Егер, мың жасаған қария тіліміз таудай мінберге шығып тұрып жер бетіндегі бүкіл қазаққа арнап: «Менің сендерге енді қажетім бар ма, жоқ па?!» деп, сұраса не болар еді?
Елестетіп көрейік. Ең әуелі осы сұраққа жауап беруші ретінде шет жұртта тұратын қазақтардан бастап байқайық. Олардың өзі екі түрлі жағдайда. Бірі Қазақияға шекаралас бұрын өз жері болса да кейін өзгенің жері саналып кеткен баяғы атамекендерінде өмір сүретін қандастарымыз. Олардың ең жақыны өзбекстандық туыстар, бұлардың ішінде өз тілін білмейтіндер жоқтың қасы, сөйлеу әуені де таза сақталған, бүйіріндегі қазақ елімен бүйрегі бір.
Одан кейінгі жақын жатқандар шығысымыздағы Алтай, Тарбағатай, Іле, Құлжадағы қалың қазақ, олар да ел санатында. Ел санатында болған соң тілі де сап сақталған, қарапайым халқынан бастап лауазымды тұлғаларына дейін мақалдап-мәтелдеп сөйлейтін шетінен шешен, тіпті олармен бірге тұратын басқа ұлттар да қазақтың өзін сөзден жаңылдыратын қазақы.
Одан да жақын саналатындарға теріскей жағымыздағы ресейлік қандастарымыз Астархан, Орынбор, Түмендіктер бұлардың бәрі қазақ тілінде заулап сөйлеп тұрмаса да өз тіліне деген адалдықтарын сақтаған ағайындар деуге болады.
Енді, өз атамекенінен тыс өлкеде болса да шағын елдігі бар қандастар да бар. Олар Ресей құрамындағы Алтай респубикасында жеке ауданда тұратын Қошағаштық қазақтар ана тіліне өте жеттік, іргесіндегі Баянөлгейліктермен аралас-құралас болғандықтан қалың қазақпен бірге тұрып жатқандардан кем емес жағдайда. (Сексенінші жылдары Қошағашқа дәргерлік-әріптестік сапармен барғанымда Ленинградтан арнайы жолдамамен келген ерлі-байлы екі жас дәргердің үш жылда қазақша үйреніп судай сөйлеп отырғанына куә болған едім, сондағы хирург орыс жігіт бір қарияға «Аксакал, асказаныңызда полип деген ет өскен, алып тастаймыз, түк етпейді» деген сөзі әлі күнге құлағымда қалыпты).
Ал, қошағаштықтардың іргесіндегі Моңғол елінің Баян-Өлгий деген аймағын түгел иеленіп жатқан қандастарымызды қазақтың этнографиялық елі десе жарасады, заманауи өркениет пен қазақтың дәстүрлі тұрмысы қатар өрілген жерде ана тілінің қолданысы рухани қажеттілікке айналғанын айтпасақ та жеткілікті. (Бұл туралы Қазақстанның көптеген телеарналары тамаша хабарлар бергені есте болар)
Келесі кезекте, соңғы бір ғасырда дүниежүзінің ондаған еліне тобымен барып этникалық қазақтарды құраған диаспораларды айтамыз. Олардың ең көп шоғырланғаны Түркия, Иран, Ауғанстан, Түркіменстан, Еуропа елдері... деп кете береді. Мұндағы қандастармыз тұрып жатқан елінде азшылықта қалып, сол елдің тіліндегі әуенімен қазақша қинала тұрып бұралаңқы сөйлегенінің өзі туған тіліне деген сағынышын айғақтап тұрған, көзге жас аладыратын ғажап көрініс дер едім. (Екі мыңыншы жылдары халықаралық Заман-Қазақстан гәзетінде қызметте жүргенімде Швециялық Мұрат деген кәсіпкер бауырымыз Алматыға іссапармен келіп, сұхбат бергенде «мәшиненің ескірген май сүзгішін қайта қолданатын әдіс тапқанын, осы табысы үшін өзінің сол елдің провинциялық депутаты болғанын» дәл осылайша, қазақша барын салып жеткізгеніне таңғалған едім)
Иә, енді бастағы сұрағымызға мойын бұрайық. Жоғарыда аталып өткен, қандастарымыз қария Қазақ тілдің: «Менің сендерге енді қажетім бар ма, жоқ па?!» дегенге не дер еді? Басқа елдегі қазақтарға егер, мұндай сұрақ шынымен қойылса, ондай сұрақты мансұқтап, қатты ренжиді, өйткені, «қазақ тілінің қажеттілігі» деген олардың күнделікті өмірінің мәні, тіршілігінің тынысына айналған.
