Abyroikz.kz қазақы бояуларға қанық ұлттық киімдер мен сувенирлер дүкені. Қазақстан нарығында 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын қазіргі таңда танымалдылыққа ие. Өйткені қазақтың ұлттық киім үлгілеріне деген сұраныс біршама артып отыр. Қала бутиктерінен бастап базарлардан ұлттық киімдерді тез тауып алуға болады. Әйткенмен, оның көп бөлігі көрші мемлекеттерден келіп жатқан өнімдер. Сапаға басты назар аударатын тұтынушылар бірінші кезекте өндірушіге мән беріп, өзіне керегін іздейтіні анық. Сапалы өнімдерге жол сілтеп, Отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету мақсатында Abyroikz.kz ұлттық киімдер өндіру кәсіпорынының басшысы Құралай ханымды әңгімеге тартқан едік.
- Қазіргі таңда ұлттық киімдерге деген сұраныс біршама артып жатыр. Сұраныс көп болған сайын нені басшылыққа алу керек?
- Жастардың ұлттық киімге деген қызығушылығы көңіл қуантады. Әр ұлт өзінің тілімен, дінімен оның ішінде тұрмыс-салтымен, киім киісімен ерекшеленеді. Біз ұлттық киімдерімізді бұрын аталарымыз бен әжелеріміздің үстінен көретін болсақ, қазір жастардың талғамы қазақша киімдер киюге ауысып жатыр. Сол өзгерістерді елеп-ескере келе заманға сай ұлттық киімдерді нақышына келтіріп тігуді басшылыққа аламыз. Қазіргі таңда тележүргізушілердің өзі етек-жеңі ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген киімдер киіп шығуы өте жақсы әсер қалдырады. Әр ұлт жаһанданудың екпінін сезінсе де түп тегін, ұлттық тамырын іздейтіні қалыпты құбылыс. Біздің ұлттық киімдерді күнделікті киіп жүретін брендке айналдырсақ деген ойымыз бар. Соған келе жатқан сияқтымыз. Сұраныстың артуын жақсылыққа балаймыз.
- Ұлттық киім өндіру ісі, яғни осы кәсіпке келулеріңізге не себеп болды?
- Кәсіп өзіңнің жеке басыңа ақша табу немесе байып кетуге көзделсе, нағыз кәсіпті білдірмесе керек. Кәсіпкер болу деген, «Отан деген жайқалған терек болса, жапырақ боп қадалдым бұтағына» деп Мұқағали атамыз жырлағандай еліміздің ұлттық құндылығын сақтау, халықтың мұң-мұқтажына жарау, сенімдерін ақтау. Мейрамхана кәсібін немесе басқа да кәсіп көзін ашып кетуімізге болатын еді. Дегенмен біз осы бағытты таңдадық. Тұрмыс-тіршіліктің өзін қазақыландыру арқылы ой-санамызды қайтадан түп негізімізге бұру өзімнің ойымда бұрыннан болатын. Менің ұғымымда кәсіп өзіңе де, еліңе де пайдасын тигізу деп есептеймін. Біздің кәсіпорын EXPO-2004 Жапония, EXPO-2008 Испания, EXPO-2012 Оңтүстік Корея, EXPO-2015 Италия және Германия, Голландия, Қытай, Ресей елдерінде өткен халықаралық көрмелердің қатысушысы. Қазіргі таңда кәсіптен артылған ақшаны міндетті түрде қайырымдылық шараларына жұмсаймыз. Менің түсінігімде қазақша кәсіп жүргізу дегеніміз – әр нәрсеге қайырыммен қарау, еліңе пайдаңды тигізу.
- Сіздердің ұлттық киімдер тігетін өзге шеберханалардан ерекшеліктеріңіз қандай?
- Етек-жеңіне ою жабыстыра салып, “қазақша киім осы” деп тықпалай беруден аулақпыз. Кезінде XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ қыз-келіншектерінің киімдерін терең зерттей отырып, ұлттық киімді тігуге ыждаһаттылықпен келдік. Қазақ ешқашан ашық киінбеген, дей тұрғанмен араб мемлекеттері сияқты қатты тұмшаланбаған. Киімі күнделікті тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы болған. Қазақтың киімі осы екен деп сән-салтанатты киімін күнделікті үй шаруасына, сиыр саууға кимеген. Әр ортаға киетін киімдері әр түрлі болған. Киім әрі ыңғайлы, әрі қазақ екенін білдіріп тұру керек. Біз әр киімді тігерде үлкен жауапкерлік арқалаймыз. Өйткені біз ұлттың төлқұжатын жасап жатырмыз.
- Ұлттық киімдердің шариғатқа қарсы тұсы жоқ. ҚМДБ қажылық сапарына киетін бірыңғай киімдерге үлкен байқау жариялаған болатын. Сол байқауда Abyroikz.kz бас жүлдені ұтып, қажылық сапарға киім тігуді өз қолдарына алып еді. Осы жөнінде толығырақ баяндап берсеңіз...
