Рияшылдық - сауаптардың жауы
Рияшылдық - сауаптардың жауы
10 жыл бұрын 4793
Мұхиддин Исаұлы

«Рияшылдық» – істеген ісін Алла үшін емес, ел-жұртқа көрсетіп, мақтаныш мақсатымен жасау. Құранда Алла Тағала: «Олар адамдарға рияшылдық жасайды. Алла Тағаланы өте аз еске алады»[1] десе, Пайғамбарымыз мұндай амалдарды «Жасырын ширк (ортақ қосу)» деп атаған. Ол бірде қамығып былай дейді. «Үмбетімнің ширкке түсуінен қорқамын. Негізі олардың пұтқа табынатындай еш жөні жоқ. Күнге, айға, тасқа табынулары ақылға сыймайды. Бірақ жасаған амалдарында рияшылдық жасайды. Алла үшін амал етпейді».

Имам Ғазали рияшылдықты төртке бөледі:

1. Ең ауыр түрі. Рияшылдықтың бұл түрімен жасаған құлшылықтың ешбір сауабы жоқ. Мысалы, ел көзінше дәретсіз болса да намаз оқып, оңаша қалған кезде ешбір намаз оқымаған адамның іс-әрекеті. Бұл намаз – тек қана елге көрсетілу үшін оқылған намаз. Бұнда жақсылықтың қылаудай нышаны жоқ. Барып тұрған көзбояушылық.

2. Құлшылықты көрсету үшін жасайды. Солай бола тұра Алла Тағаланың ризалығына да ниет етеді. Бұл елге атын шығарып мешіт, медресе салған адамдардың әрекеті тәрізді. Әрине, оларда да Алланың ризалығын алу ниеті болмайды емес, болады. Бірақ ол өте әлсіз ниет. Себебі, мешіт салу «абырой» саналмағанда бұл амалды жасамайтын еді.

3. Рияшылдық пен сауап жақтары тең болу. Ондай жандар егер рияшылдықтың жанында сауап болмаса яки сауаптың жанында рияшылдық ниеті болмаса ондай амалды жасамайды. Екеуі тең болғандықтан ғана амалды жасайды. Мұндай амалдың ақыретте зияны тимейді. Бірақ, ешбір пайда да келтірмейді.

4. Терең жасап жүрген құлшылығын ел естіп-білгенмен, бұрынғыдан да қайраттанып тақуалығын арттыруы. Мұндай адам жасап жүрген амалдарын жұрт естімесе де жасайды. Сондықтан да рияшылдықпен ғана жасамағандықтан құлшылығынан сауап таба алады.

Мұсылман кісі Хақ Тағалаға жасаған барлық құлшылықтары мен амалдарын тек Сол үшін ғана жасауы тиіс. Болмаса, адамның амалдарына басқа ниет араласса, ақыретте барлығынан мақұрым қалмақ. Мысалы, бір мұсылман елге «қажы» атанбақ ниетімен белін буып қажылыққа аттанады. Ол жерге барғанның өзінде Арафатқа бармай, Меккенің базарын аралап, туыс-таныстарына сыйлық жинап, әуремен күн өткізіп, қайтарда ғана Қағбаны селқос жеті айналып еліне оралады. Ел жиылып құшақ жая қарсы алып, мал сойып ұлан-асыр той жасап, есіміне «қажы» сөзін жалғап ел арасында беделіне бедел қосады. Алайда оның пайдасы сол ғана. Және ондайларға ақыретте еш нәрсе берілмек емес. Қайта азап тартуы әбден ықтимал. Өйткені, ол Алла Тағаланың қажы құлы емес, адамдардың «қажысы». Сондай-ақ зекет пен садақа да дәл осы тәрізді. Ауқатты адам кедейге берген зекетін той жиындарда жария етіп, өзін мақтан тұтса, оның да оған ақыретте зияны болмаса ешбір пайдасы жоқ. Ата-бабасының атын шығару ниетімен мешіт салған адам да сол топқа жатады. Ол мешітсіз жерге мешіт салып ел алғысына бөленуі мүмкін. Бірақ ниеті сол болғандықтан бар сауабы халықтың алғысы ғана. Ықылас, ниет кім үшін болса, алғыс содан күтіледі. Бір істі біреу үшін жасап, өзгеден алғыс алмайсыз ғой. Ендеше, Алла Тағала үшін жасалған амалдар мен құлшылықтар да сондай.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні Әбу Һурайра (р.а.) деген сахабасының жанында отырып рияшылдық жайлы былай дейді: «Қиямет күні алғаш шақырылатындар: қари (Құранды жатқа оқушы), Алла Тағала жолында құрбан болған адам және мал-мүлкі көп дәулетті кісі. Алла Тағала қариға:

