Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Алла Тағала зеңгір көкті құстармен безендіріп, оларға ұшу қабілетін берді. Осы жайында Құранда мынадай аяттар бар:
“Үстеріндегі қанаттарын жайып, қомдап ұшқан құсты көрмей ме? Оларды Алла ғана тоқтатады. Сөзсіз ол әр нәрсені толық көруші” (Мүлік, 19).
“Олар аспан бостығындағы бағынышты құсты көрмей ме? Оларды Алладан басқа ешкім ұстап тұра алмайды. Негізінен сонда иман келтірген қауым үшін әлбетте белгілер бар” (Нахыл, 79).
Құранда Алла құстарды аспанға көтеріп әрі онда ұстайтынын баяндаған. Алла құстардың дене құрылысын ұшуға бейім етіп жаратты. Шынында да, құстың денесі қуыс білігінен тұратын контурлы қауырсынмен қапталған. Теріге бекінген төменгі бөлігі қалам деп аталады. Ұшу барысында қанатын қаққан сәтте қанат пен қауырсын арасында ауа арқылы өтетін саңылау пайда болады. Қанатын түсірген кезінде қауырсындар бір-бірімен тығыз қысылады да ауа үшін елеулі қарсылық жасайды. Осылайша, құс қанатының әрбір екпінімен ауаға иек арта отырып көтеріліп, алға қарай жылжиды. Оның қанаттарының қозғалысы тек төменнен жоғарыға ғана емес, алдыдан артқа қарай да бағытталады. Құстардың ұшу жылдамдығы барлық жануарлардың әдістерінен жоғары болып табылады, ал олардың төзімділігі соншалықты, құстар кейде бірнеше күн бойы мыңдаған шақырымдарды еңсеріп, тоқтаусыз ұша алады.
Алла Тағала құстарға қанаттарынан өзге ұшуға бейім басқа да қабілеттер жаратты: жеңіл, ыңғайлы дене, жеңіл қуыс сүйектер, әуе қаптар жүйесі және қос тыныс алу жүйесі. Өкпемен қатар, құстардың кеудесінде ерекше әуе қаптары бар. Тұмсық базасында орналасқан мұрын қуысынан ауа әуелі көмейге барып, содан кейін трахеяға барады. Трахея (көне грек сөзі) - тыныс жолдарының бөлігі болып табылатын дене. Трахеялар бронхыларға бөлінеді. Кейбір бронхылар өкпе арқылы өтеді де жұқа қабырғалы әуе қаптарымен аяқталады. Олар ішкі ағзалар мен бұлшықет арасында, тері асты мен сүйектердің қуысында орналасқан. Ұшатын құстың ағзасын алмасу процестерімен қамтамасыз ету кезінде қажетті оттегіні әуе қаптарына жеткізу үшін тыныс алу мен дем шығаруы азая түседі.
Сондай-ақ әуе қаптары ұшу кезінде құстың салмағын азайтуға көмектеседі. Құс қанатын көтерген кезде ауа өкпеге барады, біртіндеп оттегін жіберіп, әуе қабына енеді. Әуе қабында газ алмасу жүрмейді. Дем шығарып, қанатын төмендеткен кезде ауа қаптан қайтадан өкпеге енеді. Қан оттегін алып, тыныс алу мен дем шығару кезінде көмірқышқыл газын береді. Ғалымдар мұндай жүйені қос тыныс алу жүйесі деп атайды. Бұл құстың денесіндегі ғажайып әуе қаптары бірде кеңейіп, бірде қысылған түрде тура әуе шарлары сияқты құсты аспанға жеп-жеңіл түрде көтеріп отырады. Ақиқатында Алланың шексіз даналығы мен сарқылмас өнертапқыштығы әркімді таң қалдырары хақ.
Біз тіршілік белесінде әрбір жаратылыстың жүйелі жоспармен, белгілі мақсатпен жаратылғанын көреміз. Олардың жаратылу жүйесі мен құрылысынан ешбір кемістік көрмейміз. Жаратылыстар осылайша Алланың бұйрығына мойынұсынған түрде барлық қатал климаттың қиындықтарын еңсеріп, тіршілік үшін жанталаса күреседі. Өздерін бұл бейнеде жасап әрі дәл осы жағдайларда жаратқан Ұлы Жаратушыға бағынады. Әрқайсысы өз тілінде және өзінің мүмкіндіктеріне қарай Ұлы Жаратушысын мадақтап, оған шексіз алғыстарын білдіреді:
“Көктер мен жердегі әркімнің әрі қатар-қатар ұшқан құстың Алланы дәріптегенін көрмейсің бе? Барлығы өзіне тән намазын, тәсбихын біледі. Алла олардың істегенін толық білуші” («Нұр», 41).
“Ол Алла, жаратушы, жоқтан бар етуші және бейнелеуші. Аттардың ең көркемі оған тән. Көктер мен жердегі әр нәрсе оны дәріптейді. Ол-өте үстем, аса дана” (Хашыр, 24).
Дереккөз: fondihlas.ru
Орыс тілінен аударған: Меруерт Бақдәулетқызы