Күллі мұсылман қауымы асыға күтетін ай, күнәлардан арылып, рухани тазаруға мүмкіндік беретін берекелі Рамазан айындамыз. Хақ Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге де ораза ұстау парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят),— деп бұйырған.
Оразаның басты шарты — таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден тыйылу. Осы бір ерекше құлшылықты орындауда ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ сүннетімен қоса, медицина мамандарының кеңесіне құлақ асқан да артық болмайды.
Сәресі — береке бастауы
Сәресі — бұл таң атқанға дейінгі мұсылманның нығметке бөленетін ерекше уақыты. Сүннет бойынша, тым болмаса бір ұрттам су ішудің өзі сәресі ішкенге жатады. Алла Елшісі ﷺ: «Сәресі ішіңіздер, өйткені сәресіде береке (барақат) бар»,— деген.
Өкінішке орай, арамызда ұйқыны қимай немесе «ертемен ас батпайды» деген сылтаумен бұл нығметтен мақұрым қалып жататындар аз емес. Олар сәресінің сауабын ғана емес, денсаулыққа берер пайдасын да ескермейді.
Бірде фиқһ (ислам құқығы) сабағында ұстазымыздан сәресінің маңызы туралы сұрадық. Судандық ұстазымыз бұл мәселенің мәнін былай түсіндірген еді:
«Сәресі ішпесе де болады деген әңгіме Ресей сияқты салқын жақта ғана айтылуы мүмкін. Ал бізде, Суданда, егер адам сәресі ішпесе, әйелдердің кешке дейін ауыз ашар дайындауға әлі келмейді, ал ерлердің жұмысқа зауқы бармайды» дегені бар еді.
Пайғамбарымыз ﷺ заманындағы Арабия мұсылмандары үшін сәресі — нағыз жеңілдік пен сый екені сөзсіз. Себебі Пайғамбарымызға дейін оразада күн батқаннан кейін тек бір рет қана тамақтануға рұқсат етіліп, одан кейін ас ішуге болмайтын еді.
Бұған медицина не дейді?
Қазіргі ғылыми зерттеулер сәресінің пайдасын толықтай растап отыр, атап айтқанда:
-
Биоритм: Таң алдында ас ішу гормоналды фонға оң әсер етіп, тағамның ағзаға ең тиімді жолмен сіңуіне ықпал етеді.
-
Қуат көзі: Сәресіде ішілген ас күннің алғашқы жартысында адамды сергек ұстайды. Ал күннің екінші жартысында ағза қажетті қуатты майлар мен көмірсулардың ыдырауынан сақтайды. Бұл ретте ақуыз (белок) алмасуы бұзылмайды, демек, зат алмасу процесіне ешқандай нұқсан келмейді.
Ауызашар
Ауызашар (ифтар) болса — күн батқан соң оразаны аяқтап, ас ішу уақыты. Ауызды құрмамен ашу, егер құрма болмаса — сумен ашқан абзал. Пайғамбарымыз ﷺ: «Кімде-кім ауыз ашар болса, құрмамен ашсын. Егер құрма таппаса, су ішсін»,— деп өсиет еткен.
Әдеп бойынша, алдымен құрмамен, не, сумен ауыз ашып, ақшам (мағриб) намазын оқып алған жөн. Содан кейін ғана негізгі асқа отырған дұрыс. Бұл асқазанды бірден ауырлатпай, ас қорытуды біртіндеп бастауға көмектеседі.
Ауызашарда неге бірден тойып тамақтануға болмайды?
Медицина тұрғысынан алғанда, ауызды құрмамен не сумен ашу — ағзаны ас ішуге дайындаудың ең оңтайлы жолы. Күні бойы (әсіресе күн ұзақ болғанда) ағза ассыз жүруге бейімделеді, бірақ тамақ ішу рефлекстері әлі толық жойылмайды. Егер ауыз ашқан бетте нәпсіге ерік беріп, асқазанды толтырып тастасаңыз, ағзаға үлкен салмақ түсіп, ас қорытудың бұзылуына әкеп соғады.
