Құмырсқалар туралы қызықты мәліметтер
Құмырсқалар туралы қызықты мәліметтер
10 жыл бұрын 86517
Құдіретті Алла Тағала жаратқан бунақденелілер отрядының көрнекті өкілі "құмырсқалар" жайында біз білмейтін сырлар көп.
  • Құмырсқа өзінің салмағынан елу есе артық салмақты көтере алады дейді. Осы қаншалықты рас?
  • Құмырсқалардың саны жер бетіндегі адамдардың санынан көп дегенге сенесіз бе?
  • Құмырсқалар туралы сүре бар ма? 

Олай болса осы және өзге де сұрақтардың жауабын құмырсқаның өз аузынан естіп білейік. 

Құмырсқа: Бүгін адымдап бара жатып, жол үстіне абайлап қарағаныңыз маған қатты ұнады. Өйткені, күн сайын қаншама бауырымызды таптап, жаншып кететініңіз бізге қалай бататынын сіз, әрине, біле бермейсіз. Дегенмен, сіз басып өлтіріп кеткен жәндікті де Алла жаратқанын бір сәт еске алдыңыз ба? Әрі ол – жай ғана жәндік емес, Жаратқанның таңғажайып туындысы. Рас айтам. Менің жаратылысымнан Алла Тағаланың шексіз құдіретін, ілімін ұғуға болады. Тіпті, әлемнің ең алып, күшті жәндігі менмін десем, мақтаншақтыққа балай көрмеңіз. Иә, иә. Сіз, бәлкім, өз салмағыңыздан екі-үш есе артық салмақты көтере аларсыз. Ал, мен болсам, өз салмағымнан елу есе артық салмақты оп-оңай көтеріп кете берем. Онда да арқаға салып емес, тіспен көтерем. Міне, менің мықтылығым!

Біз – ең тығыз көпшілікпіз

Біз – ең көп құжынап өмір сүретін жәндікпіз, сіздердегі әр қырық кісіге бізден жеті жүз миллион құмырсқа тең келеді. Біз осыншалықты көп болсақ та, ешкімге кедергі келтірмейміз. Тіпті, көзге де түспестен тасада, өзімізше өмір сүреміз. Мұзды мұхиттардан басқа әлемнің барлық жерінде тіршілік ете береміз. Көбіне ыстық аймақтарды ұнатамыз.

Біз топ, қоғам болып өмір сүруге бейімбіз. Жаратушының жеке-жеке бөліп берген ісін әрқайсысымыз қалтқысыз орындаймыз. Үлкен метрополиялар секілді қалалар тұрғызамыз. Миллиондаған тұрғыннан құралған қалаларымызда өзімізге тән азық қоймалары, ұрпақ өсіретін бөлмелер, жауынгер әскерлеріміздің жатақтары орналасқан. Бүгінгі таңда біздің тоғыз мың түріміз бар. Әр түр өзінің жаратылысына сай тазалықшы, диқаншылық, мал өсіру секілді әр түрлі кәсіппен шұғылданады. Біз құрған қоғамдық жүйені адам бола тұра сіздер әлі құра алмадыңыздар. Ақыл-ой, сана иесі болғанмен бұл, бәлкім, сіздердегі жаман қылықтар мен нәпсінің керітартпалығынан шығар. Ақыл-ой, сана-сезім бергенмен, сіздерді сынау үшін нәпсі мен шайтан, көре алмаушылық, күндеушілік, іштарлық секілді жаман қасиеттер де жаратылды емес пе? Сірә, сіздердің мінсіз қоғам құра алмауларыңыздың астарында осылар жатқан болар.

Өзара көмек, жанпидалық, өз міндетін ғана атқарып, басқалардың ісіне араласпау, қарақан басын емес, қоғам мүддесін алға қою секілді қасиеттерді біз жоғары бағалаймыз. Бұндай қасиеттер бізге трансформация, эволюция немесе табиғи селекция секілді гипотезалармен келмегендігі ақиқат. Эволюционерлер бізді сексен миллион жыл бұрын өмір сүрген жабайы ара түрінен пайда болған деуде. Одан да күлкілісі, қоғам болып, бірігіп өмір сүргеннің артық екенін құмырсқалар өздері ойлап тапты деуде. Мейлі, біз бас қосып, құрылтай өткізіп, бұдан кейін жеке-жеке емес, қоғам болып өмір сүрелік деп келісіппіз. Ал, сонда әр түрлі кәсіппен айналысуды, дене пішіндеріміздің әр түрлілігін, көбею тетіктерімізді қалай ойлап таптық? Бізде ондай ғылым да, құдірет те жоқтығы өзімізге аян. 

Патшайым және әскерлер

Біздер о баста жаратылысымыздан патшайым, жұмысшы, әскер болып өз арамызда бөлінеміз. Сонда бұндай айырмашылықтар қалай пайда болды? Патшайым құмырсқаларды бағып-қағу ісін жұмысшы құмырсқаларға кім тапсырды? Эволюционерлерге сенсек, әркім өз басын ойлап, өзгелермен қырқысып өтпей ме? Әскер құмырсқалар қарауылдауды қайдан үйренді? Осыншама жанпидалық пен өзара көмекті үйретіп, миллиондаған бір текті жәндікті сүттей ұйытқан бір ғана Жаратушы емей кім?!

