Пайғамбарымыздың әрдайым оқып жүретін дұғалары
Пайғамбарымыздың әрдайым оқып жүретін дұғалары
8 жыл бұрын 58767
Пайғамбарымыз (с.а.у.) жиі оқыған дұғалар

Ибн Мәсғуд (р.а.) айтады: «Пайғамбарлар пайғамбары – Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) былай деген еді: «Аллаһым! Сенен тура жол, ар-ұят, тақуалық және көңіл байлығын тілеймін».

Үммү Сәләма (р.а.) анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыздың ең көп оқитын дұғаларының бірі мынау еді: «Ей, жүректеріміздің билеушісі Аллаһым! Жүрегімізді дініңнен айыра көрме».

Айша (р.а.) анамыз айтады: «Алла расулы (с.а.у.) былайша дұға етуші еді: «Аллаһым! Мені көркем жаратқаның секілді мінез-құлқымды да көркем қыла гөр!».

Бүср ибн Әбу Әртат айтады: «Пайғамбарымыздың былайша дұға жасағанын естідім: «Аллаһым! Барлық істеріміздің соңын көркем әрі қайырлы қыла гөр! Бізді дүниеде және ақыретте масқара болудан сақта!»

Айша анамыз айтады: «Аллаһ елшісі (с.а.у.) былай деуші еді: «Аллаһым! Қартайғанда, яғни өмірімнің соңына таяғанымда ризық-несібемді еселе!»

Алла елшісі (с.а.у.) мағынасы ауқымды дұғаларды жақсы көрген

Айша анамыз былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) маған мына дұғаны оқып жүруді тапсырды: «Аллаһым! Өзімнің білетін және білмейтін, бүгін немесе келешекте келетін барлық жақсылықты Сенен ғана тілеймін. Аллаһым! Мен білетін, білмейтін, қазір және келешекте басыма келетін барлық жамандықтардан өзіңе ғана сиынамын!»

Алла елшісі дұға еткенде Алладан өзін қандай нәрселерден сақтауды сұрайтын?

Әнәс (р.а.) әңгімелейді: «Алла расулы (с.а.у.) былай дұға етуші еді: «Аллаһым! Әлсіздік пен жалқаулықтан, қорқақтық пен сараңдықтан және кәріліктен өзіңе сиынамын. Қабір азабынан сақта, өмір мен өлімнен келетін барлық сынақтарда мені өз қамқорыңа ал».

Айша (р.а.) анамыздың айтуы бойынша: «Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дұға етуші еді: «Аллаһым! Мен білетін және білмейтін нәрселер арқылы келетін барлық жамандықтардан өзіңе сиынамын».

Қутба ибн Мәліктің (р.а.) айтуы бойынша: «Алла расулы (с.а.у.) бірде былай дұға етті: «Аллаһым, барлық жаман әдеттер мен жағымсыз мінез-құлықтардан, бұзық әрекеттер мен құлқынның құлы болудан саған сиынамын!»

Уқба ибн Амирдің әңгімесі бойынша: «Алла елшісі (с.а.у.) былайша дұға тілейтін: «Жаман өткен күн мен түннің және уақыттың кесірінен, жамандыққа итермелейтін достардан, жаман көршіден өзіңе сиынамын!»

Пайғамбарымыздың жындардың кесапатынан Аллаға сиынуы және жын ұрып келген кісіге дұға етуі

Үбәй ибн Кағыб (р.а.) әңгімелейді: «Расул Әкрамның (с.а.у.) жанында отырған болатынмын. Бір бәдәуи келіп:

– Ей, Аллаһтың расулы! Мынау – менің бауырым. Оның науқасы ауыр, – деді. Пайғамбарымыз:

– Қай жері ауырады, – деп сұрады. Бәдәуи бауырын жын иектеп жүргендігін айтып еді, Пайғамбарымыз:

–Оны мұнда алып кел, – деді.

