Рүстем Жаркеев: Қажылыққа барған адам үш нәрсе алып қайтады
Рүстем Жаркеев: Қажылыққа барған адам үш нәрсе алып қайтады
10 жыл бұрын 28200

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін дініміз өз дәрежесін анықтап, бес парыздың бірі болған қажылыққа баруға жағдай жасайтын қажылық компаниялары да құрыла бастады. Бар мақсаттары қажылыққа баруға ниет еткен қажыларымызға сапалы қызмет көрсету болатын. Қазір де олардың ұзын саны 20-дан асады. Сондықтан қажылықтың қазіргі жай-күйін білу мақсатында осы саланың басы-қасында жүрген «Қызмет саяхат» қажылық компаниясының Астана қалалық филиалының директоры Рүстем Жаркеев мырзаны әңгімеге тартқан едік.

 

Рүстем мырза, қазіргі таңда қажылық қызметі қалай жүріп жатыр? Кемшін тұстары мен жеткен жетістіктері қандай?

Қажылық қызметі елімізде жылдан жылға жолға қойылып келе жатыр. Қызмет көрсету сапасы да артуда. Жылына еліміздің қажыларына 5000 квота бөлінеді. Қазіргі таңда 20-дан астам қажылық компаниялары жұмыс жасап жатыр. Солардың ішінде «Қызмет саяхат» қажылық компаниясының құрылғанына он жылға жуық уақыт болды. Жылына 450 қажыны үлкен қажылыққа алып барамыз. Одан бөлек әр айдың басына, аяғына немесе қасиетті жұма күндеріне туралап, ұмра (кіші) қажылық ұйымдастырамыз. Мекке қаласында әуежай болмағандықтан алдымен Жидда қаласына барамыз. Жиддаға барып, одан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Мекке қаласына қарай жол жүреміз. Қасиетті Мекке қаласына барып, қажыларымыз қажылығын өтеп болған соң, Мәдина қаласына ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мешітін зиярат етуге аттанамыз. Қызмет саяхат компаниясы қажылықтан бөлек халал туризм саласын қолға алған. Туризм саласы жақсы дамыған мұсылман елдеріне саяхаттап қайту үшін мұсылман жанұяларына, намазхан бауырларымызға турлар ұйымдастырамыз. Онда барлығы Ислам шарттарына, шариғат талаптарына сай жүргізіледі. Демалушылар Түркия, Малайзия, БАӘ және т.б. елдерге барамын десе таңдау өз еріктерінде. Бір кемшін тұсы елімізден Жиддаға дейін тікелей рейс жоқ. Алдымен Стамбулға барып, сонда біршама аялдап, одан тағы бір рейс жасауға тура келеді. Бірақ, бұл қажыларымызға қиындық туғызбайды деген ойдамын.

Енді біздің қажыларымызды жылда қажылыққа аман-есен апарып, әкелуіміздің өзі үлкен жетістік дер едім. Себебі, бөтен елге, бөтен жерге 500-ге жуық адамды алып барып, алып келу оңай шаруа емес. Сол кісілер өзінің мойнындағы бесінші парызын өтеп, қуаныштан жарылардай болып, бізге шексіз алғысын жаудырған кезде шаршағанымызды ұмытып кетеміз. Өзімізден бөлек діни басқармадан білікті мамандарды қажыларымызға жетекші ретінде алып барамыз. Әрбір 20 адамға бір маман жетекшілік етеді. Жетекшілер аралайтын орындармен: Құбайс тауы, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйі, Нұр тауы, Сәуір тауы, Жын, Шажра мешіттері және т.б. жақынырақ таныстырып, тарихынан хабар береді. Аллаға шүкір 7-8 жыл қатарынан қалмай барып тұратын қажыларымыз бар. Жоғарыда 5000 квота бөлінеді дедік. Бірақ сол қажылыққа бөлінген орындар толмай қалып жататыны жасырын емес. Сондықтан бір адамның жыл сайын қажылық жасауға мүмкіншілігі бар. Ал, басқа елдерде Түркия, Индонезия, Малайзия секілді т.б. елдерде квота саны шектеулі, баратын адамдар көп болғандықтан барғысы келетін адам жыл сайын бара алмайды.

Жыл сайын баратын қажыларымыздың өзі кейбір жерлерді бірінші рет көріп тұрғанын айтып жатады. Себебі, біз көпшілік бара бермейтін сирек орындарды аралатуға тырысамыз. Сондай орындардың бірі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құрма бақшасы. Онда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өз қолымен еккен «әжуа» құрмасы бар. 