Бөтен жұрттың құрамында болғандықтан өзіндік болмысын қорғайтын, өзін қазақ етіп сақтап тұрған жалғыз тірегін жанын қорғағаннан кем емес қорғайды, өзінің ұлттық төлқұжаты деп, мақтанышпен аялап, бөбегіндей әлпештейді.
Енді, ондаған елге шашырап кеткен, шашыраңқы күйдегі қазақ диаспорасы болса, қазақ тілі олардың үзілмеген үміті, елге деген сарқылмас сағынышы... қазақша он сөз білсе де асыл қазынасындай жүрегінің түбінде сақтап жүрген жалғыз байлығы.
Олай десек, сөздің тоқ етері, «Қазақ тілі қажет пе, жоқ па?» деген халықаралық референдум алда-жалда жариялана қалса бұған «Қажет!» деп жүз пайыз дауыс беретін, осы қандастарымыз деген сөзді сеніммен айтар едім.
Бүкіл қазақтардың кіндігі болған қазақ елі яки Қазақия қазіргі Қазақстанымызда жоғарыдағы сұрақ қойылса не болар еді? Иә, әркім өзінше саралауы ғажап емес. Дейтұрғанмен, тәуелсіздіктің отыз жылында осы тақырыпты қаузаған журналист ретінде барынша нақтылы-реалды саралап көрсек деймін.
Өз елімізде «орыс тілді қазақтар» деп, аталып кеткен санын шамалау қиындау қаншама қандастарымыз шынында, өз ана тілін жек көре ме? Әрине, жек көрмейді. Тек, өз тілі өзіне өгей болып қалған. Өгейлік адамды үнемі екіұшты ойға қалдырады, сондықтан бұл қандастарымыз түгелдей «қазақ тілі қажет» деп, дауыс бермесі анық. Қаншасы қолдайтыны мәлім емес.
Өйткені, бүгінге дейін олар өзінің үйреншікті орыс тілімен қиналмай-ақ жүріп жүр, ал өз қазақ тілін білмеуден қатты қорлық көрген жері жоқ. Олай болса, олардың сондай екіұшты ойда болуы заңды да.
Бұл қатарға жоғарғы лауазымда қызмет атқаратын қазақша жөнді білмейтін, қандастарымызды қосып байқасақ, олардың да қазақ тіліне деген прогнозы осылай екіұшты болуы әбден ықтимал.
Неге? Сонша үлкен қызмет атқара тұра, олар өз тілін жеттік білмейтіндіктен қазақ тілінің рухани байлығы саналатын аса бай әдебиетінен хабары аз, әдебиеттен хабары аз болған соң қазақ тілінің ғаламат шешендігі жайлы ештеңе де білмейді, солай болған соң да өз халқы жайлы орыс тілінде алған рухани білімі де мардымсыз деген сөз.
Содан да, лауазымды қандастарымыз, «тіл саясатын» әншейін құр саясат деп қана түсінеді. Содан да, өз туған тілінің мәртебесі туралы қыруар мәселе олардың жанын онша ауыртпайды. Себеп, өзінің жүрген ортасында қазақ тілінің қажеттілігін ешқашан байқаған емес! Олай, десек лауазымды бауыларымыз да өз тілі үшін жүз пайыз дауыс бермейтіні анық. Оған өкпелеудің жөні жоқ, жағдай солай қалыптасқан.
