Алла Тағаланың кәламы – Құран кәрім ислам шариғатының негізгі қайнар көзі. Исламдағы барлық игіліктер Құраннан бастау алады. Шариғаттың негізгі ұстын-қағидалары Құранда бекітілген. Ол абсолютті күшке ие. Құрандағы илаһи құндылықтар қиямет қайымға дейін жалғасады. Уақыт пен адам өзгеріске ұшыраса да, Құран кәрім мәңгілік өзгермейтін құндылыққа жатады. Фиқһ іліміндегі барлық көрнекті әдіснамалар мен айшықты дәлелдер Құраннан нәр алып, бүр жарған. Осы себептен де мужтаһидтер әрбір мәселеде ең алдымен Құран кәрім үкімдерін басшылыққа алады (1).
Алла Тағала Құран кәрімнің ислам шариғатында негізгі қайнар-көз екенін: «Біз саған әр нәрсені ашықтайтын және Мұсылмандар үшін тура жол, игілік әм қуаныш түрінде Құранды түсірдік». (Нахіл, 89)
(Мұхаммед Ғ.С.) «шын мәнінде саған Кітапты; Алланың, өзіңе көрсетуі бойынша адамдардың арасына үкім қылуың үшін шындықпен түсірдік. Сондықтан қаралықшылдарға болысушы болма». (Ниса, 105)
«Біз ол Кітапта ешбір нәрсені қалыс қалдырған жоқпыз» (Әнғам, 38)– деген аяттары арқылы нақты көрсеткен.
Алла Елшісі (с.а.у.) өзінің үмбетіне: «Уа мұсылмандар! Мен сендерге екі нәрсе қалдырдым. Егер, оларды бекем ұстап, амал етсеңдер, ешқашан тура жолдан адаспайсыңдар. Ол Алланың кітабы мен Алла Елшісінің сүннеті» (Имам Мәлик, Муатта, Қадар, 3) – деп, ақиқат шамшырағы, діннің бастауы ретінде негізінен Құранды нұсқаған еді.
Құран аяттары Мұхаммедке (с.а.у.) Мекке кезеңіндегі он үш жылда және Мәдинадағы соңғы он жылда түсті. Аталмыш екі кезеңге байланысты фиқһ ілімінің білгірі Х.Қараман: «Алғашқы Мекке кезеңіндегі Мұхаммедке (с.а.у.) түскен аяттардың мәні көбіне сенімге қатысты аяттар еді. Олай болуының негізгі себебі, пұтқа табынушылық пен надандық етек алғандықтан, бірінші арабтардың ой-санасы дұрысталуы шарт еді. Надандықтан арылғаннан кейін ғана мұсылмандар шариғатқа сай құқықтық амал-әрекеттер жасай алатын. Ал, мұсылмандарға Мәдинаға көшіп барып, тәуелсіз ислам мемлекетін құру кезінде түскен Құран аяттарының саяси, құқықтық мәні басым болды» (2), – дейді.
Құран кәрімдегі үкім ретінде түскен аяттар «ахкам аяттары» деп аталады. Құранның алты мыңнан астам аятының шамамен екі жүзі ахкам аяттары болып есептеледі. Астарлы мағынадағы немесе тәпсір арқылы белгілі болған үкім аяттарды қосқанда ахкам аяттардың жалпы саны бес жүзге жетеді. Құрандағы үкімдердің кейбірі ұзын сөйлеммен баяндалып, толыққанды түсіндірілген болса, кейбір үкімдері қысқа (ижмали) беріліп, жалпы түсіндіріледі.
Құранда кәрімдегі акхам аяттар бірнеше тарауға бөлінеді:
1. Ғибадат: Намаз, ораза, қажылық, зекет, садақа. Құранда құлшылыққа қатысты акхам аяттар қысқа мазмұнда (ижмали) берілген. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетімен оны арықарай толыққанды (тафсили) етіп түсіндірген.
2. Кәффарат: Кәффарат – жаңсақ іс-әрекет жасағаны үшін оның қарымтасы ретінде орындауды міндеттейтін үкім. Құранда зиһардың, ант берудің және адам өлтірудің кәффараттары білдірілген. Мәселен, ант етіп, оны орындамаған адамның кәффараты Құран кәрімде: «Он кедейді тойдыру немесе киіндіру яки құл азат ету бұларға күші жетпейтін болса үш күн ораза тұтады» (Мәйда, 89) деп көрсетілген.
3. Муамалат: Сауда-саттық, алып-сату, қарыз беру мен қарыз алу және т.б. акхам үкімдер муамалат деп аталады. Муамалатқа қатысты аяттар: Бақара 2 188, 275-80, 282-83; 4 Ниса 29; 5 Маида 87.
4. Отбасы құқығы: Неке, үйлену, ажырасу, ғиддат, балалардың қорғалуы, жетім, мұрагерлік үкімдері жанұя құқығына байланысты акхам үкімдер. Құранда осы тақырыптар кең ауқымда түсіндірілген. Отбасылық қарым-қатынасты реттейтін үкімдер Бақара, Ниса, Маида, Әнғам, Ахзаб, Нұр сүрелерінде берілген.
5. Уқудат: Кісі өлтіру, мертіктіру, ұрлық, қарақшылық, зина, жала жабу секілді қылмыстар мен оларға берілетін жазалар. Уқудатқа қатысты акхкам аяттар: 2 Бақара 179; 4 Ниса 25; 17 Исра 33.
6. Басқару: Басқарушылар мен олардың қарамағындағылардың арақатынасын реттейтін акхам үкімдер. Оларға әділеттілік, шура, маслаха, көмектесу және қорғау мәселелері жатады. Басқаруға қатысты аяттар: 2 Бақара 205-206; 3 Әли-Ғымран 159; 4 Ниса 58; 5 Маида 2; 8 Әнфәл 1; 16 Нәхл 90; 42 Шура 38.
7. Мұсылмандар мен өзге дін өкілдері арасындағы байланыстар: Бейбітшілік, соғыс, келісімшарттар, сауда-саттық, шекаралардың қорғалуы және т.б. акхам үкімдер. Оған қатысты аяттар: 2 Бақара 190, 194, 213, 251; 5 Маида 8; 8 Әнфәл, 58; 16 Нәхл 91-95; 17 Исра 70; 22 Хаж 39, 40; 30 Рум 30; 49 Хужурат 13; 60 Мумтахина 8, 91.
Құранның негізгі түп-дерек екеніне қатысты мужтаһидтер консенсусқа (ижмағ) келген. Бірақ, аяттардан үкім шығару (истинбат) мәселесінде әртүрлі әдіснамалар бар. Құрандағы ижмали және астарлы мағындағы акхам аяттардан үкім шығаруда ғұламалар түрлі көзқарасты ұстанады. Ондағы негізгі ерекшеліктер араб тілінің құрылымы мен қирағаттардың ерекшеліктеріне байланысты. Сонымен қатар, Құранның акхам аяттарының мансух және насух болуына қатысты мужтаһидтер арасында ихтилафтар (келіспеушіліктер) кездеседі.
1. Yunus Apaydin. Fikhin kaynaklari. Ay yayincilik. Anklara, 2017. 27-30 бб.
2. Hayreddın Karaman. Islam hukuku. I cılt.42-45 б.Ensar Neşrıyat. Istambul- 1993. 352 s.