Рамазан — темекі шегуді тастауға үлкен мүмкіндік!
Рамазан — темекі шегуді тастауға үлкен мүмкіндік!
9 сағаттан соң 109 islam.kz/

Осынау берекесі мол, қасиетті Рамазан айында шылымның шылбырына байланған ағайынға маңызды бір шындықты айтқым келеді: Жаратқан Ие сізге бұл дерттен біржола құтылуға бірегей мүмкіндік беріп отыр.

Айналамызда жақсы адамдар өте көп. Достарымыз, туыстарымыз, әріптестеріміз... Олар — өз ісінің шебері, сыйлы азаматтар. Бірақ олардың бойындағы бір ғана кесірлі әдет — шылым шегу — бүкіл болмысына көлеңке түсіріп тұрғандай болады. Сол жақын адамыңның осы құрсаудан құтылғанын шын жүректен қалайсың.

Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін өз еркімен, имани күш-жігерімен шылымнан тыйылады. Бұл — кәдімгі күндері қол жеткізе алмайтын ерекше мүмкіндік! Егер адам ай бойы осы қалыпты сақтаса, ол шылымсыз-ақ өмір сүруге болатынын түсінеді. Таза ауаны толық кеудемен жұтып, өмірдің нағыз хош иісін сезіне бастайды.

Сөйтсе, темекісіз де тіршілік етуге болады екен ғой! Уақыт пен қаржыны сол бір сасық, лас нәрсеге шығындаудың еш қисыны жоқ екенін ұғады. Шылым шегуші тек өзін ғана емес, айналасындағы бауырларын, жары мен балаларын да сол улы түтінмен улап келгенін сезінгенде, нағыз бетбұрыс басталады. Әсіресе, балаларына «ерік-жігері төмен, өз еркімен өлім түтінін жұтып отырған адамның» үлгісін көрсету — әке үшін үлкен қасірет.

Бір тал темекінің ішінде не бар?

Шылым түтінінде 4000-нан астам химиялық қоспа бар. Оның ішінде 40-тан астамы тікелей рак (қатерлі ісік) ауруын қоздырады. Онда никотин, бензапирен, цианид, мышьяк, формальдегид сияқты жүздеген улар мен полоний, қорғасын секілді радиоактивті заттар бар. Никотиннің улылығы — синиль қышқылымен тең!

  • Күніне бір қорап темекі шегу — жылына 500 рентген сәулесін алғанмен бірдей. Темекі тұтанғанда оның қызуы 700-900 градусқа жетеді. Көп жылдық тәжірибесі бар шылымкештің өкпесі — қарайған, шіріген ет секілді болады.

  • Никотин — ресми рұқсат етілген есірткі. Оған тәуелділік героин сияқты тез қалыптасады, бірақ ол білінбей, ұзақ уақыт бойы адамды құрдымға тартады.

  • Өкпе рағының 90%-ына, созылмалы бронхиттің 75%-ына тап осы темекі себепші. Шылым шегетіндер орта есеппен өз өмірінің 15 жылын жоғалтады.

Айналаңдағыларға қиянат

Өзгеге жанама түрде шылым шегудің де зияны орасан. Жыл сайын әлемде өзгенің түтінін жұтқаны үшін мыңдаған адам қатерлі ісік пен жүрек ауруынан қайтыс болады. Тіпті, құрсақтағы нәрестелердің дамуына нұқсан келіп, түрлі кемістіктермен туылу қаупі артады.

Шылымның зардабы тимейтін ағза жоқ: бүйрек, қуық, ми, бауыр, қан тамырлары — бәрі де уланады. Егер ересек адам бір қорап темекіні бірден шексе — бұл оның өлімге әкелетін дозасы болмақ.

Бұл қасиетті ай — өзіңді өзгертуге, ерік-жігеріңді шыңдауға берілген мүмкіндік. Сүннетке сай өмір сүріп, денсаулығыңызды сақтаңыз.


mahalla1 ru

 

0 пікір