Имам Ахмет Ханбалидің риуаят етуі бойынша, бірде Рамазан айында Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Рамазан айы келді. Бұл қасиетті бір ай. Бұл айда ауыз бекітуді Алла сіздерге парыз қылды. Бұл айда жұмақ есіктері ашылып, тамұқ есіктері жабылады. Шайтандар шідерленеді. Бұл айдың сондай бір түні бар мың айдан да қайырлы. Бұл түннің шарапатынан мақұрым қалған - шынында мақұрым қалған саналады», - деп бұйырған. Бұл хадис-шарифті атақты Нәсаи да өз шығармасында айтып өтеді. Сондай-ақ, Бұхари мен Мүслімнің шығармаларында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мынандай хадис-шарифі баян етіледі: «Кім Қадір түнін иман және ықыласпен құлшылық жасап өткізсе, бүкіл күнәлары кешіріледі». Бұл қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға, періштелердің салауат айтып, оған бейбіт өмірді тілейтіндігі хақында, Сайд ибн Мансур және өзгеде ғұламалар мынандай риуаятты жеткізеді: «Бұл түн - бейбітшілік түні. Бұл түні шайтанның жамандық жасауға қауқары жетпейді. Бұл түні барлық істер белгіленеді (тағдыр жазылады) және рызықтар айырылады».
Шынында да мың айдан да қайырлы болған Қадір түнінің мүмкіндігінен мақұрым қалу, мына беу дүниеде ертеңгі күнгі ақырет үшін ешбір рухани азық жинамай, ондағы есеп күні иллаһи шуақтан құр алақан қалу деген сөз. Байыбына бара білгенге, Хақ-Тағаланың бір түндік құлшылықты мың айдан астам уақыттық құлшылыққа теңестіруі, Оның адам баласына деген ерекше мейірімділігі болатын. Тамұқтың есіктерін тас бекітіп, жұмақтың қақпасын айқара ашып, бізді жай күндері арбайтын шайтанды шідерлеп, бір түндік ғибадатты мың айлық құлшылыққа балап, мәңгілік жасыл бақ жаннатта жаның жай тапсын деп, қол бұлғап шақырып тұрған Тәңірі-Тағаланы қалайша ерекше мейірімді демейсің. Бұл шуағы мол мейірімнен құр алақан қалған, шынында да мәңгілік бақыттан құр алақан қалды деген сөз.
Құран-Кәрімге алғаш түсіндірме жасаған мәшһүр ғалым Ибн Кәсир «Қадір» сөзінің төмендегідей үш мағынасы бар екенін айтып өтеді.
Бірінші, «Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты Қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні деген ой түюге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі болатын. Өйткені Құран-Кәрімде: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады» (Дұхан, 4), - деп бұйырылған.
Екінші, «ұлы және орасан зор» мағынасын береді. Яғни, Қадір түні ұлы және орасан зор болған аса құнды түн деген сөз. Ұлы және орасан зор болатын себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құран-Кәрімде: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» (Қадыр, 3), - деп баяндалады.
Үшінші, «тарылу» мағынасын береді. Осыған орай зерттеушілер тарапынан Қадір сөзі нығыздау мағынасын береді деген жорамал айтылады. Өйткені, бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен кейін оларға жер-жүзі тар келіп, сығылысады. Бұл хақында Құран-Кәрімде: «Періштелер және Жебірейіл с.ғ.а ол кеште Раббыларыңның рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі» (Қадыр, 4) деп бұйырылады. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат «үлкен қайырлы істердің жүзеге асуы, сондай-ақ Пайғамбарымызға (с.а.у.) Хира үңгірінде Жебірейіл (а.с.) алғашқы уахи түсіргенде, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жаны сығылғандығы белгілі.
Имам Ахмет Ханбалидің жеткізген риуаяты бойынша «Хз. Айша анамыз Пайғамбарымыз (с.а.у.)-нан : «Қадір түнінің қасиеттілігіне сай, қалайша дұға етсем болады», - деп сұрайды. Сонда, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Аллаһым сен кешірімдісің, кешіруді сүйесің, мені кешір», - деп дұға етуді ұсынған». Иә, әсілі, адамзат баласы нәпсімен бірге жаратылғаннан кейін, кей шақты мына сынақ әлемінде аяғын шалыс басып, күнәға бататыны анық. Әрине, мұндай сындарлы шақта ішкі тасырын иманына жеңдіріп, күнәдан бойын аулақ ұстаған болса, құба-құп. Алайда, адам баласы дәйім, бір сызықтың бойымен жүріп тұра алмайды. Кейде, адамның аңғармай, алып-ұшып жүріп от басатыны белгілі. Бәлкім, арамызда күнәдан пәк адамдар болуы да әбден мүмкін. Дегенмен, «мен күнәдан пәкпін» деп көкірек қағуымызға жол жоқ. Пәк болсақ та, басын иген мәуелі ағаштай кішірейгеніміз абзал.
Түйін: Иә, шынында да Қадір түні атына заты сай, адамзат баласының келешегі үшін аса қадірлі һәм маңызды. Хақ-Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көндігетін нәпсіні беріп сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды да меңзеген. Ол даңғыл жол - қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ынты-шынтамен кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, жасыл бақ жәннатқа жол тарту жолы. Лайым, осы жол - барша адамзатқа нәсіп болғай!