Қазіргі таңда діннің іргесін бұзуға бағытталған үш фитна (ылаң) бар...
Қазіргі таңда діннің іргесін бұзуға бағытталған үш фитна (ылаң) бар...
4 жыл бұрын 9969
Осман Нұри Топбаш

Қазіргі кезде Исламды үйрету мәселесінде діннің негіздерін бұзуға бағытталған үш фитна (ылаң) бар:

• Бірінші - ижтихад пен мазһабты қажетсіз етіп көрсетіп[1], әркімді өз-өзіне мүжтәһид қылу. (Мүжтәһид – шариғат ғылымында ең үстіңгі дәрежеге жеткен ғұлама). Осының нәтижесінде, діннің «әліппесінің» өзін білмейтін көптеген адамдар шариғи (фиқһи) мәселелерге қатысты өзіндік ойқорытындысын көлденең тартып, үкім қоя бастады. Бұндай тенденция діннің әлсіреуі мен жойылуына алып келеді (Алла сақтасын). Ал, бұл, өз кезегінде «деизмнің» алаңын кеңейткісі келетіндер үшін майлы шелпек іспетті.  

(Деизм - әлемді жаратқан бір Құдірет күштің барын айтатын, бірақ Құдайдың адамдарға кітаптар жіберіп, оларға тура жолды үйрететіндігін және о дүниеде жаза мен сыйлықтың болатындығын жоққа шығаратын діни-философиялық бағыт).  

Мазхабтар дегеніміз, сонау сахаба буынынан бері бой көрсеткен ғұлама-мүжтәһидтердің ең сенімді шариғи шешімдерін қамтыған Ислам құқық мектептері болып есептелінеді. Мәзһабтардың біреуін таңдап, сондағы реттелген үкімдермен жүру – қажеттілік. Мазхабтардан бас тарту мүмкін емес. Себебі, олар - Құран және хадистерден алынған ережелер мен үкімдер жиынтығы. 

• Екінші фитна – ардақты Пайғамбарымыздың сүннеттері мен хадистері төңірегінде күмәндар салуға тырысу. Бұл бүлік - Құран Кәрімді Исламның жалғыз қайнар көзі ретінде көрсету айласы арқылы жасалуда. 

Шын мәнісінде, Құран Кәрім – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жүрегіне түсірілген уахи. Құран аяттарын халыққа жеткізу, оны түсіндіру және үйрету міндеті Пайғамбарымызға жүктелген болатын (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Сондықтан да, Пайғамбарымыздың сүннетінсіз Құранды түсіну мүмкін емес. Өйткені, Мұхаммед пайғамбарымыздың (ғалейһиссәләм) өмірі толықтай – Құранның түсіндіруі әрі Құранның практикадағы көрінісі болып табылады. Сүннет - Құраннан бөлек нәрсе емес. Қасиетті Құран Кәрім мен Сүннет шәриф, бұл екеуі – Ислам дінінің негізгі қан тамырлары саналады. Ол екеуі – дініміздің іргелі дәлелдері болып есептеледі. 

• Үшінші фитна – Құран Кәрімді арабтарға ғана жіберілген және тек сол заманда ғана өзекті болған (қазір өзектілігін жоғалтқан) ежелгі кітап ретінде таныту талпынысы. Мұндай әрекеттер кезінде Ібіліс шайтанның Алла Тағаламен текетіресуіне ұқсайды. Өздеріңіз білесіздер, Алла Тағала Адамды жаратқаннан кейін, періштелерге:  

«Адамға сәжде етіңдер!» - деп бұйырған еді. Мұндағы «сәжде» - ғибадат емес, адамға деген құрмет сәждесі тұғын. 

Сонда тәкәппар Ібіліс шайтан Адамға қызғанышпен қарап, оған сәжде етуден бас тартты. Ол - Жаратушының тікелей бұйрығына қарсы келді. Мұның себебін сұрағанда ол «Мен өзімнің ЭГО-ма бағындым. Мені, кешіре гөр, Жаратқан Ием!» деп айтудың орнына былай деді:

«Мен оттан жаратылдым, ал Адам – топырақтан жаратылды. Мен одан артықпын!» - деп менменсіді. 

Алайда, Алла Тағала одан: «Кім жақсы? Сен бе, Адам ба?» - деп сұрамаған еді. Алла оған тек бас иіп, тағзым жасауды бұйырған еді. БІрақ, ол бас тартып, осылайша, Аллаға қарсы алғашқы бүлікті Ібіліс жасады (оған Алланың лағынеті болсын). Ол өзінің осындай шүкірсіз нанкөрлігі себепті, Құдай Тағаланың жарылқауынан мақұрым болып, мәңгі лағынетке ұшырады.  (Қараңыз: әл-Ағраф сүресі, 12-13 аят; Сад, 71-78 аят және т.б.). 

