Қазақ ораза айтты қалай тойлаған?
Қазақ ораза айтты қалай тойлаған?
7 жыл бұрын 7134
Марфуға ШАПИЯН

Көркем шығармалар, тарихи кітаптардан қазақ жерінде мұсылман мерекелері – құрбан айт, ораза айттардың ерекше тойланғаны туралы оқимыз. Қажығұмар Шабданұлының “Пана” атты романында Зуқа батырдың елінде айт намазы кезінде еркек кіндіктінің бірі қалмай, сапқа тұрғаны суреттеледі. Оны оқыған біз еріксіз таңғалыстық. Өйткені, тәуелсіздік алған, дініміз өзімізге қайтқан қазіргі бейбіт заманның өзінде барлығымыз бірдей айт намазын оқимыз деп айта алмаймыз. Тіпті, айт мерекесінің мән-мағынасын жете түсінбейтіндер қаншама?! Ал кезінде қазақ даласында айт деген ұлттық мереке еді ғой. 

Ресей патшалығының қоластына кіргеннен кейін ХІХ ғасырдың соңына қарай елімізде патша саясатын халыққа жеткізетін газеттер шыға бастағаны белгілі. Алғашқы “Түркістан уәлаятының газетінен” кейін 1888-1902 жылдар аралығында “Дала уәлаяты газеті” жарық көрді. Мұнда Меккеге баруға рұқсат сұраған қазақтардың жағдайы туралы мақалалармен қатар, ораза туралы да құнды деректер беріледі. Әсіресе, сол ХІХ ғасырдың аяғында қазақ даласында Ораза айттың қалай тойланғаны тілге тиек болады. Газеттегі “Қырдағы Рамазан айт” атты мақалада: “Қашан Мұхаммед Ғаләйһиссаламға пайғамбарлық келгенде адамдарды мұсылман бол деп дұға қылғанда, өзі 30 күн ораза тұтыңдар деп кейінгі үмбеттеріне міндет қылған екен” деген жолдар мұсылман баласының бес парызын айқындай келіп, сахарадағы айт мерекесінің қалай тойланатынына қарай жалғасады: “Айттың болғанын қазақтар өзге мұсылмандардан гөрі айтты құттықтап, әсіресе, жаздыгүні болса, тамаша қылып, қызықпен өткізеді. Айттан бірнеше күн бұрын баршалары қимылдап, дайындала бастайды. Ауылдың қонатұғын орнын ыңғайлап, кедір-бұдыр, тоғай, ағаш жоқ жерді даярлайды. Өмірі бойынша күнін жұмыскерлікпен өткізген ұрғашылар айтқа бауырсақ, шелпек нан, қымыз, айран даярлайды. Ақсақалдар һәм орта жасаған еркектер ауылдарды аралап жүріп айттың қашан болатұғынын сұрайды я өзі айтады. Бозбалалар һәм жігіттер жүйрік аттарын жаратып мініп, кербезденіп жүреді. Қыздар ертеден кешке шейін өздеріне, аға-іні, ата-аналарына жаңа киім тігеді. Мінеки, оразаның соңғы күні қуанышты кеш болады. Баршалары үйден шығып, көздерін сүзіп күнбатысқа қарап, әрбіреулері айды мен көрсем екен деп жаһұт етеді. Мінеки, болар-болмас көрініп тұрған күнбатыстағы айды көреді. Айдың имиіп сәулеленіп көктің шетінде тұрған көлемі соншалық жіңішке екен. Мұны көзі қырағы қазақ қана көреді. “Ай, ай!” деп көрген бақытты кісі айқай салады. Бұлардың баршасы кереметті таяқпен сілтегендей-ақ тізесімен жүгініп отыра қалып қуанғанынан дұға қылады”. Жазылған бірнеше жолдан-ақ қазаққа Ораза айттың келуі қандай қуаныш сыйлағанын байқауға болады. Ары қарай ел-жұрттың намазға жинаулы: “Бұл қуаныш хабар атқан оқтай болып ауылдың бәріне мағлұм болады. Жігіттер өздерінің жүйрік аттарын ұстап алып, түнде жаратып қояды. Сопы шалдар жылқышыларға таң сәрісімен жақын арадағы мешітке баруға атымды алып келіп бер деп отырады. Адамдардың сөйлескені, аттарының кісінеп, дүрсілдегені, түйелердің бақырғаны, қойлардың маңырап, иттердің үргенінің бәрі қосылып таңғажайып болып күңіреніп кетеді. Бұл күңіренгені алыс жайларға естіліп қазақтардың бек шаттық, қуаныштарын білгізеді. Мінеки, таңертең. Ауылдағы тағы да у-шу, таңғажайып күңіренген дауыс естіледі. Ауылдың жақын жанына тегіс жерге намаз оқуға жиылады. Молда созып тұрып азан шақырады. Намазшылар қатарланып отырып молданың айтқан сөзіне құлақ қойып, қимылдағанына қарап отырады. Намаздан кейін бір-біріне барып құтты болсын айтысады”, - деп суреттеледі.

Бала күнімізде Рамазанның қасиетін түсінбесек те, айттың келетініне, жұрттың жылы-жұмсағын аузымызға тосатынына қуанып үй-үйді аралап айтшылаушы едік қой. Сөйтсек, мұның бәрі қазақ даласында сонау ықылым заманнан жалғасқан дәстүр екен. Оған аталмыш мақаладағы: “Құрбы-құрдастарымен бірігіп, топтанып ауыл-ауылды қыдырады. Шалдар шалдармен, бозбалалар бозбалалармен, жігіттер жігіттермен, қыздар қыздармен, жас келіншектермен жүріседі”, - деген сөздер дәлелі. Бұл құнды мақалада ары қарай бүкіл ауылдың бір жерге жиналып, ұлан-асыр той  бастағаны, 30 шақырымға бәйге шаптырылып, қыз қуу, көкпар ойындары ойналатыны айтылады.

Міне, қазақ даласындағы айттың тойлануы! Осындайды оқығанда бүгінгі тәуелсіз мұсылман қазақтарға: “Айтты осылай тойлайықшы” дегің кеп тұратыны несі екен?..

0 пікір