Қайтсек алпауыт ел боламыз?
Қайтсек алпауыт ел боламыз?
6 жыл бұрын 3257
Салтанат ШЫНӘДІЛ

«Қытайға барып болса да ілім ізде!»

(Хадис)

Иә, әз Пайғамбарымыз (с.а.у.) халқының 91%-ы буддизмді ұстанатын қытайлықтардан діни ілім алуды насихаттамағанын көзі қарақты жан түсінсе керек. Сонда хадисте айтылған ілім нендей ілім болды? Х-ХІ ғасырларда жұлдызы жарық болған ислам мемлекеттерінің неге бүгінде хәлі көңіл көншітпейді? Егер мұсылман елдері техника, технологиясы дамыған мемлекеттердің көш басында тұрғанда ауыз ашып, азу тісін батыруға өзгелердің жігері жетер ме еді?!

Жақында ғана Біріккен Араб әмірлігінде жүргізушісіз ұшатын ұшақ жасалып шыққанда бөркімізді аспанға атып қуандық. Бірақ, оны жасауға мұрындық болған һәм жасап шығарған неміс компаниясы екенін білгенде көңіліміз су сепкендей басылды. Адамзат игілігі үшін жасалған дүниеге деген қастығымыз емес, қанша ғасырдан бері қоғамның қажетін өтейтін нәрсе өндіруден жер сипап келе жатқан мұсылман елдерінің ауыз толтырып айтатын дүниесі болды-ау дегендегі қуаныштың орындалмағаны еді.

Ал технологиясы дамыған елдер қоғам сұранысын өтеп, әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартуда. Бір ғана Samsung Electronics компаниясы Корея мемлекетінің атын дүниежүзіне әйгіледі. Аталмыш компания 2018 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда екі ай ішінде 15,6 трлн вон пайда тауып, рекордтық көрсеткішке жеткен. (2017 жылы кіріс 9,9 трлн вон болғанын атап өтейік). Mercedes-Benz, Audi, BMW, Volkswagen және Porsche сынды көліктерімен таңдай қақтырып келе жатқан Германияның бұл саладағы жетістігін жоққа шығара алмаймыз.  Ал Google, Facebook, Apple, Intel, IBM және Microsoft сынды озық технологиямен жарақтанған АҚШ экономикасы жағынан алдына қара салмайды. Кез келген ағылшын өзінің тілін үйретіп-ақ нанын тауып жей алады. Әлемді өз тілінде сөйлетіп қойған бұл мемлекеттің құдіреті неде? Бірінен бірі өтетін, қоғамды селт еткізер жаңа дүниелерді жасап шығып, адамзат баласының үддесінен шыға білуінде емес пе?!

Қазақ қоғамы тәуелсіздік таңы күліп атқан, тыныштық салтанат құрған 25 жылда қандай нәтижеге қол жеткізді? Неге біздің әңгімеміз балақтың қысқалығы, сақалдың ұзындығы, қала берді орамал таққан қыздарды мектептен шығару, мемлекеттік қызметтен шеттету, одан асса ру мен рудың жыртысын жыртудан арыға бармай жатыр? Әуелі, ерен байлықтың үстінде отырып өз игілігімізді өзіміз игеріп, оны пайдаланатын техника бізде бар ма? Қара алтын мен ақ алтыны болмаса да еңбекке тынған Жапонияның робототехника саласындағы жетістігін кім жоққа шығарады?! Жұмыр жердің бетінде тоғызыншы орында тұрған,  ұшқан құстың қанаты талып, шапқан аттың буыны кететін байтақ мекенді қорғау үшін  Қазақстанда өзгелерді мойындататын қаруланған әскер не бүкіл әлемнің мұқтаждығын өтейтін бір дүниесі болу керек емес пе?!

Ол үшін жоғары оқу орындарында, мектептерде әртүрлі техника құралдарын ойлап табуға жағдай жасалуы тиіс. Шетелден миллиондаған ақша жұмсап әнші мен рок-жұлдыздарды шақыратын көкелеріміз қазақтың игілігі үшін дамыған мемлекеттерден арнайы мамандарды алдыртып, жастарға технологиялардың жасау жолын үйретсе, біздің де алар асуымыз биік болар еді. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамында көптеп табылған меценаттардың ХХІ ғасырда қарасы сиреп қалғаны өкінішті. Әуелі, бар ма өзі деген сауалды еріксіз қоясың. Өткен ғасырда семейлік Қаражан Үкібаев, шыңғыстаудан Медеу Оразбаев, Ике Әділов, Қарқаралы өңірінен Хасен Ақаев, ағайынды Бекметевтер, Ыбырай Ақпаев, жетісулық Маман байдың балалары және Қобда жерінен Иса Көпжасаров, Салық Омаров, Маңғыстау өңіріне аты шыққан бай Тобанияз Әлниязовтар Алашорданың экномикалық тірегі саналды. Ал қазір мемлекеттің, халықтың діңгегі болуға тиісті,  еліміздің соңғы, замануи технологиялармен жарақтандырып, оны жасап шығаруға мұрындық болатын байлар қайда? Біреудің қалтасының түбіне көз алартуға хақымыз жоқ шығар. Бірақ, осы жерде туып, осы жерде өсу бұйырған, оның осы деңгейге жетуіне себепкер болған қоғамды жасап берген халыққа, өз қандастарына, осы қара шаңырақтың иелеріне деген құрмет үшін даңқ пен дақпыртқа шашқан миллиондарды ел пайдасына, ұрпақ игілігіне жұмсау әлдеқайда қайырлы әрі ләззатты іс емес пе?!

Мен осы ретте адамдықты ту еткен қалталы азаматтарды жастардың жобаларына жәрдемші болуға, Қазақстанның әрбір азаматы технологияның қыр-сырын меңгеретіндей платформа турдыртуға шақырамын! Өйткені, аю мен айдаһардың ортасында алып мемлекетіміздің кемел келешегіне сәулелі үміт шамын жағатын да осы жол. «Мемлекет бізге не береді?» деп емес,  «мен мемлекетке не беремін?» деген тілекпен таң атырып, күн батыратын жастарымыздың қарасы артсын! Сол жолда қайрат жұмсайық, ағайын!

0 пікір