Қасиетті Құран кітапта:
«Түйе мен сиырды сендер үшін Аллаһтың белгілері (құрбандықтары) қылдық. Мұнда сендер үшін қайыр бар. Оларды Аллаһтың атымен сойыңдар да, өздерің де жеңдер, өзгеге де беріңдер. Шүкір етулерің үшін малды еріктеріңе бердік» - дейді[1].
Алла тағала бізге түйе, сиыр, қой-ешкіні азық үшін жаратқан. Салама ибн Ақуа (р.а.) риуаятында Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айт құтбасында:
«Кімде-кім құрбан шалатын болса, айттың үшінші түнінен қалдырмай барлығын таратсын» - деп бұйырды. Бір жыл өткеннен кейін сахабалар құрбан етін өткен жылғыдай тарату керек я керек еместігін сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Бұл жылы өздерің жеңдер, басқаларға жегізіңдер, отбасыларыңа азық етіңдер. Ал өткен жылы халық арасында таршылық көргендер көп болды. Алла тағала кедей халыққа жәрдем берулеріңді қалады» - дейді[2].
Әлемде көптеген мал сойылыпжатады. Бірақ сол сойылған малдың еттері кедей-кепшіктердің бәріне жете бермейді. Міне, құрбан айтта осы кедей, жағдайы нашар адамдардың жағдайы ойластырылады. Ең болмаса, бір тойындырып, олардың жүзіне шаттық сыйлайды. Көңілі сынық кедейге мұсылмандық жанашырлық та нытып, қол ұшын беру қандай ғанибет[3].
Қоғам арасында жағдайы өте төмен отбасылар бар. Бай адамды кедей адаммен сынаған Алла тағала: «Кедейлерге беріңдер, ол өздерің үшін қайырлы» - деп[4], байлардың қолындағы сынақ үшін берілген дүниені ақырет сауабына алмастыруды міндеттеген.
Құранда кедейлерді Алла тағала былай деп сипаттайды:
«Білмегендер абырой сақтағандықтарына қарап оларды бай деп ойлайды. Оларды бейнесінен-ақ танисың. Олар адамдардан тіленіп сұрамайды»[5] - деп, кедейлердің көшеде тіленшілік жасамайтындығын, абыройлы екендігін айтқан. Сондықтан бай мұсылмандар кедейлерді осындай құрбан мейрамында қуантулары керек. Кедейлердің көшеге шығып, тіленшілік жасауы байлардың оларға қараспауынан туындауда.
Құрбан шалу – мұсылмандықтың нышаны
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы таразыға түседі. Сондықтан да Алла тағала маңызды санаған нәрсеге біздің де аса мән беруіміз керек. Діннің нышандарын құрметтеу адамның имандылығы мен тақуалығын білдіреді. Дінімізде құрбан айт, ораза айт, Сафа мен Мәруа төбелері секілді мұсылмандардың мейрамдарын, нышандарын құрметтеу терең сенімнен туындайды. Нышандардың маңызды болу себебі оларды әр көргенде, ол жайлы естігенде Алла тағаланы еске түсіретіндігінен туындайды. Құранда Сафа мен Мәруа төбелері діннің белгісі екендігі жайлы «Шындығында Сафуа мен Мәруа Аллаһтың нышандарынан» – деген[6]. Ал бұл секілді белгілерді құрметтеу шынайы иманнан екендігі жайлы Құран кәрімде: ِ
وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللِّ فَإِنهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوب
«Кімде-кім Аллаһтың нышандарын (белгілерін) ұлықтаған болса, күдіксіз бұл жүректегі тақуалықтан» - деп айтылады[7].
Құрбан айт – Аллаға серік қосқандардың,атеистердің, адасқандардың, пұттарға, күнге, айға табынғандардың мейрамы емес, тек бір Аллаға құлшылық етушілердің, таза ниетпен құрбан шалушы мұсылмандардың мейрамы.
Н. Анарбаев, Е. Қарақұлов, "Құрбан шалу".
[1] «Хаж» сүресі 36-аят.
[2] Абдулатиф Забуни – мұхтасар сахих Бұхари, Тажрид сарихтың түрікше түсіндірмесі мен аудармасы 12 т. 34 б. 1886ж. Анкара, 1973ж.
[3] «Құрбан айт» кітапшасы, Алматы, 2007. «Бақара» сүресі, 270-аят. «Бақара» сүресі, 272-аят.
[4] Бақара» сүресі, 270-аят.
[5] «Бақара» сүресі, 272-аят.
[6] «Бақара» сүресі, 185-аят.
[7] «Хаж» сүресі, 32-аят.