Бисмилләһир рахманир рахим
Алла Тағаланы шынайы тұрғыда және жете таныған мұсылман амалдарын Аллаға арнап, ықылас танытады. Рия - Алланы жетерліктей танымаудан, ақиқаттың қадірін түсінбеуден және нәпсінің (эго) мақтан сүйерлігінінен туындайды.
Рия сырқаты әркімде әртүрлі көрініс табуы мүмкін:
- Кейбіреулер істеген амалы үшін адамдардан мақтау күтеді.
- Кейбіреулері істеген амалы үшін Алла разылығын да, адамдардың мақтауын да көксейді.
- Кейбіреулері істеген амалы үшін халықтың мақтауын күтпегенімен, жеке өзі қалғандағыдан гөрі адамдар көзінше амалын көркем істейді.
Осындай рияның қатері дұрыс іс-амалдарға араласып, оны құртады.
Рия сырқатының емі - Алланы жете тану. Кім Алла Тағаланы жете, дұрыс таныса, іс-амалдарын да бір соған арнар еді. Одан өзгесін көрмес еді. Құлшылыққа лайық заттың алдында нәпсісін төмендетіп, өзін Оның алдында құлдың деңгейіне қояр еді, мақталған құлшылыққа лайық заттың деңгейіне емес.Сонда амалын тек Аллаға арнап істегенде ғана сауапқа кенелетініне көзі жетер еді. Ендеше, арты бұлыңғыр нәтижесіз шаршаудан өзіңді сақта!
Рияның жазасы ауыр
Әзіреті Омар ибн Хаттабтан сәнәдімен (риуаятшы тізбегі) жеткен хадис шәрифте былай делінген: «Істер ниетке байланысты. Әрбір кісіге ниет еткені беріледі»1.
Және де Әбу Мұса әл-Әшғариден сәнәдімен жеткен басқа бір хадисте, сахаба былай әңгімелейді:
«Алла елшісіне (с.а.у.) бір кісі келіп: «Уа, Расулаллаһ! Бір кісі батырлығын көрсетіп соғысса, екіншісі (қауымын, отанын) қорғау үшін соғысса және үшіншісі рия (мақтан) үшін соғысса, осының қайсысы Алла жолында? - деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Кім Алланың сөзі биік болсын деген ниетпен соғысса, сол адам Алланың жолында» деп жауап берді»2.
Сондай-ақ, сахаба Әбу Һурайрадан сәнәдімен жеткен хадисте, Нәтил әш-Шәми оған (Әбу Һурайраға):
«Уа, ақсақал (немесе қария, шейх)! Алла елшісінен естіген хадистеріңізден бізге айтсаңыз!» - деді. Сонда ардақты сахаба былай деп хадис риуаят етіпті: «Мен Алла елшісінің (с.а.у.) былай әңгімелегенін естідім: «Қиямет күні адамдардың ішінен ең бірінші іс-амалдары қаралатындар үшеу. Олар: (бірінші) шейіт болған адам. Ол (Алланың алдына) алып келінеді де оған Алла Тағала дүниеде берілген нығметтерін білдіреді. Ол берілген нығметтерді растайды. Сосын Алла оған: «Осы нығметтің ақысына не істедің?» деп сұрайды (яғни, нығметтерге шүкір ретінде қандай амал жасадың). Ол: «Сен үшін шейіт болғанға шейін соғыстым» деп жауап береді. «Өтірік айтасың» дейді Алла Тағала. «Сен батыр десін деп шайқастың. Сені батыр деді» дейді. Сөйтеді де Алла бұйрық береді, оны бетімен жер сүйрете алып кетіп тозаққа лақтырады. (Екіншісі) Дін ілімін оқып, елді оқытқан және Құран оқитын кісіні алып келеді (Алланың құзырына). Алла оған нығметтерін білдіреді. Ол нығметтерді растайды. Сосын Алла: «Осы нығметтің ақысына не істедің?» деп сұрайды. Ол: «Ілім үйреніп, өзгеге үйреттім. Сен үшін Құран оқыдым» дейді. «Өтірік айтасың» дейді Алла Тағала. «Сен жұрт ғалым десін деп оқыдың. Жұрт қари десін деп Құран оқыдың. Жұрт солай деді де» дейді. Сосын Алла әмір береді. Оны бетімен жер сүйрете алып барып отқа лақтырады. (Үшінші) Алла Тағала кеңшілігін беріп, малдың түрлерінен беріп байытқан кісі алып келінеді. Алла Тағала оған нығметтерін білдіреді. Ол растайды. Сосын Алла оған: ««Осы нығметтің ақысына (немесе шүкіріне) не істедің?» деп сұрайды. Ол: «Сенің жұмсалуды жақсы көретін жолдарға мал сарп қылдым» дейді. «Өтірік айтасың. Сен жұрт жомарт десін деп мал жұмсадың. Жұрт сені жомарт деді» деп айтады Алла Тағала. Сөйтеді де әмір беріп, оны да жүзімен жер сүйрете апарып отқа тастайды»3. (Жалғыз Имам Мүслім келтірген).
Және сахаба Әбу Һурайрадан мынадай құдси хадис риуаят етіледі. Онда былай делінген: «Алла айтты: «Мен серіктерден (ширк келтіргендерден) қайырлымын. Кімде-кім бір іс-амал жасап, менен өзгесін оған серік қосса (менен басқаның разылығы үшін істесе), мен ол пендеден ұзақпын. Ол серік қосқан затына тән адам» дейді»4.
Сахаба Махмұд ибн Ләбид Алла елшісінің мына сөзін келтіреді:
«Сендердің кіші ширкке түсіп қоюларыңнан қатты қорқамын» деді. «Кіші ширк деген не, уа, Расулаллаһ?» деп сұрады сахабалар. Сонда Алла елшісі (с.а.у.): «Ол - рия. Қиямет күні адамдар істеген істерінің қарымтасын алып жатқан тұста, Алла Тағала рияшыларға: «Дүниеде көрсін деп істейтін адамдарыңа барыңдар. Көріңдерші, олардың қасында сендер үшін сауап табылар ма екен!» делінеді»5.
Әбу Хазимнің мына бір сөзі сәнәдімен жеткен, онда ол былай дейді: «Пенде Алла мен арасын жақсартса, Алла Тағала оны мен адамдардың арасын жақсартады. Ал Алла мен арасын бұзса, Алла Тағала адамдармен оның арасын бұзады. Сондықтан да, бір затқа жағуға тырысу - көп затқа жағуға тырысқаннан жеңіл. Егер Аллаға жағуға талпынсаң, барлық жүздер (яғни, адамдар) саған беттейді, ал Алламен араңды бұзсаң, барлық жүздер саған өштеседі» дейді ол6.
1 «Сахих Бұхари», «Сахих Мүслім».
2 Мұттафәқун алейһ (Бұхари, Мүслім).
3 «Сахих Мүслім», «әл-Имәроһ».
4 «Сахих Мүслім», «Зүһд».
5 Имам Ахмед: «Мүснәд».
6 Хафиз Жәмәлуддин Әбульфараж ибн Жәузи: «атТыббур Рухани» атты кітабынан аударылды.