–  Мен саған Елшіме түсіргенімді үйреттім бе? - деп сұрайды.

Қари:

–  Иә, Құдай Тағалам,- дейді.

–  Сол үйренгендеріңмен қандай амал жасадың? - деп Хақ Тағала қайта сұрайды.

Қари:

–  Мен күндіз-түні дамылсыз оны оқитын едім, - дейді.

Алла Тағала:

–  Жалған айтасың! - дейді.

Періштелер де оған:

–  Жалған айтасың! - деп дауыс көтереді.

Алла Тағала оған:

–  Сен керісінше, «Пәленше Құран оқиды, қари!» десін деп оқыдың және ел арасында осылай айтылды да, - дейді.

Сосын дәулетті кісіні шақырады. Алла Тағала:

–  Мен саған ен дәулет берген жоқпын ба? Тіпті көп бергенім сонша, сен ешкімге мұқтаж болмадың, - дейді.

Дәулетті адам:

–  Иә, Құдай Тағалам, - дейді.

–  Саған бергендеріммен қандай амал жасадың? - деп сұрайды Алла Тағала.

Әлгі адам:

–  Ағайын-туыстарыма, жақындарыма қол ұшын беріп, садақа таратып едім, - дейді.

Алла:

–  Сен «Пәленше неткен жомарт!» десін деп жасадың. Ел арасында да осылай аталып, дегеніңе жеттің, - дейді.

Сосын Хақ Тағала жолында шейіт болған адамды шақырады.

Алла Тағала:

–  Не үшін өлтірілдің? - деп сұрайды.

Әлгі адам:

–  Сенің жолыңда жиһад ету – мойнымдағы борыш еді. Осылайша, мен өле-өлгенше Сен үшін соғыстым,- дейді.

Алла Тағала оған:

–  Жалған айтасың, - дейді.

Періштелер де:

–  Жалған айтасың, - деп дауыс көтереді.

Алла Тағала оған:

–  Сен керісінше «Пәленше қаһарман!» десін деп ойладың. Ел арасында да осылай айтылды.

Осы кезде Алла Елшісі (с.а.у.) қасындағы Әбу Һурайраның (р.а.) тізесін жаймен қағып: «Ей, Әбу Һурайра! Міне, осы үш адам: қиямет күні жалын атқан Жәһаннамға тасталатын Алла Тағаланың үш пендесі», - дейді[2].

Сахаба Әбу Һурайраның Пайғамбарымыздан естіген осы хадисті кейіннен Шуфәй деген кісі жаттап алып, бір күні Муғауия атты сахабаға жеткізеді. Ол бұл хабарды естіп: «Мынадай кісілердің халі осындай болса өзге адамдардың жағдайы не болмақ?» - деп ауыр күрсінеді. Муғауияның күрсінісі аздан кейін жылауға ұласады.  Шуфәй: «Оның солқылдап жылағаны сонша, мен оның демі үзіліп кете ме деп қауіптендім», - дейді. Бірақ біраз уақыттан кейін өз-өзіне келіп, көз жасын құрғатты. Сосын қайғырып: «Алла Тағала мен Оның Елшісі дұрыс айтады: «Кімде-кім дүние тіршілігі мен оның қызығын қаласа, бұл дүниеде олардың еңбектерінің қарымын толық береміз. Олар бұл жерде ешқандай кемшілік көрмейді. Ал ақыретте оларға тозақ отынан басқа еш нәрсе жоқ. Жасаған амалдарының бәрі де сол жерде жойылып кетеді. Негізі, олардың істегендері түкке тұрмайды» деген аятты оқыды. 

