Құрбан шалуға шамасы жетпегендер не істейді?
Құрбан шалуға шамасы жетпегендер не істейді?
1 жыл бұрын 4134

Шалынған құрбан малы ақыретте адам баласын өтуі қиын қыл көпірден өткізетін көлік болады. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «малдың ең жақсысы мен әдемісін шалыңдар, өйткені ол қыл көпірде өздеріңе көлік болады»1– дейді. Қыл көпірде тозаққа сүйреген шеңгел арасымен құлап сүрініп өткен жақсы ма, әлде дүниедегі шалған құрбаныңның көзді ашып-жұмғанша жұмаққа алып барғаны жақсы ма? 

Құрбан шалуға жағдайы жетпегендер мерекеде құрбан шалғандарға қарап «Шіркін-ай, мен де бір қой алып құрбан шалар ма едім» деп қызығуы мүмкін. Әрине, сауапты іске қызыққанның айыбы жоқ. Бірақ құрбан шала алмай қалған адамның өзін-өзі тауысуының керегі жоқ. Оның мынандай себептері бар. Кез келген мұсылман амалымен жете алмаған сауапқа ниетімен жете алады. «Амал ниетке қарай бағаланады. Мүминге ниет еткен нәрсесі беріледі»немесе «Мүминнің ниеті амалынан қайырлы»деген хадистерге қарасақ, тұрмысы төмен мұсылмандардың «Жағдайым келсе мен де құрбан шалар едім» деп бұл ғибадатқа шын қызығуы оған сол құрбанды шалғандай сауапқа кенелтетінін көреміз.

Осыдан он төрт ғасыр бұрын пайғамбарымыз жағдайы келмеген мұсылман үмбетінің атынан құрбан шалған. Ол туралы Жәбир (р.а.) жеткізген хадисте пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құрбандық шалуға жағдайы жоқ, кедей адамдардың атынан да құрбан шалғанын былай баяндайды:

«Хазірет пайғамбарымыз құрбандыққа бір қошқарды шаларда: «Уа, Аллаһ тағалам ым! Бізге берген несібеңнен өз разылығың үшін, менің және үмбетімнен құрбан шалуға шамасы жетпегендердің атынан, Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деді дағы қошқарды құрбандыққа шалды»4.

Жәбир (р.а.) жеткізген және бір хадисте пайғамбарымыздың құрбан мерекесінде екі қошқарды құрбандыққа сойып жатып: «Аллаһты жалғыз деп білетін мұсылман ретінде жүзімді жер мен көкті жаратқан Аллаһқа бұрдым. Мен мүшрік емеспін» дейді де, «Намазым, басқа да ғибадаттарым, өлім мен өмірім барша әлемнің Раббы, ешбір серігі жоқ

Аллаһтың иелігінде. Маған осындай әмір келді. Мен осы үмбеттің алғашқы мұсылманымын»деген аятты оқиды. Сосын қайтадан былай деп дұға етті:

«Уа, Раббым, Мұхаммед пен үмбетінен мына құрбанды қабыл ал. Бисмилләһи, Аллаһу әкбар!»деп құрбан шалған. Құрбан айтқа дайындық жасау да сауап. Абдуллаһ ибн Амр әл-Астан жеткен хадисте пайғамбарымыз былай дейді: «Құрбан күнін мереке ретінде тойлауға міндеттімін. Аллаһ ол күнді біздің үмбетке мейрам етті».

Мұны естіген әлдебір кісі пайғамбарымыздан: «Менде қарызға алған жалғыз малымнан басқа мал жоқ. Не істейін, соны сояйын ба?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз оған: «Жоқ, – шашыңды алып, мұртыңды қырып, толық тазаланып, тырнағыңды алсаң, осының өзі саған құрбан шалғанға тең» деген.

Осыған қарағанда бұл күні құрбан шалуға шамасы жетпеген адамның әбден тазаланып, мерекелік көңіл-күймен құрбан айтты атап өтуі де құрбан шалғандай сауапқа кенелтеді. Қалталы мұсылмандар өздеріне тиесілі бір құрбанмен ғана шектеліп қоймай, пайғамбарымыз секілді кедей-кепшіктің атынан да құрбан шалғандары жөн. Әрине, бұл ешқандай да діни міндеттілік емес, бірақ мұның бәрі айналып келгенде кісінің тақуалығына байланысты. 

Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов, «Құрбан шалу».


1  Мүнауи, Файзул-қадир 1/496.
2  Бұхари, Бәдул Уахи, 1. Мәнақибул-Ансар, 45. Талақ, 11. Хиял,
1. Мүслим, Имара, 155. Әбу Дәуіт, Талақ, 11.
3  Суюти, Жамиус-сағир, 4/3810, әл-Мүнауи, Фәйзул-қадир, 6/291.
4  Әбу Дәуіт, Құрбан, 8; Тирмизи, Адахи, 21.
5  «Әнғам» сүресі, 162-аят.
6  Әбу Дәуіт, Дахая 4, Тирмизи, Әдаһи 21, Ибн Мажә, Әдаһи 1.

0 пікір