Ислам - әлеуметті тұтастай ізгілік пен қуанышқа бөлейтін илаһи мәдениет. Оған адамзат баласына тек жақсылық әкелетін дініміздің терең философияға негізделген үкімдері бұлтартпас дәлел. Илаһи үкімдердің адамды баурап, елітіп әкететіндігі соншалықты Хақ дариясына терең шомған сайын асыл дініміздің құндылыққа толы - түгесілмес қазына екеніне көз жеткізесің. Алайда, Ислам игіліктеріне маңдайдағы қос көзбен емес, жүрек көзімен назар салсақ ғана оның хикметін толық сезіне алмамыз.
Хақ үшін садаға болу
Араб тіліндегі «құрб» сөзі жақындау деген мағынаны білдіреді. Ал, Құрбан айт деп, зилхиджа айының оныншы күні басталып, үш күнге созылатын «Ид әл-Адха» мерекесі күндері Алла-Тағалаға ақсарбас атап, Хаққа жақындауды айтамыз. Әсілі, Хақ-Тағаланың разылығы үшін Құрбан шалу - Ибрахим пайғамбардың сүннеті һәм сол заманнан бері жалғасып келе жатқан илаһи дәстүр.
Жаббар Хақ Ибрахим пайғамбардың шынайылығын сынап көру үшін оған баласын құрбан шалуға бұйырған болатын. Бауыр еті баласы Исмайылды құрбан етіп шалу хз. Ибрахимге аса ауыр тиді. Алайда, жүректі шым-шым еткізер тақсыретін тартқызбаса илаһи сынақтың еш мәні болмас еді. Осы хикметті жан-жүрегімен ұққан Ибрахим пайғамбар бұл сынақты еңсеруге нар-тәуекел етті. Пәруадиргар пәрменіне құлдық ұрған хз. Ибрахим ұлын құбылаға қаратып, «бисмилласын» айтып, бәкісін талма-тұсына тақаған шақта, Жаббар Хақ Ибрахимнің адалдығына разы болып, Исмайыл оғланның орнына көктен түсірген көк қошқарды құрбан етіп шалуды бұйырды. Илаһи тағылымы мол осы оқиғадан соң Хақтың разылығы үшін құрбандыққа мал шалу дәстүрі қалыптасты.
Нағында, Ұлы Жаратушы хз. Ибрахимнің өзіне адал берілгенін әуелден-ақ білетін. Егер, Хақ Тағала тіршіліктегі әрбір істің болуын бұйырып, оның қалай іске асатынын алдын-ала білмесе, онда Ұлы Жаратушының құдыреті мен көрегендігіне күмән (Алла сақтасын) туған болар еді. Бірақ, Жаббар Хақ кемшілік атаулыдан ада, құдіреті шексіз кемелдік иесі. Яғни, Ұлы Жаратушы әзелден Ибрахимнің адал берілген құл екенін білген һәм біле отырып Ибрахим пайғамбардың тәлімі мінсіз өнегесін жұмырбасты пенделеріне үлгі еткен еді.
Иә, шиыршық атқан мына беу дүниеде шарғы пенде не түрлі сынақты бастан кешіреді. Ондай сын сәтте Ұлы Жаратушыға ынты-шынтымен иланушы мұсылман хз. Ибрахим секілді жансебіл рәуіште Хаққа адалдық танытуы тиіс. Өйткені, Құран-Кәрімде: «...Әр нәрсені тәрк етіп, Аллаға жөнел» (Музаммул, 73/8) деп бұйырылады. Хақ Елшісі (с.а.у) де: «Момын, Алла мен Елшісін бала-шағасы мен мал-мүлкі және исі бүтін жаратылыстан жоғары қоймайынша, момын бола алмайды», - дейді хадис-шарифтерінің бірінде. Хакім Абайдың: «Махаббатсыз дүние бос», - деген ұлағатты ғақлиясы да Ұлы Жаратушыны танудан мақұрым қалып, дүниенің өткінші қызығына малданып, бар ғұмырын ғибратсыз тектен-текке өткізген бейбақтарға қарата айтылған. Яғни, жүректің шын құмартқан Ұлы Иесін таба алмағандар, Аллаға риясыз адалдық танытпағандар – шынында да илаһи мүмкіндіктен құр қалған қуыс кеуделер саналады. Ал, пендешіліктің солығын басып, пейілімізге арай түсіргіміз келсе, талассыз Исламға мойынсұнуымыз шарт.