Қажылыққа барған адам өзімен бірге үш нәрсені алып қайту дәстүрге айналған. Оның біріншісі, әрине өзінің елі үшін, жанұясы, бауырлары үшін молынан дұға. Екіншісі, зәм-зәм суы. «Зәм-зәм – шипалы әрі тойымды сусын» деген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисі бар. Зәм-зәм суын мұнафықтар ғана тойып іше алмайды екен. Сондай-ақ, зәм-зәм суының тағы ерекшелігі оны ішкен адамның бойынан зәр болып емес, тер болып шығып кетеді. Яғни, ол су кіндіктен төмен түспейді. Үшіншісі, әлгінде айтқан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өз қолымен еккен әжуа құрмасы.

Әр барғанда қажыларымызды ерекше жерлерді аралатуға тырысамыз. Мәдина қаласынан 3-4 шақырым жерде орналасқан Алла елшісінің кезінде Ұхуд шайқасы болған жерді аралатамыз. Ол жерде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ағасы Хамзаның (р.а.) қабірі бар. Бәзбір арандатушылар ол жерді зиярат етуге болмайтындығын айтып кейбір қажыларды қайтарып жатады. Бірақ, біз олардың сөзіне ермей, толық аралатып, таныстырамыз.

 

Қажылыққа барушылардың ішінде қарт кісілердің қарасы көбірек. Жастардың санының аз болуының себебі не?

Иә, қажылыққа көбіне қарт кісілер барады. Жастардың саны аз. Бұған қажылыққа бару шал-шауқанның ісі деп қарайтын түсініктің қалыптасуы себеп болса керек. Негізінде олай емес. Сол қажылыққа барған қарттардың өз аузынан: «Шіркін, жас кезімізде қажылық жасамаппыз. Сол кезде келгенде көбірек құлшылық жасап, қажылық рәсімдерін көібрек орындар едік» дегенін естіп жатамыз. Мысалға, Малайзия, Индонезия секілді елдерде қажылыққа баратын жастардың қарасы көбірек. Оларда қажылыққа бармаған жігітке ешкім қызын бермейтін көрінеді. Ол елде осы әдет дәстүр секілді қалыптасқан. Ал, енді кейбір жастар АХАЖ бөліміне ерлі-зайыпты ретінде тіркеліп, екеуі қажылыққа бірге барады. Діни некелерін өз елдерінде немесе сол Мекке қаласында қидырып жатады. Жастардың сондағы ойлағаны, бұл дүниеде күнәсіз адам болмайды, біз жас болсақ та күнә жасаймыз дейді. Сондықтан да қажылық парызын өтеп болған соң, тазарып барып бас қосу екен ойлары. Себебі, хадистерде қажылық жасаған адам анасынан жаңа туғандай тазарады делінген. Осы хадиске амал еткен әлгі жастардың тақуалығы деп білеміз. Сондықтан қажылыққа барудың ерте-кеші жоқ. Балиғат жасына толған кез келген адамның шамасы келсе қажылыққа баруына тосқауыл жоқ.

 

Әл-Харам мешітін кеңейтіп жатыр екен. Бұл қандай қажеттіліктен туды деп ойлайсыз?

Қасиетті Қағба орналасқан Әл-Харам мешіті кеңеюде. Алдағы уақытта 4 есеге үлкейту жоспарланып қойыпты. Қазіргі уақытта мешіттің сол жағы, яғни Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйі мен Жын мешітіне қараған бөлігі кеңейтіліп, пайдалануға берілді. Мешіттің әжептәуір кеңейіп қалғаны көрініп тұр. Бұл енді мешітті кеңейту жоспары жоғарыда айтып өткеніміздей басқа елдерде қажылыққа барушылардың саны жылдан жылға артып жатқандықтан болса керек. Енді тек қана мешіт қана емес, соған сай қаланың басқа жерлері де өзгертіліп, үлкейіп жатыр. Мәдина қаласындағы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мешітінің де ауданы кеңеюде. Құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар Мәдина қаласында үлкен әуежайдың да құрылысы қызу жүруде. Алдағы уақытта Мекке мен Мәдина қалаларының арасында жүрдек пойыз қатынайтын көрінеді. Бұл дегеніміз бесін намазын Мекке қаласында, екінті намазын Мәдина қаласында оқуға мүмкіндік туады деген сөз. Солай жоспарланып жатқанға ұқсайды.

 

Осы уақытқа дейін орын алған қандай ерекше жағдайларды атар едіңіз?

