Ғұлама, фақиһ Әбу Ләйс әс-Самарқанди (м 911-985 ж.) былай дейді:
Аз болсын, көп болсын садақа беріп жүр. Шынында садақаның он пайдасы бар: Бесеуі осы дүниеде, бесеуі о дүниеде.
Бұ дүниедегі бес пайдасын айтар болсам:
- Мал-дүниесі тазарады. Пайғамбарымыз да (с.а.у.) айтқандай: «Назар аударыңдар! Сөзсіз сауда-саттыққа боссөзділік, орынсыз ант ішу және жалған сөз араласады. Сондықтан оны садақамен тазартып отырыңдар», - деген.
- Бойы күнәдан тазарады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олардың мал-дүниелерінен садақа (зекет) алып тұр, ол оларды (күнәдан) тазартып, оларға береке дарытсын» - дейді. («Тәубе» сүресі, 103 аят).
- Бәле-жаладан, ауру-сырқаудан аман болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Сырқаттықтарыңды садақамен емдеңдер!».
- Кедей-кепшіктерге, пақыр-міскіндерге қуаныш сыйлайды. Мүмін-мұсылман үшін ең абзал іс – адамдарға қуаныш сыйлау.
- Мал-дүниесіне береке кіріп, ризық-несібесін кеңейтеді. Құранда: «Алла үшін не жұмсасаңдар, Ол оның есесін береді», - делінген. («Сәбә» сүресі, 39 аят).
О дүниедегі бес пайдасы:
- (Махшардағы) қатты ыстықта сая болады.
- Есеп-қисабы жеңіл болады.
- Амал таразысында жақсылық жағы ауыр басатын болады.
- Сырат көпірінен тез өтеді.
- Пейіштегі мәртебесі артады[1].
[1] Әбу Ләйс әс-Сәмарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин». 232 бет. «Даруль Манар». Каир-Мысыр, 1995 ж.