ПОРНОГРАФИЯНЫҢ ҚАСІРЕТІ
ПОРНОГРАФИЯНЫҢ ҚАСІРЕТІ
8 сағаттан соң 31

Жаныңызды жегідей жейтін дерт

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Ұлы Жаратушы Иеміз қасиетті Құран Кәрімде былай бұйырады:

«(Уа, Мұхаммед!) Мүмін ерлерге айт: (бөгде әйелдерге қараудан) көздерін тыйсын және ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін ең таза жол. Шүбәсіз, Алла олардың не істеп жатқандарынан толық хабардар». («Нұр» сүресі, 30-аят)

Порнография – қоғамның қасіреті

Бүгінгі таңда порноиндустрияның құлашын кеңге жаюы, технологияның қарыштап дамуы мен ғаламтордың қолжетімділігі бұл кеселдің жасырын әрі кең етек жаюына себеп болды.

ХХІ ғасырдың нағыз «індетіне» айналған бұл дерт әлеуметтік деңгейіне қарамастан, кез келген адамның тағдырын талқандап жатыр. Мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша 75 миллионнан астам адам осы зиянды әдеттің тұзағына түскен және бұл көрсеткіш күн санап өсуде. Өкінішке орай, бұл құбылыс ислам әлеміне де жетіп, отбасылардың шырқын бұзып, қоғамның іргесін шайқалтуда.

 

Ғылыми зерттеулер порнографияның тек рухани емес, физикалық тұрғыдан да орасан зор зиян әкелетінін дәлелдеп отыр. Ол адам миының жұмысын бұзып, тәуелділік тудырады. Статистикалық мәліметтер жаға ұстатарлық: бұл дерт ажырасудың көбеюіне, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың артуына және қоғамдағы қатыгездіктің белең алуына тікелей әсер етуде.

 

Бұл – адамның нәпсісін саудалаған алпауыт бизнес.

  • 2006 жылы АҚШ-та бұл саланың табысы 13 миллиард доллардан асып, көрермен саны танымал телеарналардың аудиториясынан басып озған.

  • 2007 жылы бұл көрсеткіш әлем бойынша 20 миллиард долларға жетті.

  • 2001-2007 жылдар аралығында порнографиялық сайт иелерінің табысы үш есеге артқан.

Дегенмен, 2007-2011 жылдар аралығында тегін сайттардың көбеюіне байланысты бұл индустрия өз пайдасының жартысын жоғалтты. Бұл – лас контенттің тегін таралуы арқылы адамзатты рухани азғындыққа одан сайын тереңірек батырудың айласы іспеттес.

Ғаламтордағы нәпсі тұзағы: Жаға ұстатарлық деректер

Порнография бүгінде жай ғана ермек емес, адамзаттың санасын улап жатқан алып «вирусқа» айналды. Социологтар, психологтар мен биологтар бұл індеттің танымал болу себептерін зерттей келе, оның адамның әлеуметтік-психологиялық халіне де, биологиялық табиғатына да орны толмас нұқсан келтіретінін дәлелдеді.

Цифрлар сөйлейді (әр секунд сайын):

  • Әлемде әр секунд сайын порнографиялық ресурстарға қол жеткізу үшін 3075 доллар 64 цент жұмсалады.

  • Дәл осы сәтте, сіз осы жолдарды оқып отырғанда, 28 258 адам экран алдында арам контентті тамашалап отыр.

  • АҚШ-та әр 39 минут сайын жаңа порнографиялық видео жарыққа шығады.

Ғаламтордағы үлесі:

  • Интернетке жүктелетін барлық видеолардың 35 пайызы – порнография.

  • Желі қолданушыларының 42 пайыздан астамы мұндай сайттарға тұрақты түрде кіреді.

  • Статистика бойынша ерлердің 70 пайызы, ал әйелдердің 30 пайызы бұл кеселге тәуелді болып қалған.

Индустрияның құлашы:

  • Ай сайын порнографиялық сипаттағы 1,5 миллиард жүктеу жасалады.

  • Желіде 420 миллионнан астам порно-парақша бар және жылына 13 000-нан астам жаңа фильм түсіріледі.

  • Әлемде 4,2 миллион порносайт жұмыс істейді және күн сайын іздеу жүйелеріне осы тақырыпта 68 миллион сұраныс түседі.

