Көптен күткен ұлық мейрамымыз Құрбан айтымыз келіп жетті. Яғни, 1-қыркүйек – Құрбан айт мерекесі. Біле білсек, Құрбан айт мейрамы дініміздегі орны ерекше діни мереке. Құрбан сөзі «Аллаға жақындау, Алланың разылығын табу» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан шамасы келген әрбір мұсылман баласы құрбан малын шалып, Алла алдындағы міндетін өтеп, сауап іс жасауға асығады. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай бұйырады: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят).
Құрбан шалу шариғатымызда мал-мүлік арқылы атқарылатын ғибадат түріне жатады. Алла разылығы үшін құрбандық шалған кісілерге көптеген сауап уәде етілгендігі жөнінде ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) былай дейді:
Құрбан шалудың мәнісіне көз жүгіртсек, оның қоғамға әкелер бірқатар пайдалары бар екенін аңғарамыз. Атап айтсақ, құрбан шалу – адам бойында бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына және қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына, әртүрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға һәм етене араласуына едәуір ықпал етеді.
Құрбан шалудың сауабын сұраған сахабаға Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар», - деп жауап береді. Сахаба тағы да: «Уа, Алланың елшісі, шалынған құрбандық мал жүнді (қой, қозы сияқты) болса, сауабы қандай болады?» - дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Жүннің әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар», - деп жауап қайырған екен.
Кез келген ғибадат әуелі жаратқан Алланың разылығы үшін ғана жасалуы қажет. Ал құрбандық шалу – жеке бас және қоғамдық пайдаларын бір шетке қойғанда, бірінші кезекте Алланың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде Алла Тағала бұл жайында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді», - («Хаж» сүресі, 37-аят) деп бұйырады. Яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниеттің маңыздылығын әуелі ақыл таразысына салған жөн болады.
Дініміздегі екі айт мерекесі намаз оқумен басталады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздан (с.а.у.) жеткен хадисте былай делінеді: «Бұл күндерде (яғни айт күндерінде) ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу». Осыған орай ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу – міндет болып табылады.
Сонымен «құрбан» сөзі діни тұрғыдан алғанда «Құшылық мақсатымен белгілі бір уақытта, белгілі бір шарттарға сай келетін малдарды өз тәртібімен бауыздау» дегенді білдіреді. Сондықтан, құрбандыққа арналған малдың да жарамды болуына қатысты кейбір шариғат қойған мынадай шарттар бар.
1. Құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
2. Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбан ретінде шалса, сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына да болады. Құрбанды бірігіп шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен іске асыруы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен болса, шалынған мал барлық кісі үшін құрбан болып есептелмейді.
4. Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – әдепсіз амал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын».
5. Құрбан шалғанда «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп тәкбір айтылып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады. Ең абзалы, құрбанды иесінің өзі бауыздағаны дұрыс. Басқаға өкілеттігін тапсырып сойғызуға да болады. Иесінің құрбан малының жанында тұрғаны жөн. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – сауап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне, екінші бөлігі кедей мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің бала-шағасына, отбасына беріледі.
6. Құрбандық ғибадатын шын ниет-ықыласпен орындау керек. Құрбандық айт намазы оқылып біткеннен кейін іске асуы қажет. Сонда ғана ол құрбандық болып саналады. Өйткені, құрбан шалу жай бір жасай салар күнделікті іс емес. Құлшылықтың бұл түріне жіті көңіл бөле отырып, шынайы ниет қойып, малдың ең таңдаулысын құрбан ету – дүниеміз бен ақыретімізге орасан рухани пайда, сансыз сауап сыйламақ. Айт мерекесі құтты болсын, құрбандықтарыңызды Алла қабыл етсін.