Мұның сыры неде? Тою сезімі миға 20 минуттық кідіріспен жетеді. Яғни, адам іс жүзінде тойса да, миы оны әлі сезіп үлгермейді. Сондықтан көптеген хадистерде асты асықпай, баппен ішудің маңыздылығы ерекше атап өтілген.
Тепе-теңдікті ұстау
Ораза кезінде ағза аз да болса аштықты сезінеді, сондықтан ауыз ашарда шектен тыс жеп қоюдың зияны бар. Тарихтан белгілі мысалдарды алсақ: қамалдар мен қалалар қоршауда қалып, адамдар аштықтан қиналғанда, оларға бірден мол ас берілсе, көбі тамақтың үстінде жан тапсырған. Себебі аштыққа үйренген ағза бір сәтте түскен ауыр асты қорыта алмай, істен шыққан. Ислам діні адам жаратылысының осы бір ерекшелігін ескере келе мынадай кеңес береді:
-
Құрмамен ашу. Азан айтылған соң желінген бір-екі құрма қандағы глюкоза мөлшерін бірден реттейді.
-
Құрмадағы қант мидағы аштық пен тоқтық орталығына «ас түсті» деген белгі береді. Осы сәтте ми ағзаны шектен тыс тамақ ішуден тежей бастайды.
-
Миға осы белгіні қабылдау үшін дәл 20 минут уақыт қажет. Мұсылмандар бұл уақытты бос өткізбей, дәрет алып, ақшам намазын оқиды. Намаздан соң негізгі асқа отырғанда, адам ашқарақтанбай, өз мөлшерімен ғана тамақтанады.
Су мен жеңіл астың септігі
Судың жөні тіпті бөлек – асқазанға барған судың салмағы миға бірден белгі беріп, ашқарақтықты тежейді. Әрине, бүгінде көпшілік ауыз ашарда тек құрмамен шектелмей, жеміс-жидек, жаңғақ немесе кептірілген жемістерді де қолданып жүр. Бұған рұқсат бар, алайда намазға дейінгі осы бір қарапайым дәм тату сәтін үлкен асқа, ысырапшыл тойға айналдырмаған абзал. Әр нәрсенің өлшемі бар, тамақтың да өз мөлшері болуы тиіс.
Намаздан соң (шариғатта тыйым салынбаған болса) қалаған асыңызды ішуге болады. Өйткені бұл уақытта ағза негізгі ас қабылдауға толық дайын тұрады. Мұндай жағдайда тек адам өзі қатты тырыспаса, артық жеп қоюы екіталай. Өкінішке қарай, кейде ондай жағдайлар да кездесіп жатады.
Қорытынды:
Есіңізде болсын: тамақты аса тоя жеу – денсаулықтың дұшпаны. Қанша жерден қиын болса да, шектен тыс жеуден сақтаныңыз. Бұл – асыра сілтеуді құптамаған ардақты Пайғамбарымыздың ﷺ жолы. Қасиетті Құранда да ысырапқа жол бермеу мен тамақтану әдебі туралы ескертілген.
Рамазан – асқазанның мерекесі емес, нәпсіні тыйып, құлшылықты арттыратын қасиетті ай. Өзіміздің аңдаусыздығымыздан осынау ұлық айдың берекесін қашырып алмайық. Сүннетке сай әрекет етсе, кез келген адам денсаулығына зиян келтірмей-ақ оразасын өтей алады.
Пайғамбар ﷺ сүннетіндегі қарапайым көрінген әрбір амалды елеусіз қалдырмаңыз. Егер тереңірек үңілсеңіз, хадистердің әр жолында үлкен даналық пен қисын жатыр. Ол сырлар бүгін ашылмаса, болашақта ғылыммен дәлелденері хақ. Қалай болғанда да, Нәбидің ﷺ кеңестерінен келер пайда өлшеусіз.
islam ru