Хадисте айтылғандай, ақыретте ниеті бұзық қажылық жасаған адамдар да неге шақырылып сұралмасын?! Сен кім үшін қажылық жасадың? Сен үшін, Аллам! Онда неге қажылықты ықыласпен жасамадың? Яки, жалған айтасың. Сен керісінше атыңа «қажы» сөзін қосып, ел сені «қажы» атасын деу үшін жасадың. Ел арасында да осылай аталды. Яғни, сен дегеніңе жеттің. Ендеше, бұл жерде сенің алар ешбір сауабың жоқ. Содан соң мешіт салғаннан «Сен мешітті кім үшін салдың?» «Сен үшін, Аллам». Жалған айтасың. Сен ата-бабаңның атын шығарып, пәленше мешіт салыпты десін деген ниетпен салдың. Ел де солай атады. Ендеше, сен алатыныңды баяғыда адамдардан алғансың. Бұл жерде сенің алар ешбір нәрсең жоқ».

Иә, амалдарын рияшылдықпен жасаған адамдарға ақыретте қойылар сұрақ осы тәрізді болмақ. Сондықтан адам баласы әрқашан амалдарын Алла Тағала үшін жасауы тиіс. Бұдан басқа екінші ниет болмақ емес. Алла үшін емес, ел үшін ғана жасалған еңбектен алған елдің алғысы, күн ертең Махшар алаңында қарғысқа айналып, ысқырған әбжыландай мойнына оралмақ.

Аталмыш хадистегі қари тек қана Құран оқушы емес, сонымен қатар Исламды зерттеуші ғалым да болуы мүмкін. Біреу Құранды терең зерттеп кітап жазып, елге насихат айтады. Бірақ ниеті өзін танытып, елге беделді болу. Айтқандай-ақ, Алла Елшісі бірде бұл жайлы: «Кімде-кім ғалым болып көріну я болмаса сауатсыздармен пікірталасу немесе халықтың назарын өзіне аудару мақсатымен ілім үйренсе, Алла Тағала ондай адамды Жәһаннамға тастайды», - деп қатаң ескертеді. Осы хадисте де ілімді Алла үшін ғана үйренуге болатыны айтылған. Бұл жерде үш ескерту бар.

1. Ғалым болып көріну. Яғни, ғұлама болып көрініп, өзін өзгеге тыңдату, өзіне ғалым деп айту үшін, ғалымдармен сөз таластыру үшін ілім үйрену.

2. Сауатсыз адамдармен сөз таластыру. Тәкаппар, сауаты шала, естігенін асырып айтып өзінше білгіш, иманы әлсіз, естілігі дүдәмал адамдармен сөз таластырып, аят, хадисті түпнұсқасынан оқып, мүдіртіп, олардың аят, хадис білмейтіндіктерін көзге шұқып, жеңгенін елге жария ету ниетімен ілім үйрену.

3. Ел назарын өзіне аудару. Мұндағы мақсаты – елге аты жайылып, халық арасында: «Мынау пәленше деген ғалым емес пе? Иә, соның өзі ғой. Жақында пәлен мешітте, түген теледидарда ғажап сөйледі», - деп айтылып атақ-даңққа ие болу. Әсіресе, мұндай адамдар бір қоғамның дінге жаңадан бет бұрып келе жатқан кезеңінде ниетіне тез жетеді. Атам қазақтың: «Аңқау елге – арамза молда» дегендері нақ осылар. Бұлар дүние-мүлік пен бейпіл олжаға қол жеткізу мақсатымен ілім үйренгендер.

