Рамазанның соңғы онкүндігіндегі иғтикаф деген не?
Рамазанның соңғы онкүндігіндегі иғтикаф деген не?
6 жыл бұрын 8272
Қанат ЖҰМАҒҰЛ

Иғтикаф дегеніміз – бес уақыт намаз оқылатын мешітте ниет етіп, белгілі бір уақыт құлшылық жасауға қалу. Ол Рамазан айының соңғы онкүндігінің ішінде жасалынатындықтан, оразамен байланысты құлшылық түрі болып саналады. Ханафи мәзһабындағы таңдаулы көзқарас бойынша, жамағатпен бес уақыт намаз оқылмайтын мешіттерде иғтикаф жасалмайды. Ал әйел баласы иғтикафты үйінің намаз оқуға арналған жерінде жасайды. Алайда, әйел баласы нәзір етілген уәжіп иғтикаф болса да, күйеуінің рұқсатынсыз жасай алмайды.

Иғтикафтың шариғаттағы алар орны айрықша. Құранда: «Сендер мешіттерде иғтикаф жасап жатып, олармен (әйелдеріңмен) қосылмаңдар»[1] – делінген. Ал хазреті пайғамбарымыз (с.а.у.) Мәдина қаласына һижрет етіп келгеннен дәм-тұзы таусылғанға дейін әр жылы Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасаған.

Иғтикафтың үш түрі бар:

1. Уәжіп иғтикаф – осы ісім алға басса, пәлен күн иғтикафқа кіремін деп нәзір етілген жағдайда жасалады;

2. Мүәккад сүннет иғтикаф – Рамазан айының соңғы он күнінде жасалады;

3. Мустахаб иғтикаф – басқа уақыттарда жасалады.

Сүннет иғтикаф Рамазанның соңғы он күнінде болғандықтан, оразамен бірге жасалады. Негізі иғтикаф оразасыз да орындала береді. Ораза тек уәжіп болған нәзір иғтикафтың ғана дұрыс болуының шарты (шартун лис-сыхха) болып табылады.

Уәжіп иғтикафтың ең аз уақытын имам Әбу Ханифа (р.а.) бір күн деп көрсеткен. Өйткені уәжіп иғтикафта ораза ұстау шарт. Бір күннен аз уақыт ораза ұстауға болмайтындықтан, уәжіп иғтикафты да бір күннен аз уақыт орындауға болмайды. Ал, нәпіл (уәжіптен өзге) иғтикафтың ең аз уақыты имам Мұхаммедтің (р.а.) «Асыл» деп аталатын еңбегінде (бір күннен) аз бір уақыт екендігі баяндалған. Тіпті, ханафи мәзһабында пәтуаға негіз болған көзқарас бойынша отырмай түрегеп жүріп те нәпіл иғтикаф жасауға болады.

Иғтикафқа ниеттенген пенде мешітке кіргеннен бастап дүние істерінен бойын аулақ ұстап, құлшылыққа арнаған уақытын зая кетірмей, Жаратушыға жалбарынып ғибадат ету, зікір ету, дұға жасау, Құран оқу және т.б. ақыретке пайдалы істермен өткізеді. Дегенмен, ол күндіз-түні мешітте болатындықтан, сол жерде азықтанып, ұйықтауына болады.

Иғтикафқа ниет еткен адам тек жұма намазы сияқты шариғи қажеттілік, түзге шығу сияқты табиғи мұқтаждық немесе мешіттің бұзылуы, бір залымның қинап сыртқа шығаруы, мешіттегі жамағаттың тарауы және жаны мен малына қауіп төну сияқты зәру жағдайларда ғана мешіттен шығып, көп кідірмей басқа мешітке баруына рұқсат. Ал, егер себепсіз бір мезет тысқа шығатын болса, уәжіп иғтикаф бұзылады. Иғтикафтың қалған екі түрі бұзылмайды.

Иғтикафтың шарттары

1. Иғтикаф етуші адам мұсылман, ақыл-есі дұрыс және таза болуы тиіс.

Бұған сәйкес өзге дін өкілінің, ақыл-есі кем адамның, жүніп халдегі, хайыз немесе нифас жағдайындағы әйелдің иғтикаф жасауына рұқсат жоқ. Өзге дін өкілі ғибадатқа, ал ақыл-есі кем ниетке лайық емес. Таза еместер (жүніп, хайыз және нифас) мешітке кіре алмайды.

2. Иғтикафқа ниет етілуі тиіс;

Ниетсіз жасалған иғтикаф есепке алынбайды.

3. Иғтикаф мешіт немесе оның үкіміне өтетін бір орында жасалуы керек;

Жамағатпен намаз оқылатын кез келген мешітте иғтикаф жасауға болады. Негізі, үлкен мешіттерде жасалғаны абзал.

4. Уәжіп иғтикафты орындаушы адам оразалы болуы шарт;

Дегенмен, оразаның абайсызда бұзылуының иғтикафқа зияны жоқ. Ал нәпіл иғтикафта ауыз бекіту шарт емес. Өйткені, олардың шектеулі уақыты жоқ.

Иғтикафтың мәкрүһтері

1. Мешітке сатуға тауар әкелу. Алайда өзі әкелмей сатуы немесе сатып алуы мәкрүһ емес. Өйткені, ол иғтикаф жасап жатқан уақытта оған қарайласатын адам болмаған кезде бұлай етуге мәжбүр болуы мүмкін;

2. Құлшылық деп есептеп, үндемей жүру. Себебі, шариғатымызда үндемей жүру арқылы жасалатын құлшылық түрі болмағандықтан, бұлай ету дінге жаңалық енгізу (бидғат) болып есептеледі. Дегенмен, құлшылық деп есептемей жалпы үндемей жүруіне болады;

3. Бос әңгімеге берілу. Иғтикафта жыныстық қатынас және оған алып баратын барлық іс-әрекеттер харам болып есептеледі. Ұмыту нәтижесінде орын алса да, жыныстық қатынас иғтикафты бұзады.

Иғтикафтың адамның жүрегін бір сәт болса да дүние істерінен тынықтырып, жан-дүниесін Жаратушыға тапсыру және Ұлы Аллаға басқа жерде емес, тап өзінің қасиетті үйі болған мешітте құлдық ұру, Оның берік қорғанын паналау сияқты пайдалары барын айтқымыз келеді. Әсіресе, Рамазанның соңғы он күнінде жасалған иғтикафтың осы он күннің біріне жасырылған мың айдан қайырлы Қадір түніне сәйкес келу мүмкіндігі мол.

Ата (р.а.) иғтикаф хақында былай дейді: «Иғтикаф етуші пенденің мысалы өз қажеті үшін патшаның есігіне барып: «Менің қажетімді өтемегеніңізше кетпеймін», – деп жалбарынатын кісідей. Иғтикафқа кірген адам да дәл осылай Алла тағаланың үйінде отырып: «Менің күнәларымды кешпейінше бұл жерден кетпеймін», – дейді». Ал, Имам Зуһри (р.а.): «Адамдарға таң қаласың. Алла елшісі (с.а.у.) бір құлшылықты орындап әрі оны тәрк етсе де, иғтикаф құлшылығын қайтыс болғанға дейін ешқашан тастамай өтеп келген болса да, неліктен олар иғтикафты орындамай жүр?» – деген екен.



[1] «Бақара» сүресі, 187-аят.

0 пікір