Шынтуайтында, Хақпен қауышу әманда салих құлдар үшін басты мұрат саналған. Әзірейліл періште Ибрахим пайғамбарға келіп; «Алла сенің жаныңды алуды бұйырды», дегенде, Ибрахим еш саспастан; «Дос, досының жанын алушы ма еді?» деп жауап қатқан еді. Қапелінде не айтарын білмеген Әзірейіл кері оралып, Хаққа Ибрахимнің арызын айтқанда, Жаббар Иеміз: «Дос, досымен қауышқысы келмей ме екен?», деген болатын. Әзірейілден мұны естіген Ибрахим шат-шадыман күйде илаһи пәрменге мойынсұнған еді.
Шариғатта Хаққа мойынсұну жақсылыққа шақыру, жаманшылықтан қашыру қағидасына негізделген. Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.а.у): «Біріңіз жаман бір іс көре қалсаңыз, оны қолыңызбен түзетіңіз. Күшіңіз жетпесе тіліңізбен қарсы шығып, наразылық білдіріңіз. Оған шамаңыз жетпесе, жүрегіңізбен қарсы шығыңыз», деп бұйырады. Яғни, өмір сүрген ортамызда әділетсіздік орын алған жағдайда, мұсылман баласы әділетсіздікті қалпына келтіруге міндетті. Егер, әділетсіздікті қалпына келтіруге талпынбаса, сол әділетсіздіктің орын алуына бірге үлес қосқан саналады. Хақ Елшісі (с.а.у) бұл туралы: «Күнәға көзін жұмған – күнәһар, күпірлікке ризашылық білдірген – кәпір», - деген болатын.
Имам Ғазали: «Момын әрбір ісіне аса байыппен қарамаса, Хаққа асылық келтіруі әбден мүмкін. Тіпті, бір ізгі істі орындауға ерініп, енжарлық танытса, нақ сол кезде Хаққа емес, нәпсісіне табынған болып шығады», дейді. Демек, Хаққа толық мойынсұнғымыз келсе, дәйім рухани ояу болып, арымызды күзетіп, әділеттіліктің туын нық ұстауымыз шарт. Яғни, алдымызда келе жатқан Құрбан айт мейрамы да «Олай болса Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» атты илаһи пәрменге негізгелгендіктен, бұл мерекенің шын мәнінде екі дүниеміз үшін берекелі болуына барынша ыждақаттылық танытқанымыз абзал.
Құрбан мерекесінің әлеуметтік мәні
Қоғамда әл-әуқаты жоғары бай-манаптармен қатар жылдар бойы таңдайы қызыл көрмейтін, тіпті, тіске басар талғажу таппай ашқұрсақ ғұмыр кешетін қаншама жарлы-жақыбай өмір сүреді. Құрбан айт мерекесі осындай жоқ-жітікке Хақтың шарапаты болып тиетін илаһи шара десек қателеспейміз. Мысалы, Құрбан айт мерекесінде көл-көсір жарылқауға бөленген кедей-кепшіктің көңілі райланады. Аста-төк дастарханда жеңсік ас ішіп, тәубасын айтып, бірін-бірі құттықтап, рухани көңіл тұтастығын құрады. Қоғам байлығын бірге бөліседі. Әлеуметтің бір-біріне деген сүйіспеншілігі артады. Кісі бойындағы жек көрушілік сезім суалып, көкіректегі өкпе-наз еріп сала береді. Көңілдің кірі кетіп, жан-сарайыңда илаһи махаббаттың гүлі қауыз жарады. Әсіресе, Құрбан шалған мұсылманның кеудесі шуаққа еніп, жүрегі тыныштық табады. Сауапты іс жасадым деп көңілі жайланып, ісімен бірге тілімен айтқан зікірі жүректің соғысымен үндеседі.
Иә, екі дүниенің сәруәрі пайғамбарымыз (с.а.у): «Адамзат баласы Алланың құзырында Құрбан айт күнінде құрбан шалудан асқан сүйікті іс істеген емес. Ол құрбан қияметте мүйізімен, терісімен, тырнағымен келеді. Құрбан қаны Хақ құзырында үлкен мәртебеге ие. Қан ағып жерге түспестен құрбан қабыл болады. Құрбанды таза және саф жүрекпен Аллаға арнаңдар», деп бұйырған. Демек, шын ықыласымызбен Хақтың разылығы үшін Құрбан шалсақ, қиямет күні оның сан есе сауабын алатынымыз да хақ.
Түйін
Дінімізде Жұма күні мен пітір-садақа таратылған уақыт және Арафа мен Құрбан айттың алғашқы күні дұға-тілек қабыл болатын шұғылалы шақ саналады. Олай болса, алдымыздағы Арафа және Құрбан айт күні Хақ-Тағаланың назарындағы барша мұсылман қауымының тілегі қабыл болғай! Алаш жұртының да асқақ арманы орындалып, екі дүниеде жүзіміз жарық болсын деп тілейміз!