Хазіреті Муаздың хабары бойынша (ілімді Алла үшін үйренуге ниеттенбеген ғалымдарды жетіге бөліп) былай дейді:

1. Кейбір ғұламалар бар. Алған ілімін ел-жұрттан жасырады. Елден тыққан бұл ілімінің өзгелерде болуын еш қаламайды. Мұндай ғалымдар Жәһаннамның ең түбінде болады.

2. Ғалымдар бар, өздерін ілім төресі деп ойлайды. Өзіне қарсы келгендерге ашу шақырып, кәрін төгеді. Бұлар Жәһаннамның екінші қабатында болады.

3. Кейбір ғұламалар бар, ілімін мансабы жоғары, дәулеті мол бай кісілердің жанында қозғайды. Бұлар Жәһаннамның үшінші қабатында болады.

4. Ғалымдар бар, өзін пәтуа беруге арнаған. Дұрысы мен бұрысына қарамай пәтуа береді. Бұлар Тозақтың төртінші қабатында болады.

5. Ғалымдар бар. Әһлі кітап (еврей, христиан) тәрізді сөйлейді. Бұлар бесінші қабатында болады.

6. Ғалымдар бар. Ілімін елге өзін үстем көрсетіп, мансапқа жету үшін жаяды. Бұлар алтыншы қабатында болады.

7. Ғалымдар бар. Бұлар аса тәккаппар, өзімшіл келеді. Бір жерде насихат айта қалса, қаһарына мінеді. Яғни, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, елдің бәрін кәпір, пасық санап, сынап-мінеушілер осылар болса керек. Қашанда өзін өзгелерден үстем тұтып, басқаларды түк білмейтін топас ретінде көреді. Бұлар оттың жетінші қабатында болады.

Бізге жеткен хабарларда: «Кейбір халыққа танымал атақты пенделер бар. Олар хақында айтылған мадақ пен марапаттаулар батыс пен шығыс арасында көк байрақтай желбірегенмен Алла Тағала үшін шыбынның қанаты құрлы қадірі болмайды» дейді. Яғни академик, профессор, жүздеген кітаптың авторы, т.б. деп ел шулап, аспанға көтеріп, атан сойып, алпысқа толған мүшел тойын елдің түкпір-түкпірінде тойлайды. Өле қалса, бүкіл қауым аза тұтып, жиылып, өлінің бетін ашып қойып, небір дүлдүл, бұрын-соңды айтпаған мақтауларын жаудырып сөз сөйлейді. Артынан оркестр ойнатып, ел атақтылары жатқан зират басына жерлейді. Бұл да тақияларына тар келіп, басына қарқарадай ескерткіш орнатып, көше аты беріледі. Бірақ мұндай ғалымдар өмірін рияшылдық яки өз атын шығару үшін ғана өткізіп, ілім қуғаны үшін тірі күнінде мейлі өлгенде болсын Хақ Тағаланың құзырында ешбір қадірі болмайды. Ел мына дүниеде оның атын аспанға шығарып, күллі әлем тойын тойлап жатқанда ол қабір әлемінде қадір-қасиеттен жұрдай кейіпте қайта азап көріп жатады.

Негізі бұндай рияшыл адамдар, әсіресе, қоғамның діннен алшақ қалған уақыттарда көп кездеседі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ақырзаманда дінмен дүние іздеген адамдар шығады. Бұлар адамдарды алдап соғу үшін өте мүләйімсіп көрінеді. Мүләйімдігі сонша – оның қасында қой терісінің өзі қатты көрінеді. Тілдері балдан да шырын келеді. Ал, жүректері қасқырдың жүректерінен қатты. Алла Тағала (олар үшін) былай дейді: «Мені алдамақ ойларың бар ма, әлде Маған қарсы батырлық көрсеткілерің келе ме? Өз атыммен ант етейін! Бұларға өз ішінен шығатын бүлік-фитнә жіберемін. Сонда олардың арасындағы момын адам да не істерін білмей сасады»[3].

