Әбу Саид әл-Худри Пайғамбарымыздың (с.а.у.):

- Еш уақытта жолда, жолдың шетінде отырмаңдар, - деп айтқанын келтірген.

Сонда сахабалар:

- Уа, Алла Елшісі! Біздің жиналатын бұдан басқа жеріміз жоқ. Осы жерге адамдар жиылады да біз әңгімелесеміз, - дейді.

Бұған Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Егер тіпті отыратын болсаңдар, онда әділдік сақтаңдар, - деп айтқан екен.

Кейін мұны Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай түсіндіріп берген:

Бұл көзіңді тыйым салғаннан сақтап, жанарыңды түсір дегенді білдіреді.  Жолды кес-кестемеңдер, елдің мазасын алып, әуреге салмаңдар, сәлемге жауап беріңдер, жақсылық тілеп, жаманнан бойларыңды аулақ ұстаңдар (Бұхари, «Мезалим», 22).

Хадисте ер адамдар туралы айтылған, себебі сол замандағы қыз-келіншектердің осылай жиналып алатын әдеті болмаған ғой. Солай десек те, бұл хадис қазіргі таңда да өзекті әрі қыз-келіншектерге де қатысы бар. Жолдың үстінде немесе әлдебір үйдің кіре берісіне жиылып тұруға тыйым салынбаған, тек бұл жиылыс өзгелерге жайсыздық тудырмауы әрі күнә жасауға итермелеуі тиіс.

Қыз-келіншектерге де қатысты бірнеше хадистер бар:

«Қыз-келіншектерге жолдың ортасымен жүру өрескел болады» (Кензу’ль-Уммаль, х. №: 45063),

«Жолдың ортасымен емес, жолдың шетімен жүріңдер» (Кензу’ль-Уммаль, хадис №45036). Алайда Мажмау’з-Зауаид (2/200) бұл хадисті әлсіз деп тапқан.

Сонымен, сөздің тоқ етер түйіні: Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізді адамдарға, әсіресе, жолға шыққан жолаушыларға қатысты мұқият болуды ескерткен. Ол (с.а.у.) адамдардың алаңдаушылық танытқанын немесе олардың бір бәлеге ұшырағанын қаламаған, өйткені Ислам – бұл жақсылық діні, ал мұсылман – өзінің маңайындағы адамдарға жайлы жан.