Қаржылық астары: Бұл лас бизнес иелері адамның нәпсісінен орасан зор пайда тауып отыр. АҚШ-тың өзінде бұл индустрия жылына 3 миллиард доллар табыс тапса, әлемдік деңгейде бұл көрсеткіш 5 миллиард долларға жуықтайды. Тек қана АҚШ-та 40 миллионға жуық адам осындай сайттардың тұрақты қонағы.

Отбасының ойраны: Порнографияның қоғамдық зардабы

Порнография — тек жеке адамның ішкі дерті емес, ол бүтін бір шаңырақты ортасына түсіретін қасірет. Балалар мен отбасын қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, бұл дерттің зардабы жаға ұстатарлық:

  • АҚШ-тағы отбасылардың 47 пайызы порнографияның кесірінен өмірінде үлкен қиындықтар туындағанын мойындаған. Бұл әдет ерлі-зайыптылар арасындағы опасыздықты (көзге шөп салуды) 3 есеге арттырады.

  • Порнотәуелділікке салынғандардың 40 пайызы отбасынан айырылса, 58 пайызы қаржылық тығырыққа тіреледі. Тіпті, олардың үштен бірі жұмысынан айырылып, әлеуметтік деңгейі төмендеп кетеді.

  • Ажырасу деректерінің 56 пайызында ері немесе әйелінің порносайттарға деген құмарлығы басты себеп болған.

Педофилияның өршуі

Порнография — балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың басты қозғаушы күші. Бүгінде ғаламтор бетінде балалардың қатысуымен түсірілген 1 миллионнан астам лас бейнелер мен суреттер бар. Ең сорақысы, педофилдердің басым көпшілігінің (жартысына жуығының) компьютерінен осындай жиіркенішті контент табылған. Күн сайын ғаламторда балалар порнографиясына қатысты 116 000 іздеу сұранысы жасалады. Бұл — қоғам болып дабыл қағатын үлкен қасірет.

Тәуелділіктің 5 сатысы

Ғылыми зерттеулер порнотәуелділіктің бес кезеңін айқындап берді:

 

  • Алғашқы қызығушылық: Көбіне бұл дертпен бала немесе жасөспірім шағында танысады.
  • Тәуелділік: Адам өз нәпсісіне ие бола алмай, лас видеоларды қайта-қайта көруге құмартып тұрады. Ол өмірінің ажырамас бөлігіне айналады.
  • Өршу (Эскалация): Бұрын жиіркеніш тудырған ең ауыр, қатыгез көріністер енді ол үшін «қалыпты» болып көріне бастайды.
  • Сезімсіздік: Уақыт өте келе ең азғын контенттің өзі оған ләззат бермейді. Ол бұдан да сорақысын іздеп, жан дүниесі бос қалады.
  • Іс жүзіне асыру: Ең қауіпті кезең. Экранда көрген азғындықтарын шынайы өмірде іске асыруға талпынып, қылмысқа барады.

 

Рухани және биологиялық құлдырау

Дәрігерлер порнографияның миды улайтынын ғылыми түрде дәлелдеп отыр. Жиі қарайтын адамдардың сезім мүшелері тұйықталып, олар әйел затына тек «тән» ретінде қарайтын болады. Бұл дерт — зорлық-зомбылыққа, садизмге және бейберекет жыныстық байланыстарға итермелейді. Нәтижесінде, некесіз туған балалар көбейіп, түрлі жұқпалы аурулар мен тән әлсіздігі белең алады.

Порнография – виртуалды есірткі

Сыртынан қарағанда, кокаин мен порнографияның еш ұқсастығы жоқтай көрінуі мүмкін. Алайда соңғы зерттеулер порнографияны тамашалау кезінде адам миында есірткі тұтынғанмен бірдей «ләззат гормондары» бөлінетінін дәлелдеді. Ең сорақысы — ми бұл жасанды тітіркендіргішке үйреніп, уақыт өте келе дозаны арттыруды талап ете бастайды.

Ғылымда есірткі, алкоголь немесе құмар ойындарына тәуелділік мидың үш негізгі бөлігіне әсер ететіні белгілі. Порнография да дәл осы нүктелерді нысанаға алады:

  • Дофамин түзілу орталығы.
  • Іргелес ядро (Nucleus accumbens).
  • Префронтальды қыртыс.

Бұл қалай жүзеге асады?

