Қиыншылық қылмысқа итермесін
Қиыншылық қылмысқа итермесін
10 жыл бұрын 5708
Алтынбек Боранбек

Бүлдіршін қыздардың қолдарындағы моншақты үзіп алып жылап отырғанын талай көрген боларсыз. Бүгінгі қоғамның рухани бет-бейнесі де кейде осы жағдайды еске салатын секілді. Талай-талай рухани құндылықтарымыз ғасырлар бойы жалғасып келген алтын тінінен ажырап, жан-жаққа шашырап-шашырап, ақыр соңы жоғалуға айналуда. Ананың сүтімен, атаның күшімен бойымызға дарыған, қанымызға сіңген сондай қасиеттердің бірі – көркем түрде сабыр ету.

Негізінде, сабыр   адамзат тарихында өткен ең ұлы тұлғалардың ең асыл қасиеттерінің бірі болған. Олар ауру-сырқат, аштық, кедейлік, зорлық-зомбылық, қиянат секілді небір ауыртпашылықтарға душар болса да, қара нардай қайыспас төзім таныта білді. Бұл, әрине, асыл дініміздің тәлімінен бастау алады. Есіңізде болса, әйгілі азаншы Білалды қожайыны адам төзгісіз азапқа салып тұрып: «Мен саған бұрын-соңды араб жұрты есітіп-білмеген азап шектірем», - деп тісін қайраған. Сол кезде қайран Біләл: «Мен оған бұрын-соңды араб жұрты есітіп-білмеген сабыр танытам» деген болатын. Сол уәдесінде тұрды да. Шығарға жаны ғана қалып, қанша қиналса да, мүбәрак аузынан «Аллаһу Ахад» - «Алла Жалғыз» деген сөз ғана төгіліп жатты. Иә, мұсылман жұртының қиыншылыққа қарсы қолданатын қаруы – сабыр, ал қалқаны – Аллаға деген терең иман болатын. Олар түбінде жеңіс сабырлылармен бірге екенін, ал қиын-қыстау өмірдің артынан шат-шадыман қуаныш келетінін жақсы сезінетін.

Ислам шариғатына тереңдеу үңіліп қарасақ, мұсылман кісіге берілген ең ұлы нығметтердің бірі сабыр екенін көреміз. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінің бірінде иманды жанның әрбір жағдайы қайырлы екенін айта келіп: «Басына жақсылық келсе, шүкір етеді. Ол оған қайырлы. Қиындық түссе, сабыр етеді. Ол да оған қайырлы» деген болатын.

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Шын мәнінде, Біз сендерді қауіп-қатермен, аштықпен, малдарыңды, жандарыңды және өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз. (Мұхаммед ғ.с.) сондай жағдайларда сабыр сақтағандарға сүйінші хабар жеткіз» делінген («Бақара» сүресі, 155-аят). 

Асылында, осындай жағдайларда сабыр ету иманымыздың көрсеткіші. Кімнің иманы қанша болса, сабыры да сонша болады. Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Адам баласы дінінің өлшемінде  сыналады» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, діни қуатымыз бен иманымыз күшейген сайын өмір сынақтарымыз да арта береді. Ал сынақтардың арғы жағында Алланың сүйіспеншілігі жатқанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. «Алла өзінің сүйген құлын түрлі қиыншылықтармен сынайды».  Бұл да Алла Елшісінің (с.а.у.) хадисі. Бұл қағидаға Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) өз өмірі нақты дәлел бола алады. Ол - Алланың ең сүйікті құлы еді. Соған қарай Оның сынақтары да  қыруар болды. Тіпті бүкіл өмірі түп-түгел сынақтан тұрды десек қателесе қоймаймыз. Оның пайғамбарлық ғұмырының бірнеше беттерін бірге парақтап көрейік. Ол қаршадайынан жетімдік көрді. Хазреті Фатимадан басқа барлық перзенттері өзінен бұрын дүниеден озды. Оның өзі әкесінен алты ай кейін мәңгілік сапар шекті. Осының өзі аз сынақ па? Мал дүниесі талан-тараж болып, сүйікті Отанынан, кіндік қаны тамған жерінен қуылу да ардақты Пайғамбарымыздың басынан өтті.  Жақындары да, алыстары да, көршілері де Оған жапа шектіріп, азап тартқызатын. Мекке мүшріктері үш жылдық экономикалық блокада жариялағанда, сүйікті Пайғамбарымыз бен оның сахабалары аштықпен сыналды. Тіпті ағаштың жапырағын жеп, бойын тік ұстауға дейін барды. Бүгін қайсымыз осындай сынаққа душар болдық?! Алланың хақ дінін түсінідірем деп жүргенде, Алла елшісінің мүбәрак тістері сындырылды. Маңдайы қанады. Ухуд шайқасы кезінде жанындай жақсы көрген жетпіс сахабасы шейіт болды. Олардың қатарында сүйікті көкесі, емшектес ағасы Хамза да болатын. Сынақ па, сынақ. Қайғы ма, қайғы. Бұл аз дегендей, дым білмес мүшріктер Оны «жынды» деп айыптады. Бұл дүниенің ең адал, ең ақылды тұлғасы бола тұрып, осындай жала сөздер естіді. Міне, бұл да үлкен сынақ еді. Алла Елшісі (с.а.у.) мұндай сынақтар мен бәле-жаланың ешбіріне қайысқан жоқ. Солардың кесірінен қылмысқа, күнәлі іске барған жоқ. Керісінше, қиналған сайын иманын бекемдей түсті. Өзге пайғамбарлар мен саңлақ сахабалардың өмірі де сынақ пен ауыртпашылыққа толып өтті.

Міне, осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі қоғамға аса қажет мінездердің бірі – осы сабыр. Өйткені көптеген күнәлі істер, қылмыстар өмірдің түрлі қиындықтарына шыдай алмаудан келіп шығады. Ашкөзділік, кедейліктен қорқу, нәпсінің қыспақтарына шыдай алмау, ауруға төзе алмау – бәрі де көркем  сабырды қажет етеді.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадистерінің бірінде былай дейді: «Кімде кім жұртқа алақан жайып, тіленшілік жасаудан аулақ болып, ар-намысын сақтаса, Алла оның ар-намысын арттырады. Ал кімде кімнің көзі тоқ болса, Алла оны өзгелерге мұқтаж болудан сақтайды. Кімде кім сабырлы болуға тырысса, Алла оған сабыр береді. Ешбір адамға сабырдан артық сый-сыяпат берілмеген».

Ендеше, Аллаға және ақиретке иман келтірген мұсылмандар қанша қиналса да, ар-намысына кір жұқтырмайды, күнәлі іске бармайды. Алла баршамызды сабырлы құлдардан етсін!

1 пікір