Өтірік сөйлеу, алдау – адалдықтан аттау деген сөз. Десе де, мына өмірде өтірік айтып көрмеген адам жоқ екен. Тек тілі сөйлеуге келмейтін нәресте болмаса, қалған жанның барлығы шетінен «өтірікші». Сенгіңіз келмейді, әрине.
Әркім өзін өтірік атаулыдан таза жан санайды. Бірақ шындап ойланса, ол өзінің әрбір 10 минут сайын 3 рет өтірік айтатынын аңғарар еді. Бұл – ғалымдардың тұжырымы.
Бұл – әлеуметтік тәсіл ме?
Массачусетс университетінің профессоры Роберт Фельдман мына қоғам өтірікке қүрылған деп санайды. Осы тақырыпты зерттеуге өзінің 25 жылын жұмсаған ғалымның пайымдауынша, адамның өтірік айтып үйренгені сонша, ол тіпті өзінің алдап отырғанын сезінбеуі де мүмкін екен. Мәселен, кейде біреу қоңырау шалып жатқанда алмай, кейін «дыбыссызда тұрып, естімей қалыппын» деп сылтаурата салған кезіңіз болды ма? Болды. Немесе «өзім де хабарласқалы жатқанмын» дей салу да біз үшін өтірікке саналмайды. Ал қыздардың арасында біреу жаңа киім кисе, «жақсы екен» дегенді айту – дәстүр. Бір жері келіспей тұрса да, оның кемшілігін айту – біздің пайымымызша этикаға жатпайды. Ол біз үшін өтірік емес секілді. Бірақ көңіл үшін айтылса да, ол – өтірік! Міне, осылайша, адам өзі жасаған заңдылықтар шеңберінде өтірікке жол береді. Өйткені қоғам өтірікке құрылған.
Адамдардың өтірікке мұнша құштар болуын ғалым былай түсіндіреді: «Әрбір адам өзіне қарата айтылған әдемі сөздерді жақсы көреді. Ол өзінің сыртқы келбетіне мақтау естігенді, жасап жатқан жұмысына жақсы баға бергенін қалайды. Сондықтан да айналасындағылар, ол адамның көңілін көтеріп, демеу үшін өтірік айтады». Осылайша, күнделікті өмірде қолданылып жүргендіктен де, ғалымдар өтірікке әлеуметтік тәсіл ретінде қарайды. Өйткені адам қандай да бір нәтижеге қол жеткізу үшін өтірік айтуы мүмкін. Алайда «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші, кейде бұл тәсіл адамның өзіне қарсы жұмыс істеуі мүмкін екенін де естен шығармаған жөн.
Баяғыда бір кісінің ауласынан жоғалып кеткен қыздың денесі табылады. Бұл сұмдықтан шошып кеткен үй иесі, тергеушілерге қорыққанынан өтірік айта бастайды. Шындық детекторы оның алдап отырғанын анықтайды. Көп ұзамай, сот оны өлім жазасына кеседі. Ал үкім орындалған соң, қыздың өліміне қатысы бар нағыз баскесердің өзі табылады. Солайша қиын жағдайдан өтірік арқылы құтылам деген кінәсіз жан ажалын тапты. Сондықтан да әркім өз өтірігінің шегін білгені жөн дейді мамандар.
Бала кезден басталатын әдет
Адамдар өтірік айтуды бала кезден үйренетін көрінеді. Бала осылайша, үлкендердің өтірікке құрылған өмірінде тіршілік етуге өзін бейімдей бастайды. Психологтардың бала ес білмеген кезден бастап алданатынын айтады. Бұл орайда мамандар қарапайым емізікті мысал ретінде алған. Бұл затпен баланы жылаған кезде алдай салу оңай. Сұмдық қитұрқылық болмаса да, бұл – алдауға жатады. Осындайдан соң баланың алдауға еті үйреніп, өзі де өмірдің кейбір сәтінде өтірік айтуға болатынын түсініп өсе бастайды. Нәтижесінде 4 жасқа қарай ол әрбір екі сағат сайын өтірік айтатын болады. Белгілі америкалық психолог Пол Экман мұндай өтірікті – бұрмалау, балаң өтірік деп екiге бөлген екен. Яғни кейде адам болған жағдайды бұрмалап, тігісін жатқызып, өзіне ыңғайлы етіп айта салуы мүмкін. Ал балаң өтірік күнделікті зиянсыз өтіріктер. Мұндай өтірікті адам үлкен күнә санамайды. Мамандардың пайымдауынша, мына өтірікке құрылған қоғамда қаншалықты сәтті өтірік айтсаң, соншалықты жетістікке тез қол жеткізуге болады.
Кім көп алдайды?
