Ауылым маған адам сүюді үйретті
– Аға, сіздегі тәрбиенің бастауы қайда жатыр? Отбасыңызда дінге жақын адамдар болды ма?
– Менің әкем соғыстан жараланып қайтты. Өкпесінде оқтан ба, әлде жарылған минадан ба, жарықшақ қалып қалған екен. Біз надан болдық, дәрігерге қарата алмадық. Өкпесі шіріп, бейнетпен өлді. Сол әкем қанша азап шегіп, қиналыста жүрсе де, намазын бір күн де қаза қылған адам емес еді. Өмір бойы қойшы болды. Намазын үйде де оқитын, далада жүрсе де киімін жайып жіберіп, жайнамаз жасап оқи беретін. Әкем әулие кісі еді. Мен Құдай алдында да, қоғам алдында да, өзімнің арымның алдында да әкеме қарыздар адаммын. Әкем, шешем, жалпы ауылым маған адам сүюді үйретті. Мен адамды, оның ішінде қазақты сұмдық жақсы көремін. Жаман, жақсы деп алаламаймын. Ауылымда әкемнен үлкеннің бәрі маған әке болды, шешемнен үлкеннің бәрі – әже, кішісінің бәрі – жеңге еді. Жеңгелерім де мені атыммен атамайтын, бірі «Шырақжан» десе, енді бірі «Кенжем» деп еркелететін. Шешем 18 құрсақ көтерген. Содан аман қалған екеуміз ғана. Кенжесі мен. Ағамның әйелінің «Кенжем» дейтіні содан болса керек. Біз өте кедей тұрдық. Ақша дегеннің не екенін білмейтінбіз. Әкем қойшылық қызметіне жылына 30 тоқты алатын. Сол тоқтыдан бізге біреуі де бұйырмайтын. Біреу «қысылып тұр едім» деп көмек сұрап келсе, үйдегі тәуір затты соған беріп жіберетін. Қазір дінде «сараң болма, садақа бер» дегендерді оқып жүрміз ғой. Әкем діннің барлық қағидаларын жақсы білетін әрі соның барлығын бойына сіңірген жан болған екен ғой. Оны қазір ойлап жүрмін. Әкемнің ерекше Құдай жаратқан қабілеті – есте сақтауы еді. Ондай адамдар өте сирек болады деседі. Әкем үйде маған үнемі кітап оқытатын. Өзі оқымайды. Кітапты жанында таң атқанша оқып отырсаң да, Құдайға құлшылық етіп отырғандағыдай тізерлеп отырған қалпынан танбайтын. Күні бойы қойдың соңында жүру оңай ма, кейде солай отырған күйі ұйықтап кететін. Ондайда оқып отырған кітабымды тоқтата қоямын. Ол кісі қайтадан оянып алып «оқи бер, шырағым», – дейді. «Ұйықтап кеттіңіз ғой, тіпті қорылдадыңыз» десем, «естіп отырмын, оқи бер, айналайын», – дейді. Шешем: «Кітапта нең бар? Ұйықтасаңшы, ертең қойға барасың», – деп ұрсыңқырап қояды. Ондайда әкем баяу ғана: «Баламның оқығаны өзіне жақсы, білгені маған да теріс емес, ұйқым қанады ғой», – деп жауап береді. Мен сонда да сенбей: «Ұйықтап қалғаныңыз рас. Қане, не айттым? Айтып беріңізші», – деп өзімше тексеріс жасасам, әкем соңғы сөзді ғана емес, бір абзацты бір сөз қалдырмай магнитафон сияқты қайталап айтып береді. Сенесің бе, сенбейсің бе?
– Әрине, сенемін, ниеті, жүрегі таза, көзі харамнан алыс, Құран оқитын адамдардың есте сақтау қабілеті жақсы болады дейді ғой...
– Солай болса, солай шығар... Әкем қай жағынан болса да үлгі алатын адам еді. Өлең оқысаң, оны да сол қалпында айтып беретін. Ондай есте сақтау қабілеті мықты адамды осы жасыма дейін кездестірмедім. Менің есте сақтау қабілетім әкемдікіндей болған жоқ, бірақ қатарластарыммен салыстырғанда әлдеқайда жақсы еді. Осы кезге дейін жазып шыққан кітаптарым үшін есте сақтау қабілетіме қарыздармын. Ал ол қасиеттің маған әкем арқылы қанмен берілгені анық.
Біздің тарих – еуропалық түсінікпен жазылған тарих
– Қойшығара аға, қазақ тарихын қайта қалпына келтіру жолында халыққа есепсіз қызмет еткен жансыз, талай тарихи кітаптардың авторысыз. Бүгінде қазақ тарихы толық зерттеліп болды деп айта аласыз ба?
– Біздің тариыхмыз – өте бай тарих. Бірақ оның барлығы түгелдей зерттеліп, бас-аяғы толық хатқа түспеді. Біз бұл мәселені тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түзеткен болып жатырмыз. Өйткені, Кеңес үкіметінің құрамында болған 70 жылда қазақ тарихшыларынан бірде-бір адам қазақ халқының түп тарихынан не кандидаттық, не докторлық жұмыс қорғамады. Оған дейінгі біз туралы жазылған негізгі жазбалардың барлығы орыстікі. Масқара болғанда, қазақ тарихының атасын Левшин деп жүрдік қой. Ал, ол – орыстың бізді жаулап алуға келген чиновнигі. Енді ғана өз тарихымызды өзіміз зерттеуге ден қоя бастағанда, ауызша деректерді жүзеге асыртпай тастады. Ал жазба деректердің барлығы бізді «жабайы» деп оңдырмайды. Соңғы кітабымды «Тарихтың танылмаған беттері» деп осы тақырыпқа арнап жатырмын. Бүгінгі біз оқып жүрген тарих түрік халқын «VI ғасырда Алтайда пайда болған» дейді. Қазір ХХІ ғасыр болса, сонда 11 ғасыр ғана ғұмырымыз бар екен. Ал мен түрік халқын адамзат жаратылғаннан бар деймін. Осыны дәлелдемекпін.
