Пұтқа табыну қалай шықты?
Пұтқа табыну қалай шықты?
10 жыл бұрын 20207
Құдайберді Бағашар

Ахмед Иүгінеки бір өлеңінде білімге шақырып, түрлі нашар әдеттердің қараңғылықтан туатынын айтады. Ғұлама бабамыз пұтқа табыну да білімсіздіктен деген пікір білдірген:

Біліммен танылады бір Алла да,

Ешбір пайда, қайыр жоқ надандықта.

Шын білімі болмаған қанша халық,

Табынар құдай жасап, қолдан пұтқа...

Иә, ислам туралы сөз болғанда, пұтқа табынушылық дәуірі туралы жиі сөз етіледі. Соған қарап бұл өзі қайдан, қалай шыққан сенім деген сауал өздігінен туындайды. Иә, пұт деген не? Пұтқа табынушылық қалай қалыптасты?

Аллаға ғана жасалуы қажетті құрмет, құлшылық, сүйіспеншілікті басқаға көрсету әрі Алладан өзге нәрсені жаратушы ретінде қабылдау пұтшылдыққа жатады. Пұт аят пен хадистерде «санам» не «уасан» деп өтеді. «Аснам» – «санам» сөзінің көпше түрі. Ибнул-Асир «ән-Нихая» атты кітабында «санам» сөзіне «Алладан өзгені тәңір тұту» деп анықтама берген. Бұл да өз кезегінде мүшріктер табынған пұт деген мағынаны берумен қатар Алланың жүйесіне және билігіне тосқауыл болатын барлық жалған құдайлар (тағут) деген мағынаны білдіреді.

Алла тағала Адам ата мен Хауа ананы жер бетіне түсіргеннен кейін жыл санап ұрпақтары көбейе берді. Осы алғашқы буын бір үмбет ретінде бір дінге сеніп, бірдей құлшылық жасап, туралықтан таймады. Аятта былай делінеді: «Адамдар бір үмбет еді. Алла пайғамбарды қуанышты хабарды естіртуші әрі ескертуші ретінде жіберді. Адамдар пікір қайшылығына ұрынатын тұстарда араларында үкім жүргізу үшін оларға ақиқатты айтатын кітаптар түсірді» (Бақара, 2/213). Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген бір хадисте мынандай дерек кездеседі: «Адам мен Нұһтың арасында он ғасырлық уақыт бар. Осы уақыт аралығында адамдар Алланың шариғатын ұстанатын. Таласқа түскен кездерінде Алла қуантушы әрі ескертуші ретінде пайғамбарлар жіберді» (Ибн Жәрир әт-Taбари, Tәпсір, II,194). Икримадан жеткен басқа бір хадисте: «Адам ата мен Нұһ арасында исламды негізге алған он ғасыр бар» делінген.

Шайтан адам баласымен үнемі ымырасыз күрес жүргізіп келді. Оларды кәпірлер мен мүминдер деп екі топқа анық бөлгенге дейін күресін тоқтатпады. Өлгеннен кейін тірілуді мойындатпай, пұтқа табынатын елге айналдырғанға дейін арпалысты. Алла Тағала Нұһ қаумының жағдайын былай деп баяндаған: «Адамдарға: Тәңірлеріңнен айрылмаңдар. Уәд, Суа, Яғус, Яук пен Наср пұттарынан еш бас тартушы болмаңдар» деді» (Нұһ, 71/23).

Ибн Аббас былай деуде: «Бұл есімдер Нұһ қауымындағы ізгі кісілер еді. Ол кісілер өлгеннен кейін шайтан осы қауымға соларды ұмытпай еске алып тұру үшін бейнелерінен пұт жасауға ой салды. Халық олардың бейнесін мүсіндеп жасағанмен табынған емес. Бірақ кейінгі ұрпақ о баста мүсінді пұттардың не үшін қойылғанын білместен, табына бастады» (Бұһари, Тәпсір, 71).