Бұған қоса, жоғарғы, төменгі лауазымды қызметтегі өз тілін жақсы білетін қандастармыз да және де тіршілік қамын күйттеген қаймана қалың қауым да, қазақ тілін қолдай ма, десек олар күмәнсіз қолдайды, алайда жүз пайыз болу, болмауы күмәнді.
Олардың санасына ресми тілдің беделі қатты өтіп кеткен әрі «үш тілдік саясат» та саналарына әсер еткені сөзсіз! Оған да өкпелей алмайсың, «өз қолыңды өзің қалай кесесің!» (Тәуелсіздіктен кейін туып, жасы отызға ілінген қаншама лауазымды жастарымыздың да қазақша шатты-бұтты сөйлеуі осының дәлелі)
Одан кейін, ешқашан бөліп-жара алмайтын, тарихи тағдыры қазақтарға байланған еліміздегі орыс ағайыннан бастап, аз ұлт диаспораларына да бұл сұрақ қойылмай қалмайды. Сұрақ қойылатын заңды себеп, басты себеп «Қазақ тілі мемлекеттік» тіл деген мәртебенің бар екендігі. Келесі себеп, заңды көлденең тартпай-ақ қазақтармен етене араласып тілін қазақтан кем емес үйренген, тағдыр қосып құда-жегжат болған өзге тілді отандастар да аз емес қой, бізде.
Міне, бұл ағайындар да мұндай сұраққа елу де елу шығуы әбден мүмкін. Егер, мұндай нәтиже болса қуанарлық деуге болады.
Мұндай сараптаудан кейін «Қазақ тілінің қолданыс аясы қандай?» дегенді анықтау оңай болып шығады. Өйткені, қандай бір тілдің тілдік қуатын анықтайтын мөлшер – оның «дүниежүзінде таралған әрі қолданылатын», «көп елдерде таралған әрі қолданылатын», «өз еліне толық таралған және қолданылатын», «аймақтарда таралған», «отбасында, топтарда қолданылатын» деген өлшемге саяды.
Көріп отырғандарыңыздай, қазақ тілі «көп елдерде таралған әрі қолданылатын» статусқа жатады. (Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей...) Әрі, нақты айтсақ қазақ тілі «өз елінде толық таралған және қолданылатын тіл», бұны көзқарақты әркім-ақ толық мойындайды. Мәселен, қазақшадан басқа тіл білмейтін қазақ егер, АҚШ-қа барса, жағдайы қиынға айналады, онда қазақша жөн сұрап жүре алмайды. Ал, осындай өз тілінен басқа тіл білмейтін қазақ Қазақстанның кез-келген қаласына, ауданына, ауылына барса өз тілі арқылы жөн сұрап, емін-еркін жүре алады.
Міне, осындай мәртебесі бар тіл неге бүкіл қазақстандықтардың ортақ тіліне айналмайды!? Қазіргі дау-дамай осы. Екі таздың айтқанындай «бас жаққа барысбай» бұл сұраққа басқаша қырынан келіп көрейікші.
Тіл қанша бай болса, оның қолданыс шеңбері де сонша кең әрі сан-салалы болатыны белгілі жәйт. Бұл жағынан қарастырсақ Қазақ тілі аса бай әрі сан-салалы тілге жатады.
Енді, осы сан-салалы деген анықтауышты бір тізіп өтейік: Төл тіл, сөйлеспелі тіл, кәсіптік тіл, әдеби тіл, өнер тілі (театр, бейнелеу өнері, музыка), баспасөз-ақпарат тілі, ғылыми тіл ол да өз ішінен қоғамтану тілі, пән тілі яки алгебра, физика, химия, биология, ботаника, филология... Келесі кезекте, әкімшілік тілі яки оны өз ішінен кеңсе тілі, іс-қағаз тілі, жиналыс тілі, банк тілі деп салалауға болады.