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімді қиямет қайымға дейінгі бүкіл адамзат үшін "ақиқатқа бастаушы жолбасшы" ретінде сыйға тартқан. Жаратқан Алла Қиямет күніне дейін басқа пайғамбар жібермейді және басқа қасиетті жазбалар жолдамайды. (Соңғы пайғамбар - Мұхаммед пайғамбар. Соңғы иләһи кітап - Құран кітабы). Ал енді ең соңғы иләһи кітап саналатын Құран Кәрімдегі нұсқауларды «уақыты өткен, ескірген» деп айту – Ұлы Жаратушыға жабылған жексұрын бір жала. 

Өкінішке орай, қазіргі таңда «иләһияттарда» (Түркия еліндегі «Дінтану» факультеттерінің атауы) «діни білім» деген атпен студенттерге Леон Каэтани, Игнац Кольдцихер сынды Исламға жұлдызы қарсы болған авторлар мен шығыстанушылардың (ориенталист) идеяларын оқытуда. Олардың көзқарастарын оқыту – студенттердің көңілдеріне күмән салып, саналарын кірлету деген сөз. Соларды оқытып жатқандар мойындарына үлкен жауапкершілік пен күнәні алып жатқандарын біле ме екен?... 

Біз "үш фитна" (ылаң, бүлік) жайында айттық. Олар:

  • Мәзхабтарды қабылдамау.
  • Сүннеттерді (хадистерді) қабылдамау.
  • Шариғат үкімдерін қабылдамау.

Аталмыш бүліктер діни мәселелер төңірегінде жұрттың көкейіне күмәндар салуда және өкінішке орай, білім алушылардың біразын «деизм» жолына түсуге итермелеуде.   

Мұның шешімі – дінді дұрыс үйрету. Дінімізді дұрыс үйренген ұрпақ, Исламға қарсы болған шығыстанушылар мен имансыздардың ұсынатын (өтірікпен) безендірілген ыдыстағы уды жұтпайды.

Мәуләна Жәләлуддин ар-Руми айтады:

«Құран Кәрімнің қасиетті аяттары мен Пайғамбарымыздың асыл хадистерін оқымастан бұрын өзіңді түзет! Егер, сен "раушангүлі" бақшасындағы хош иісті сезбей тұрсаң, бақшадан ақаулық іздеме. Оны (ақаулықты) өзіңнің ішкі дүниеңнен және мұрныңнан ізде!».

Бүгінгі күні дұрыс Ислам білімін беру үшін, оның (Ислами білімнің) деңгейін көтеру керек... Біздің Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларын 23 жыл бойы оқытты.

Сізге дінмен өмір сүру керек, осылайша діни білімді өмір бойы алған боласыз және осы жолда басқаларға да жәрдем ету керексіз.

Және де, дінді, Құдайдан шынайы қорқатын, тура жолдан ауытқымаған, күнделікті тіршілігінде діни ережелерді сақтайтын тақуа ұстаздар үйретуі керек.  

Жеткілікті діни білімі жоқ қандастарымыз, әсіресе қарапайым дін негіздерінен мүлдем мәліметі жоқ жерлестеріміз, дін төңірегіндегі жасалып жатқан көптеген пікірталастардың мәнін түсінуге, ғаламтор кеңістігіндегі көптеген лекциялар мен ұсынылған діни ұстанымдардың дұрыс-бұрысын айыруға білімдері жетпей жатады. Ол өзінің ішкі түйсігіне сәйкес сияқты көрінген нәрсені дұрыс деп таңдап, соған сай жүре бастайды.

Оның үстіне, Батысқа көрсоқырлықпен еліктеу – біздің қоғамның жаппай діни сауатсыздануына алып келді.

Бірақ, шешілмейтін түйін жоқ. Оның шешімі – дінге Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шақырғандай шақыру. Мүмкіндігі бар барлық мұсылманның осы жолда ыждыхаттылық танытуы ләзім. Діни білімі бар мұсылмандар болса, өзгені үйретуден қашпаулары шарт.

  • Біз жерлестерімізге шынайы өмірдің – ақыреттік өмір екендігін еске салуды жалғастыра береміз.
  • Біз «әр істелген істің есебі барын» айтып түсіндіре береміз.
  • Біздің бұл өмірге келгендегі басты мақсатымыз – Жаратушымызды танып, бір Оған құлшылық ету екендігін түсіндіре береміз.
  • Біз дінімізді өмірімізге сіңдіріп, онымен өмір сүріп, оны өзгелерге үйретіп, дініміздің жайылуына ат салысамыз, оған қызмет етуді тоқтатпаймыз.  

Алла Тағала соңымызды хайырлы етсін!  

«Сумрачные Лабиринты Безверия: Деизм» атты кітаптан.

Авторы: О.Н. Топбаш.
(Перевод: Зайнаб Камалуддин).
 
Қазақшалаған: islam.kz 


[1] Ижтихад – мүжтәһид-ғұламалардың шариғи мәселеге қатысты Құран мен Сүннетке негізделген тәуелсіз шешімдер қабылдау құқы. Мазһаб – Ислам құқық мектебі (Ред.). 

0 пікір