГЕЙЛЕРІ (діни-пәлсапалық эссе)
5 жыл бұрын 5095
Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист.

 

ТОБЫРЛЫҚ  САНАДАН ҰЛТТЫҚ САНАҒА ДЕЙІН... 
(діни-пәлсапалық эссе)

Сана деңгейлері

Адам санасының деңгейін саралағандағы Құранның ғажаптығына таңқаласың. Бұл да, Құранның Жалғыз Жаратушыдан жіберілгенін дәлелдейтін бір айғақ.

Өйткені, адамдардың өз санасын өзі саралаған өлшемдері үнемі өзгеріп, ескіріп жатады: Ертедегі мифтік өлшемдерде адам санасын құдайлардың санасы мен құлдық санаға ғана бөліп қараған, мұны қазір мойындайтындар жоқтың қасы.

Ал, Тарихи материализм теориясы адам санасын таптық саналарға яки қоғамдық формацияларға бөлді яғни сананы тұрмыс билейді деп  дәлелдегені, өзін ақтай алмады. Практикада сондай коммунизм деген әділ қоғамды қанды төңкеріс арқылы жасамақ болғаны бүкіл адамзатқа қасірет әкелді.

Енді, бұл заманда адам санасын технократиялық интелектіге жеткізсе бәрі шешілетін секілді ғылыми қиялдармен адамдар алдануда... Алайда, бұл да алдыңғы теориялар секілді бір жақты өлшем екенін Құран өлшемін көргенде еріксіз мойындауға тура келеді.

Себебі, Құрандағы өлшемдер уақыттан тыс. Бұл дүние жаралғанға дейінгі уақытсыз кезеңді және бұл дүние аяқталған соңғы мәңгілік бақи кезеңді қамтыған абсолют өлшеммен сөйлеген.

Және, Құран өтпелі уақыттың үш шағын да өзіне түгел сиғыза алған. Сүрелердегі замандарды суреттеген қиссаларда өткен шақ та, осы шақ та, келер шақ та бір сәтте қатар  баяндалады. Бұндай керемет синтезбен баяндауға адамның ақыл шамасы жетпейді.

Әрі, Құран аяттары эволюциялық дамуды жоққа шығарады. Ұлы Жаратушының адамзат баласын топырақтан жаратып, өз рухын үрлеп бірден кемелдікке жеткізгенін терең ілімдерімен дәлелдейді. Құранда Адам Атаны жаратқан соң Құдай оған айнала дүниедегі барлық затты, құбылысты өзі үйретті, дейді. Яғни, ата-анасы жоқ Адам атаның ұстазы Жаратушының өзі. Сондықтан, бүкіл діни кітаптарда Адам Атаны «сапи адам» яғни кемелденген адам деп, атауы тегін емес.

Құран бүкіл адамзатты үш ұлтқа яғни үш топқа ғана бөледі: Сенуші, Сенбеуші және екеуінің арасында жүретін Алдаушы, деп.

Және, адамзаттың бұл дүниедегі жаратылу мақсатын Құранның басынан аяғына дейін өте айқын айғақтармен үзбей айтады: Адамзат мәңгі ақырет дүниесіндегі ғажайып мекен Жәннатқа лайықты болу үшін жаратылған. Ол үшін Жатарушының жолдаған бұйрықтарын бұлжытпай орындап, жіберген елшілеріне бағыну шарт, дейді. Ондай адамдар бұ дүниеде рухани кемелдікке жетеді.  Қияметте қайта тірілгенде тәнімен, бүкіл дене мүшелерімен, бұрынғы рух-жанымен мәңгілік ғажайып өмірге қауышады. Адамның жаратылуының, бұ дүниеде өмір сүруінің ең жоғарғы мақсаты осы екенін Ұлы Жаратушы Құран арқылы хабарлайды, уәде етеді, серт береді.