Ми қыртысының тереңінде «ләззат орталығы» деп аталатын бөлім бар. Ол адам өміріне қажетті әрекеттерді жасағанда (дәмді ас ішу, жұмыста жетістікке жету, т.б.) бізге қуаныш сыйлайтын дофамин мен окситоцин нейромедиаторларын бөледі. Бұл заттар бізді бақытты сезінуге және өзгелерге бауыр басуға ынталандырады. Бірақ бұл табиғи жүйені «бұзып кіруге» болады(взлом) .

Есірткі немесе порнография миды ешқандай еңбексіз, жасанды жолмен дофаминнің алып мөлшерін бөлуге мәжбүрлейді. Дофамин мида соғып тұрған сайын, ол жаңа «ләззат жолын» салады. Адам бұл лас әрекетке қайта-қайта оралған сайын, сол жол кеңейіп, соңында адам өз еркінен тыс сол нәрсеге байланады.

Мидың құрылымдық өзгеруі

Уақыт өте келе дофаминнің толассыз ағыны мидың құрылымын өзгертеді. Есірткіге тәуелді адам тек «өзін қалыпты сезіну үшін» доза қабылдайтыны сияқты, порнотәуелді де миын дофаминнің жоғары мөлшеріне бейімдеп алады. Яғни, бұрынғы көріністер енді оған ләззат бермейді.

Неге бұлай болады? Өйткені ми өзін «дофаминнің артық мөлшерінен» қорғау үшін гормонды қабылдайтын рецепторлардың бір бөлігін жойып жібереді. Рецептор азайған соң, адам бұрынғыдай қуана алмайтын болады. Нәтижесінде, ол бұрынғы сезімді қайта сезіну үшін бұдан да сорақы, бұдан да азғын бейнелерді іздеуге көшеді.

Бұл химиялық тұзаққа түскен адам бұл әдетті тастағысы келгенде, нағыз есірткіге тәуелділер сияқты «ломка» (абстиненция белгілерін) бастан кешіреді.

Мидың өзгеруі және тәуелділіктен айырылу жолы

Порнография мидың құрылымын өзгертіп қана қоймай, онда жаңа, зиянды «ләззат жолдарын» қалыптастырады. Бұл үрдіс жиі қайталанған сайын, адам сол тұзаққа тереңірек бата түседі. Алайда бұл — тығырық емес. Мидың икемділігі сондай, егер адам бұл лас әдеттен үзілді-кесілді бас тартып, салауатты өмір салтына көшсе, уақыт өте келе мидың «ләззат орталығы» қайта қалпына келе бастайды.

Затсыз тәуелділік: Көрінбейтін тор

Бұрын ғалымдар тәуелді болу үшін міндетті түрде ағзаға бір заттың (темекі, ішімдік, есірткі) түсуі шарт деп есептейтін. Бірақ бүгінгі ғылым порнографияның ешқандай физикалық контактісіз-ақ мидағы химиялық реакциялар арқылы нағыз есірткілік тәуелділік тудыратынын дәлелдеп отыр. Адам барған сайын көбірек көруді және бұрынғыдан да азғын бейнелерді іздеуді әдетке айналдырады.

Мінез-құлықтың бұзылуы

Порнографияның ең қауіпті тұсы — ол адамның таным-түсінігін улайды:

  • Қабылдаудың өзгеруі: Бұрын жиіркенішті болып көрінген немесе ақылға сыймайтын нәрселер порнотәуелді үшін біртіндеп «норма» болып көріне бастайды. Ол видеодағы азғындықтарды шынайы өмірден және өз серігінен талап ететін болады.

  • Сезімсіздік пен қатыгездік: Мұндай мазмұнға елітіп кеткен жандар зорлық-зомбылыққа бейім келеді. Олар зорлық құрбандарына деген аяушылық сезімін жоғалтып, қатыгездікке оң көзбен қарай бастайды.

Қозғаушы мотивация (Побудительная мотивация)

Бұл — тәуелділіктің ең сорақы белгісі. Тәуелді адам порнографияны ләззат алғандықтан емес, оған мұқтаж болғандықтан (миы талап еткендіктен) іздейді. Бұл құмар ойындар мен есірткіге салынғандардың күйімен бірдей. Ол өз нәпсісін тізгіндей алмайтын күйге түседі.

Бұл мақалада айтылған деректер — порнографияның адамзатқа тигізіп жатқан орасан зор кесепатының теңіздегі бір тамшысы ғана.


 Мақала "islamdag ru" сайтынан аударылды. islam.kz

 

0 пікір