Кейде 2,5-3 шаршы шақырымды тұтастай мекендейтін кездеріміз де болады. Бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласқан 40-45 мың, ұяда шамамен бір миллион патшайым, 300-350 млн жұмысшы құмырсқалар еш кикілжіңсіз, тату-тәтті өмір сүре береді.

Ұрпақ ісіне жауапты аналық құмырсқалар өмір бойы тек қана жұмыртқа шығару ісімен айналысады. Бір патша елінде бірнеше патшайым кездесуі бек мүмкін. Ірі денелі аталық құмырсқалардың міндеті – патшайым құмырсқамен аз ғана сәт ұшырасып, ұрықтандыру. Өз міндетін атқарған аталық құмырсқа кешікпей тіршілікпен қоштасады.

Әскерлеріміз «химиялық қарумен» мұздай қаруланған. Бастары мен ауыздары ерекше бітімге ие. Оларда елді қорғаудан басқа бөгде мақсат болмайды. Ал, экономикамызға жауапты жұмысшыларымыздың бәрі – қысыр, аналық құмырсқалар. Жұмысшыларымыздың бір бөлігі төл құмырсқалар мен патшайымды асырайды. Бір бөлігі жаңа дәліздер ашып, жаңа ұрпаққа орын дайындайды. Тағы бір бөлігі азық іздеумен болады, қандай да бір қорек тапқанда, дереу басқаларына хабар береді. Әскерлер мен жұмысшылардың арасында құрылысшылар, жинақтаушылар, тәрбиеші, тұтқындар да бар.

Құмырсқа қауымының экономикасы негізінен жұмысшыларымыздың мойнында. Аузы мықты жұмысшылар бидай дәнін уату үшін басқа жұмысшылармен де бірлеседі. Олар әбден уатқан бұл бидай дәндерін жібітіп, қамыр қылып, артынша оны кептіруге күн астына жайып қояды. Содан қыстық азығын дайындайды.

Кейбір түрлеріміз өсімдік биттерін (aphid) арнайы қораларда ұстайды. Тура сіздердегі тауық қора мен қой қора сияқты. Өсімдік шырынын сорып, өсімдіктерге залалын тигізетін бұл биттер өздеріндегі таңғажайып биохимиялық тетік арқылы өсімдіктің шырынын шәрбатқа айналдырып, оны денесінің артқы жағынан сыртқа шығарады. Жора-жолдастарымыз осы биттерден шыққан бал шәрбатын қорек етеді. Мұнда да әркім өзіне тиесілі жұмысын атқарады. Кейбіреуі биттердің шәрбатын сауса, енді біреулері соларға орын дайындайды. Тағы біреулері биттердің жұмыртқаларын асырайды. Оларды қыста жылы жерлерге, көктемде күн көзіне шығарады. Бәрі жабылып, өздеріне бал жасайтын биттердің қамын жасайды. 

Илеудегі ауа ағысы

Жүздеген ұядан құралатын илеуіміздің ең басты ерекшеліктерінің бірі – өте нәзік есеппен жасалған ұяның ішкі климаты. Біз физика, климотология, метереология сабақтарын оқымасақ та, Құдайдың құдіретімен ұяға тән ауа ағысын реттеп отырамыз. Ұя кіре берісін Күнге, әлемнің магниттік өрісіне қарай бейімдеп жасауды, ауа жолдарының изоляциясын, күні бойы қалыпты температураны сақтау үшін қажетті желдетуді, жылыту мен суыту тепе-теңдігін ұстауды, жан саны артқанда жаңа қосымша ұялардың ішкі ауаға кері әсер етпейтіндігін біз өзімізге тән түйсікпен ғана жасаймыз. Илеу ішіндегі жайлылық, қандай да бір қиын-қыстау заманда дереу көмекке жүгіру Жаратушы құдіретімен ғана іске асатыны сөзсіз. Мәселен, азық таусылғанда «қоректендіруші» қосымша тетіктер жұмысқа кіріседі. Қосымша асқазандағы қорек арнайы химиялық өзгеріске түседі. Ол құнары арттырылып барып әлсіздерге беріледі. Азық мәселесі шешілген кездерде бұлар қайтадан жұмысшыларға айналады. Осы секілді өзара көмек, жанпидалық сезімдері болмаса, елу миллиондық тұрғыннан құралған «алып мемлекет» қалай тұра алады?!

Біз бір ізге түсіп, азық іздеуге шығамыз. Ондайда арттағылар алдыңғылардың иісімен жүріп отырады. Илеулеріміз ылғи да жер астында емес. Кейде жердің бетіне де, кейбір түрлеріміз ағашқа да илеу сала береді. Жер астындағы қанатсыздарымыз керек кезінде қанат пайда болып, көбею мүмкіндігін иеленіп шыға келеді. Илеуден ұшып шығады. Ұшу кезінде, не жерге қонған кезінде аталықтағы ұрық патшайым құмырсқаларға төгіледі. Аналық жұмыртқалауға кіріседі. Ендігі жерде патшайым құмырсқаның керексіз қанаттары түсіп, жұмыртқалау үшін ыңғайлы ұяға жайғасады. Жұмыртқадан ұрпақ шығу мерзімі алты-сегіз аптаға жалғасады.