Міне, осы салаларда Қазақ тілі қай салада кенже қалды, қай салада қатты дамыды, дегенді қарастырайық:
Төл тіл дегеніміз, өз тілін өте жеттік білетін қазақтардың шешендік өрнектері. Бір кездегі таза қазақ қоғамында ол шегіне дейін дамыған еді. Тазша баладан Жиренше шешен деп аңызда қалған төл тіліміз, жазушылар Жүсіпбек Аймауытовтың шығармасына орнығып, Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» әңгімелерінде тірі тілге айналып, Жанат Ақмадидың кейіпкер би-төрелерінің тілімен төгіліп әлі жалғасуда. Осы төл тіліміздің ішінде тек қазаққа ғана тән атау сөздер қаншама! Айтар болсақ, киіз үй мен бесік жабдықтары және ұлттық тағам атаулары басқа тілге тек өз тіліміз арқылы ғана ауыса алады. Мысалы, кереге, уық, туырдық, шүмек, түбек, қазы-қарта, қымыз, іркіт, құрт-ірімшік....
Сөйлеспелі яки ауызекі тіл күнделікті тұрмыстағы ең қарапайым қатынас тілі. Ол бүкіл қазақта өз-өз әуенімен сақталуда әрі ең оңай тіл.
Кәсіптік тіл десек, қазақтың өзінің байырғы кәсібімен байланысты мал бағудағы, темір ұсталығындағы, үй ағашшылығындағы, ат баптаудағы, бүркіт-қыран салудағы ерекше тілін айтамыз, ондай тілдің қазір кеңістігі азайса да еш ұмытылған емес. Этнографиялық тіл ретінде де кітаптарға толықтай енген тірі тіл.
Әдеби тіл мен өнер тілі дегенді дәлелдеп жатудың өзі артық. Ауыз әдебиетінен бастау алып, жыраулардан жалғасып, Хакім Абайдан бастап өрісі кеңіген, Алаш арыстарымен буыны бекіген, М.Әуезов, Х.Есенжанов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Мақатаев, І.Есенберлин, Сырбай Мәуленов, Ә.Нұрпейісов, Қ.Мырзалиев, Шерхан Мұртаза, Қажықұмар Шабдан, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, Қалихан Ысқақов, М.Шаханов, Жақсылық Сәмитұлы, М.Қабанбай, Д.Исабеков... деп жалғаса беретін, осындай атақты қаламгерлердің қалдырған туындыларын әдеби тілдің ақ ордалары демесек не дейміз! Театр, кино, бейнелеу мен әуен-музыка тілі жөнінде де осындай нақты дәлелдер айта алар едік.
Қазақтың баспасөз-ақпарат тілі де орыс тілінің көлеңкесінде қалды демесек баспасөзде, радиода, теледидарда ешкімнен кем емес қалыптасқан жан-жақты тіл екенін айтып жатудың өзі артық.
Енді, ғылыми тілге келейік. Кейбіреу қазақтың ғылым тілі дамымаған деген жаңсақ ойда. Олай болса дәлелге көшейік. Ең алдымен советтенген санамызға тіке әсер ететін Қоғамтану тілін айтсақ, Маркстың «Капиталы» мен Лениннің томдарының аудармалары қазақша судай төгіліп сөйлеп тұрған жоқ па?! Онда, ең күрделі терең ойлы тіл деп саналатын философия да қазақ тілінде қаздай қаздаңдап тұрғанына ешкімнің күмәні болмасын.