Осы өткен жылғы жасаған қажылығымыздың өзі ерекше болды. Яғни, жұма күні мен арафа күні сәйкес келді. Мұндай қажылықты «әкбар қажылық» дейді. Бұл өзі бір салмақты қажылық сапары болғандай. Әр қажылық жылда өзінің ерекшелігімен есте қалып жатады. Мынадай оқиғаны біздің бір қариямыз айтып беріп еді. Қажылықта барлық адам ихрамға оранады. Ол ихрамда тігіс әрі қалта болмайды. Сондықтан әлгі қария кісі барлық заттарын, ақшасын бір кіші сөмкеге салып, беліне қыстырып алады. Қажылық рәсімдерін орындап, демалатын жерге келсе әлгі сөмкесі белінен түсіп қалыпты. Содан не керек жүріп келген жолымен кері қайтып, қария сөмкесін іздей бастайды. Қажылығын аяғына дейін өтеп қайтуға арналған бар қаржысы сол болғандықтан қарияға сөмкесін іздеуіне тура келеді. Ол кісі жолда: «Егер де сөмке табылатын болса, ішінен 1000 доллар ақшаны садақа ретінде беремін», - деп ниет етеді. Біраз жол жүрген соң әлгі кісінің сөмкесі алдынан шығады. Түсіп қалған жерінде жатыр екен. Қария қуанып кетіп сөмкесін қолына алып, шайтан азғырып, алдында ниет еткен уәдесінен тайдырмай тұрғанда тезірек садақасын беруге асығады. Жан жағына қарап, садақа беруге лайықты кісіні іздей бастайды. Айналасына қараса бәрі ихрам оранған. Кім бай, кім кедей ажырату қиын. Содан бір қара нәсілді, ерні мен қолдары жарылып кеткен, жалаңаяқ бір жігіт көзіне түседі. Іздегенімді таптым-ау дегендей әлгі жігітке жақындап келіп, садақа бергісі келетінін түсіндіруге тырысады. Бірақ әлгі жігіт алудан бас тартады. Сөйтіп, ақсақал жетекшілердің бірін шақыртып, болған жайды жігітке түсіндіріп беруін өтінеді. Сонда барып жігіт алуға келіседі. Бірақ бір шарт қояды. Ол шарты жігіт те қарияға бір нәрсе беретінін айтады. Майда-шүйде естелік зат беретін шығар деп ойлаған қарияға қара нәсілді жігіт сөмкесінен ақша шығарып, он мың доллар санап қолына ұстатып: «Ассаламалейкум» деп жолын жалғастырып кете барады. Қария аң-таң қалады. Енді басында келісіп қойғаннан кейін амал жоқ қария ақшаны алып, өз тобындағы кісілерге үлкен дастарқан жайып берген екен.

 

Қажылық сапарының өзінің қиыншылықтары бар. Бұрынғы қажылықта алсақ та, бүгінгі қажылықты алсақ та солай. Сіздің ойыңызша бұрынғы қажылық пен қазіргі қажылықтың айырмашылығы неде?

Бұрын аталарымыз қажылыққа атпен, түйемен немесе жаяу барып та қажылық жасаған.Ол кезде ұшақ деген жоқ. Көп уақыт жолға кеткен. Тіпті, аталарымыз үлкен қажылық жақындағанда ұмра қажылық жасап, содан соң үлкен қажылыққа дейін сонда қалған кездері де болыпты. Әйтеуір жалданып, жұмыс жасап, сонда нәпақасын тауып, үлкен қажылығын жасағаннан кейін барып елге қайтқан екен. Ал, қазір біршама қиыншылықтары бар. Бірақ, бұрынғымен салыстырғанда қазір бәрі жолға қойылған. Ұшақпен барып, ұшақпен келеді. Бір кісілерден: «Қажылыққа қашан барасыз? Ниет бар ма?» - деп сұрасаң: «Қазір жағдай жоқ. Білмеймін» деген жауап естисің. Біз айтамыз: «Қазақта «бұйыртса» деген сөз бар. Сондықтан да, Алла бұйыртса, Алла қаласа, - деп айтыңыз дейміз. Ниет қылу керектігін жеткіземіз. Бір қызық жағдай болған. Бір таныс ағамыз құрылыс компаниясында жұмыс жасайтын. Сол ағамыздың жұмыс орнында бір қиындықтар туындап 3-4 ай жалақыларын бермепті. Сөйтіп, түбінде бір алатын болып келісіп, басқа жұмысқа орналасады. Бір күні бұрынғы жұмысынан қоңырау шалып тұр дейді. Сол кезде алмаған жалақыларын енді беріп жатқанға ұқсайды. Ағамыз барып 3-4 айлық жалақысын алып, есептеп қараса, қажылыққа барып-келуге жететін түрі бар. Содан бірден үйіндегілермен ақылдасып, ақыры қажылыққа баратын болып шешіпті. Күтпеген жерден болған жағдай еді. Ағамыз сол қажылығына аман-есен барып қайтты. Міне, Алла Тағала қаласа, аяқ астынан қасиетті мекеннен табылуымыз мүмкін. Сол, қажылыққа баруға ниеттеніп жүрген бауырларымызға қажылыққа бару нәсіп болсын! Жасаған қажылықтарыңыз қабыл болсын!

4 пікір