Арабтардың діни сеніміне ширкті алғаш енгізген адам Амр ибн Лұхайя болған деседі. Расулалла (с.а.у.): «Амр ибн Амир әл-Хұзаиды тозақта ішектері шұбатылған кейіпте көрдім. Бұл халықты адастырған жан» (Mүслим, Жәннат, 13) деген. Амр Шамға барған сапарында Мааб деген жерге соғады. Ол жерде хазірет Нұһтың тегінен әлдекімдердің жекеленіп пұтқа табынғанын байқайды. Себебін сұрағанда: «Пұттардан көмек сұраймыз, көмек береді. Жаңбыр сұрасақ, жаңбыр береді» деген жауап естиді. Қызыққан Амр олардан бір пұт сұрайды. Олар Хүбәл атты пұтты береді. Амр сол пұтты Меккеге әкеліп, ел көретін жерге қояды. Халық содан бастап сол пұтқа табына бастайды.

Бара-бара әр тайпаның өзі пұты анықталды. Құрайыштар ең ірі пұт ретінде Ұззаны мойындап, құрмет жасауды әдетке айналдырды. Әус пен Хазраж атты тайпалардың пұты Мәнат деп аталды. Кейіннен олар Лат пен Ұзза деген пұттарды да өздеріне қосты. Кәлб тайпасы Уәдқа, Хұзайл тайпасы Суаға, Тай мен Мазхиж тайпасы Яғусқа, Химярлықтар Насрға, Бакраұлдары мен Кинана тайпасы Саадқа табынып кетті. Кейіннен араб тайпаларының арасында ұлықтайтын, сиынатын, құрбан шалатын, шапағат тілейтін түрлі пұттар қаптады. Ибн Жүрәйждің де айтқанындай, Лат – Сақиф тайпасынан май мен талқанды араластыратын адам болған. Өлген кезінде қабіріне пұт қойды. Расулалла (с.а.у.) Meккені азат еткенде Қағбаның маңайында үш жүз алпыс пұт тұрған еді. Бәрін де жеке-жеке садағының ұшымен нұқып құлатты. Латты сыртқа шығарған соң, бәрін өртеп жіберуді бұйырды.

Бұл пұттардың бәрі де түптеп келгенде ел арасында ізгі әрі әулие кісілердің бейнесі екендігі анықталған. Мүшріктер Алла алдындағы олардың дәрежесі биік деп сенетін. Тілегімізді Жаратушыға солар арқылы жеткіземіз дейтін. Солар арқылы Алла жұртымызды ризықтандырып, тура жолға салып, пайдаға кенелтіп, зияннан қорғауда деп түсінетін. Сондықтан  марқұмдарды дәйім есте ұстау үшін әрі құлшылық, дұғаларын құлшыныспен орындау үшін бейнелеп пұттарын жасаған. Осы пұттарға табынғанда, түбі сол ізгі кісілерге табынатын. Бір қызығы, олар өздері қолымен жасаған пұттың өзіне табынбаған. Өйткені Алла Тағала пұтқа табынатын қауым туралы айтқанда, олардың періштелерге, жындарға және пайғамбарларға табынатындарын білдірген, бұлардың бәрі Құран Кәрімде бар. Бұл мүшріктер табынған тәңірлерінің жарататындығын, ризықтандыратынына, тірілтіп, өлтіретініне сенбейтін. Ол туралы Құранда былай делінген:  

«Ант болсын, егер олардан көктер мен жерді жаратқан, күн мен айды міндетіне байлаған кім? - деп сұрасаң, міндетті түрде «Алла» дейді (Анкабут, 29/61); Ант болсын, егер оларға көктен су түсіріп, сонымен өлі жер бетіне қайта тіршілік сыйлайтын кім десең, міндетті түрде Алла дейді (Aнкабут, 29/63).

Иә, ислам сенімі Жаратушыны жалғыз деп қабылдайды. Жарату, жоқтан бар ету, ризық беру, жолды болдыру, тілекті қабыл алу, мерейін үстем ету т.б. – бәрін де тек соған телиді. Ал пұтшылдық тек заттық тұрпатта ғана кездеспеуі мүмкін. Оның қаупі қай кезде де бар. Қорыта келгенде, адамды Алладан алыстатып, есіл-дертін жаулаған кез-келген нәрсеге абай болған жөн.

0 пікір