Құлағы естімейтін жандар қоғамның толыққанды мүшесі болуы керек
Құлағы естімейтін жандар қоғамның толыққанды мүшесі болуы керек
10 жыл бұрын 7506
Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетінде мылқау, есту қабілеті нашар жандар назардан тыс қалмаған. Сөйлеу мен есту қабілеті – Алла Тағаланың пендесіне берген үлкен нығметі. Түсінген жанға Алланың ұлылығы мен құдіретін естен шығармау үшін. Бірақ, кейде Алла Тағала құлының аяғын, қолын, немесе көзін т.б. дене мүшелерін алады. Ал, оның есесіне арғы дүниеде көптеген көз көріп, құлақ естімеген құнды сый дайындап қояды.

Әрине он екі мүшесі түгел жаннан бақытты адам жоқ шығар мына жалғанда. Сондықтан да Алла Тағала Құранда былай деп ескертеді: «Ол сендер үшін есту, көру және ойлау қабілетін жаратты. Сонда да аз шүкірлік қыласыңдар» («Мүминун» сүресі, 78-аят).

Хақ Тағала адам дейтін әлсіз жаратылысты өсіріп, оған көрінетін және көрінбейтін нығметтер беріп, көретін, еститін қабілет сыйлап, басқа да дене мүшелерімен көріктендірді. Айша (р.а.) анамыз былай дейді: «Алла елшісі Құран оқып болғаннан кейін сәжде жасап: «Көрікті түр беріп, оған есту, көру қабілетін қоса берген Жаратушыға сиынамын» дейтін (Тирмизи).

Сурдология ғылымында, яғни құлағы нашар немесе мүлдем естімейтін жандарға арналған дактильді әліпби ертеде пайда болған деседі. Саусақпен көрсетілетін әріптер Х ғасырда латын Библиясында пайда бола бастаған.

Бұрынғы адамдар белгілі бір таңбалар арқылы түсінескіндігі жайында Құранда аяттар кездеседі. Алла Тағала қол саусақтарының көмегімен сөйлесу туралы бұйрықты алғаш рет Зәкарияға (а.с.) берген екен. Қасиетті Құран Кәрімде былай делінеді: «Раббым! Маған бір белгі көрсет» деді. «Белгің үш күн адамдармен ымдап қана сөйлесуің. Раббыңды көп зікір ет те, ертелі-кеш дәріпте» деді («Әли Имран» сүресі, 41-аят).

Одан кейін үндемей, белгілер арқылы ғана сөйлесу кезегі Мариям анамызға келді. Құранда: «Ал, енді жеп, іш те, қуана біл! Егер адамдардан біреу көрсең: “Аса қамқор Аллаға үндемеу туралы уәде еттім. Сондықтан бүгін еш адаммен сөйлеспеймін” де («Мариям» сүресі, 26-аят).

Бұл бұйрықты Иса (а.с.) дүниеге келгеннен кейін Мариям анамызға періштелер жеткізді. Ол кезде Мариям анамыз алда не болатынынан хабарсыз, адамдардың не айтатынын білмейтін еді. Сондықтан да періштелер адамдармен кездескенде үндемеу туралы серт бергендігін айтуды ескерткен еді. Үндемеу серті сол кездегі құлшылықтың бір түріне баланатын. Мариям анамыздың ауылдастары бұл жайында білетін. Осылайша қолдың көмегімен, ыммен сөйлескен адамдар жайында Құранда айтылады.

Мылқау кісілерге қарап тұрсаң, бір момын, сүйкімді адамды көріп тұрғандай күй кешесің. Себебі, оларды сүйкімді қылып тұрған тілі ма дерсің. Содан тілді де дұрыс қолданбасаң сүйкіміңді кетіретін артық зат екен ғой деген ойдың келетіні рас. Абай атамыз: «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» деп айтқаны есіңе түссе, адамдар үнсіз ұғынысатын болса ғой деген қиялдың туатыны рас.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінен білеміз, жарымжан жандарға көмектесудің, қол ұшын созудың сауап екендігін. Физикалық жағынан артта қалған бауырларымыздың қажетіне жарап, олар жасай алмайтын жұмыстарда демеу бола білсек, бұл ісіміз Алла Тағаланың мейіріміне бөлеп, мол сауаптарға кенелтері сөзсіз. Әрбір мұсылманның міндеті деуге де әбден болады.

