Құмар ойнайтын жігітпен болған диалог
Құмар ойнайтын жігітпен болған диалог
6 жыл бұрын 5259

- Ассаламуғалейкум! Менде бір мәселе бар еді. Кіммен жеке сөйлесіп сұрасам болады? Шешімін таба алмай жүрмін.

- Уағалейкумуссәләм! Айта беріңіз. Сізді тыңдап тұрмын.

- Мен осыдан 5 жыл бұрын құмар ойынын ойнағанмын. Әліге дейін аздап ойнаймын. Үш жыл бұрын қомақты кредит алдым. Сөйтіп ол ақшаны құртып қойдым. Қазір «пенясымен» бірнеше миллион болды. Бұл жайлы өзімнен басқа ешкім білмейді. Осы ойынды тастайын десем мүмкін ұтып қаламын ба деген ой бар. Тастамайын десем, ұтылып қала беремін. Не істесем болады? Тастағанның өзінде қалай төлеймін кредитті?

- Жұмысыңыз бар ма?

- Жұмысым бар. Айлығым жүздің үстінде. Алайда, сол ақша қайда кетіп қалатынын білмеймін.

- Түсінікті. Өлім ақиқат қой. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.

- Иә. Ақиқат.   

- Ешкім қашан өлетінін білмейді. Мүмкін қазір мен сізге жазып отырып жүріп кетуім мүмкін. Немесе сіз маған жазып отырған сәтіңізде ажал жетіп, өліп кетуіңіз мүмкін. Не болмаса, ертең өліп кетуіңіз мүмкін. Мен сізге өлім тілеп отырғаным жоқ. Дегенмен, өлім - әр сәтімізде келуі мүмкін екендігі ақиқат. 
Бір күні Алла елшісі (с.а.у.) Әзіреті Омар және Әзіреті Әбу Бәкірмен отырған сәтінде Омардан: 
- «Ей, Омар! Өлімді қаншалықты жақын деп ойлайсың?» - деп сұрайды.
Әзіреті Омар:
- «Жатқан кезде көзімді жұмғаннан кейін қайта аша алмайтындай жақын деп ойлаймын» деп жауап береді.
-«Баъиид, Я Омар» дейді Алла елшісі, яғни, «Алыс, ей Омар» деген мағынада. Сосын Әбу Бәкірден сұрайды:
-«Сен ше, ей Әбу Бәкір, өлімді қаншалықты жақын деп ойлайсың?». 
- «Алған демімді қайта шығара алмайтындай және шығарған демімді қайта ала алмайтындай жақын деп ойлаймын» - деп жауап береді Әбу Бәкір. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): 
- «Міне, енді болды» - деген екен.

-  Иә, өлім айтып келмейді.

- Ендеше, ойда жоқта өлім келіп қалса, жер қойнауына тапсырылғаннан кейін қабір ішінде азапталып жатуды қалар ма едіңіз?

- Жоқ, әрине.

- Егер, қабірде азапталып жатуды қаламасаңыз, ол харам істен қазірден тыйылуыңыз керек. 

- Мен келісемін. Бірақ ақшаны қалай табамын? 

- Мысалы, сіз неге ұрлық жасамайсыз? Білесіз бе?

- Ұрлық жасамағанмын.

- Адамдар жаппай неге ұрлық жасамайды?

- Неге?

- Себебі, ұрлық жасаған адамға заң бар. Ұрлық жасаған адам түрмеге түседі. Адамдар түрмеге түсіп қалмайын деп ұрлыққа бармайды. Әрине, ондай іске тәрбиесі немесе ар-ожданы жібермейді т.б. бұл - басқа әңгіме.

- Иә.

- Енді қараңызшы! Сізге де егер «түрмеге тығамын» десе, сіз ол харам ісіңізді қояр едіңіз. Өйткені, түрмеден қорқасыз.

- Иә.

- Ал, түрме сізге бес жыл немесе он жыл беруі мүмкін. Алайда, қабір азабы – мәңгі, қияметке дейін жалғаспақ. Құмар ойыны қабірде азапталып жатуға тұрмайды. Әлде, тұра ма? Бес-он тиын ұтасыз, сол болмас ақша үшін мыңдаған жыл азапталып жатуға тұра ма?