Профессор Фельдманның зерттеулеріне сенсек, табысты адамдар өтірік айтудың нағыз шебері көрінеді. Сондықтан да ғалымдар нағыз өтірікшілер билікте отырады деп есептейді. Иә, саясаттың өзі – ойын екенін ескеретін болсақ, зерттеушілердің бұл айтқанымен келісуге болатын секілді. Өйткені саясаткерлер расымен де шын айтатын болса, жер шарында нағыз утопиялық мемлекеттер бой көтеретін еді ғой.
Ал егер көп өтірік айтатындарды жынысқа бөлсек, әйелдердің емес, еркектердің көрсеткіші басымырақ болады екен. Британдық мамандар ерлердің бір жарым есе көбірек өтірік айтатынын анықтапты. Әрбір істе күш-жігерімен ерекшеленетін ер адамдар, бұл орайда да әйелдерді басып озады екен.
Өтірікті көп айтуды қажет ететін мамандық түрлері де болады екен. Мәселен, жарнама жасаушылардың барлығы дерлік өтірікке жақын. Себебі олар нашар тауарды, жақсы деп өткізгенде алдына жан салмайды. Олардың мақсаты анық. Көздегені – ақша! Жұмсақтасақ – маркетинг. Бұл ақшаға қатысы бар ұйымдарда жұмыс істейтіндерге қатысты. Ал адам өміріне жауап беретін, маңызды мамандық иелері ең көп өтірік айтады деп кім ойлаған?! Иә, ақ халатты абзал жандарды өтірікші деуге тілің бармайды. Десе де, Гарвард университетінде істейтін ғалымдардың айтуынша, дәрігерлер – нағыз өтірікшілер. Олар ауруынан айықпайтындарды көбірек алдайды екен. Сырттан қарағанда әділетсіздеу. Бірақ олардың өтірігін ақтап алуға болады. Көп жағдайда дәрігерлер әсіресе, онкологтар дерті асқынған жандардың өмірге деген құлшынысын ояту үшін «жазылып кетесің, тек тырысу керек» деп алдауға мәжбүр. Иә, дәрігер емделушінің үмітін бірден үзіп, «жазылмайсың» десе, ауыр болар еді. Сондықтан да мұнда өтіріктің тигізер өз пайдасы да бар екен.
Мәселен, дәрігерлердің сондай өтірігінің арқасында «беті бері қарамайды-ау» деген талай адам жазылып кеткен оқиғалар көп. Тіпті бір жылдары Америкада ешқандай дәрілік қасиеті жоқ шабдалы сүйектерінен жасалған сұйықтықпен рак ауруын емдеген. Бір қызығы, оны қабылдаған біраз адамдар өз дертінен айыққан. Яғни оларға өтірік айтылған сөздің өзі ем болған.
Шеберлікті қажет етеді
Психологтар өтірікші болу үшін де үлкен шеберлік керектігін айтады. Тыңдаушыны алдау үшін әрбір айтқан сөзің, бет-бейнең сол өтірікке жұмыс істеу керек. Жұртты айтқаныңа сендіру үшін көздерің де алдап үйренуі тиіс. Ежелгі Рим шешені Квинтилиан «Өтірікшінің есте сақтау қабілеті мықты болуы тиіс» деген екен. Расымен, кейде бір өтірікті бір-біріне ұйқастыра алмай, өз өтірігіне өзі ілігіп қалатындар болады. Өйткені мамандар өмірде расымен ондай оқиға болмағандықтан өтірік оқиғаны есте сақтау қиынырақ болатынын айтады. Яғни кеше, алдыңғы күні, бір ай бұрын не деп алдағаныңды ұмытпау үшін мықты жад керек-ақ. Әйтпесе, өз өтірігің абыройыңды айрандай төгуі мүмкін.
Мамандар бұл тақырыпты зерттей келе өмірде өтіріксіз тіршілік ету мүмкін емес деген ұйғарымға келіпті. Барлық адам алдайды. Тек әркімнің өз өтірігінің шегі бар. Біреу көбірек алдаса, біреу азырақ алдайды. Азырақ алдайтындары шыншылдау келеді. Ал сіз мүлде өтірік айтпаймын деп айта аласыз ба?
P.S.: Ғұламалар өтірікті үлкен күнәлар қатарына қосады. Қасиетті Құранның 167 жерінде өтірік айтудың күнә екендігі ескертілген. Осының өзі-ақ өтіріктің қаншалықты ауыр екендігіне кепіл. Өтірік айту – кәпір немесе мұнапық екі жүзді адамның ісі.
Адам баласына өтірік айту – үлкен апаттар мен қайғы-қасірет, берекесіздік алып келеді. Имам Маликтен риуаят етілген хадисте Алланың Елшісінен (с.а.у.): «Мүмин қорқақ бола ма?» - деп сұралды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә» деді. Одан соң: «Мүмин сараң бола ма?» - деп сұралды. Тағы да: «Иә», - деп жауап қатты. Кейін тағы да: «О, Алланың Елшісі, мүмин өтірікші бола ма?» - деп сұралды. Ол кісі бірден: «Жоқ», - деп жауап берді» делінген (Сафуан ибн Сулайм).