Қара юмор немесе бір әзілдің төңірегінде
Қара юмор немесе бір әзілдің төңірегінде
10 жыл бұрын 4647
Алмат Жалбағаев

Тілімізде қолданыста болмаса да орыстар «черный юмор» атап кеткен осынау терминді қанша жерден қазақыландыруға тырысқанымызбен дәл сол орыстардың қабылдағанындай жанымызға жақын қабылдай алмайтынымыз анық. Неге десеңіз,  біріншіден, тілдік қорымызда мұндай тіркес атымен ұшыраспайды. Екіншіден, қазақыландыруға келмейді. «Әжуа» деп атауға келгенімен бәрібір түпнұсқасындай құлаққа етене естілмейтіні белгілі.  Шығу тегі француздардың сөздік қорынан (фр. humour noir) бастау алатын аталмыш терминнің қандай мағына беретінін айта кетейік: қара юмор ­­– цинизм мен ащы мысқылға толы, яғни, сатиралық элементтер молынан кездесетін әзіл түрі. Нақтырақ айтқанда, қайғылы жағдайларды, соның ішінде, бірінші кезекте өлімді, адамның тән кемістігін, зорлық-зомбылықты, т.б. осындай адам санасына ауыр соғатын, жанын жаралайтын  жағдаяттарды күлкі обьектісіне айналдырады. Қара юмордың түп тегі ең алдымен орта ғасырлық  еуропалықтардың салт-дәстүрінде жатыр. Мәселен, оба індеті тараған кезде халық арасында «өлім биі» деген атпен танымал бұқаралық көңіл көтеру шарасын айтуға болады.  Кейін француздардың әдебиетінде көрініс тапты. Содан кейін орыстарға келіп жетті. Әлем әдебиетінің алыптары Ф.Достоевскидің, М.Булгаковтың шығармаларында мейлінше кеңінен қолданылды. Әсіресе, бір адым алға басып, екі адым артқа шегініп, шахмат стилімен жазған М.Булгаковтың «Майталман мен Маргарита» романы бастан-аяқ қара юморға тұнып тұр. Мұның бәрін тәпіштеп неге айтып отырмыз? Қара юмор қазақ дүниетанымына жат болса да арамызға мысықтабандап келіп жеткен секілді. Олай деуімізге өзім куә болған мына оқиға себеп болған еді. Жуырда туысымды кездестіріп қалдым. Амандық-саулықтан кейін әдеттегіше әзіл-қалжыңға ерік берілді. Арасында құлаққа тосын әрі ерсі естілетін әзілдер де кетіп жатты. Сондай әзілдердің бірі мынадай: әлдебір жұмыр басты пенденің ажалы жетіп, Әзірейіл періште жанын алуға келмей ме. Анау мына дүниеде аяқталмай қалған тірлігін бітіруді сылтау етіп, бірнеше күнге мұрсат сұраған екен. Жан алғыш періште кеңшілік еткен-мыс. Ажалдан қашқан әлгі бейбақ Әзірейілдің құрығынан құтылу үшін ұшаққа отырып, жан аяғы баспаған елге аттанады. Ұшақ көкке көтерілген кезде Әзірейіл иллюминаторды тықылдатып, зәресі зәр түбіне кеткен бейбаққа мына дүниедегі уақытың бітті дегендей ишара жасап, қолсағатын көрсетіпті. Ажалы жеткен адам қасындағыларды нұсқап: - Мені аямасаң да, мыналарға кеңшілік ет. Ұшақ құласа бұлар да жантәсілім етеді,- деп тіл қатқан көрінеді. Сонда Әзірейіл: ­- Сендердің бәріңді осында осы үшін жинаған жоқпын ба. (Яғни, ажалы жеткендердің жанын бір жерден алу үшін осындай мұрсат бердім). Былай қарасаң, мұнда тұрған еш сөкеттік жоқ секілді көрінеді. Өтірік аралас шындықтың қауіпті екенін біле тұра тағы көзжұмбайлық жасай алмайсың. Дәнді кебегінен ажыратудың өзі орасан күш-жігерді қажет етеді.

Ажалдан қашу – таңсық тақырып емес. Ежелгі түркілерде де кездеседі. Оғыз-қыпшақ данагөйі Қоқыттың ажалдан қашуы аса астарлы. Түбі тұңғиық. Айналып келгенде ажалдан ешкімнің қашып құтыла алмайтыны, мына дүниенің жалған екенін меңзесе керек. Бұл өз алдына бөлек тақырып болғандықтан кеңінен тоқталып жатпаймыз, біз қозғап отырған мәселеге қатысы болғандықтан тек еске салып өтуді жөн көрдік. Мифологиядан желі тартатын бұл тақырыпқа адамзаттың айналып келіп жиі соғатыны да заңдылық, алайда, оны күлкіге айналдыру қаншалықты қисынды. Бұл – бір. Екіншіден, Пайғамбарлар падишасы Мұхамед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) өсиеттерін де еске сала кеткенді жөн көріп отырмыз.

  1. Әзілдің түбі шындыққа байлануы тиіс. Сахаба Әбу Хурайра Пайғамбарымызға (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм): «Сіз бізбен әзілдесесіз, әзілдеуге бола ма?», – дегенінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм):  «Мен әзілдесемін, бірақ менің әзілдерімде шындық жатады», – дейді.
  2. Өтірікке жол берілмеуі керек. «Әзілде өтірікке жол берілмеуі керек», – дейді Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм). «Әзіл де болса өтірік сөйлегенге Жәһаннам отынан бір орын тиетініне кепілдік беремін», – деген де хадисі бар Алла Елшісінің (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм).
  3. Біреуді мазақ етіп, қор қылуға болмайды. «Әзілмен болсын біреуді қор қылуға жол жоқ», – дейді Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм). Сондай-ақ, «Бауырыңмен пікірталасқа түспе, оны мазақ қылып әзілдеспе», – дейді Алла Елшісі (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм).
  4. Шектен шықпауы тиіс. «Әзілдесуге рұқсат берілсе де шектен шықпауы тиіс», – дейді Ардақты Елшіміз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм).
  5. Әзіл кәсіпке айналмауы керек. «...Әзілдеу арқылы адамдарды күлдіру кәсіп болып кетпеуі керек», – деген де Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм)  хадисі бар.
  6. Қарумен, отпен т.б. адам денсаулығына, өміріне қауіпті дүниелермен әзілдесуге тыйым салынады.«Отпен, қарумен қорқытып әзілдесуге рұқсат жоқ», – дейді Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм).
  7. Біреуді әзілдесіп ренжітіп алудан сақтану. Пайғамбарымыз (саллаллаһу ‘әлейһи уәссәләм): «Бауырыңды ренжітетіндей әзілдеспе», – деген.

(Ескерту: Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) өсиеттеріне қатысты жолдар сайтымызда жарық көрген Салтан Сайранның «Пайғамбар әзілдерін оқып, күні бойы күліп шықтым...» деп аталатын мақаласынан алынды – авт.)

Бұған қоса, басы мен соңы жоқ, ұқсасы мен теңдесі жоқ аса күшті құдырет иесі Алла Тағала қасиетті кітабындағы Әғраф сүресінің 34-аятында: «Әркімнің белгілі бір мерзімі бар. Олардың сол мерзімі келгенде бір сәт кешіктірілмейді және ілгерлетілмейді» деп бұйырғанын ескерсек, жоғарыда сөз болған әзілдің күнәға апаратынын анық айтуға негіз бар.

0 пікір