Дүниеде ешбір нәрсе мақсатсыз, бекер жаратылмаған. Тек материалдық жаратылыстар ғана емес, рухани жай-күйлердің де өзіндік мәні бар. Мысалы, адам басына түсетін түрлі қиыншылықтар өзінен-өзі кездейсоқ болып жатқан дүниелер емес. Сонда адамның ауырып, сырқаттануы, жақындарынан айырылуы, қызметтен босап қалуы, кедейшілікке душар болуы, осы секілді өзге де қиыншылық атаулылар не үшін жаратылған? Бұлардың адам үшін зияны көп пе, пайдасы ма?
Негізінде, қиыншылық, ауыртпашылықтың шеңбері де, аясы мен ауқымы да өте кең. Бір адамның жеке басына ғана қатысты қиыншылықтар бар. Сол секілді белгілі бір ауыл-аймаққа, белгілі бір ұлтқа, халыққа немесе бүкіл адамзаттың басына түскен қиыншылықтар болады.
Қасиетті Құранда мынадай аят бар: «Жер бетінде орын алатын (қуаңшылық, зілзала, топан су сынды) қандай апат болмасын, яки бастарыңа келетін (ауыру-сырқау, ашаршылық, жақындарыңнан немесе дүние-мүліктеріңнен айырылу сынды) қандай ауыртпалық болмасын, бәрі де Біз оларды жаратпай тұрып-ақ кітапқа (лаухул-махфузға, тағдыр тақтасына) жазылып қойылған. Шүбәсіз, бұл Алла үшін оп-оңай» («Хадид» сүресі, 22-аят).
Бұл аяттың астарына қарасақ, қиыншылық негізінен екі түрлі болады: жерден келетін қиыншылықтар, жеке өзімізге келетін қиыншылықтар. Бұл бір. Екіншіден, ешбір қиыншылық кездейсоқ, өзінен-өзі болмайды. Тек қана Алланың жаратуымен жүзеге асады. Ендеше, бұлардың арғы жағында үлкен хикметтер мен сырлар жатыр.
Ғалымдардан: «Қиыншылық – Алланың оғы. Нысан – адам» деген сөз қалған. Барлық қиыншылық Алладан келеді және адамға келеді. Яғни, лақтырылған тас бір адамға қалай тисе, қиыншылықтар да бір кісіге дәл солай арнайы келеді. Дүниенің өзі сынақ сарайы болғандықтан, адамдар Қиямет күніне дейін қиыншылық пен сынақтан көз ашпайды. Біреу ауырады, біреу қайтыс болады, біреу сүйгенінен, біреу қызметінен айырылады. Қасиетті Құранда бұл анық айтылған. «Шүбәсіз, Біз сендерді қорқынышпен, аштықпен һәм мал-мүліктеріңді, жақындарыңды әрі өнімдеріңді (табыстарыңды) кеміту арқылы сынаймыз. Ендеше, сабырлы болғандарды сүйіншілеп қуанта бер.» делінген («Бақара» сүресі, 155-аят). Өмірдің түпкі мәні де сонда. Міне, осы нәрсені өте жақсы түсінуіміз керек. Ал енді қиыншылық «оғы» не үшін атылады, адамға оның не қажеті бар деген сұраққа келейік.
Егер адамға қиыншылық келмесе, онда тіршілік пен әрекет те болмас еді. Жерде жатқан жансыз тас секілді бір орында тұра берер едік. Бізге ауыртпашылық оғы тигеннен кейін әрекетке көшеміз. Қарнымыз ашса, тамақ іздейміз. Ауырсақ емделуге асығамыз. Мысалы, компьютердегі бір құжатты ашу үшін «тышқанның» оғын апарып екі рет «атуымыз» керек. Онсыз ол құжат ашылмай тұра береді. Оған ештеңе жаза да алмаймыз, өзгертіп түзете де алмаймыз. Жерге егілетін дәндер де алдымен шіриді. Содан соң өсіп, өне бастайды. Адам дасол сияқты. Басына іс түспесе, қимылдамай жата береді.Сондықтан бұрынғы мықты мұсылмандар, сахабалар Алладан қиыншылық келсе қуанған, келмей қалса, күйзелген. Барлық пайғамбарлар мен Алланың сүйген құлдарына ең үлкен сынақтар жіберілген. Соны олар дұрыс қабылдай алған. Қиыншылықты өз пайдаларына жарата алған. Бізден, пенделерден де талап етілетін нәрсе сол. Ауыртпашылықты өз пайдамызға асыру. Ендеше, Алланың сынын да – бізге берілген бір нығмет деп түсіну керек. Алланың бізге назар аударғаны.