Бұл сөздер – Алла Елшісінің сөзі. Зер салып қарасақ, бұл айтылғандар дәл қазіргі мына заманға дөп келетін тәрізді. Қоғамның енді ғана дінге бет бұрып жатқан кезі. Молданың шапанын жамылып, елден дүние жинап байығандар. Негізі, осы хадисте көз салсақ, олардың бұрыс топ екенін байқаймыз. Олардың халыққа жаққан екі қасиеті бар. Әуелгісі, мүләйімсіген жұмсақтықтары. Одан кейінгісі «тілдері балдан да тәтті келулері». Ел алдында дін атынан сөз сөйлеп тұрғанда оны жақсы көрмеген, жүрегі жібімеген адам қалмайды. Ел тыңдап тұрып, сол қоғамның зиялысы да бұқара халқы да: «Па, шіркін! Дін деген осы екен ғой. Неткен жеңіл десеңші! Ее бәсе осылай болу керек қой», - деп таңдай қақпақ. Бірақ, әлгілердің ішкі ниеттері басқа. Діттеген мақсатына жету үшін ғана әзірге осылай көпшілікті алдай тұрмақ. Бірақ хадисте айтылғандай олар түпкі мақсаттарына жете алмайды. Өз іштерінен іріп-шіріп, арасында жүрген момын жандар да: «Мынау біздің әлгі ел түзетер қауымдасымыз ба?!» - деп дінмен байланыстыра алмай, не істерін білмей дал болмақ. Бәлкім, бұлар нағыз екіжүзділер. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кімнің бұл дүниеде екі жүзі болса, қиямет күні оттан екі тілі болады» дейді[4]. Бұл да – рияшылдықтың бір түрі.   

Сондықтан да мұсылмандар қашан да Алла Тағаланың ризалығы үшін амал, құлшылық жасауы қажет. Алла Тағала мұсылмандарды шын ықыласпен риясыз амал етуге шақырады. Құранда:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تُبْطِلُواْصَدَقَاتِكُم بِالْمَنِّ وَالأذَى كَالَّذِي يُنفِقُ مَالَهُ رِئَاء النَّاسِ

وَلاَ يُؤْمِنُ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَمَثَلُهُ كَمَثَلِ صَفْوَانٍ عَلَيْهِتُرَابٌ فَأَصَابَهُ وَابِلٌ فَتَرَكَهُ صَلْداً لاَّ يَقْدِرُونَ عَلَىشَيْءٍ مِّمَّا كَسَبُواْ وَاللّهُ لاَ يَهْدِي الْقَوْمَ الْكَافِرِينَ

 

«Ей, мұсылмандар! Алла Тағалаға, ақырет күніне сенбей, елге (мақтанып) көрсету үшін мал-мүлкін жұмсаған адамдай садақаларыңды міндетсу мен ренжіту арқылы жоймаңдар. Олар үстінде топырағы бар тас тәрізді. Оған қатты жауын жауа қалса, топырағын жуып-шайып кетеді де тасы ғана көрініп қалады. Олардың бар еңбектері еш болады. Алла кәпір елді тура жолға салмайды»[5] дейді. Яғни, халыққа қаншама қайырымдылық жасайды, бірақ жасаған амалдарын міндетсінгендіктен яки онсыз да сынық көңіл жарлыға садақаны ренжітіп бергені үшін ақыретте бар сауаптан мақұрым қалмақ. Сөз соңы, рияшылдық індетін жұқтырып одан арыла алмаған адам бұл дүниеде уақытша абыройға кенелгенмен, ақыретте қорланып, бар амалы жойылып, азап тартпақ.

[1] Ниса сүресі, 142.
[2] Муслим, Имарат 152; Тирмизи, Зуд 48.
[3] Тирмизи, Зуд, 60.
[4] Әбу Дауд, Әдеб 39.
[5] Бақара сүресі, 264.

0 пікір