Ал, осы басты мақсатқа бағынғандар мен бағынбағандардың сана деңгейін мынандай нақты өлшемдермен анықтайды:

Сәбилік сана, бүкіл адамзаттың балиғатқа толмаған балалары пәк, күнәсіз. Егер, олар бұл дүниеде  бала шағында өлсе, мәңгі ақырет дүниесінде асыл маржандардай әдемі, сүйкімді қалпы Жәннат балалары болып, мәңгілік өмірі жалғасады. Өйткені, Жаратушы адамдардың рухын жаратып, өзін оларға таныстырғанда бүкіл рух иесі бір ауыздан «Сен біздің Жаратушымызсың» деп, рухани иманға келгендіктен сәби балалар түгелдей иманды саналады. Тұрмыстық сана, бүкіл адамның басынан өткізетін ең төменгі сана, ішіп-жеу, ойнап-күлу, көбею үшін қарекет етушілер. Олар өзінің адамдық мақсатын бір күндік тірлік, бұл дүниелік күнелту, деп біледі.

Кәсіптік сана, адамдарға Жаратушының берген қабілеті бойынша, көптеген адамдардың әртүрлі кәсіби мамандыққа жетуі. Бұлар да өмір сүру мақсатын материалдық  деңгеймен өлшейді, өз мақсаттарын жақсы тұрмыс құру, жайлы әлеуметтік жағдайға жету дегеннен ары аса алмайды. Рухани құндылықтарды жақсы тұрмыстың насихатшысы, қызметшісі деп, пайымдайды.

Ғылыми сана яғни логикалық сана бұл Жаратушыдан ерекше қабілет берілген адамдардың жететін деңгейі. Олар Жаратушының бұл дүниедегі қойған заңдарын ашады, мәселен математика, химия, физика, астрономия, медицина, философия, қоғамтану, тарих, кәсіби жазушылық... секілді көптеген пән ғылымдарын игереді. Бұндай санаға жеткендер де адамзат қоғамында ғылыми төңкерістер жасап, қарапайым тұрмыстан жоғарғы технологияға жеткізуді, бұл дүниеде жоғарғы адамгершілікпен, гуманистік  моральмен  өмір сүруді басты мақсат етіп қояды.

Имандылық сана, адамзат қоғамындағы ең жоғарғы сана осы. Бұл сана иелері Ұлы Жаратушыдан жолданған ақиқатты бірден қабылдап, соған жан-тәнімен мойынсұнатын ерекше адамдар. Ондай адамдар өзіне берілген дана қабылеті арқылы айнала дүниенің бәрі де Жаратушыны тану үшінгі көрініс, құбылыс екенін түсінеді. Өзінің бұл дүниеге келуінің кездейсоқтық емес екенін, бұл өмір мәңгі ақырет дүниесіне дайындық үшін берілгенін жете ұққан  адамдар осылар. Олар Хақ діннің ақиқат қағидалары бойынша Имани жоғарғы санаға жетеді, Жаратушысын танып, Соған ғана жалбарынады, ғибадат етеді. Ондай адамдар өзін рухани жетілдіруге бүкіл күш-жігерін жұмсайды. Өзін өзі жете тани алады. Ондай санаға жеткендер бұл дүниедегі материалдық жетістіктен рухани жетістікті жоғары қояды. Өтпелі өмір үшін емес, ақыреттегі мәңгі ғұмыр үшін саналы өмірін арнайды. (Қазақтың рухани көсемдерінің дана сөздерінен мұны анық көре аламыз)

Әулиелік сана, бұл адамзат баласы жете алатын ең жоғары сана деңгейі. Яғни, бұл атаудың мәнісі Жаратушының жақын досы дегенді білдіреді. Мұндай адамның бүкіл болмысы Ұлы Жаратушымен ғана байланыста, оған бүкіл болмысымен берілген достықта болады. Мұндай адамдардың тәні пәни дүниеде өмір сүрсе де, рухани жан дүниесі рухтар әлеміндегі пәк жандармен бірге бола алады. Олар Жаратушысын хақ діннің ақиқаты бойынша ақылмен ғана емес, адамға берілген басқа тылсым сезімдері арқылы да толық таныған кемел адамдар. Қазақ халқының Құдайдан кейін әулие адамдарды пір тұтуы осыдан. Өйткені, ондай адамдар Жаратушыдан жақсылық қана тілейді, бүкіл адам баласын бауырым деп, біледі. Жасаған дұғасы ең қабыл болғыш ізгі адамдар.

