Өзіңді танысаң, Иеңді де танисың!
Өзіңді танысаң, Иеңді де танисың!
4 жыл бұрын 2733
Абай Мауқараұлы, жазушы-журналист.

Біздің дене затымыз топырақ пен судан жаралған. Осындай қарапайым нәрселерден АДАМ атты ғажайып жүйе қалай іске асқан? Қазіргі ең жетілдірілген компьютер он мыңдаған күрделі деталдардан құралады. Аз емес! Ал адамды құрайтын деталь – жасуша-клеткалардың саны жүз триллионға жетеді. Таңғаларлық емес пе? Осынша көп жасуша-клеткалардың адам денесінде 200-ден астам түрі бар. Әрбір түрі жеке-жеке ткань-ағзаларын құрайды. Мәселен, сыртқы теріден бастап, бұлшық ет, қан түйіршіктері, ми-жұлын, ұрық, ішкі ағзалар... өз-өз міндеті мен ерекшелітерге ие. Мысалы, тері жасушалары өмір бойы бір орыннан қозғалмай тұрса, қан жасушалары (эритроциттер) қан тамырларда тынымсыз оттегі мен көмірқышқыл газын тасымалдаумен болады. Орташа көлемдегі жасуша-клеткалардың өзін тек электрон-микроскоптармен ғана көруге болады. Денедегі осы жасуша-клеткалар өмір бойы жаңарып, жаңадан жаралып тұрады. Тері клеткалары 1-2 апта өмір сүрсе, ішектегілері 1-2 күн жасайды. Ішекте әр күн сайын 70 млрд клетка жаңадан пайда болады. Осы есеп бойынша әр 3-4 күн сайын біздің ішегіміз мүлде жаңаланып жатыр деген сөз.

Осыншама кішкентай жасуша-клетканың өзі «жеке дүниеге» ұқсайды. Ол сыртқы қабық-мембрана және оның ішіндегі цитоплазма, ядро, митохондрия ... деп аталатын ондаған тағы да кішкентай детальдардан тұрады. Ал оның ішіндегі орналасқан кіп-кішкентай ядрода адамның тұқымын «есіне сақтап» тұратын ген-хромосомалар болса, өз кезегінде ДНК, РНК деген аса күрделі белоктардан құралады. Егер осы белоктардың құрамындағы орны өзгерсе, онда адам тұқымында кемістік туындайды. Міне, ақылдың жетуі қиын осыншама күрделі құрлыстың еш мүлтікіз әрі тынымсыз қызмет атқарып тұруы ненің құдіреті?!

Осының ішінде ми клеткасын мысалға алайық: жаңа туған сәбидің миында 10-14 млрд нейрон-жасушасы бар. Олардың көлемі 5-150 мкм болады, егер осыларды бір қатарға тізсек мыңдаған км-ге созылған болар еді. Осы клеткалар әр күн сайын 10-50 мыңға жойылып отырады. 90 жасқа келген адамда шамамен 4 млдр жейке-нейроны аман қалады. Міне, осылайша адам денесіндегі әрбір жеке ағза бойынша ондаған кітап жазып шығуға болар еді. Бірақ, сіз осыншама мүлтіксіз жүйені сыйлаған Ұлы  Жаратушыны танып, бұл дүниеге аманат етілген тән мен жан саулығыңызды сақтасаңыз болғаны.

«Аңсар» ғылыми-танымдық, қоғамдық-рухани журналы, №10, 2007

0 пікір