Абдуррахман ибн Язид ибн Жабир (р.а.) былай дейді: «Әбу Үмаманың азат етілген күңі бізге мына бір оқиғаны айтқан болатын: «Әбу Үмама жұртқа қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған болатын. Дүниені садақа беру үшін жинайтын. Бірде-бір тіленшінің меселін қайтарған емес. Пияз, құрма сияқты азық түрлерін де таратып беретін. Бір күні оның есігін бір қайыршы қағады. Үйінде тіске сыздық қылатын нәр де қалмаған екен. Бар-жоғы үш динары ғана бар болып шықты. Қайыршыға бір динарын ұсынды. Артынша тағы біреуі келіп еді, екінші динарын оның қолына ұстатты. Сөйтіп тұрғанда үшіншісі келді. Соңғы динарды оған да беріп жіберді. Оған бұлқан-талқан ашуланып: «Өзімізге ырымға бір тиын қалдырмадың ғой» дедім. Әбу Үмама менің сөзімді шыбын шаққан құрлы көрмей, түс кезінде көз шырымын алу үшін жастыққа қисайды. Бесін уақытында азан шақырғанда, оны ұйқысынан ояттым. Дәретін алып, мешітке кетті. Әбу Үмама сол күні ораза тұтқан болатын. Жаным ашып біреулерден қарыз алдым да, ас-сусын әзірледім. Қас қарайып, көз байлана бастағанда, шам жақтым. Төсегін әзірлейін деп, бөлмесіне кіргенімде алтын динар жатқанын көрдім. Санап көрдім, артық-кемі жоқ үш жүз динар. Тапқан-таянғанын садақа етіп таратып қана қоймай, өзі үшін де жинап жүргендері бар екен ғой деп ойладым ішімнен.
Әбу Үмама құптан намазын оқып үйге келгенде, жаюлы тұрған дастарқан мен жанып тұрған шамды көріп көңілденіп сала берді:
– Осыған да шүкіршілік, – деді. Ол тамақтанып болғанша, қасында күтіп тұрдым. Ас қайырғаннан кейін:
– Алла саған мейірімін төксін!. Үйдің оны-мұны қажетіне жұмсайтын ақшаны маған айтпастан, төсегіңнің үстіне ашық тастап кетіпсің. Оларды тығып қойдым, – дедім. Әбу Үмама маған аң-таң аңырая қарап:
– Не деп отырсың? Қандай ақшаны айтып отырсың? – деді. Мана төсектің астына өзім жасырған алтын ақшаларды ашып көрсеткенімде, айран-асыр қалды. Осы оқиғадан кейін белімдегі зүннарымды шешіп, мұсылмандықты қабылдадым».
Ибн Жабир (р.а.) бұл жөнінде: «Әбу Үмаманың басына азаттық берген күңінің Хумустағы бір мешітте әйелдерге Құран, сүннет және діни үкімдерді үйретіп, әйелдер арасында дініміздің жайылуына үлкен үлес қосып жүргенін өз көзіммен көрдім, – деген болатын».