Жаратылыстағы бүкіл тіршілік атаулының өлшеулі рызығын бір Алла Тағала ғана береді. Ал сол рызық- несібесін өз аяғымен жүріп табатындар мен әрекет етуге дәрменсіз тіршілік атаулының рызығының арасында пәлендей айырмашылық жоқ. Мәселен, адамдар, хайуанаттар мен құстар өз рызық-несібелерін саналы түрде әрекет ету арқылы тапса, ана жатырындағы сәбиге Алла анасының қанымен рызық береді. Тіршіліктегі басқа да әлсіз «шақалақтар» туралы да осыны айтуға болады. Оларға ата-аналарын не басқа да жағдаяттарды себепші қылу арқылы Алла өз рызықтарына жеткізеді. Және де Алла пенденің әрекеті мен ниетіне сай халал не харам жолдан рызығын нәсіп етеді. Біздің айтып отырған тұжырымдарымыздың түпкі өзегі Құранда баяндалады: «Жер бетіндегі әр жәндіктің қорегі Аллаға тән. Ол олардың тұрақты, тұрақсыз орындарын біледі. Барлығы ашық бір Кітапта» (11.Худ-6). «шүбәсіз, Ол Алла ризықтандырушы және мықты күшке ие» (51. Зәрият-58).
Негізінде пенденің рызық-несібесі оның қаншалықты әрекет етуіне тікелей байланысты. Десек те, Алла Тағаланың қалаған құлына есепсіз рызық беретіндігі басы ашық мәселе. Бірақ, Алла рызықты пенделердің иманды не имансыздығына қарай бөле-жарып бермейді. Егер жағдай солай болғанда иман еткен мұсылмандардың бәрі ірі байлық иесі болып, дінсіздердің барлығы тақыр кедей болулары керек еді ғой. Ал күнделікті өмірдегі жағдай мұны мүлде теріске шығарып тұрған жоқ па!? Сондықтан пенденің бай не кедей болуы Алланың қалауындағы мәселе екендігін түсінуіміз керек. Бұл тақырыпта да бізге Құран аяттары негізгі көмекші: «Алла қалаған кісінің несібесін молайтып, қалаған пенденің несібесін тарылтады....» (13.Рағыд-26); «Алла қалағанын есепсіз рызыққа бөлейді» (2.Бақара-212).
Пенде тіршіліктегі өз рызық-несібесін табу жолында түрлі әрекеттерге, айла-тәсілдерге барып, бүкіл күш-жігері мен ақыл-парасатын жұмсайды. Әрине, пенде өз қарым-қабілетіне қарай рызығын айырады, бірақ ең бастысы, рызықтың халалын ішіп-жеуді Алланың бұйыратынын бір сәт естен шығармау керек. «Ал енді Алланың сендерге берген ризығының халал әрі тазасынан жеңдер...» (16.Нахыл-114) - деген Алла Тағала – мұсылман пендеге өз рызығын табудың негізгі тұжырымдық формуласын ұсынады.
Әрбір тіршілік атаулы Алланың өзіне бұйыртқан өлшеулі рызық-несібесін ішіп-жемей бұл фәни дүниеден өтпейді және ешқандай тіршілік иесі өзгенің Жаратушының шексіз даналық ілімімен белгіленген рызығына ортақ бола алмайды. Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Рызықты іздеуден бас тартпаңдар. Ешкім өзіне бұйыртқан рызыққа жетпей өлмейді. Олай болса халалын алып, харамын тастаумен рызықтарыңды жақсылап іздеңдер», (әт-Тәрғиб уәт-тәрхиб, 2/534)219.
Қым-қуат сынаққа құрылған мына тіршіліктегі рызық-несібе мәселесіне қатысты шынайы мұсылманның ұстанымы – Алланың бұйыртқан рызық-несібесіне әркез шүкір етіп, таршылығы болса, оған сабырлықпен әркез қанағат етіп, әрбір істің қайырын бір Жаратушыдан тілеу. Асылында, шүкіршілік – Алланың сүйікті құлдарының қасиеті. Иманды кісілердің бұл мінезі оның рызық- несібінің арта түсуіне де бірден-бір себепші болады: «Сол уақытта Раббыларың: Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал егер қарсы келсеңдер азабым қатты деп жариялады» (14.Ибраһим-7).
