Әнәс (р.а.) әңгімелейді: «Алла расулы (с.а.у.) былай дұға етуші еді: «Аллаһым! Әлсіздік пен жалқаулықтан, қорқақтық пен сараңдықтан және кәріліктен өзіңе сиынамын. Қабір азабынан сақта, өмір мен өлімнен келетін барлық сынақтарда мені өз қамқорыңа ал».
Айша (р.а.) анамыздың айтуы бойынша: «Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дұға етуші еді: «Аллаһым! Мен білетін және білмейтін нәрселер арқылы келетін барлық жамандықтардан өзіңе сиынамын».
Қутба ибн Мәліктің (р.а.) айтуы бойынша: «Алла расулы (с.а.у.) бірде былай дұға етті: «Аллаһым, барлық жаман әдеттер мен жағымсыз мінез-құлықтардан, бұзық әрекеттер мен құлқынның құлы болудан саған сиынамын!»
Уқба ибн Амирдің әңгімесі бойынша: «Алла елшісі (с.а.у.) былайша дұға тілейтін: «Жаман өткен күн мен түннің және уақыттың кесірінен, жамандыққа итермелейтін достардан, жаман көршіден өзіңе сиынамын!».
Пайғамбарымыздың жындардың кесапатынан Аллаға сиынуы және жын ұрып келген кісіге дұға етуі
Үбәй ибн Кағыб (р.а.) әңгімелейді: «Расул Әкрамның (с.а.у.) жанында отырған болатынмын. Бір бәдәуи келіп:
– Ей, Алланың расулы! Мынау – менің бауырым. Оның науқасы ауыр, – деді. Пайғамбарымыз:
– Қай жері ауырады, – деп сұрады. Бәдәуи бауырын жын иектеп жүргендігін айтып еді, Пайғамбарымыз:
– Оны мұнда алып кел, – деді. Ауру кісіні алдына отырғызып «Фатиха» сүресін, «Бақара» сүресінің алғашқы төрт аятын және 163-аятын, аятүл-Күрсиді, «Бақара» сүресінің соңғы үш аятын, «Али Имран» сүресінің 18-аятын, «Ағраф» сүресінің 54-аятын, «Мүминун» сүресінің 114-аятын, «Жын» сүресінің 2-аятын, «Саффат» сүресінің басындағы 10 аятты, «Хашр» сүресінің соңғы үш аятын, «Ықылас», «Фалақ» және «Нас» сүрелерін оқыды. Әлгі кісі ештеңе болмағандай құлан таза айығып орнынан тұрып кетті».
Ұйқыдан шошып оянғандардың оқитын дұғасы
Имам Мәлік (р.а.) әңгімелейді: «Халид ибн Уәлид Расул Әкрамға (с.а.у.): «Ұйықтап жатқанда, әлдекімдер менің мазамды алады. Бойымды үрей билеп, кейде көрер таңды көзбен атырамын», – деді. Пайғамбарымыз оған мына дұғаны оқуға кеңес берді: «Бисмиллаһ. Қаһарыңнан және жазаға тартуыңнан, өзің жаратқан құлдарыңның жамандығынан, шайтандардың азғыруынан және рухани әлемімді ластап, тынышымды бұзуынан өзіңнің қамқорлығыңа сиынамын!».