- Түсіндім сізді. Жеткіздіңіз. 

Ойлана жүріңіз. «Бұл өмір жалған» деп бекер айтылмаған. Жалғанға алданып қалмау керек.

- Бірақ әрі қарайғы жолын білмей жатырмын.

- Жұмысыңыз бар екен, жүздің үстінде айлығыңыз бар екен, соған шүкір етіңіз. Не болмаса, адал жолмен сауда жасаңыз, яки басқалай қосымша адал істер істеңіз. Адал табыс көздері көп қой.

- Иә, көп.

- Олай болса, шайтанның жетегінде кетпеңіз.

- Мен басында өзіме киім, сағат аламын деп бастағанмын. Содан есімді жинай алмай жүрмін.

- Сізде әлі «шанс» бар. Сіз оның дұрыс емес екендігін біліп тұрсыз.

- Иә, білемін.

- Енді әрі қарай орға түсу не түспеу – өз қолыңызда. Меніңше ақылды адам орға түспеуді таңдайды.

- Бірақ құртқан ақшаларды қалай орнына қоямын? Сол уайым.

- Кеткен ақша кетті. Оны өміріңіздегі жіберіп алған бір қателік деп ойлаңыз. Сіз сол қателіктен нәтиже шығардыңыз.

- Рақмет сізге... Тағы бір сұрақ: Қазақстанда ойын орталықтары өте көп. Күннен күнге көбеюде - Olimp, Zenit, 1xbet т.б. Сіздер соларға қандай шара қабылдайсыздар? Қаншама қазақтың балалары азапталып, құл болып, абыройынан айырылып жүр. Азаяр түрі жоқ. Солардың тағдырына кім жауапты? Неге «тыйым» салмайсыздар?

- Өкінішке орай біздің қолымыздан, тек насихат қана келеді. Оларға тыйым салуға тек заң органдары ғана құзырлы. Біз сізге айтқандай түсіндіргенімізше түсіндіреміз. Сіз сияқты түсініп, көкейге тоқып жатқандар бар. Олар – құтылғандар. Алайда елемейтіндер де жоқ емес, олар – тұтылғандар. Алла хидаят салсын жүректеріне!

- Ана жігіттер негізінен жақсы жігіттер. Олар сіздің мына сөздеріңізді естімесе, қалай түсінеді? Неге үлкен ауқымда Хабар және Қазақстан телеарналарында, мектептерге барып, ауылдарға барып, осы мәселені көтермейсіздер?

- Сөзіңіздің жаны бар. Қазіргі таңда күн тәртібінде тұрған «терроризм», «экстремизм жəне «діни фанатизмның» қауіптілігі төңірегінде үгіт-насихат қалай қарқынды жүргізіліп жатқан болса, тура солай құмар ойындарынан жастарды ұзақтату үгіт-насихаты да мемлекеттік деңгейде қарқынды жүргізілуі ләзім.   

- Ойын орталықтарын ашатындар кімдер? Неге сөзіміз өтпейді? Әлде, биліктен қорқамыз ба?

- Біз әлемді құтқармай-ақ қояйық. Әрбіріміз бір адамды құтқарып отырсақ, соның өзі үлкен нәтиже. Достарыңызға, жақындарыңызға мұның харам екендігін, оның зардаптарын айтып жеткізіңіз. Бір адамды құтқарып қалсаңыз он адамды құтқарғандай сауап аласыз. Ең бірінші - жақын досыңыздан бастаңыз.

- Сізді түсіндім. Мен де солай ойладым қазір. Рахмет сізге, Алла разы болсын. Оразаңыз қабыл болсын!

- Алла қабыл етсін. Алла Тағала баршамызды тура жолдан айырмасын!

- Аумин. Сау болыңыз!

- Сау болыңыз! 

Абдусамат Қасым. 
Оқырманмен сұқбат.
(Аты-жөні жасырылды). 

 

0 пікір