Пейішке жетелейтін қарапайым 10 амал
Пейішке жетелейтін қарапайым 10 амал
2 күн бұрын 630 islam.kz
Абдулла Самға

Көлемі көктер мен жердей болған пейішке жетелейтін амалдар қасиетті аяттар мен хадис шәрифтерде көптеп айтылған. Олардың бәрін мұнда тізіп өту, әрине мүмкін емес. Соның ішіндеге қарапайым он түрін төменде айтып өтелік: 

1) Күніне 12 рәкәғат намаз оқу. Яғни, бес уақыт намаздың сүннеттері. Бес уақыт намаздың сүннеттерін есептегенде он екі рәкәғат шығады. Бұған қатысты Алла елшісінің жұбайы Үмму хабиба Ромлә бинт Суфиян (радияллаһу анһа) былай дейді: «Мен Алла елшісінің (с.а.у.) былай айтқанын естідім: «Мұсылман пенде күніге парыздан басқа он екі рәкәғат оқыса, Алла Тағала оған пейіште бір үй тұрғызады немесе ол үшін пейіште бір үй тұрғызылады». («Сахих Мүслім»).

2) Бес уақыт намаздың әрбірінің соңынан «Аятуль курсиді» оқу. Әбу Үмәмә әл-Бәһили (р.а.) былай әңгімелейді: «Алла елшісі (с.а.у.) былай деді: «Кім уақтылы намаздың соңында аятуль курсиді оқыса, оның пейішке кіруіне өлімнен басқа ештеңе кедергі емес». Аятуль курсиді ұйықтар кезде де оқыған пайдалы.

3) Көркем мінез, әдепті болу. Әбу Дәрдадан жеткен хадисте (р.а.) былай делінген: «Алла елшісі былай айтты: «Киямет күні мүміннің амал таразысында көркем мінезден артық ауыр басатын нәрсе жоқ. Шынында Алла Тағала әдепсіз, балағат сөздіні жек көреді». (Тирмизи, «Сүнән»).

Сахаба Әбу Һурайрадан жеткен хадисте былай айтылған: «Алла елшісінен: «Адамдарды пейішке ең көп кіргізетін не нәрсе?» - деп сұрады. Алла елшісі (с.а.у.): «Аллаға тақуалық және көркем әдеп» деп жауап берді. Тағыда Одан: «Адамдарды тозақа ең көп кіргізетін қандай амал?» - деп сұрады. Алла елшісі: «Ауыз және әурет (жыныс мүше)» деді». (Тирмизи, «Сүнен»).

4) Бес уақыт намазды мешітте оқуға үйір болу. Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Кім намаз оқу үшін дәретін толық алса, кейін мешітке уақтылы намазды оқу үшін барып, оны адамдар немесе жамағатпен немесе мешіттің ішінде оқыса, Алла Тағала оның күнәларын кешіреді». («Сахих Мүслім»).

5) Дәрет алған сайын екі рәкәғат нәпіл намаз оқуға талпыну. Сахаба Әбу Һурайраның (р.а.) риуаят еткен хадисінде былай делінген: «Таң намазында Пайғамбарымыз (с.а.у.) Біләлға (р.а.): «Әй, Біләл! Мұсылман кезінен бастап істеген ең сауапты ісің қандай? Шынында, пейіште менің алдымда сенің аяғыңдағы сандалының даусын естідім» деп сұрайды. Сонда Біләл: «Мендегі ең сауапты деп үміттенген ісімді айтсам - мен түнде болсын, күндіз болсым дәрет алған сайын, маған жазылған намазды оқымай қоймаймын» деп жауап берді. («Сахих Бұхари»).

6) Қажылық парызын өтеу. Әзіреті Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Мен Алла елшісінің (с.а.у.) былай айтқанын естідім: «Кім қажылығын орындап, жаман сөз айтпаған болса, жаман іс істемеген болса, ол қажылықтан анасынан туылғандай пәк боп қайтады». Яғни, күнәларының бәрі кешіріліп, күнәдан еш нәрсе қалмайды.

7) Жолдан зиянды нәрсені алып тастау. Әбу Һурайра (р.а.) риуая еткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Мен бір ер адамның адамдарға кедергісін жасап тұрған жолдың қақ ортасындағы ағашты шауып тастағаны үшін, пейіште кезіп жүргенін көрдім». («Сахих Мүсілм»).

8) Садақа пейішке кіргізеді. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте былай делінген: Шынында Алла елшісі айтты: «Кім қос бір нәрсені Алла жолында сарп қылса, пейіш есіктерінің бірінен шақырылады: ... кім садақа иесі болса (көп садақа беріп жүргендерден болса) ол садақа есігінен шақырылады». («Сахих Бұхар»).

9) Қыздарына жақсылықта болу. Ъуқба ибн Ъамир (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Кімнің үш қызы болса, ол оларға сабыр етіп, оларды тамақтандырса, сусынын тауып берсе, табысынан киіндірсе, қиямет күні олар оған тозаққа перде болады». (Ибн Мәжә, «сүнән»).

10) Ешкімге кек сақтамау. Ешкімге іштарлық жасамау. Сахаба Әнәс ибн Мәліктің (р.а.) жеткізген хадисінде, Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір аңсарлық қарапайым сахабаға қатысты «қазір пейіш иелерінен болған бір адам қастарыңа келеді» деп айтады, көп ұзамай әлгі аңсарлық қарапайым сахаба кіріп келеді. Кейін анықталғандай оның пейіштік болуға септігін тигізер ауыз толтырарлық артық амалдары болмаған, алайда онда көбінде бола бермейтін екі қасиет болған: бірі - ешкімге кектенбейтін, екіншісі - ешкімнің ештеңесіне қызғаныш пен көреалмаушылық жасамайтын. (Бәйһақи, «Шуъабуль Иман», Нәсәи).

11) Тілі мен әуретіне (жыныс мүшесіне) ие болу. Сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің (р.а.) риуаят етуі бойынша, Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Кім маған екі сақал арасындағыға (яғни, мұрт пен сақал ортасындағы ауыз) және екі бұт арасындағыға ие болатынына кепілдік берсе, мен оған пейішке кіреріне кепіл боламын». («Сахих Бұхари»).

0 пікір