Ал, адамдардың осы аталған сана деңгейлері бір-бірімен жалғасқан түрде қоғамдық көріністермен ғана танылады. Ұлы Жатарушы адамдардың мал-бастарын арттыру не кемітумен, соғыстар мен жұт-қуаңшылық жіберумен, ауру-сырқау мен апаттар болдырумен сынайтынын Құрандағы аяттарда тамаша баяндаған.

Жоғарғы имандылық сана мен әулиелік санаға жеткендер Ұлы Жаратушының  жаратылғандарға ұқсамайтын теңдессіз сипаттарын тани алады:

Ұлы Жаратушының дара жалғыздығын; ұқсасы болмайтынын теңдессіз екенін; мінсіз-мұңсыз, мұқтажсыз болатынын; Жаратушының өзі тумаған, өзінен тудырмаған серіксіз екенін; жоқтан бар ететін құдіретін; шексіз естуші, көруші екенін;  ілімімен бәрін қамтитынын; не қаласа соны болдыратынын; адамды махаббатымен жаратып, оған ойлайтын қабілет беріп, кемел пішін сыйлаушы екенін; өлтіріп-тірілтуші, өмір беруші Ие болғандығын және шексіз жаратылыстағы құбылыстар Оның киелі есімдерінің айнасы екендігін;  ең соңғы қияметқайым сағатында саналы жаратқандарының  бәрін бір сәтте қайта тірілтіп есеп алып, мәңгі өмірде сый мен жаза беруші шексіз билікке ие екеніндігін... түсіне алады, хикметті іліммен санасына сіңіріп кемелдікке жетеді. Имани саналылар өзіндегі адами ерекшеліктерді толық таныған, оның пайдасын іске асырған біртуар адамдар. Ондай адамдар өзін тудырған халықтың рухани көсемі, ұлтының көшбасшысы ретінде өшпес қызметтер атқарады. Мұндай тұлғалар қазақ тарихында аз болмаған.

Пайғамбарлық сана, бұл адамзаттың ең ақырғы жоғарғы сана иесіне жатады. Алайда, оған жететіндер Ұлы жататушының сүйген құлдары ғана яғни мұндай мінсіз сананы адамға Жаратушының өзі нәсіп етеді, оған біліммен, еңбекпен ешкім де жете алмайды.

Мәселен, бүкіл адамзаттың ақырғы пайғамбары Мұхаммедке с.а.у. пайғамбарлық келген кезде ол кісі қырық жаста еді алайда, жаза алмайтын, оқи да алмайтын сауат ашпаған адам болатын. Иса алейһис сәлам тіпті, сәби кезінде даналық сөз айтып, пәндік білімі болмаса да ғылым ғажайыптарын көрсете алатын еді.

Пайғамбарлық сана иелері жеке халықтар мен бүкіл адамзатқа Жаратушыдан арнайы жіберген арнайы рухани ұстаз болғандықтан олардың қалдырған тағылымы мен адами үлгілері, салып кеткен сара жолы екі дүниенің бақытына қатар жеткізетін кемелдік мектебі саналады.

Ал, бұған дейінгі саналардың деңгейінің бәрі де адамның өз талабымен, қажырлы рухани еңбегімен жете алатын биігі. Қарапайым адамнан кемел адамға дейінгі жете алатын рухани аралық, рухани деңгей. Яғни, мұндай Құрани сана деңейлерін адамдардың бақыт деп бағалап жүрген, мансап пен байлық, атақ пен сыйлық, саулық пен қызық секілді материалдық өтпелі өлшеммен салыстыруға келмейді.

Бұл сана иелерінің жеке-жеке мысалы Құран сүрелеріндегі қиссаларда айтылғанын оның тәпсірінен анық танып, ұғуға болады.

1 пікір
  • танымы мен тағлымы қатар өрілген тың дүние екен. Тас бұлақтың суына бас қойғандай бір деммен оқып шықтым. Талдаудан бұрын автордың эрудициясы тәнті еткенін айта кеткен жөн
    5 жыл бұрын