Қанша мешіт жеп қойдық екен?
11 жыл бұрын 8764 islam.kz islam.kz
Салтан САЙРАНҰЛЫ

Түркияның Стамбұл қаласында «Жегендей болдым» («Sanki yedim» сamii) деп аталатын бір мешіт бар. Сөз жоқ, атауының өзі-ақ мешіттің тарихын білуге, не себепті бұлай аталғанын естуге құштарлығыңды арттырып, қызығушылығыңды қытықтайды. Мешіттің тарихы былай: 18-ші ғасырлар шамасында Түркияда өмір сүрген Кечежи Хайреддин («Аданалы Шәкір мырза» деп те атайды – авт.) есімді бір қолөнерші болыпты. Шалқып тасыған бай да, сіңірі шыққан кедей де емес екен. Әйтеуір тапқан айлығы күндік шайлығына жететін ортаңқол жағдайдағы бірісі.

Османлы заманында өмір сүрген Кечежи Хайреддин сол дәуірдегі падишахтардың салған небір әсем мешіттеріне қызыға қарап жүріп, өзінің де бір мешіт салуға көңілі ауады екен. Бір мешіт саларлықтай жағдайы болмаса да, ізгі ниетке белін бекем буып, мешітке ақша жинай бастайды. Жинағанда да қалай жинайды дейсіз ғой: нәпсісі шапқан, көңілі соққан, аңсары ауған асын көрген кезде, Кечежи әлгі асты «жегендей болдым» дейді екен де сүйікті асына деген нәпсі қалауын тізгіндеп, соған шығындалатын ақшаны жұмсамай, жинай бастайды. Иісі бұрқыраған кәуәп көріп, сілекейі шұбырса да, небір шырынды жемістерге қарап аузының суы құрыса да, «жегендей болдыммен» қарнын тойдырады да, соған жұмсалатын ақшаны қалтасына басып жүре береді екен. Осылайша тиыннан теңге құралып, 20 жыл дегенде бір мешіттің ақшасы шығады екен. Сол ақшаға Кечежи Хайреддин Стамбұлдың төрінен орташа бір мешіт салдырады. Міне, 300 жылдан астам уақыт өтсе де мешіттің есігі де, мешітті салдырған Кечежи Хайреддиннің амал дәптері де ашық. Алла Тағаланың «үйі» үшін нәпсі есіктерінің бірін жапқан Кечежи Хайреддинге Алла Тағала сауап келіп тұратын есіктердің бірін ашық қалдырды.

Ең маңыздысы – Кечежи Хайреддиннің бұл оқиғасы ұғатын жан үшін ысырапшылдыққа қарсы насихат пен үлгі-өнеге. Адам көбіне жеп-ішуден ысырапшылдыққа бой алдырып қояды екен. Себебі, мес қарын – нәпсіні семіртетін ең үлкен есік, нәпсіні суғарушы қайнар көз.  Ал, нәпсі – Шал ақын айтпақшы, «бөрі».

Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «Адам ұрпағының ең жаман ыдысы – тамаққа тойған қарын», – дейді. Рас, мұсылман болған біздің өзіміз «ең тоя жегеннің өзінде қарынның үштен бірі – суға, үштен бірі – тамаққа, үштен бірі ауаға қалсын» деген Пайғамбарымыздың өсиетін ұстанбай, шектен тыс тамақтанамыз. Пайғамбарымыздың үмбетінің шертитіп қарын шығаратынына уайымдайтындай жөні бар. Барлық кесел мен бақытсыздық және ысырапшылдық осыдан басталмақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаның қалаған нәрселердің бәрін жеу, шүбәсіз, ысырапшылдық», – дейді емес пе? Яғни, зауқың соғып, тәбетің тартқан нәрселердің бәрін жей беру – ысырап. Тіпті, кейбір ғалымдар адамның күніне екі мәрте тамақ жеуін де ысыраптан деген.