Есте сақтау қабілетіміз өте күшті. Қай жерден өтсек, сол жердің көрінісін дереу есте сақтаймыз. Кейде илеуімізден тым алысқа ұзап шыққанда, қайта тауып келу үшін Жаратқанның бізге сыйлаған осы есте сақтау қабілеті мен иісшілдігімізді, сондай-ақ топографиялық түйсігімізді қолданамыз. Бұған қоса, хабарласу жүйеміз өте озық, мәлімет жеткізуде алдыға жан салмаймыз. 

Біз туралы сүре бар

Негізі, мән беріп байқасаңыздар, қасиетті Құранда «Нәмл» (құмырсқа) деп аталатын арнайы сүре бар. Сол сүрені бір оқып көрдіңіз бе? Сүлеймен пайғамбар біздің тілімізді түсіне алатын еді. Мәселен, 18-аяттың мазмұнын еске түсіріп көрейікші, «Соңында құмырсқалардың илеуі бар аңғарға келгенде құмырсқалардың біреуі былай деді: - Әй, құмырсқалар! Илеулеріңе кіріңдер. Сүлеймен мен оның әскері аңдаусызда бәріңді таптап кетпесін». Бұдан мынандай мағыналарды шығаруға болады: 1. Біздің де өзімізге тән тіліміз бар. 2. Бізді де басқаратын бір басшының бар екендігі. 3. Бұйрыққа бағынамыз, айтылған нәрсені бір-бірімізге жеткіземіз. 4. Өте тамаша жұмыс істейтін қоғамдық жүйеміз бар. 5. Арамызда пошташылар мен бақылаушылар да бар. Бұл – менің ғана тұжырымдағаным. Егер бір сейсмолог немесе зоолог қолға алса, мүмкін біздің жер бетіндегі дүбір мен жер асты дүмпулерді тез сезетіндігімізді де білер ме еді. Жер сілкінісін зерттеушілер бізге енді-енді ғана көңіл бөле бастады. Біздің аяқтарымыз сілкініс тербелісін сезінуде өте сезімтал. Бұрынғы адамдар бұны жақсы білетін. Олар біз илеу салмаған жерге құрылыс бастамаушы еді. Өйткені, біз батып кететін сазды жерге илеу салмаймыз. Қазіргі уақытта биіктігі көк тіреген зәулім үйлердің жылу, желдету жүйелерін арзан әрі сапалы жасау үшін біздің илеулеріміз мұқият зерттелуде. Тіпті, компьютер мамандары «Құмырсқа отары оптимизациясы алгоритмі» деген атпен мұнай танкерлерін шашау шығармай жеткізуде илеулеріміздегі қалыптасқан жүйеден үлгі алуға тырысуда.

Патшайымдарымыздың өмірі жиырма жылға созылса да, біз оларды бағып-қағудан жалықпаймыз. Өйткені, олар жұмыртқалап, үнемі біздің санымызды көбейтумен болады.

Адамдар, бізді кішісініп, көзге ілмей жүрмеңіз. Біздің бес жүз мың құмырсқа топтасқан тобымыз ірі құсты, бір қасқырды немесе жылқыны жайратып сала алады. Тістеу, сұғу, қышқыл шашу секілді түрлі қаруымыз баршылық. 

Мадагаскар аралында мекендейтін «Адетомирма» деп аталатын бір түріміз өз төлдерінің дене сұйықтығын талғажау етеді, кейбір түрлерімізге ет жеу де таңсық емес. Мейлі, шөптесін өсімдікпен, мейлі, етпен қоректенсін, біз жер бетін үнемі тазалап отырамыз. Оңтүстік Американы мекендейтін «Трачимирмекс» деп аталатын түріміз илеуінде саңырауқұлақ өсіріп, сонымен қоректенеді. Тағы бір «Атта» деп аталатын түріміз де саңырауқұлақтар өсіреді. Алайда, алдыңғысынан айырмашылығы – ол осындай өсімдіктердің жапырақтарын қырқып, ініне төсейді. Соның жылуы мен ылғалын пайдаланады. Басқаларды құл ретінде жұмсап отыратын кейбір түрлеріміз де бар.

Құрметті, адам баласы! Бұдан кейінгі уақытта абай болғайсыз! Аяқ астындағы мен секілді жәндікті таптап кетпеңіз. Адам қаншалықты ардақты жаратылыс болғанымен, біз де тым елеусіз жәндік емеспіз. Ұлы Жаратушы шеберлігінің нәзік те ғаламат туындысымыз. Олай болса, ендігі жерде көзге іле жүрерсіз! 

Дайындаған: Құдайберді БАҒАШАР

2 пікір