Рамазан айының үшінші он күндігінде не істеу керек?
Рамазан айының үшінші он күндігінде не істеу керек?
3 жыл бұрын 15150
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

«Рамазанның ақырғы бөлігі – тозақ отынан құтылу» деп хадисте айталғандай, қасиетті айдың соңғы он күндігіне де келіп жеттік. Бұл он күндікті Алла елшісі (с.а.у.) тозақ отынан құтылу деп анықтама берген. Алла Тағала алғашқы он күндігінде рахымдылық жасаса, екінші он күндікте пенденің күнәсін кешіреді және соңғы он күндікте тозақ отынан аман қылады.

Соңғы он күндікті қалай өткізу керек? Қандай ғибадаттар істеген жақсы?  

Бәріңізге белгілі болғандай Рамазанда жомарттылық танытып, садақа беріп, мұқтаж жандарға жәрдем қолын созған сауапты. Бұл ай құлшылық айы болғандықтан, Құран оқу, нәпіл намаз оқу, тарауих оқу деген сияқты құлшылық түрлерін көптеп орындаған абзал. Әсіресе, осы соңғы он күндігінде бұл құлшылық түрлерін еселеп, көбейткен дұрыс екен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазан айында басқа айлардағыдан да жомарт болатын болса, осы он күндігінде жомарттығы арта түсетін болған. Бұл жайды ардақты сахаба Абдулла ибн Аббас (радияллаһу анһ) былай тілге алады:

«Пайғамбарымыз адамдардың ең жомарты болатын. Және ең жомарт болатын кездері - Рамазан айында Жебірейіл періштемен кездескен уақыттары тұғын. Жебрейіл ғалейһиссәләм Рамазанның әр түнінде Пайғамбармен (с.а.у.) жолығып, (бір-біріне) Құран оқитын. Сол себепті, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Жебірейіл періштемен жолыққан шақтарында, еш кедергіге қарамай тұратын берекелі желден де (жылдам) жомарт болатын»[1].

Сондай-ақ, Алла елшісі Рамазанның соңғы он күнінің түндерін ұйықтамай құлшылықпен өткізген екен, өзімен қоймай жұбайларын да ұйқыдан оятып оларды да сауаптан құр қалдырмайтын. Айша анамыз былай дейді:

كان النبي صلى الله عليه وعلى آله وسلم إذا دخل العشر شد مئزره وأحيا ليله وأيقظ أهله 

«Рамазан айының соңғы он күндігі кіргенде Алла елшісі (с.а.у.) белін бекем буып, түндерін құлшылықпен өткізетін және жанұясын да оятатын»[2]. (яғни, ғибадатқа қол сыбанып кірісіп, әйелдерімен төсек қатынасты (уақытша) тоқтататын). 

Демек, Құран оқу, тәспі тарту, тарауих намазын оқу, түнде тәһәжжуд намазын оқу – бұлардың бәрі Рамазан айында жасалуы тиіс сауапты амалдар. Әсіресе, он күндігінде бұлардың санын мүмкіндігінше көбейткен жақсы екен.

Иғтикафқа кіру

Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Рамазанның соңғы он күндігінде «иғтикаф» құлшылығына кіретін. Бұл жайында да Айша анамыз (радияллаһу анһа) былай деп әңгімелейді:

«Рамазан айының соңғы он күндігінде Алла елшісі иғтикафқа кіретін, (бұл әдетін) Оны Алла Тағала бақилық еткенге дейін жалғастырды. Одан соң, әйелдері иғтикафқа кіру амалын (ұмыт қалдырмай) жалғастырды»[3].  

Осыдан келіп, Рамазанның соңғы он күндігінде иғтикафқа кіру – сүннет амал болып қалыптасты.

Қадір түнін құлшылықпен өткізу

Мың айға тең келетін қадір түні де осы Рамазанның соңғы он күндігінде жасырулы делінеді хадистерде. «Рамазанның әр күнін қадір түні ретінде біл» демекші, ол түнді осы он күннің ішінде іздеуді кеңес еткен. Дәлірек айтқанда тақ күндері. Сондықтан да, он күндіктің бәрінде ұйықтамай құлшылықпен өткізу қиынға соқса, тақ күндері түннің көп бөлігін құлшылыққа арнаған сауаптырақ. Оған да шамасы келмегендер Рамазан айының 27 түнін ұйықтамай құлшылықпен өткізгені дұрыс.

Қадір түнінің артықшылғы орасан зор. Алла Тағала қадір түнін мың айға теңеген. Бұл дегеніміз, қадір түнінде жасалған тағат-ғибадаттар мың айға татиды дегенді білдірмек. Қадір түнінде нәпіл намаздар оқып, қаза намаздарын өтеп алған дұрыс, Құран оқып, зікір-таспихат тартқан жөн, әсіресе «истиғфар» тілеп, Алладан кешірім сұраған жөн. Күн батқаннан, таң атқанға дейін қол құсырып, Алладан екі дүние жақсылығын тілеп дұға жасағын абзал. «Дұға – құлшылықтың мәйегі» делінген хадисте.

Қадір түнінің уақыты қашан?

Мәліметтерде айтылғанға қарағанда, дін ғұламалары риуаяттарды саралай келе, «Қадір» түнінің уақытын әртүрлі болжаған. Ғалымдардың арасында кейбірі ол түннің уақыты – Рамазан айының жиырма бірінде десе, тағы бір сыпырасы – айдың жиырма үшінде деп топшылаған. Жиырма бесінде дейтіндер де бар. Тіпті жиырма тоғызының түнінде болады дегендер де болған. Алайда, көпшіліктің тоқтамын айтсақ, қадір түні – Рамазан айының жиырма жетісіне тура келеді. Анығырақ айтқанда: Рамазан айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түн.

Тәспих намазын оқу

Пайғамбарымыз өзінің хадисінде тәспих намазының артықшылығын айта келе былай деп өтеді: "(Егер тәспих намазын оқысаң) Алла Тағала сенің әуелгі күнәларыңды және кейінгі күнәларыңды, ескі күнәларыңды және жаңа күнәларыңды, қателікпен істеген күнәларыңды және әдейі істеген күнәларыңды, кіші күнәларың мен үлкен күнәларыңды, әрідесе жасырын немесе жария істеген күнәларыңды түгел кешіреді." - дейді. Сауабы еселеніп берілетін Рамазан айының осы соңғы он күндігінде тым болмағанда бір рет тәспих намазын оқу орынды болары сөзсіз. 

Тәспих намазы мен оның оқылу тәртібі бойынша мына жазбаға басыңыз: "Тәспих намазы" және оның оқылу тәртібі

islam.kz


[1] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари».
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари»; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім».
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №2026 хадис.

0 пікір