Пән тілі жайлы өз басымнан кешкен мысалды айтсам өзіме ұқсас ауылдан шыққан қаймана қазақтың бәріне ортақ оқиға болар деймін. Өз басым орта мектепті Қазақстанда басылған қазақ тіліндегі оқулықтар арқылы бітірген едім. Қазақ тіліндегі Алгебра мен Геометрия, Тригонометрияны айтпай-ақ қояйын. Авторы жалғыз есімде қалған Ходаковтан қазақша аударылған Химияны және Биология, Физиканы да жақсы үйренгенімнің арқасында Медициналық университетке сол кездегі конкурс бойынша ең жоғарғы балмен түскен едім. Оныншы класс жылы оқылған Астрономияға қызыққаным сонша, сол оқулықты роман секілді әлденеше оқып тастағандықтан, осы пәнді беретін мектеп директоры кластағыларға маған айтқыздырушы еді. Ол бозбала кезімде орысша да, ағылшынша да, арабша да дым білмейтінмін. Бірақ, бүкіл адамзатқа ортақ осы пән тілдерін қазақша үйренгенім үшін, қазір де «Ағылшындарға ғылым тілі аспаннан түскен жоқ, орыстар орманнан тауып алған жоқ, қазақ тілі де шындасаң олардан қалыспайтын ғылым тілі» деп, айтуды өз тілім үшін қалқан қылып келе жатырмын.
Және де, жоғарғы сыныпты хирург-дәрігер мамандығымнан мені кәсіби журналист еткен де осы өзімнің АНА ТІЛІМ! Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздіктен кейін тіл дауы өршіп тұрған тұста «Тілін қорғай алмаса тәуелсіздіктен не пайда!?», «Тілдің өз заңы мен өгей заңы» сындышын жүректен жазған мақалаларым республикалық гәзеттерде жариялануы оқыған мамандығымды жайына қалдырып шыт-жаңа мамандықты игеруіме жол салғанын да айта кетсем, төл тілімізді аса қадірлейтін қаймана қазақтың бірі деп біліңіздер.
Енді, қазақ тілі осынша дамыған тіл болса, өзі Мемлекеттік тіл бола тұра еліміздегі жалпы қолданысы неге төмен деген сұрақтың жауабы, жоғарғы сараптаудан кейін өзінен өзі шығып келейін деп тұр.
Сөздің соңына қалдырып отырған, әкімшілік тілі яки кеңсе тілі, іс-қағаз тілі, жиналыс тілі, банк тілі қазір елімізде тұсаулы күйде. Осы саланың тілі ғана біздің елде дұрыс қолданылмауы жоғары да атап өткен сала тілдеріне көлеңке түсіріп, сол кішкене көлеңке алып Қазақ тіліне де көлеңке түсіруде. Яғни, күнді көрсетпеу үшін көз жанарына бір қылшық түссе болғаны ғой, дәл осы іспетті хал Қазақ тілінің басындағы қазіргі хал.
Алайда, «Әкімшілік тілі» деген қазақтың бүкіл сала тілдерінің ішіндегі ең кедейі деуге де болады. Сөйте тұра кесапаты «керемет»! Егер, әкімшілікте қолданатын сөз қорын қарастырып көрсек бес жүзден мың аралығында ғана арнайы атау сөзден артпайды екен.
Онда, қазіргі ұранға айналған, шоу-ойындардың тақырыбы болып бара жатқан «Үкіметті қазақша сөйлету» деген мәселе сонша қиын ба! Қыруар қаржының керегі бар ма? Жылдар бойы созбақтап ақырындап шешеміз дейтін сылтау айтудың қажеті бола ма? Жоқ!
Көп сылтауды қойып, қолға алып жүретіндей шағын «Әкімшілік тіл сөздігін» шығарса жетіп жатыр. Бес жүз сөзді ақыл есі бүтін, сауатты адам бір-екі айда ғана жаттап алады. Ондай сөздікті қазақша үйренгісі келетін бүкіл отандастарымыздың қолына жеткізсек, бұл жөнінде бір қадам алға басқан болып шығамыз, қалайда кері кетпейміз.
Өз басым, қазақ тілін көпір етіп жүріп төрт тіл үйренгенімді, өз тілін жақсы білген кісі өзге тілді білуде еш қиналмайтынының дәлелі дер едім.