Біздің тарих – еуропалық түсінікпен жазылған тарих. Ал ендігі жазылатын тарих өзіміздің түсінігімізбен, пайымымызбен жазылуы тиіс.
Қазір Қазақстанда ғалым жоқ, маман бар
– Өз тарихымызды өз көзқарасымызда жазып шығу үшін неден бастауымыз керек?
– Ол үшін ғұлама ғалым керек, маман қажет. Қазір Қазақстанда ғалым жоқ, маман бар. Маман деген не? Мысалы, саған «қыпшақты зертте» деп тақырып берді, сен қыпшақты өте жақсы зерттедің, дүниежүзінде олар туралы жазылған барлық деректерді ақтарып шықтың. Қыпшақтар туралы білмейтінің жоқ, бірақ өзге тақырыпқа келгенде жақ аша алмайсың, тек зерттеген тақырыбыңды білесің, болды. Міне, осындай адам – маман. Немесе медцинаны алайық. Қарапайым кардиолог болсаң, ота жасай алмайсың. Өйткені хирург емессің. Оларды да сондықтан маман дейміз. Ал бұрынғының дәрігерлері, Ибн Синалар адамның барлық ағзасын, басынан бақайшағына дейін емдейтін. Тамырыңнан ұстайды да, диагнозыңды қойып, ем-домын жасай береті. Ғалым, ғұлама деген – солар. Бұрынғылар әрі математик, әрі астроном, әрі ақын-жазушы болатын. Олардың миының біздің мидан еш артықшылығы жоқ. Тек тәрбиелері басқашалау. Оларды ата-аналары кішкентайынан білім-ғылымға баулыған, солай үйреткен. Ал біздің бүкіл ғылымымыз, біліміміз күнкөрістік мақсатта. Мысалы сені «Жақсы оқы, жақсы оқысаң университетке түсесің. Оны үздік бітірсең, жақсы қызметке барасың. Қызметіңді дұрыс істе, карьераң өседі», – деп тәрбелейді. Осы сөздерді құлағыңа құйып өскен сен өлгенге дейін сол мақсаттың соңында кетесің. Сонда халыққа қызмет ету қайда қалады? Қазір жұрт осындай мақсаттағы адамдарды халыққа қызмет етіп жүр деп ойлайды, аражігін ажырата алмайды. Президент боп сайланған адамды халыққа қызмет етіп жатыр деп есептейді. Олай емес. Адам Президент болып тағайындалған соң қалай ма, қаламай ма, сол қызметті істейді. Онысы халыққа қызмет ету емес. Мен күн көрісім үшін еден жуушы болдым. Қалаймын ба, қаламаймын ба, еден жуамын. Бұл халыққа қызмет ету емес. Ал егер Президент отырған тағын халықтың мүддесіне жұмыс істете алса, онысы халыққа қызмет ету саналады. Еден жуа жүріп те айналасындағыларға кішкене болса да, сәуле түсіре алған жан халыққа қызмет еткен саналады. Қазақстанға талай адам Мәдениет министрі болды. Бірақ олардың арасынан халықтың жадында қалған үш-ақ адам бар. Көнесінде – Темірбек Жүргенов, одан кейін – Ілияс Омаров, кейінгісі – Өзбекәлі Жәнібеков. Олардың басқалардан ерекшелігі қызметтерін халықтың игілігіне пайдаланды. Содан кейін де есімдері халық есінде қалды.
– Аға, қолында үлкен билік немесе мансап жоқ адам қайтсе еліне пайдасын тигізе алады?
– Тарихты жасайтын – адам. Алла Тағала бүкіл мақұлықтың ішінде адамды артық жаратты. Сондықтан өзіңді таны, адам болып өмір сүр. Өзіңді жөндесең, бәрі де қалпына келеді. Ақылды болсаң, білімді болсаң, қиянат жасамасаң, өтірік айтпасаң, ұрлық істемесең, маңайыңа сәуле түсіріп жүрсең, жамандық қайдан келеді? Бірақ осының барлығын біле тұра істемейміз. «Жалғыз өзімнің қолымнан ештеңе келмейді ғой» деуің мүмкін. Рас, сен қазіргі ағымға қарсы ештеңе де істей алмайсың. Өтірік айтса, өтірік айтуға міндеттісің. Пара сұраса, беріп құтылуыңа тура келеді. Олай істемесең, жоқсың. Бірақ бұл сенің қолыңнан ештеңе келмейді деген сөз емес қой. Мысалы, сенің бір мақалаңды кем дегенде 10 адам оқиды. Сол онның арасынан ең болмағанда бір адам ойланып, өзін түзей бастаса, сенің жетістікке жеткенің. Сен бар, мен бар, бәріміз бірігіп халыққа пайдалы бірдеңе істеп қалуға тырыссақ, бір нәтиже шығады ғой. Қазір біздер пайда қуып кеттік. Пайданың ақыры – құлдырау. Халық көрмейді деген өтірік сөз. Кезінде атылып кеткен «халық жауларын» ел әлі есінен шығарған жоқ. Халық көп қой. Сорпаның бетіне шығатын жылтырағың бар болса, халық көреді. Жоқ болса амал жоқ. Осының барлығын түсініп алып кіріссең, қаламың да басқаша жазатын болады. Өтірікке бармайды. Түсінбесең, онда өз қара басыңның мүддесмен кеткенің.