- Өзіміз де осыдан 3 жыл бұрын қажылық сапарына барып, парызымызды өтеп қайтқан едік. Сол кезде Қазақстаннан барған қажылар әртүрлі киім киіп жүрді. Малайзиядан барған, басқа да мемлекеттен барғандар бірыңғай киім киеді екен, Қазақстаннан келген бауырларымыз ала-құла болып, бір-бірін таппай жүргенін көзіміз шалды. Басқа мемлекеттен барғандардың бірыңғай ұлттық киімдерімен кетіп бара жатқанына көзіміз сүйсінді. Біз де неге осылай істемеске деп айтқанбыз. Дегенмен, осы орайда Діни басқарма оңтайлы шешім қабылдап, әділетті түрде байқау жариялаған екен. Біз де бағымызды сынап көрсек деп осы байқауға abyroikz.kzқатысуға шешім қабылдадық. Ол жерде біздің мақсатымыз тендер ұтып алу емес, қажыларымызды бір үлгіде киіндіру және соның арғы жағында қазақ екенімізді көрсету болатын. Ұлттық болмысымызды көрсету бірінші орында тұрды. Біз бұл байқауға қатысар алдында дизайнерлерімізбен ақылдасып, 4 ерекшелікті сақтауға тырыстық. Бірінші - ислам әдебі, екінші - ұлттық нақыш, үшінші - ыңғайлылық, төртінші Араб мемлекеті өте ыстық жер болғандықтан матасына мән бердік. Алланың қолдауымен барлық талаптарға сай болдық. Әділқазы мүшелері бірауыздан Абырой.кзкиім үлгілерін таңдады. Бұның өзі бір Алланың әмірімен бізге бұйырған бақ деп ойлаймыз.
- Сіздердің тігін шеберханаларыңыздан шыққан киімдердің сапалы екенін көріп отырмыз.
- Иә, сапаға аса қатты мән береміз. Ұлттық деген сөздің ар жағында «сапа» деген сөз соның синонимі болу керек. Сондықтан ең сапалы маталар пайдаланамыз. Өнімдеріміздің бағасы қолжетімді, бірақ өте арзан да емес. Өйткені ұлттық киімнің өзін арзан дүниеге айырбастап жіберуге болмайды. Қазіргі таңда құдалықта қолдан-қолға өтіп жүрген арзан шапандардың өзі кейде жерітіп жіберетіні жасырын емес. Біз өнімдерімізді мақтанып киетіндей етіп тігуге тырысамыз.
Абырой.кз ерлерге арналған ұлттық киімдер, əйелдерге арналған ұлттық киімдер, балаларға арналған ұлттық киімдер жəне шығармашылық топтарға арналған ұлттық киімдер тігумен айналысады. Біз өнімдерімізді таза жібектен, мақтадан, былғарыдан, сапалы матадан өндіреміз.
- Тек ұлттық киімдер өндіресіздер ме?
- Біз ұлттық киімдерден өзге бөлек тапсырыстарды да қабылдаймыз. Кешкі көйлектер және мерекелік шараларға киетін көйлектерді, костюмдерді де тапсырыспен тігеміз. Өйткені біз отандық өнімді дамытуымыз керек. Дүкендерімізде сыйлы адамдарға тарту ететін кәдесыйлар да бар. Шыны керек, шетелден келген қонақтар ең алдымен ұлттық кәдесый іздейді. Елімізде кәдесыйлардың өзі өзге елдерден келіп жатады. Басқа жақтың дүниесі болғандықтан тіпті кейде қазақты мазақ ететін кәдесыйлар қаптап кетті. Соның орнын толтыру мақсатында, ұлттық кәдесыйларды сатуды қолға алдық. Негізгі мақсатымыз қазақылығымыздың танылуына ықпал ету.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- «Генерал болуды армандамайтын солдат – солдат емес» дегендей, жалпы нарықты түгел қамтығымыз келеді. Нарықты терең зерттеп жатырмыз. Қытаймен көрші болып отырып, Қытайдың арзан заттары жаулап алып жатқан кезде біз де бәсекеге қабілетті болуға тырысып бағудамыз. Нәтижесі жаман емес, өнімдерге деген сұраныс бар. Нарық заңында әр тауардың өзінің ұяшығы болады. Соны дәл таба білу керек. Біз тұтынушылардың көңілінен шығатындай өнім өндіргіміз келеді. Және ұлттық киімдерді шетелдерде танытуды жоспарлап отырмыз. Сапалы маталардан тігілетін сәнді киімдердің түрі мен тігісі сан алуан болып келеді. Тапсырыс берушінің талғамына сай сән үлгісін жасап шығаруға қашан да әзірміз.
- Сұхбатыңызға рахмет. Алла істеріңізге береке берсін!
Қарамен белгіленген сөздерге сілтеме:
Abyroikz.kz ұлттық киімдер - http://abyroikz.kz/index_kz.php
abyroikz.kz - http://abyroikz.kz/index_kz.php