Дүниедегі тіршілік атаулының ғұмыры Жаратушының әу баста тағдырға жазған мөлшерімен өлшенеді. Ешкім де сол межеден не артық, не кем өмір сүре алмайды. Пенде өзіне бұйырылған рызық-несібесіне қол жеткізіп, дәм- тұзы таусылған соң пәни өмірмен қош айтысып, мәңгілік өмір сапарына көш түзейді. Себебі, өмірді де, өлімді де жаратушы – бір Алла. Әрбір кеудесінде жаны бар тіршілік иесі өліммен бетпе-бет келері хақ екендігі қасиетті Құранның «Имран» сүресінде: «Әркім өлімді татады»(3.Али Имран-185) деп тайға таңба басқандай анық айтылады. Әрине, бұл ойлы жанға үлкен сабақ. Сонымен қатар, Құранда өлімнің уақыты да Алланың иләһи ілімімен белгіленіп қойғандығы жөнінде айтылады: «Біз араларыңда өлімді белгіледік. Бізден ешкім оза алмайды» (56.Уақиға-60).
Алла әрбір пендеге тек өзіне тән өмір өлшемін нәсіп еткендіктен, кімнің қанша уақыт ғұмыр кешетіндігі біз үшін беймәлім. Ол әрине, бір Аллаға аян. Кейде пенденің денінің саулығына, жас-кәрілігіне қарап, «пеленшенің денсаулығы аттай екен, ал түгеншенің ғұмыры санаулы, тіпті ауру меңдеп алыпты ғой өзін» деп, соған байланысты біреудің өмірінің ұзақтығы мен қысқалығы тұрғысында тон пішетін кездеріміз де болады. Ал тіршілікте бәрі де біз ойлағандай бола бермесі белгілі. Тепсе темір үзетін жігіттердің де аяқ астынан ажал құшып жатқаны да ешкімге жаңалық емес. Демек, ажал күтпеген сәтте келері анық, өлімнің ерте-кеші, жасы не кәрісі болмайды. Пенденің тағдырында жазылған ажал сәті келгенде, Әзірейл періште оның жанын бір сәт те болсын кешіктірместен алады. Өлімнің уақыт сәті таянғанда ешқандай кешігу немесе ерте кету деген ұғымның әсте болмайтындығын мына аяттардан білеміз: «Әрбір адамның ажалы бар. Оларға ажал келген кезде, бір сағат бұрын және кейін кешіктірілмейді» (7.Ағраф-34).
«Әрбір үммет үшін бір ажал бар. Қашан олардың белгілі мерзімі келсе, бір сәтке кешіктірілмейді де, ілгерілетілмейді де» (10.Юнус-49).
«Қашан біреудің ажалы келсе, Алла оны әсте кешіктірмейді» (63.Мунафиқун-11). Демек, пенденің тағдырына жазылған дәм-тұзы біткенде оны өлімнен ешқандай күш ұзарта да, арашалап қала да алмайды. Бірақ, осы мәселеге байланысты Хазіреті Пайғамбарымыздың өмірді ұзартатын амалдардың бар екендігі жөнінде айтылатын хадистері бар. Бұған мысал ретінде садақа беруді айтуға болады. Расында да адам садақа беру, не басқа да қайырлы амалдар, дұғалар жасау арқылы ғұмырын ұзарта ала ма? Әлбетте, ұзарта алмайды. Себебі, әу баста пенденің ғұмыры белгіленгенде, Алла оның не істейтіндігін, садақа беріп-бермейтіндігін, нендей қайырлы амалдар жасайтындығын, немесе жасамайтындығын білген. Пенденің өлшеулі ғұмыр жасы да соған қарай белгіленген. Ал, Ғаламның Рақым нұрына айналған ардақты Пайғамбарымыздың кейбір құлшылық түрлерінің өмірді ұзартады дегенге саятын хадисі, негізінен адамдардың аталған құлшылық түрін істеуге ынталан- дырудан туындаған болса керек. Яғни, бұл жерде аталған хадистердің ең бастысы, ғибраттық ұстанымдары басым екенін ескергеніміз жөн.
Мұсылман кісі үшін ажалды күткеннен гөрі, жалпы ақырет үшін қандай да дайындық жасағаны маңызды. Кейде, өмірдің тауқыметіне төзе алмаған жандар өз-өзіне қол жұмсап немесе өзіне өлім тілейтін жағдайға дейін барып жатады. Асылында, мұндай үмітсіздікке түскен кісілердің Хазіреті Пайғамбарымыздың: «Тап болған бәле-жала, апатқа қарсы ешбіріңіз өлім тілемеңіздер» (Риязус-Салихин, 2 том, 16 хадис) деген аса маңызды тұжырымын назарға алғандары дұрыс болар.
Хазіреті Пайғамбарымыздың мына хадисін көкейімізде сақтап, соған қарап амал етейік: «Бес нәрсені бес нәрсе көрместен бұрын олжа деп біл. Өлместен бұрын өміріңді, ауырмастан бұрын денсаулығыңды, бейнеттенбестен бұрын бос уақытты, қартаймастан бұрын жастық шағыңды, кедейленбей тұрып байлықты ғанимет деп біл» (Бухари риуаяты).