Дереккөздерде Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдарға, әсіресе, ер адамдарға жолдың шетінде, сондай-ақ, үйге кіре берісте отырмауға кеңес бергені келтірілген. Бұл жөнінде хадистерде былай айтылған:
Әбу Саид әл-Худри Пайғамбарымыздың (с.а.у.):
- Еш уақытта жолда, жолдың шетінде отырмаңдар, - деп айтқанын келтірген.
Сонда сахабалар:
- Уа, Алла Елшісі! Біздің жиналатын бұдан басқа жеріміз жоқ. Осы жерге адамдар жиылады да біз әңгімелесеміз, - дейді.
Бұған Пайғамбарымыз (с.а.у.):
- Егер тіпті отыратын болсаңдар, онда әділдік сақтаңдар, - деп айтқан екен.
Кейін мұны Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай түсіндіріп берген:
- Бұл көзіңді тыйым салғаннан сақтап, жанарыңды түсір дегенді білдіреді. Жолды кес-кестемеңдер, елдің мазасын алып, әуреге салмаңдар, сәлемге жауап беріңдер, жақсылық тілеп, жаманнан бойларыңды аулақ ұстаңдар (Бұхари, «Мезалим», 22).
Хадисте ер адамдар туралы айтылған, себебі сол замандағы қыз-келіншектердің осылай жиналып алатын әдеті болмаған ғой. Солай десек те, бұл хадис қазіргі таңда да өзекті әрі қыз-келіншектерге де қатысы бар. Жолдың үстінде немесе әлдебір үйдің кіре берісіне жиылып тұруға тыйым салынбаған, тек бұл жиылыс өзгелерге жайсыздық тудырмауы әрі күнә жасауға итермелеуі тиіс.
Қыз-келіншектерге де қатысты бірнеше хадистер бар:
«Қыз-келіншектерге жолдың ортасымен жүру өрескел болады» (Кензу’ль-Уммаль, х. №: 45063),
«Жолдың ортасымен емес, жолдың шетімен жүріңдер» (Кензу’ль-Уммаль, хадис №45036). Алайда Мажмау’з-Зауаид (2/200) бұл хадисті әлсіз деп тапқан.
Сонымен, сөздің тоқ етер түйіні: Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізді адамдарға, әсіресе, жолға шыққан жолаушыларға қатысты мұқият болуды ескерткен. Ол (с.а.у.) адамдардың алаңдаушылық танытқанын немесе олардың бір бәлеге ұшырағанын қаламаған, өйткені Ислам – бұл жақсылық діні, ал мұсылман – өзінің маңайындағы адамдарға жайлы жан.