Бір адам қатты сырқаттанып қалса, «Алла! Алла!» деген сөздерді көбірек айтады. Алланы көбірек еске алады. Бұл жақсы ма, жаман ба? Пайда ма? Зиян ба? Әрине, бұл жақсылық. Бүкіл өмірімізде бір де бір рет Алланы еске алмай, мәңгілік өмірге көшіп кетсек не болады? Алла Тағала күніне ең кемі бес рет Алланы еске алуымыз үшін намазды парыз еткен. Біле білсек, намаз да бір қиыншылық. Қым-қуыт тіршіліктің арасында күніне бес уақыт намаз оқу, қыстың суық күндерінде дәрет алу, ең тәтті таңғы ұйқыны бөлу – оңай нәрсе емес. Ал бірақ оның түбінде жақсылық бар. Ертең қабір әлемінде, қанша адам қиналғанда, намаз оқығандар қиналмайды. Мизан таразысы құрылғанда, көп адам қай жақсылығын салуды білмей қиналғанда, сіздің намазыңыз алдымен тартылады. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) өзінің үмбетін шапағат ету үшін іздегенде, сіздің дәрет алған мүшелеріңізден мұсылман екеніңіз жарқырап білініп тұрады. Жақсы ма, жаман ба? Әрине, жақсы, Сондықтан, қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, әрбір қиыншылықтан кейін жеңілдік бар. Қиыншылықтан кейін жеңілдік бар» деп бір емес, екі рет қайталап білдірген. Олай болса, қиыншылық өте жақсы нәрсе. Ол Алланың бізге аударған назары. Бізге жіберген нығметі. Оны солай қабылдап үйрену керек. Енді мәселенің екінші жағына келейік. Ақшамыз, мал-мүлкіміз, егін егетін жеріміз бар. Сүйген жарымыз, бала-шағамыз бар. Үйіміз, баспанамыз бар. Қызметіміз, атақ-даңқымыз бар делік. Бәрінен бұрын кеудемізде шыбын жанымыз бар. Мұның бәрін бір қиналғанда сүйенішіміз, таянышымыз болар, бір қажетімізге жарар деп ұстаймыз. Мысалы, бірнеше жыл бұрын батыстық сәуегейлер ел ішіне «ақыр заман болады» деген қауесет таратқанда, көп адам жер төлелеріне азық-түлік жинай бастады. Шын Қиямет келер болса, ол жинағандарынан қандай көмек болар еді. Қиналғанда, сүйеніш болар деген түсінік осы. Ал енді ақиқатқа келсек, мұндай уақытша, өткінші ғана нәрселерге емес, кез келген қиыншылықты жіберуші және қайтып алушы Аллаға сүйенген дұрыс. Еш өлмейтін, мәңгі тірі Аллаға сүйену арқылы ғана кез келген қиыншылықтан ұтып шығуға болады.
Иә, қиыншылықтың болғаны жақсы. Ол Алланың бізбен байланысы деген сөз. Алланың назары түскен адамға қауіп-қатер де, қорқу да жоқ. Үлкен қиыншылыққа көп адам ауруды, қартаюды және өлімді жатқызады. Бұл аталғандар, ақиқатында, қиыншылыққа жата ма деген сұрақ туады. Дұрыс, ет пен сүйектен жаралған пендеге бұл аталғандар оңай тимесі анық. Бірақ дегенмен бұлар ең үлкен қиыншылық емес. Ауыртпашылықтың ең үлкені адамның дініне келген ауыртпашылық. Егер бір адам иманнан, мұсылмандықтан, Алла мен Оның елшісін танып-білуден алыс болса, ең басты қиыншылық осы. Өйткені имансыздықтың арғы жағында бұл өмірдегідей жүз жылдық емес, мәңгі бітпейтін ауыр азап күтіп тұр. Алла содан сақтасын. Бұл дүниенің барлығы түп-түгел Алла бар, Алла жалғыз, ақиреттің болатыны рас деп паш етіп тұрғанда, иманнан мақұрым қалудан артық қиындық та, күнә да жоқ. Алла баршамызды осындай қиындықтан сақтасын. Өмірдің әрбір сынағына болаттай сабыр керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Автордың "Ізгілік қалсын әр ізде" атты кітабынан.