Ауру кісіні алдына отырғызып «Фатиха» сүресін, «Бақара» сүресінің алғашқы төрт аятын және 163-аятын, Аятүл-Күрсиді, «Бақара» сүресінің соңғы үш аятын, «Али Имран» сүресінің 18-аятын, «Ағраф» сүресінің 54-аятын, «Мүминун» сүресінің 114-аятын, «Жын» сүресінің 2-аятын, «Саффат» сүресінің басындағы 10 аятты, «Хашр» сүресінің соңғы үш аятын, «Ықылас», «Фәлақ» және «Нәс» сүрелерін оқыды. Әлгі кісі ештеңе болмағандай құлан таза айығып орнынан тұрып кетті».

Алла елшісінің таңертең және кешке үнемі оқитын дұғасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) таңертең және кешке үнемі мына дұғаны оқитын: Аллаһым! Сенен дүниеде және ақыретте амандық сұраймын. Аллаһым! Сенен дінім, осы дүнием, отбасым және дүние-мүлкім үшін кешірім және есендік тілеймін. Аллаһым! Кемшіліктерімді толықтыр, қорқынышымды сейілт және маған сенімділік бер. Алдымнан, артымнан, оң және сол жағымнан келетін, үстімнен төнетін қауіп-қатердің барлығынан мені қорға. Төменнен келетін жамандықтардан да өзіңе сиынамын!»

Алла елшісінің ұйқыға жатқанда және тұрғанда оқыған дұғалары

Әнәстің (р.а.) айтуы бойынша, Алла елшісі (с.а.у.) ұйқыға жатар алдында былай дейтін: «Бізге ішкізіп, жегізуші, түрлі бәле-жаладан қорғаушы, асырап, бағушы Аллаға мадақ! Қамқоршысы да, асыраушысы да жоқ қаншама кісілер бар».

Али (р.а.) әңгімелейді: «Алла елшісі (с.а.у.) түнде ұйықтар алдында былайша дұға ететін: «Сенің әміріңдегі бүкіл жаратылыстардан Сенің жомарттығың мен үкіміңе сиынамын. Аллаһым, сен барлық қиындықтарды жеңілдетушісің. Аллаһым, сенің әскерің ешқашан жеңілген емес. Сен уәдеңнен еш тайған емессің. Сенің күшің мен қуатың тұрғанда басқа күш-қуат сөз емес. Сені біздерге тән барлық кемшілік атаулыдан пәктеймін. Сені мадақтаймын, ей, Алла!»

Бәра ибн Азиб: «Пайғамбарымыз ұйқыға жатарда былай дұға етуші еді: «Аллаһым, тәнімді саған тапсырдым. Жүзімді саған бұрдым. Істерімді өзіңе тапсырдым. Рақымшылығыңнан үміттеніп, азабыңнан қорқып, саған сиындым. Сенен басқа барар жерім, басар тауым жоқ. Түсірген кітабыңа, жіберген пайғамбарыңа иман еттім». 727

Хүзәйфәтүл-Йемени былай дейді: «Алла расулы (с.а.у.) жастыққа бас қойғанда: «Аллаһым! Сенің атыңмен өмір сүремін, әрі өлемін» және таңертең оянғанда «Бізді өлтіргеннен кейін қайта тірілткен Аллаға мадақ. Барлығымыз оған қайтып ораламыз», – дейтін еді».

Айша (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.у.) түнде ұйқысынан оянғанда, былайша дұға ететін: «Сенен басқа тәңір жоқ. Саған шүкіршілік етемін. Күнәларым үшін сенен кешірім сұраймын. Сенің рақымыңды тілеймін, жалбарынамын. Аллаһым, берген іліміңді арттыр. Мені тура жолға салғаннан кейін жаза бастырма және маған рақымшылық жаса. Шүбәсіз, рақымы мол Уаһһаб (қайтарымсыз сый беруші) Сенсің!»

 

1 пікір