Бүгінде бүкіл әлем бір үлкен ауылдай. Таңертең теңіздің арғы жағында болған жайт сәскеге дейін ғаламтор арқылы түгел әлемге тарап бітеді. Бастапқыда тез ақпарат алысу құралы болған әлеуметтік желі бүгінде ойын-сауық пен уақыт өткізудің ең көп қолданылатын түрінің бірегейі екенінде дау жоқ. Қала берсе, жұмысы жоқтың ермегі де - осы әлеуметтік желі. Алайда, осындай ақпараттық ағыс ішінде «қоқыстың» да қатар жүретінін ұмытпаған жөн.
Ал, енді кеңеске көшейік. Кеңес менен емес, маманнан деп білгейсіз.
Бірінші кеңес: Нені жазудасыз?
Ең маңыздысы, қандай ақпаратпен бөлісіп отырғандығыңыз. Кез-келген мақала немесе жаңалық және т.б. ақпаратпен бөлісуден алдын бір мезет кідіріп, өзіңізге осы сұрақты қойып көріңіз. Бұл маңызды ма, пайдасы бар ма? Бар пайдасы - ішті тесіп бара жатқан әуестікті басу ма? Әлде қымбат уақытты «өлтіру» ме?
Досым! Сұраққа жауабыңыз бар һәм ол жауап дұрыс деп ойлаймын.
Екінші кеңес: Не жайлы бөлісудесіз?
Сіз бөлісіп отырған ақпарат қандай сайттан? Ол ақпарат жаңалық па, ғылыми мақала ма, фото ма, бейнеролик пе? Оны сіз жазбаған болсаңыз да, камераға түсірмеген болсаңыз да, бөліскен дүниеңіз сізге не сауап, не күнә боп жазылатынын ұмытпаңыз.
Досым! Сұраққа жауабыңыз бар һәм ол жауап дұрыс деп ойлаймын.
Үшінші кеңес: Кімге жіберіп жатырсыз?
Сіз бөліскелі отырған ақпарат оны алушы кісінің жасына, жынысына және басқа да ерекшеліктеріне сай келеді ме, сіз жолдаған жазбаның оған қандай да бір пайдасы бар ма? Әлде, арзан күлкі үшін бір постпен абыройыңыздың айрандай төгілуін қалайсыз ба?
Досым! Сұраққа жауабыңыз бар һәм ол жауап дұрыс деп ойлаймын.
Төртінші кеңес: Ақпаратты қайдан алудасыз?
Сіз пайдаланатын ақпарат қандай бағыттағы сайттан алынған немесе оны жазушы жеке тұлға кім? Беймәлім бір арандатушы санаңызды улап жүрген жоқ па? Егер ресми дереккөзі болса жақсы. Ал, егер ондай болмаса, сайтты қызықты болғаны үшін ғана пайдаланбаңыз. Оның дұрыстығына құзырлы мекемелер арқылы көз жеткізіңіз. Әйтпесе, сіздің өзіңізбен қоса өзгелерге де зияныңыз тиюі әбден мүмкін.
Досым! Сұраққа жауабыңыз бар һәм ол жауап дұрыс деп ойлаймын.
Бесінші кеңес: Қашан жіберіп отырсыз?
Адам үшін ең құнды дүниенің бірі – уақыт. Ақпаратты бөлісуде де осы бір құндылықтың құнының жоғалмауын ескерген жөн. Пост жіберу осы екен деп, күн мен түнге қарамай, жөн-жосықсыз ақпаратпен бөлісу беру - әбестік. Ақпарат пайдалы бола тұра, беймезгіл уақытта жолданатын болса, алғыс естимін деп жүргенде, өзгенің ренішін тудыруыңыз да әбден мүмкін.
Досым! Сұраққа жауабыңыз бар һәм ол жауап дұрыс деп ойлаймын.
Алтыншы кеңес: Дереккөз
Ақпарат мемлекет пен дін ұстанымына қарсы дереккөз емес пе? Бұны бөлісумен сіздің азаматтығыңыз сынға қалады. Мұсылманшылық бойынша жамандық пен күнәға жәрдемдескен боласыз.
Жетінші кеңес: Нәтижесі қандай болмақ?
Әлеуметтік желіні қолданушы досым! Бұл сұрақты өзіңізге ақпаратпен бөліспестен бұрын қойғаныңыз дұрыс болады. Әйтпесе, кеш қаласыз. Айтылған сөз - атылған оқ. Сіз жолдаған жазба өзге біреуге зиянын тигізер болса, бұған себепкер сіз боласыз емес пе?
Жәрир бин Абдулла (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім мұсылманшылықта жақсы жолмен жүрсе, ол кісіге өзінің іс-әрекетімен қоса оны көріп ілескен адамдардың да сауабы олардікі ортаймай жазылады. Кімде-кім мұсылманшылықта жаман жолмен жүрсе, ол кісіге өзінің іс-әрекетімен қоса оны көріп ілескен адамдардың да күнәсі олардікі ортаймай жазылады». Бұл хадис Имам Мүслімнің еңбегінде келтірілген.
Досым! Бұл кеңесті ақыл деп емес, мұсылман бауырыңның жанашырлық білдіргені деп білгейсің. Алла жар болсын!