Қазіргі кезде әртүрлі секта өкілдері мүгедек жандардың осал жерін пайдаланып, оларға демеу бола отырып, өз сенімдеріне кіргізуге тырысады. Әсіресе, сөйлеу мен есту қабілетінен айырылған кісілерді өздеріне жақын тартады. Идеологияларын тықпалап, өдерінен басқа жақын жан жоқтай етіп көрсетеді. Тіпті, өздерінің уағыздарын қол саусақтары арқылы құлағы естімейтін жандарға түсінікті етіп, арнайы видео өнімдер шығарып таратады. Иранның осы сипаттағы мүгедек бір азаматы: «Біз сурдоаудармашысы бар немесе қол қимылдарының көмегімен естімейтіндерге түсіндіре алатын, діни білімі бар мамандарға мұқтажбыз. Сонда олар бізге Ислам бойынша дәріс бере алатын еді» деп талап-тілегін жеткізеді.

Көп адамдар, әсіресе дін мамандары қол саусақтары арқылы сөйлесе алатын болса, онда құлағы естімейтін жандар үшін мына өмір кеңейе түсер еді. Себебі, олардың тілінде сөйлей, оларға жақындаудың кілті. Олар осыған мұқтаж. Сомалилық бір мұсылман жігіт айтқан мына ұсынысы өте орынды: «Көршім мені әрдайым шіркеуге шақыратын. Бір күні барып көрейінші деп көршіме ердім. Барсақ шіркеу басшысы құлағы ести тұра, қол саусақтары көмегімен тамаша сөйлей алады екен. Таң қалдым. Біздің мұсылмандарда осындай жандардың аздығы мені қынжылтты. Мұсылмандардың құлағы естімейтін адамдарды неге оқытпайтынына түсінбеймін. Менімше, дін саласында жүрген адамдардың бәрі құлағы естімейтіндердің тілінде сөйлеуді үйренуі керек деп ойлаймын. Сонда біз мешітке жиірек барып тұратын едік».

Тек дін саласында ғана емес, басқа да салаларда мұндай жағдайлар қарастырылу керек. Мемлекеттік бағдарламаларды танып, оған үлесін қосу мақсатында ондай жандарға біреудің көмегінсіз (жақын адамының) өз бетімен жұмыс жасай алуына ықпал етуіміз керек секілді. Әрбір қызмет көрсету орталықтарында, әрбір мекемеде құлағы естімейтін жандар үшін түсінікті тілде сөйлей алатын мамандар жұмыс істесе, онда олар өзіне қажетті кеңес алып, қоғамның толыққанды мүшесі атануға мүмкіндігі бар.  

Адам ақпаратты көз, құлақ арқылы алады. Біз айтып отырған адамдар сырттан келетін ақпараттардан көбіне хабарсыз болады. Құлағы естімейтін, көзі көрмейтін адам өзіне қажетті ақпаратты қайдан алсын? Сөйлей алмайтын адам көкейіндегі сұрақты кімге қоя алады? Осы жағдайлардан олардың қоғамнан көп жағдайда шеттеліп қалатынын ескерсек, онда бұл аталған кемшіліктерден пәк жандардың көмегіне мұқтаж екендіктерін көрсетеді. Сондықтан да құлағы нашар еститін, сөйлеу қабілетінен айырылған жандарға барынша ақпарат алуына көмектесу мұсылмандық әрі азаматтық борышымыз. Мүгедектіктің осы санатындағы жандар дініміздің қарапайым қағидаларын біле бермейді. Соған барынша жағдай жасап, ақпарат алуын, пайдалы мағлұматтарды біліп жүруін қамтамасыз етуіміз керек.

4 пікір
  • Аллаға шүкір...
    10 жыл бұрын
  • нұрқанаттың бір жақсы жері, ел көп айта бермейтін тақырыптарды таңдап, талғап қозғайды. Бұл бір, екіншіден, нақты мәселені қозғайды.
    10 жыл бұрын
  • Мен дін қағидаларына сай өмір сүремін Аллаға Тағалаға 1001 шүкір,сансыз мадақ және суреттегідей кохлеарный имплантация жасалған балам бар,құлағы мүлдем естімейтін еді,енді Аллаға шүкір медицинаның дамығандығынан бір құлағы естіді.
    10 жыл бұрын
  • Кешірерсіз,Алла Тағалаға
    10 жыл бұрын