Сондықтан, Алла Тағала Құран Кәрімде: «...Жеп-ішіңдер, тек ысырап қылмаңдар. Алла анығында ысырап қылғандарды ұнатпайды», – деп ескертеді. «Ысырапқорлар, шынында, шайтанның туысы. Ал шайтан болса, Раббыңа қарсы, оның шапағатынан шеттетуші» (Исра сүресі, 27-аят). Оның үстіне хайуанша ішіп-жеу мұсылманның да сипаты емес. Оны Алла да Қасиетті Құранда: «...Кәпірлер фәни дүние игіліктеріне зауықтанып, хайуанша ішіп-жеп қарын тойғызады. Ақыретте олардың орны тозақ» (Мұхаммед сүресі, 12-аят), – дейді.

Міне, Кечежи Хайреддин осының бәрін санасынан сүзіп шыққандықтан да «Жегендей болдым» дегенді жақсы әдетке айналдырып, нәтижесінде бір мешітті апандай араннан, қанағатсыз қарыннан сақтап қалды.

Ал біз қанша мешіт жеп қойдық екен? Биені бүгімен, түйені түгімен жейтін жемқорларды былай қойғанда, қарапайым біздің өзіміз осы уақытқа дейін кемінде бір мешітті «асқазанда қорытып» үлгерген шығармыз.

Жалпы, Кечежи Хайреддиндей мысал түрікте ғана емес, қазақта да болған. Жалғыз ғана жұмыртқадан бастап 25 жылда Бұқарадағы мәшһүр Көкілташ медресесін салған Арғыннан туған Сопы Құлбабаның да мысалын келтірейік, қаласаңыз.

Бұл жайында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазады. Ол былай дейді: «Жиырма тоғыз жасымда тоғыз ай Бұхара-и-Шәріфте тұрдым. Ол күнде бір жасымды ілгері санап жүретұғын күнім. «Пайғамбар жасына жеткенше, бір жасыңды ілгері сана!» деген сөзді ұстап. Сол күнде естіген сөз: Бұхара-и-Шәріфте жақсы Ғабдолла хан болып тұрғанда, Ғабдолла ханның оң қол уәзірі аттан түсе қалыпты. Ол түскен соң, ханы, төлеңгіті, бәрі тоқтап тұра қалыпты. Лай балшыққа көміліп жатқан бірдемені алып, аттың жалына лайын сүртіп, кісесіне салыпты. Атына қайта мінген соң, хан сұрапты:

– Немене жұртты бөгеп, осынша азаптағаның?! – дегенде:

– Тақсыр бір пұл, – депті.

Сарт жиырма тиын күмісті «теңге» дейді. Оны айырбасқа салғанда, алпыс алты пұл болады.

Хан:

–Бір пұлға осынша әуреленіп! – дегенде:

– Тақсыр, дүние деген пұлдан. Мен осыған бір медресе салдырамын! – депті.

– Қап, сен осыған медресе салдырсаң, осы шаһардың қалаулы жерінен оған орын берейін! – депті.

Бір пұлға тауықтың бір жұмыртқасын сатып алып, ол ұрғашы тауық болып шығып, тауық өсіріп, саудаға жүргізіп, жиырма бес жылда бір үй толтырарлық алтын болыпты. Сөйтіп, Көкілташ медресесін салдырыпты»…

Ғабдолла ханның оң қол уәзірі түп-тегі Арғын руынан шыққан Құлбаба есімді сопы екен. Көкілташ – осы Құлбабаның лақап аты. Оның мағынасы «тете іні» деген сөзді білдіреді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Көкілташ» делінгені «Емшектес, бір емшектен сүт еміскен, тумаса да, туысқандай болған» дегені екен» дей келіп, Құлбабаның Ғабдолла ханның емшектес сүт бауыры екенін айтады (Бұл жайында толығырақ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кітабынан оқуларыңызға болады – авт.).

Міне, лай арасында жатқан бір пұлға бір жұмыртқа алып, одан балапан бастыртып, тауық етіп, 25 жылда бір медресе салған Сопы Құлбабаның да бұл мысалы бізге өнеге емес пе?! Үнемдей білсеңіз, ысырапқа бой алдырмай, жарасымды жарата білсеңіз, «жегендей болдым», «ішкендей болдым», «қыдырғандай болдым», «көңіл отын жаққандай болдым», «дәмін татқандай болдым», «ләззатқа батқандай болдым» десеңіз мешіт те, медресе де салынады екен. 

8 пікір